ВЕРНУТЬСЯ

     Қызылорда қаласында тумаса да туғандай болып кеткен Қомшабай
атты інім бар. Әкесі Есіркеп мен көргенде жасы жетпістерге қарай келіп қалған
сұлу да сүйкімді ақ шал еді. Шашы да, өзі де қылаусыз аппақ. Сол кісі бірде
қызық әңгіме айтқан. Соны қаз қалпында қағазға түсіруді жөн көремін.
          Отызыншы
жылдардың атақты халық комиссары Темірбек Жүргеновтың әкесі Қара дәулетті кісі
болған. Ел ішіндегі беделі де жаман емес. Айтқанын тыңдаттыра алатын, дегенін
істеттіре алатын адам. Сөйтсе де Сыр бойында одан да өткен беделді, одан да
өткен даңқты бір кісі бар. Ол - белгілі ақын Тұрмағанбет Ізтілеуұлы.
           Тұрмағанбет
Қарадан көп кіші. Сөйтсе де нағашылы-жиенді болғандықтан әзілдері қатты жарасса
керек.
           Бір күні
Қара түстеніп отырған үйге Тұрмағанбет келіп түскен ғой. Жасы кіші болса да
даңқы зор, әңгімесі әдемі, көрген-білгені көп Түрекеңді жұрт қаумалап төрге
шығарайын десе, Қара сырыла қоймапты. Әңгімесін үзбей сөйлей беріпті.
- Тұреке, жоғары шығыңыз.
- Жоқ, маған осы ара да жарайды,- деп ақын төменірек жерге
отырған.
 Тұреке, сіз
сөйлеңіз...
           Бірақ
ауыл-үй арасының қысыр әңгімесін айтып отырған Қара тоқтай қоймаған.
          Сонда Тұрмағамбет
ақын жұртқа Қараны мезгеп былай депті:
-        Адамның
бойында алпыс екі тамыр бар. Соның бірі әу баста ерекше жаралады екен. Нәресте
дүниеге келгенде жаңағы тамыр өкшеде тұрып сәбиге жер тепкілетеді. Он мен
жиырманың арасында табанға барып, қолды-аяққа тұрғызбай зырылдатады. Жиырма мен
отыздың арасында салып ұрып белге барады. Жатқызбайтын болады. Түн ұйқыңды
қашырып жортуылға шығарады. Бозбалалық құрғызады. Отыз бен қырықтың арасында ол
тамыр кеудеңе келеді. Қырық пен елудің арасында әлгі тамыр басыңа барады да,
кемеңгер дана етпек сені. Ал алпыстан асқан соң тіліңе келіп қоныс салады да,
адамды заржақ етіп бос сайратып қояды. Қарекеңнің сол заржақ тіл безер шағы ғой,
сөйлей берсін...
        Разы болған
жұрт ақынын көтеріп әкеп Қарадан да жоғары отырғызыпты, - деп Есіркеп қарт
нұрлы да сұлу жүзіне күлкі ойнатып, қылаусыз аппақ сақалын ақ саусақтарымен
сипалап қойған еді.
        Мейлі Қара,
мейлі Ақ бол, асылы жұрт қаламаған жерде үндемегенге жетер не бар екен десейші!