ВЕРНУТЬСЯ

    Бір айдан астам төсек тартып жатқан әкем мені қасына шақырып
алды.

- Балам,- деді қинала сөйлеп,- беліңді бекем бу! Көзіме жас
үйіріліп, демімді ішіме жұттым.

- Көрдің бе, аяғыма ісік ілінді. Бұ енді үміттің үзілгені.
Мен өлімнен қорықпаймын. Ол қорқатын нәрсе емес. Осыны жадыңда тұт. Саған айтар
тілегім - кісі баласына еш уақытта қиянат жасаушы болма. Жалғыз жүріп жол тапқанша,
көппен бірге адас. Еліңнен іргең бөлінбесін. Ел тағдырынан тысқары тұрма.
Білесің бе, менің қорқатын нәрсем біреу-ақ, тағдыр жазса ертең - дүниеге мені
көріп-білмейтін жас ұрпақ келеді, солар мені ұмытып кете ме деп уайымдаймын.
Сен менің кім болғанымды оларға айтып жүр, шырағым. Ал енді бара ғой, жолыңнан
қалма!

-  Ата!- дедім өксіп.-
Мен ешқайда бармаймын, қасыңда боламын!

- Баламысың деген... Қатарыңнан қалғанға мен риза емеспін.
Өмірде адам баласы үшін білімнен сенімді серік болмайды. Көзім тіріде үлкен
жолға шыққаныңды көріп қалайын. Тым болмаса, маған сол қуанышты қимайсың ба?

Таң сарғайып атып келе жатқанда, әкем «қолыңды берші» деп
ымдады. Еті қашып, арыған саусақтары дір-дір етіп, алақанымды болар-болмас
қысқандай болды.

Қылса да дұшпан қастығын,

Жолдасы бол жақсының.

Ел ананы,

Жер ананы,

Пәле-жаладан қоры деп,

Балам, саған тапсырдым!

Аманат! Аманат! Аманат!