ВЕРНУТЬСЯ

        - Жаз, ақын,
қасыма кел, қалам ұста. 
Қалған бір еске алынбай қалтарыста
Басымнан бала күнгі өткен тарих,
Баяғы тірлік үшін арпалыста.
Мен оны саған ашып көп айтпағам.
Өмірге жаңа ғана
жол аттаған.
Ол кезде жас едің сен арман қуған,
Көңіліңе қасірет бұлтын жолатпаған.
Күн жарық, енді бүгін ашық аспан,
Жатыр ел шындық айтып жасырмастан.
Менің де тарихым
бар бір кішкентай,
Қақпағы көптен
жатқан ашылмастан.
Деп, Бөдеш, бұрды
ақынның сөзге бетін,
Дәл қазір
ықыласын сезген еркін.
Көңілсіз бір
әңгіме айтарында,
Әдеті көзге жасы
тез келетін.
II
Туған жер - көрген сайын Көкиықты
Қостанай
түбіндегі зор биікті,
Күрсінем, оңашада
ой бұзылып,
Еске алып бала
күнгі сол күйікті.
Жаз емес, гүл едім мен күзде егілген
Шаң емес, мұң шұбаған
іздерінен.
Сонау бір сор айдаған
жолаушының
Сондағы
"халық жауы" қызы едім мен.
Сескенбе, енді қорқып не қыласың,-
Бәрібір сен қасымнан табыласың.
Бала едім шолақ
кекіл, "жалаң аяқ"
Білмеймін
"жау" дегеннің мағынасын.
Көп еді ағайынды
әкем менің,
Алдағы көз жеткізер қатерге кім.
Бәрінің аты шауып
тұрған кезі,
Болады бір өрлеуі
әр пенденің.
Киім сай, тамақ дайын - бәрі алдында.
Мейірінен
ата-ананың нәр алдым да,
Жайқалып жас
жауқазын өсе бердім,
Ол күннің қысқа
екенін біле алдым ба?
"Көкиық"
ауыл сырты мұнарланған,
Сол жаққа шие
теріп бару арман,
Еулесіп кілең
бала жөнелуші ек,
Көк орай шалғып
кешіп белуардан.
Баурайы көзің тұнған шие, жидек,
Бірінен бірі
қалың, түйдек-түйдек.
Жайқалған жасыл
жуа, сарымсақтар
Шалғайға әкететін
бізді сүйреп...
Ауылға келген сәтім
мен қаладан,
Кез еді жаздың
беті бер қараған,
Не жетсін
каникулдың қызығына,
Бала күн бала
беттен сорғалаған.
Қалада папам, мамам - біз үшеуміз,
Елге кеп ағайынмен жүздесеміз.
Онда әкем әлеваторда
есепші еді,
Есебі: мың десе -
мың, жүз десе - жүз.
Кісі еді еңсегей бой, ер мүшелі,
Адамға қайыр, нәсіп
бергіш еді,
"Талапкер"
танабында аға-інісі,
Соларға демалыста
келгіш еді.
Ел еді ол "Алатай мен Қыжық" деген,
Ағайын арасынан қыл өтпеген.
Кім білген күн
боларын жауығатын.
Кім білген
ауырарын сұм дертпенен.
III
Кешегі аштық деген кесепаттан,
Жігіттер аман
қалған екі ошақтан.
Гүрілдеп бас-аяғы
үш-төрт- жылда,
Ауылда колхоз
құрып, іске тартқан.
Шағы еді, бірі бастық - ел ағасы,
Сол кезде бірі
ауылнай ең алғашқы,
Әкеммен немере
еді екеуі де,
Еңбекпен жүрген
жерде беделі асты.
Әдеті көре алмайтын көп ағайын,
Өсекке,
күншілдікке болар дайын,
Жүргендер
табылады қап, бәлем - деп,
Түсінбес жаңа күн
мен қоғам жайын.
Сол кезде "отыз жеті" жетті келіп,
Ел ішін
гулеп жала кетті керіп.
Көрсетіп өз әкесін, өз бауырын.
Құтырды
нелер жауыз екіленіп.
Күнелткен нелер қулар арамды жеп,
Қазақтай
қадірліге қадалды ай кеп.
Кешікпей қара
хабар келді ауылдан:
"Хамзаның
екі ағасы қамалды" деп.
"Колхоздың құрылыс
заңын бұрмалаған,
Асырып қулық ісін
жүрген әмән" -
Осы екен бар
болғаны - таққан кінә,
Жатпаған дәлел
іздеп бұл жаладан.
Әйгілі Қостанайдың ақ түрмесі,
Құжынап
жалалыға жатты іргесі.
Кісендеп, оларды
да айдап әкеп,
Кесімсіз кеше
кешке жапты,- десті.
Мен онда оқитынмын біріншіде,
Кіргендей күннен
қапас түн ішіне.
Түнерді,
түршігісті әке-шешем,
Тағдырдың таппай
амал бұл ісіне.
Әрине, баламын ғой, түк ұқпадым,
Бірақ та сала
берді суып қаным,
Бақытын бал
балалық еркеліктің
Жүректен әкеткендей
жұлып алып.
Жиналып жаны ашитын ағайындар.
Деседі: "болған іске не амал бар.
Қайнағаң Жүсіпбек
те кетті қашып,
Жүруге бүгін
түнде сен дайындал!
Алады, алмасына кепілің жоқ,
Алдыңда қазған
ордан секіру жоқ.
Өтіп кет Ресейге
ішкі жаққа,
Қасыңда жүрсін
серік екі інің боп.
Бала мен әйеліңе
ештеңе етпес,
Өйтпесең,
өкінішің естен кетпес".
Деп зарлап ақыл
айтып, босағаны
Босатпай келіп
жүрді екі күн кеш.
Амал не, көнбей
қойды оған әкем:
"Жазғыру
жазықсызды бола ма екен?
Сыпырып бәрімізді
әкетердей,
Не нәубет бізге
келген алабөтен".
Дал болды дәлеліне
өзі сенбей,
Ұзамай
ағалармен көрісердей.
Әрине,
жақсылықтан көп дәметті,
Болса да көзі
шелдей, көңлі шердей.
Осындай тағы бір кеш отырыста,
Жалт еттік есік
қаққан бір дыбысқа.
Екі адам кіріп
келді әзірейілдей,
Түрлері ұқсамайды
еш туысқа.
Жалғыз сөз:
"жабылдыңыз" бар айтқаны.
Әкетті,
алды-артына қаратпады.
Айыбы, кейін
білдік, Сәкен ақын
Сөздерін жұртқа
жаттап таратқаны.
Айтпақшы, үйдің ішін тінтіп жылдам
Сәкеннің кітабы
мен төрде тұрған
Шкафтан екі-үш
кітап қоса әкеткен.
Өзгесі есімде жоқ
- бұлдыр тұман.
IV
Ұстады ақ
түрмеде айға жақын,
Жабулы бәрі жұмбақ
жаманаттың,
Күздің бір қара
суық күні еді бұл,
Түрменің дәл
түбінде сай болатын.
Сол сайға "ертең жүреді" деген кеште
Жиналдық, түк
түсінбей өңкей кеще.
Жылаған
бала-шаға, жаураған жұрт
Әлі де андағайлап
келеді еске.
Түрмеге тіреп салған темір жолды,
Көргенмін бұрындағы көмір жоны.
Тау-тау боп жататұғын
жиегінде
Болмайтын алған
ешкім көңілге оны.
Таң ата сол темір жол бойымен бір,
Тоқтады қара вагон салдыр-гүлдір.
Дәл сондай қара қақпа ашылды да,
Тарады төңірекке каңғыр-күңгір.
Көрінді ар жағынан қара шоғыр,-
Сайдағы күтіп
жатқан біздің тобыр.
Жүгірдік жан ұшырып
сол мезетте,
Кетпейді көз
алдымнан кезім со бір.
Әкемді көрген
бойда жеттім ұшып,
Кеудемді бір сұрапыл
кетті қысып.
Жылау ма, өксік
пе әлде, байқамадым,
Үлгірдім,
саусағынан сүйіп, құшып.
Әкемнің көрінбеді екі ағасы,
Сұрауға баламын
ғой жоқ шамасы.
Қоштасу бар
болғаны екі-үш минут,
Вагонның кіре
беріс босағасы.
Бетімнен бір
сүйді әкем ең соңғы рет,
Қасымда мамам байғұс
тұрды еңіреп.
Білмеді содан
былай көріспесін,
Қимады жаманатқа
сүйген жүрек.
Қолымда жіпке
тізген кірәнжілік,
Беруге жүгіріп ем
соны ұмтылып,
Қатыгез
милиционер қолым қақты,
Сөйткенше кете
барды вагон жылжып.
Баланың қолын
қакқан сұм ант атқан,
Деген бір сөз
естілді соңғы жақтан.
Күңіреніп қала
берді қайғылы топ,
Кетпейді әлі
күнге сол құлақтан.
Кетпейді қара
вагон әлі есімнен,
Жалтырап шыққан
күннің сәулесінен.
Бұлдырап көз ұшынан
ғайып болды,
Айнымай қасіреттің күймесінен.
V
Арада қанша өткені жоқ жадымда,
"Сібірдің
ағаш кесіп орманында
Жатырмыз"
деген хабар жетті бізге,
Шамасы Свердловск
оң жағында.
Ап-анық менің оны
білетінім,
Хат жазып,
посылка сап жүретінмін,
Үкімі он жыл екен
кескен оған,
Санайтын кезіміз
ғой күн өтуін.
Шешеміз деп жүргенде барып қайтам,
Басталды қанды соғыс, алып майдан.
Үзілді содан
былай хат пен хабар,
Білмедік тағдыр
айдап шықты қайдан?
Әлде ол аттанды ма соғыс жаққа,
Немесе аударды ма қоныс басқа.
Сібірдің мұзы
менен батпағында
Қалды ма қайран
басы тоғыспасқа?
Белгісіз үшті-күйлі болды ғайып,
Аспанға қала
бердік қолды жайып,
Арада төрт ауыр
жыл өтті бастан,
Секілді теңіз
кешкен жалғыз қайық.
Қалтылдап өмір сүрдім, қайтсем де өлмей,
Талап қып оқу
оқып, құр сенделмей,
Одан соң мұғалімдік
анда-мұнда
Тірліктің ол да
түрі дәл сендердей.
Бар ма еді
көрмегені ол ұрпақтың?
Деген сөз -
"жау баласы - қызы жаттың".
Пионер, комсомолға да алдырмаған,
Кейінде ЖенПИ-де де зардап тарттым.
Соқпақ жол, содан соңғы өмірбаян,
Бәрі де белгілі
ғой, өзіңе аян.
Сондағы бұлдыр тұман
арасында
Жылаған
күндерімді қайда қоям?
Батырып балалықтың
мұңға басын,
Қып-қызыл
табанымды құмға бастым.
Сондағы
қасіреттің бір таңбасы
Дегенім -
өлеңіңде бұл да қалсын!
Жасында жиырма жеті болды жесір,
Өксікпеп өтіп
кеткен өмірі есіл.
Кешегі мамам байғұсты
еске аламын,
Тағы да жылап
қойсам, мені кешір!
VII
"Көкиық" балалықтың мекені еді,
Айырды
"Көкиықтан" ерте мені,
Тағдырдың
маңдайыма жиі соққан
Аяусыз ақ бораны,
өкпек желі.
Бұл күнде Көкиық та - бір төмпешік,
Айдары аласарып, кеткен өшіп.
Көрінген көлік
пенен машиналар,
Басына шығып
жатыр ентелесіп.
Бір кезде заңғар еді, биік қандай,
Болатын аспан -
төбе, бұлт - маңдай.
Сонда да көрген
сайын осы кезде
Қараймын қайран
көзім сүйіп қанбай!
Өзім де Көкиыққа қалам ұқсап,
Жыртылған жылдар
мүжіп, жағамды ұстап.
Көзімде әлі де тұр
Көкиықтан
Жүгіріп келе
жатқан балалық шақ.
Көкиық ата-баба мекені еді,
Бар әлі мен
оқыған мектебім де,
Ауылда ең биік үй
сол болатын,
Ол дағы мыжырайып
шөккен мүлде.
Қайтсын ол: "мен бармын" деп жар салсын ба?
Қалыпты биік үйлер тасасында.
Уақыттың
тасасында қалған менің
Аз күнгі
балалығым басы сонда.
Осы еді көңілімде тозбас аңыз,
Туамыз, туған жерде қаз басамыз.
Бұл күнде қалдық
біраз жасқа келіп,
Ғүмырдың көкиығын
біз де асамыз.
Деп Бәдеш аяқтады
әңгімесін,
Менімен бірге
кешіп өмір көшін.
Ақыры айтып
тындым дегендей-ақ,
Қырық жыл сақтап
келген сыр мүддесін.
Құпия адам
жаны - сарай неткен?
Мұны естіп сонда
терең ойға кеткем,
Қиялда Көкиықты
мен де көргем
Қасынан
жаяу-жалпы талай өткем.
Көкиық жағадай тал, жасыл орман,
Етектен терген шие шайып алған.
Әркімнің болады
бір Көкиығы -
Тіршілік
сапарының басы қалған.