ВЕРНУТЬСЯ

Июльдің дәл ортасында бүкіл Қазақстан бойына тараған
аптап ыстық, әсіресе Қаратаудың талас жазығында бейне от теңізге айналғанға
ұқсайды.
Жалын толқын ежелгі таудың ескі мұжық өркештерін қауып, қойнау,
қолтықтарды тінтіп, салқын бұлақтар, саялы бақтардан беті қайтып, қайтадан
далаға серпіліп жатқандай екен. Онсыз да тіршіліктің тынысын бір қауызға
сыйғызғандай ғаламат ыстықты арғы бете Мойынқұм, одан әрі Бетпақтың даласы екі
есе дәуірлетіп, дөсерлетіп жібергенде сынап бағанасы 45 пен 50-дің арасында
ойнап тұрмасы бар ма. Дегенмен жолдың аты - жол. Жол атасы - Қара- тау. Жол қақпасы
- Күйіктің асуы. Сол Асуға жете беріп, оңға бұрылып, Қаратауды қабырғалай
жосылып, бұлдыр-бұлдыр ыстық сағымдар арасымен жүйткиміз. Оң жақта Билікөл
қалып барады. «Рахатты көзің көріп, қолың ұстамасын, - деген сол ма, ішінде миы
қайнап келе жатқан басымыз, машина әйнегінен сопаң-сопаң етіп, солай қарай,
Билікөлдің салқын, сабат құшағына сабырсыз ұмтылады.
Күн еңкейген
түс. Қаратау қойнауынан еміс-еміс хабардай, әлсіз ғана самал есті. Ес кіре
бастады. Кірген ес көзімізді ашты. Біз сол көзбен биік қабақтан төмендегі
Қаратау қаласына қараймыз. Орнағанына көп жыл болған кен мекені, көп үйлерімен,
әсіресе көкпеңбек ағаш көркімен мына қуаң даланың қуанышындай әсер береді. Одан
оң жақта, бергі қанатта карьерлері аңқиып, түтіні будақтап, тастарды үнтақтап
жатқан алып завод көзге шалынады...
 -       «Қаратау»
совхозына барып бір-ақ тоқтаймыз. - Облыстық атқару комитеті председателінің
орынбасары Елубай Олжабаев, көзі үнемі күлімсіреп тұратын, түрінде әлі балаң
жігітке тән сергектік бар, байсалды, байыпты, денесі де мығым, сөзі де мығым,
қырықтың қылшылдаған қайраты аңқыған азамат. - Бұл бізде ең жаңа, тың совхозы болып
саналады. Басты шаруасы - егін, одан соң мал, әрі қарай алуан салалы кәсіппен айналысады. Қаратаудың нақ етіне, Қаратау
аталатын үлкен ойпатқа орналасқан. Табиғаты ең көркем жер - осы. Жоспар бойынша
совхоз орталығына аялдамай, жоғары өрлеп, таудың ішіне кіреміз, онда мүздайлығы
шекеден өтетін суық бұлақ, мәуелі алма бағы бар, соған жетіп тыныстаймыз.
 «Осы жігіт ертегі айтып отырған жоқ па?» -
дегендей қарасып қаламыз.
-        Ол
жерге қанша қалды онда? - деймін мен, - жұмақ ауылдың жеткізбейтінін естуім
бар.
-        Енді
бір жиырмадай болып қалар.
-        Оу,
ол жиырманды мана айтып едің ғой. «Қазақтың осы жер дегені - көш жер» деген,
қаладан жетпіс шақырым деп ең.
-        Нақ
соның өзі, - деп жымияды Елекең. Қазірдің өзінде жүзден асырып алдық. Бірсыпырадан
соң алдымыздан көгілдір ойпат, оны қуалай өскен арал-арал ағаш шоғы, ол ағашты
аралай аққан сулар, сол суларды балағын түріп, баладай кешіп тұрған балауса талдар шыға келді. «Шіркін,
өмір-ай, бар екенсің ғой, - деген сөз аузымнан қалай шыққанын білмеймін.
Жолаушылар бірсыпыра адам болатын. Бәрі де жамырасып қалды. Жоқ, жол бізді әрі
қарай алып кетіп, таудың бұралаң соқпағына әкеп қосты. Өртеніп тұрған күн өзі
де шаршаған жолаушыдай Қаратаудың қойнына құлап түсті. Біз де жұпар жайлауға,
жаңа шабылған шөп иісі аңқыған алқапқа тігілген ақ үйлерге жетіп құладық.Талас
аудандық комитетінің бірінші секретары Ра- қымжан Ерсейітов сөз бастап отыр.
Аудандық мекемелердің басшылары, совхоз директорлары мен атақты шопандар
келген. Ат басын әдейі осында бүруымыздың себебі - Талас ауданы табиғатының
қаталдығы, шаруашылықты жүргізудің аса күрделілігі мен қиындығы жағынан да
ерекше сөз етерлік жағдайлары мол аудан.
-        Облысымызда
қой шаруашылығын өркендету жөнінен аудан - Мерке, Луговой аудандарынан соңғы
үшінші орында тұр, - дейді Рахымжан, - 400 мың қой, 11 мың ірі қара, 5 мың
жылқысы бар. 8 қаракөл совхозы, 12 ақ қой өсіретін совхоз және көкөніс өсіретін
бір совхоз - не бары 11 шаруашылық бар.
       Жыл ішінде 50 мың центнер қой еті, 30
мың центнер сүт, орта есеппен 100 мың елтірі өндіреміз. Талас елтірісі -
негізінен көк елтірі, Ленинград аукционында біздің Талас елтірісі бірінші
сортпен қабылданып жүр. 30 мың гектар егін егеміз. Оның 30 мындайы суармалы егіс.
Оның үстіне қызылшасы да бар. Ал енді
негізгі әңгімеміз - осы көрсеткіштер қандай проблемаларды жеңу үстінде игеріліп
отыр деген мәселе. Бір проблеманы, яғни бір қиындықты жеңсең, екіншісі келіп
шығатыны белгілі гой. Қазіргі тандағы ең үлкен мәселе - малды жеммен қамтамасыз
ету. Бізге орта есеппен осынша малды жемшөппен қамтамасыз ету үшін, тағы да
цифрларға көшсек, 115 тонна шөп, 27 мың тонна сабан жинау керек. Ол үшін жоңышқаны
жылына төрт шабу қажет. Әйтпесе жай шабындықпен жайылым жерден мұнша жемді табу
қиын. Құрғақшылықты көріп отырсыздар. Көршілес Сарыарқаға жайлауға шығу
арқасында бірсыпыра жеңілдік алып
келеміз. Жыл сайын ондаған жайылым көлемі өсіп отыр. Әрине, оны әлі өзге
аудандармен келісім бойынша жүзеге асырамыз. 
Екінші және мәңгілік мәселе - су мәселесі. Суармалы жердің көлемі
ұлғайса, жемшөпке де өріс туатыны белгілі, онда әсіресе жүгері егісін ұлғайтар
едік. Соңғы жылдарда өзіміз Талас ауданы аталған сол Таластың суына жарымай қойдық. Жоғары таудағы - Талас басталатын жердегі
шаруашылықтар өзенді байлап тастап, біздегі тұсы құрғап қалады. Ал жер асты- ның
суын пайдалану үшін аса көп қаржы керек. Өкімет алдында ол жөнінде мәселе
қойылмақшы. Жаңалықтың бірі - облыстың басшылығы көршілес қырғыз ағайындармен
келісіп, көктемде де, күзде де Таласқа, яғни бізге су бөліп түру мәселесін шешу
арқасында биыл июльдің басында Таласқа су келеді. Су келудің мәнісі - біз су
қоймаларын жасауға тиіспіз, кемінде 100-150 текше метр су жинау керек.
        Көріп отырсыздар - мал жемін дайындаудың
қанша машақатын. Әйтеуір жер бауырында өскен қылтанаққа дейін пайдалану мақсат.
Бірақ көрінген шөпті мал жей бермейтіні тағы бар. Мысалы: қамыс, қоға, құрақ,
са- бандарды араластырып, ұнтақ ұнға айналдырып, жем жасаймыз. Ол үшін жемшөп
цехы жұмыс істейді.
- Сіздерді жалықтырып жібердім
ғой деймін? - деп жымияды Рақымжан, - қайтеміз, шаруаның тілі осы ғой.
Жоғымызды айту - жылау емес, біздің еңбегіміздің қадірін, жетістігімізді
баяндау үшін, алдымен осы қиындықтарды жеңу тарихынан бастау керек.
Айта берсек, соза береміз.
Жайылымды дұрыс пайдалану мәселесі де - ерекше мәселе. Ең қиыны бір жерде
жайылым бар, бірақ су жоқ, әйтпесе керісінше. Өзендердегі сулардың сарқылуы
құдық суының төмендеуіне әкеп соғады.
            Мәселенің бұл саласын осымен
тоқтатып, енді малшылар өміріне ойысайық. Ең бірінші тұжырым - адамдарға,
малшыларға жаппай жағдай жасау арқасында осынша қиындықты жеңіп отырмыз.
Содан
да еңбек игілігін көруден де халық жігері, қайраты тасиды. Біздің сүйенгеніміз
- халық.Бұл жай құрғақ сөз емес. Қазіргі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жатқан жағдай,
қойшылардың жаңа ұрпағын дайындап шығу - жалпыхалықтық, мемлекеттік проблема
десек, артық емес. Жастар бригадасын құру жұмысы үздіксіз жүргізіледі. Ол үшін
барлық аудандық, ауылдық ұйымдар ат салысады.
-        Енді
ылғи мен айта бермейін, - дейді Рахаң, - Ұртай, сен айтшы жастарыңның жағдайын.
Бұл қарыняұдас - жолдас Салықова, аудандық комсомол комитетінің бірінші
секретары.
-        Жастардан
шопан тәрбиелеп шығу оңай емес. Барлық жерде қойға барайын деп құлшынып тұрған жастар
бола бермейді. Көбі онжылдықты бітірісімен, оқысын, оқымасын, қалаға тартады.
Солардың оқуға түсе алмай, қайтып келуін күтіп отырамыз. Өз ынтасымен қойға
келушілер әлі аз. Қайтып келгендердің есебінен толықтырамыз. Олардың өзінің тұрақтап
қалуы екіталай. Бір жыл немесе үш жыл қой баққаннан кісі кәдімгі маман қойшы
болып кетпейді. Қой бағу өнерінің, ғылымыныд академигі Жазылбек Қуанышбаев - осы
өлкенің кісісі. Соның беделіне сүйеніп, «Жазылбекшілер мектебін» аштық, - оның
кәдімгідей нәтижесін көріп отырмыз. Жұмысшы, тағы басқа мамандық иелерін
дайындайтындай шопан әзірлейтін курс не техникум жоқ екені белгілі, ал неге
болмасқа. Бізде: - қойшысың ба, - қойшымын, - дейді. Жас па, кәрі ме -бәрібір.
Кейде, мысалы дейік, - семья жағдайымен басқа жерге ауысып барғанда: - қандай
қойшы едің деп сұрай қалса, айтары - әйтеуір қойшымыз ғой.
Бұл жерде
Рақымжан араласады. Қойшылар кейде күлісіп, кейде қозғалақтасып қалады.
Рақымжан: - Мысалы анау отырған Әскербек Баржықов - аға шопан, II, III дәрежелі
Еңбек Даңқы орденінің кавалері, Қазақстан компартиясының XV съезінің дегегаты,
әуелде шаруасы төмен совхоздан шыққан еді. Азық-түлік программасы дегенді
жаппай халық боп түсінудің үлкен маңызы бар. Ел дәулетін, ел ырысын асыруға
сандаған мүмкіндікті пайдаланып, табыс көзін таба білу, халық дәулетіне жанашырлықпен
қарау, ысырапшылдыққа жол бермеу, жеке адамдардың табыс қорын молайту, сол
арқылы елдің, көпшіліктің дәулетін еселей әсіру секілді, толып жатқан
мүмкіншіліктердің көзін ашты бұл программа.
-        Әскербек,
жылдық табысың қанша осы сенің? 15-16 мың болып қалар.
-        Ол
қозы алу табысынан басқа ғой.
-        Онда
екі-үш есе көбейеді.
-        Қойың
қанша?
-        Жүз
шамалы болар.
-        Міне,
- дейді Рақымжан бізге қарап, әлде түсінбей, әлде таңырқағанымызды ажырата
алмай. Бірақ қойшылардың мәдени тұрмысы, рухани жан байлығы дегенді түгелдей
жүзеге асыра алмай келеміз. Әри- не, бұл ұзақ процесс қой. Сонда да болса -
автоклуб көбейді, кітапхана, газет, журналға жаппай жазылу, тәжірибе алмасу
клубы, шопандар тойы деген секілді көрер қызық, көкірек жарық болу мәселесі
ойымыздан кетпейді... Еңбек
адамдарының ой-санасының биіктігі, күш-жігері шаруашылықтарды жеңудің
бірден-бір кепілі.Біздің әңгімеміз ұзаққа созылды. Мәжіліске қатынасушы әр
саланың басшылары өздерінің істері, арман - мүддесі, тілегі, үсыныс дегендей
жайттарды білгірлікпен, байыппен баяндасады.Жақсы халық, жомарт та қайырымды
ел, ұпайы да, ұтпағы да түгел ел
шаруа жайын күн сайын ойлап,қам жеседі. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» - бұл маңайда
көрінбейді. Қатал табиғатты қаһармандықпен жібітіп жатқан адамдарға сүйсінесің.
Әр адамның бойында бір ерлік бұғып жатады екен. Ал халық бойындағы ерлікті алып
шығу үшін де туған елдің даналығы мен ұйымдастырғыш таланты керек.Міне, біз
бүгінгі күннің бейнесінен, Қаратау өлкесінің тұрпатынан сонау бір сарқылмас, жеңбей
қоймас күштің құдіретін сезінеміз.
Рахмет, Қаратау!