ВЕРНУТЬСЯ

     Ендігі саған ентігіп, 
Барар едім
қасқиып,
Мен жатырмын
мертігіп,
Тұяғыма
тас тиіп.
* * *
Құдайға жақындардың таза бәрі,
Таусылмас
жердегінің азабы әлі...
Құртуға өзін-өзі
адам асық,
Аздай-ақ
жаратқанның жазалары.
Тау Көкше, Айың - айбар,
Күнің - шабыт,
Қараушы ем көлге түсіп, жуынса
бұлт.
Тұрмыстың ақ
жанымды кірі шалса,
Қайтушы ем саған
барып, мұңым шағып.
Сонда сен жұбатушы
ең сүйіп, құшып,
Кетуші ем қайта
шалқып, биікке ұшып.
Қалықтап
"Жеке батыр" маңайында,
Қанатым күн сәулесін
қиып түсіп.
Қайтадан ұшушы
едім қарсы құсқа,
Асыққан оңтүстікке осы тұста.
Ақ бұлтқа
саусағыммен жыр жазушы ем,
Қаламым жерде
қалып қапылыста.
Содан соң қонушы
едім шың басына.
Зулаған екпінімді бір басуға.
Етектен өрлеуші
еді қыз-қарағай
Ақынмен оңашада
сырласуға.
Хош иіс, жұпар
самал арбап мені,
Төменде
Бурабайдың жайнап көлі.
Сыңқылдап қыз
күлкілі шағалалар
Шақырып, мені
еркіме қоймап па еді?!
Сонда мен жолыққандай арманыма.
Бір қарап жалын
көзбен жан-жағыма,
Басынан "Оқжетпестің" қарғушы едім,
Қарамай өлгеніме, қалғаныма.
Сағындым, сағыныппын соның бәрін,
Есімде шаршағаным, демалғаным.
Тек қана ақын
жайлар мекен едің,
Белгісіз маған бүгін не болғаның...
* * *
"Танадай құлаққа ұрған" тыныш маңай,
Естисің алғаныңды тыныс қалай.
Табиғат біздей
емес, көне шебер
Бір ісін
тастамаған дұрыстамай.
Бәрі - заң, тап-тұйнақтай
бәрі орнында.
Жарасым, үйлесімі, сәні орнында.
Алаң тұр ат
шаптырым айналасы,
Өзі жоқ,
Абылайдың тағы орнында.
Босаған кеше ғана
қанды ұрыстан,
Шаршаған, қос
өкпесі шаңды құшқан,
Жайып сап
шеңгелдерін жасыл шөпке,
Жатқандай бейбіт ұйықтап
хан-арыстан.
Айналып мың-мың тұлпар
қарағайға,
Батқандай басын шұлғып
қалың ойға.
Қалыпты Жеке
батыр қатып ұйықтап,
Мас болып жеңіп
алған абыройға.
Қос жартас Ер
Қабанбай, қарт Бөгенбай
Жауының жағасынан
шап бере алмай,
Түстерін түсінде
де қарш-қарш қайрап,
Түстері әлдекімді
мерт қылардай.
Оқшау шың - Шақшақұлы
Жәнібек-Тархан,
Дос түгіл, жауы
сыяр жаны бек дарқан.
Шет қалып, кешегі тойлар у-шуынан
Оңаша ойға батқан
- менің атам.
Бірі еді халық
қалаған төрт тіректің.
Өзі еді сонау
білмес өрт жүректің.
Бүгін де
керегіңді есіңе алмай,
Дүниеден қайран
ерлер өттің-кеттің.
"Танадай құлаққа
ұрған"- маңай жым-жырт,
Ағады мәңгі
керуен уақыт жылжып.
Жатқандай бір
айдаһар көлден шығып,
Бәрін де өңешіне
тартып, қылғып.
Әрине, ұрпақ
қалар, тұрмыс қалар,
Аз емес алдымызда
мың нұсқа бар.
Амал не, ала
алмаса содан үлгі,
Таулардың
түбіндегі құмырсқалар?!
* * *
"Үңгірі Кенесары"- көпке мәлім,
Бұл жерде
дем алуға шөккен нарың.
Перзенті қасірет
пен өкініштің
Аузынан
"Аһ!" дегендей, төккен жалын.
Еркесі елден дара бір құдайдың,
Өзінен айнымаған Абылайдың.
Көзінің шарасына
дала сыйған,
Қараса сәулесімен
жарық айдың.
Шағылып күн нұрына дулығасы,
Теңселіп төбесінде
тудың басы.
Жөнелмек таң
алдында жөңкіп әскер,
Қазақтың қайта
оянса бұл ағасы.
Төменде қаңтарулы
кіл күрең ат,
Таң асып, ерін
алмай тұрған жарап.
Мызғиды аяқ үсті өңшең
бәрі,
Күзеткен хан ұйқысын
қадағалап...
...Осында келген сайын осынау сурет
Кетпейді көз
алдымнан жалғыз рет.
Үңгірдің
түкпірінде бір жолбарыс
Жатқандай жұлдыздарға
басын тіреп.
Ауыр қол оятуға дәті
бармай,
Ал кәзір аруақ ұран
шақырғандай,
Шақырса,
үңгірдегі сол жолбарыс
Болады енді бір сәт
атылғандай...
* * *
Хан Абылай, қадіріңді ерте біліп,-
Жыр жаздым, өзегімді өртендіріп.
Ол өлең
"Абылайдың ақ үйі" еді,
Сол үшін ала
жаздадым желкем қиып.
Отыз жыл өтіп кетті одан бері,
От еді ол кездегі заман лебі.
Ақын да отқа
түсер көбелек қой,
Барған жоқ ешкім
айдап соған мені.
"Бір сұрақ -
әлі күнге мен аңғарман,
Сұрап келем
ақылды адамдардан,
Өзге жұрттың
хандары жақсы болып,
Біздің хандар
қалайша жаман болған?"
Дедім мен, жой
бір сұрақ секілді еді,
Бір әкім ал,
тілдеді, селкілдеді.
"Қайдағы бұйырмаған
бұзық сұрақ
Қоятын сен кім?-
деді, мен кім?- деді.
Сұрақты мен
қоям!- деп әкіреңдеді:
- Немене, Абылай
сенің әкең бе еді?
Кет, әйдә,
Абылайыңмен қоса жоғал!
Әкеңді танытамын ертең!- деді.
Әкемді танытты ма, танытпады ма?
Оны айтып мен
қайтейін уақытта мына.
Өйткені бұл күнде
де аз емес қой
Жүргендер бақыт
қамында, тақыт қамында.
Сондайдың бірі кеше ұлы асыңда,
Алаңда, қыруар жұрт
қыр басында,
Сөйледі туған балаң секілденіп,
Төредей көптен
жүрген хан қасында.
Қарадың оқты көзбен суретіңде,
Жарқылдап айбын
ойнап бұл бетіңде,
Содан соң қарт
Көкшедей қалдық қатып,
Жатпай-ақ сөз
шығындап "кіл жетімге."
Жәй қиял.
Болғаным жоқ ол асыңда,
Жақсының
қызғанатын моласын да,
Әдеттің әлегіне
бар ма шара,-
Қырсық қой сен де
алысқан о басында.
* * *
Күз болып, жер тоңазып, суыды аспан,
Әп-сәтте
қарағайлар шуылдасқан.
Манағы шымқай
күрең тұлпарлардай,
Жан-жақты бір құдірет
дүбір басқан.
Қайнаған қара бұлттар
арасынан
Көкшенің ұшар басы
жаңа ашылған,
Шағылып күн нұрына
шаншылғанда,
Айнымас Абылайдың
найзасынан.
Бір арман, бір сағыныш және қозғап,
Кетеді жүрек байғұс
жана жаздап,
Жортады қара бура
көл айналып,
Ту сыртта
екеу-үшеу бота боздап.
Алаңдап, қайтсын
көңіл алабұртпай,-
Уақыт - сүт
пісірім аралықтай,
Сағындым,
сағынғанда, әдеті ғой,
Ұсақтың көрінетін
бәрі алыптай.
* * *
Тау Көкше
- сен едің ғой жер сұлтаны!
Жараскан
жақсылардың жақсы Отаны.
Жүрегін құдайдың
да қуантушы ең,
Тамылжып
табиғаттың атса таңы.
Қаншама сыйладың сен от жаныма,
Қарамай ысыраптап жаққаныма.
Тек қана сені көріп қайту үшін
Ризамын жер бетіне соққаныма!