ВЕРНУТЬСЯ

         Бұдан көп жыл
бұрын Қапшағай теңізінің арғы бетіндегі Шеңгелді совхозындағы бір шаруа
адамынан соғым алатын болдым. Рульде өзім. Қасымда қонаққа келіп жатқан әкем
бар. Біз совхозға сәске түсте келдік.
         Ашық шарбақта
жем жеп жүрген он шақты жылқы. Қайсысын таңдасақ та өз өіркіміз. Жасынан жылқы
бағып, мал арасында өскен қария жылқы ішінде біраз жүрді де, жүген-құрық тимеген
бір семіз байталға айдар тақты. Жылқышылар қақпайлап жаңағы байталды шығар қақпаға
айдап әкеліп үйшікке өткізіп берді. Қалай әкетсең, ендігісін өзің біл. Әкем
болса жасы ұлғайған адам. Мен болсам... Иә, менің жайым айтпаса да түсінікті
ғой.
        Енді не
істейміз деп дағдарып тұр едік, елулер шамасындағы салт атты бір кісі келіп
әкеме сәлем берді. Істің мән-жайын түсінгеннен кейін:
- Атым сенімсіздеу, дегенмен де байқап көрейін, - деді де
шүу асауды бұғалықтап арқанның екінші ұшын иіріп әкеп тақымына басты. Сөйтті де
тарта жөнелді. Байтал төрт аяғымен табандап жатып алған. Ат шірене тартты. Шүу
асау тыңға салған түренше жер сызып келеді. Ал ана қазақтың жалаңаш тақымындағы
арқан домбыра шегіндей дыңғырайды. Үзілуге бар, бірақ желімденіп қалған секілді
бір еліге де сусыған жоқ. Өстіп отырып біз оның үйіне келдік. Жас кезінде өзі
де күшімен көз сүріндірген әкем қайран қалып, басын шайқады:
- Тақымың қысқаш па өзі немене?! Өнеріңе боланын. Менің де
қайратым біраз бар еді. Бірақ тақымыма ту биені бастым деп мақтана алмаймын,-
деді.
        Өкінішке орай
аты-жөні жадымнан шығып кеткен жаңағы қазақ:
- О, бұл біздің дағдылы машығымыз. Жасырақ кезімізде серкені
менсінбей, көкпарға тана тартатынбыз, - деп қайырды жауапты.
Әкем құптай сөйледі:
 - Мына өнеріңнен
кейін түйе тартатын едік десеңде сенем, шырағым...
      Осындай
кереметті көргенім бар менің...