ВЕРНУТЬСЯ

    Талғанда белің налыма, қалқам, ауырдан,

Торықпа, тіпті қорықпа ешбір дауылдан.

Әділет ізде, Құдайды ізде қашанда,

Қалғанда көңіл қастыққа кеткен жауыңнан.

Құдайды ізде шапағат нұрдың ішінен,

Құдайды ізде жаратылыстың күшінен.

Құдайды ізде ғажайып құбылыстардан,

Бәрі де Алла ісі деп өзім түсінем.

Іздеші, ізде қайырымынан жандардың,

Алғысқа лайық адамдар барын аңғардым.

Күнәсіз, пәкті періште деп те атайды,

Аты да солай өзіңді сүйген жан жардың.

Іздеші, ізде ізгілік деген қауымнан,

Жақсылар үшін аумайды жат та бауырдан.

Айналайындар, алмашы атақ қауіпті -

"Қатігез" деген емі жоқ дертпен ауырған.

Құдайды ізде! Тіректі содан табарсың,

Сенбесең хаққа - сергелдең болып қаларсың.

Іздеші мейір, ізгілік сіңген жүректен,

Бәрін де бәрін сол жерден тауып аларсың!..