ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз елу үшінші жылдың декабрь айының орта кезі
еді. «Әдебиет және искусство» журналында істеп жүргенмін. Ойда жоқта бөлмеме
Белгібай Шалабаев кіріп келді. Қолында баспадан жаңа ғана шығып,
кітап дүкендеріне түсе бастаған менің кітабым -«Болашаққа
жол» романы:
-        Шәкірті жазған
мына кітабын алып құттықтайын, деп ұстазы әдейі келді.
       Бір кезде бізге
сабақ берген Белгібайдың өзі мынадай қуанышты пиғылмен келсе, қарсылық бола ма,
екеуміз далаға шықтық.
        Ол кезде «Қазақстан»
атты ресторан 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде қамыстан қаланған шағын ғана
үй болатын. Сонда бардық. Жұмыс аяғы болғандықтан ба, жұрт қарамы едәуір.
Белгібай қолында поднос, қалқып жүрген даяшы қызды тоқтатты да:
-        Мен ҚазГУдің
доцентімін, - деді. - Ал мына бала менің шәкіртім. Былайша айтқанда, мен мұның
ұстазымын. Роман жазды. Ұстазы шәкірт кітабын жумаққа келді.
        Белгібай сөзі
даяшыға әсер етті білем, ол бізге дереу орын тауып берді. Дереу заказымызды
қабылдады. Жайланып отырғаннан кейін:
-        «Былайша
айтқанда» дегеніңіз қалай, Беке? Сіз маған былайшасыз да ұстаз емессіз бе! -
деп қойдым.
       Белгібай жымия
күлді. Кейпінде ризалық белгісі бар.
-        Мұндай
көпшілік жерде сыпайылық керек. Шәкірт бала, ұстазыңның бұл сөзін есіңнен
шығарушы болма!
-        Әлбетте, Беке.
-        Әлбеттең не? Ұстаз
сөзін есімнен шығармаймын де!
-        Ұстазым Шалабаев
Белгібай сөзін есімнен шығармаймын...
-        Ә, жөні солай.
Мен егер ұстаз болмасам, мынадай кітапты сен қалай жазған болар едің?
-        Сізді ұстаз
еткен тәңіріге мың мәртебе алғыс.
       Біраздан кейін
кең шешіле түсті.
-        Мен қазақ
совет әдебиетінде көп бағыттардың негізін қалаған адаммын. Чернышевский алғаш
рет менің арқамда ғана қазақша сөйлеген. Мен Белинскийді аударғанда осы күнгі
мен ғалыммын дейтіндердің көбі ауылда қой бағып жүрген... Поэзиядағы алғашқы
қарлығаштардың да бірі менмін. Романыңды да Сәбиттің өзінен бұрын жазғанмын.
«Өмірде нелер болмайды» деген кітабым соның айғағы.
-        Беке, бір
сұрағым бар.
-        Ал, шәкіртім,
білмегеніңді сұрай қой ұстазыңнан.
-        Сонғы екі-үш
жылда мен Қарағандыда тұрдым ғой. Газет-журнал бетінен атыңызды іздеумен жүрдім.
Ысмайылов, Жұмалиев есімдерін көремін. Ал менің ұстазым болса, мүлде хабарсыз
кетті. Неге үндемей қалдыңыз?
-        Шәкіртім,
ұстазыңды неге жазбай кеттің деп жаман жолға итермелеме! Олар дауға ілігіп жүр.
Неге ілігеді дауға? Қаламдарын сүйреңдетіп жазғандықтан ілігеді. Жазар болсам,
мен де солардың кебін кимес пе едім. Тек жүрсең, тоқ жүресің, шәкіртім.
       Академик Тарле
өзінің «Наполеон» деген кітабында кезінде бүкіл Францияға таралып кеткен
мынадай бір оқиғаны келтіреді: Бурбондардың Сиес дейтін премьер-министрі болған
екен. Үкімет басына Наполеон келгенде Сиес кенет ғайып болыпты. Жұрт тіпті
корольдікте осындай премьер бар екенін де ұмытып кеткен. Наполеон жеңіліп,
Эльба аралына жер аударылып, бурбондар тахқа қайта отырғанда король сарайында
жұрт көңілінен мүлде шығып кеткен әлгі Сиес оқыс сая бола кетпей ме. Таңырқаған
қауым бір кезде осындай премьер болғанын есіне алып:
-        Сиес, көрінбей
кеткеніңізге көп болды, қайда жүрдіңіз? - деп сұраған ғой.
Сонда Сиес:
-        Күнімді
көрдім, - деп жауап беріпті.
       Иә, қалай десең де өмір сүру оңай шаруа
емес-ау тегі...