ВЕРНУТЬСЯ

    "Жаман қатын" қалай жүр маңайыңда?

Күпі киіп, керзі етік жаз айында?

Бір кездегі сұлуды сылаң қаққан,

Күте алмаған өзіңнің сазайың да!

Жүрісін-ай, баса алмай ылбыраған...

Жұмысын-ай, жүн түтіп, қыл бұраған...

...Қайран құрдас, сұлу қыз, күміс көмей,

Едің бір кез атанған "бұлбұл адам".

...Жасамапты жұмысын өкіметтің...

Отын жаққан ұл-қызға көкіректің...

...Өсіргені шын ба екен он бес бала!..

...Онда біздер біріміз жетімектің.

Жап-жас болып бұл күнде ел енесі,

Шалқып жатыр көрінбей кенересі.

Рас па екен дегені көршілердің:

"Отыз шақты боп қалды немересі".

Ғалым екен бір ұлы елден асқан,

Күйеу қанша, ұл қанша тең, жарасқан!

Ұшқышы да, қойшысы өз үйінде,

Бас иеді өзіне Жер мен Аспан!

Жарымай-ақ қойса да баспанаға,

Басқа жаннан бақыты асқан ана!

Сыңғырлайды күлкісі құлақ тербеп,

Лайықты дыбыспен жасқа ғана.