ВЕРНУТЬСЯ

Өзгеге өзеуремейтін Өр өлкенің өз әдебиеті, өз мәдениеті, өз архитектурасы, қысылған кезінде қол жайып, құлшылық ететін өз әулие-әмбиелері бар. Өзені мен көлі жоқ табиғаты қатаңдау өлкедегі өмір нәрі – су көзін жеті қат жер асты қабаттарынан қапысыз табатын құдықшыларын да қасиет иелері демеске болмас. Өзгеге тиіспей өз бетімен еркін өмір кешуді қалайды. Ал өзіне тиіскеннің жағасында қолы кетуге бар. Өзгелерде кеткен есесі де жетерлік. Бәрін жиып-теріп таразы басына тартып жатпайды. Бастысы достыққа деген ақ адал ниетпен созылған білек болса болды, түйіні күрделі небір астарлы дауларды да  ыстық жүрек арқылы «сақал сипар» келісіммен бітіре салады.Бұл өлкеге атбасын тіреген шетелдік саяхатшылардың кейбірі «табиғаты қатал, қатігез өлке»-деп қарғап кетсе, кейбірі «аспан жұлдыздары жерге тамшылап төгіліп жататын жұмбақ құбылысты өлке»-деп алғашқы әсердің таңданысын жасыра алмай ықыласын төгіп кетеді. Бірақ соның біріне бұлқан-талқан ашуланып сасқан, не екіншісіне қуанышын қойнына сыйғыза алмай  арнасынан төгіліп тасқан кезі жоқ. Бұл өңір жер бетіне шым-шым шығып жататын қара майды баяғыда, атам заманнан бері қажеттеріне жаратып келді. Оған «мұнай» деп ат қойып, айдар тақты. Қазақ мұнайының атасы – Қарашүңгіл сол кезде территориялық жағынан Адай округінің құрамында болатын...«Ман» сөзінің Маңғыстауға қатысы бар ма?Мыңғырған малға қытымыр қыста жылы да, жайлы (өз аяғымен жайылып шығатын) Маңғыстаудың өзге өңірге ұқсамайтын ерекшеліктері ерен. Сөз арасында айта кетейін, меніңше «ман» (немісше адам ұғымын беретін) сөзінің Маңғыстаудың этимологиялық тегіне еш қатасы жоқ. Топономика сол жерді мекендеген адамдардың іс-әрекетінен, кәсібінен, әдет-ғұрпынан хабар беретін қарапайым өмір –тіршілігінің сыртқы көріністері болып табылады. Оны орынсыз білімпаздықпен тереңдетіп, төбеде ілініп тұрған тиянағы жоқ нәрсе тәрізді әр жарға бір соғу дұрыс емес, оның түп атасы бар болғаны «мың қыстау» деген ғана сөз. Тас үй салмайтын көшпенділер үшін қыстап шығуға қолайлы, ықтасыны мол жер. Анықтамасы осы. «Мангышлак» дегеніңіз –Мыңқышлақ, түркілердің өзге бір тіліндегі Мыңқыстау.Мәселен, қараңыз, Маңсуалмасыңыз –Мыңсуалмас, яғни, мың бас мал су ішсе де ортаймайтын, суалмайтын  құдық-бұлақ. Тамшалыңыз – Тамшылы, яғни, төбеден төменге тамып тұрған көп тамшы, сенбесеңіз сол Тамшалыға барып көзіңізбен көріңіз. Қазақ тілінде «ы» әрпінің сөз ортасында «а»-ға айналып кететін заңдылығы бар. Оған Алматының мысалы да дәлел, оны біз соңғы кезге дейін «Алма -Ата» деп жазып жүрдік.Тап осыған ұқсас Маңғыстауда да бір жер атауы бар, ол «Ман-Ата», бұрын жергілікті тұрғындар арасында «Манаты» болып айтылатын, неге екені белгісіз, соңғы кезде «Атаға» айналып кетті. Баспасөз қызметкерлері де оны атаға айналдырып жібергені сондай енді ешкімді оны адам есімі емес деп сендіре алмайсың. Бұл манның да мың сөзіне жанамалап болсын қатысы болуы мүмкін. Бізден гөрі жер атауына жақын көзіміз көріп қалған шежіре қарттар, «Манатының төменінде бейіт тұр, ол бәленше деген әулие аталарың, бәлен мезгілде бәлен оқиғадан қайтыс болған», деп айтпайтын. Бар айтатындары:  «Манаты асуына шығарда бір тұрып, сосын басына шыққан соң бір тұрып, алды артыңды байқап ал».Әсіресе жауынды-шашынды мезгілдерде жүргіншіні аруақтарға сыйындыратын асуы қиын шатқал (бұрынғы жол сорабы өте қауіпті еді), бізше дүмшелердің діни сеніміне байланысты негізсіз аруақты орынға айналып кете барған тәрізді. Мұсылман діні оқуға, ғылымға аса ықыласты, өзіне орынсыз нәрселерді тықпалап, жапсыра бергенді қаламайды. Бұрын төменде тастан үйілген белгі тұратын, жүргіншілер сол жерге тұрып, үстірт үстіне аман шығулары үшін дұға жасап, азынаулақ тиын-тебенін тастап, сапарын одан ірі жалғастыратын. Енді сол тас белгіні біреулер бейітке айналдырып, онда жатқан адамның есімін де, белгі қойған адамның есімін де жазып қойған. Не себепті олай істелгені, қандай дәлелдерге сүйенілгені туралы деректерді  баяндайтын материалдар  көзімізге түсе қоймады.Біздіңше ол тастан үйілген белгі ғана. Ондай белгіні қазақтар оба деп те атайды. Бейбіт заманда тау мен төбе бастарына, не жүруі қиын ерекше жерлерге бұлай тас қалап кету – біріншіден адаспау үшін көш жолын белгілеу, бағыт-бағдарды анықтау, екіншіден сол тұсқа аялдау, тынығу, т.б. Обаның бағдар ретіндегі мәні зор. Манаты астындағы оба: «алдыңда қауіпті асу бар, абайла!» дегенді білдіріп тұр. Ол жерде ешкімнің мүрдесі жатқан жоқ, дәстүр бойынша жұқпалы аурумен өлген немесе өзіне-өзі қол жұмсаған адам ғана жалғыз жерленеді. Ал бұған иланбайтындар болса, ол жерде адам сүйегінің бар, жоғын қазіргі заманауи құралдармен анықтауға әбден болады емес пе?