ВЕРНУТЬСЯ

    Апырым-ай!

...Heгe мені мына жұрт елемейді?..

...Дейтін кісің мен емес... ие, мейлі...

Бетін ашып алалық мәселенің,

Болсын анық түсінік, түбегейлі!..

...Танымадың сен, інім, мені қалай?..

Жетектегем, арқалап сені талай.

Мінгестіргем қалдырмай жолда жаяу,

Аралатқам тау мен тас, еліңді ұдай.

Айтып ем ғой, ақынмын, ағаңмын деп!

Уәде еткем, сел болып ағармын деп!

Бір жұлдыздай өзімді жақпақ болғам,

Жана алмадым жұлдыздай, ағардым тек!

Ойлар талай кетті де қайта келді,

Шатастырды, талай жан сайтан өнді.

Тура жолдан адастым, көп кешіктім,

Кешіріңдер деймін де, қайтем енді...

Мен ағаңмын ғой!..

Жан-тәнімдей, жеткіншек, сүйіп едім!

Тында, менде ойнайды күйі ненің?..

...Іні қамы - ел қамы, болашағың,

Жан жарасы, жазылмас күйік едің?!.

Болашағым деп едім, көкте күнім!

Өткен талай көз ілмей текке түнім.

Сағынышпен сарғайды талай жылдар,

Тағдыр, саған кей-кейде өкпелімін...

Алыстаттың, ей, тағдыр, арманымнан,

Үзіп бердің жалғанның жалғанынан.

Өкпелімін... Адамды "адам" деген,

Қазағыма дәм жаздың қалғанынан...

Мен ініңмін ғой!..

Қолында өскем, қалайша ұмыттыңдар?

Өздеріңмен оянған үміт, мұндар.

Мінезімен біріңнің жерге кірсем,

Ал біреуі - асқарым, шабыт шындар.

Талай барғам алдыңа ақыл сұрап!

Еліктедім, сүйдім де жақынсырап.

Ағалар-ау, кемсітпе інілерді,

Қуат берші, деші тек "мақұл, шырақ!".

Жарасады ағаға жөн сілтеген,

Сөкпе оны, тіпті ойы, болсын төмен.

Іні деген еліңнің болашағы,

Мен жас жанға ешқашан қол сілтемен.

* * *

Ау, халайық!..

Мендей ұлды қалайша елемедің?..

Дұрыс еді дер кезде демегенің.

Өзің үшін тер төккен бір баланың,

Біліп жүрші арам ас жемегенін.

Шырылдаған сен үшін жаным, мына...

Талай тақыл сөз айттым танымдыға.

Жел сөз емес күн туса, ел басына,

Керек десең қиямын жанымды да...

Мен бәріңді, бәріңді танимын ғой!

Айтпақ болғам сендерге пайымды ой...

Менің Ақ ордам

Ес білгелі жүрегім соқты сен деп,

Мен балаңмын, ақының... Сайынмын ғой!

Ау ағайын!..

Әлі менің сіздерге айтарым көп!..

Heгe жігіт баптайсың сайтанын тек?..

Heгe талап қоймайсың азаматқа

Мойындағы парызды қайтарың деп?..

Маңдай термен борышты төледім мен,

Алыс қадам баспадым керегіңнен.

Қала ма деп түсінбей қара сөзді,

Өң бергенмін ойыма өлеңменен.

* * *

Мен Сайынмын ғой! -

Қазақ еткен қазақты, қаңқа сүйек -

Өмір сүрдім, сендерге арқа сүйеп...

Қалайсындар: бабалар, аруақтар!

Қысылғанда жіберер барса, сүйеп...

Содан барып өзіде тас қалағам,

Содан менде ерекше басқа наным.

Түркістан мен Сарайшық, қарт Тараздар,

Астанасы, бас қала, Астананың.

Жыр арнадым сезімге енгендіктен,

Тас қаладым сендерге сенгендіктен.

Қойыныңа өзіңнің енем барып,

Бүгін алып кетсе де, көнгем, тіптен.

* * *

Мен Сайынмын ғой!..

Ақын болып ағымнан жарылғанмын!..

Ойын ұқтым абыздың, дарындардың!..

Сол ойлардан тоқыдым шекпенімді,

Жаным сезді ежелден сарын барын!..

Ей, ағайын! Айтпағың не демендер,

Жүрек жарды айтылған ойды меңгер.

Парыз емес, алданып қызарғанға,

Жүріп қалмаң қызықтап тойды сендер.

Батырыңмын қас жауың жасқанардай,

Бола алмаймын шал-шапыр басқалардай,

Балаң түгіл құрдаспын немереңмен,

Қуатым бар қамал caп, тас қалардай.

* * *

Ау, халайық!..

Ақын болып ағымнан жарылғанмын!..

Ойын ұқтым абыздың, дарындардың!..

Сол ойлардан тоқыдым шекпенімді,

Жаным сезді ежелден сарын барын!..

Бәріңді де, бәріңді танимын ғой!

Айтпақ болғам сендерге пайымды ой...

Ес білгелі жүрегім соқты сен деп,

Мен балаңмын, ақының... Сайынмын ғой!

...Мен Сайынмын ғой!..

Ақтау. 1.05.2004 ж.