ВЕРНУТЬСЯ

(1904-1979)    МҰРАТ МҰРАСЫНЫҢ ЖАРШЫСЫатанған Серiк Харесов Жаңаөзен қаласындағы 7 орта мектеп ән пәнiнiң мұғалiмi, халық ағарту iсiнiң үздiгi   Ол – Мұрат Өскiнбаев ақсақалмен қоян-қолтық араласып, сырлас, дәмдес, шын мәнiнде жолдас болған, бүгiнде 100-ге толып, мерей­тойы аталып отырған өнер тарланы, атақты күйшi-композитордың көзi тiрiсiнде күйлерiн нотаға түсiре бастаған, сөйтiп сол кезде-ақ оның насихаттаушысы, зерттеушiсiне айналған адам. Серiк Харесов Атырау, Маңғыстау өңiрiне белгiлi домбырашы, “Жеңiс даңқы”, “Фонтан”, “Күйтолғау”, “Сағыныш”, “Арнау”, “Шаттық”, “Аңсау сезiмi” сынды күйлер мен күй-поэмалар шығарған күйшi-композитор.-Сәке, алдымен Мұрат Өскiнбайұлының өмiрi мен шығармашылығы жайында толығырақ әңгiмелеп берсеңiз?-Ол Адайдың Жаңай руынан, Жаңайдың Әлiсi. Әлменбеттен Қалманбет туған, Қалманбеттен Өскiнбай, Үлкенбай атты екi ұл, Көркей, Шы­рай, Ақыжан атты үш қыз өрбiген. Қалманбеттiң осы бес перзентi бiрiн-бiрi жiбермейтiн, бiрiмен-бiрi тайталасқан аты шулы домбыра­шылар болған деседi. Осы бес өнерпаздың өнер тарихында белгiлiсi Өскiнбай Қалманбетұлы (1860-1925). Оның өмiрi туралы Қазақ Совет энциклопедиясының 9-томында қысқаша мәлiмет жазылған. Қазақ халық композиторларының төл туындыларын салыстырмалы зерттеулер­ден өткiзiп, өзiндiк бағасын берген өнертану ғылымының докторы, академик, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбанов Өскiнбайдың табиғи таланттылығы, шынайы күйшiлiгi туралы өз еңбектерiнде: “Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл дәстүрлерiнiң ешқайсысына тiкелей соқпайтын творчестволық бағытында да, орындаушылық дәстүрiнде де, өз алдына бiр төбе болып тұрған адайлық күйлердiң негiзiн бiр басына жинақтаған Өскiнбайдың халықтық аспап музыкасында алатын орны ерекше”,- деп жазады. Академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов айтқандайын, қазақ халық композиторларының ортасында өз алдына бiр төбе болып тұрған Өскiнбайдың күйлерiнен бiздiң дәуiрiмiзге жеткенi жиырма шақтысы ғана. Олар: “Шалыс өре”, “Жаңылтпаш”, “Ыңғай төкпе”, “Соқыр қыз”, “Жетi бұлбұл” немесе “Бұлбұл ақ желең”, “Жирен жорға”, “Кербез Айша”, “Түрiкпен”, “Құлбай бақшымен тартыс”, “Баланазойы”, “Қынжал”, “Өмiр өттi”, т.т.Осы бiр аты аңызға айналған дүлдүл күйшi Өскiнбайдан Жұмағұл, Хамит, Мұрат, Ишан атты төрт ұл, екi-үш қыз дүниеге келген.Өскiнбайдың жетi перзентiнiң iшiнде Ха­мит өз заманында Маңғыстау өңiрiндегi атақты әншiлердiң бiрi болған. Ұлы Отан соғысына аттанған сапарынан хабарсыз кеткен азаматтардың бiрi. Ал Өскiнбайдың Мұраты өнер тарихы төрiнен орын алған атақты да талантты күйшi, қазақ композиторларының бiрi. Өскiнбайдан өрбiген Мұраттың күйшiлiк өнерiнiң бастау қадамы өскен ұясындағы әдемi дәстүрде жатыр десек, ақиқат шындық көрiнiсi. Мұрат Өскiнбайұлы 1904 жылы қаңтар айының бiрiншi жұлдызы күнi дүниеге келген. Кiндiк кесiп, туып-өскен жерi Маңғыстаудың Қарақия ауданына қарасты Жетiбай елдi мекенiнiң “Жетiбай құдығы” аталынған жер. Алты-жетi жа­сында анасы қайтыс болған бала Мұрат аға, iнiсi, апаларымен бiрге әкесi Өскiнбайдың қолында тәрбиеленедi. Тұрмыс жағдайына байланы­сты жөндi сауат ашуға мүмкiндiгi болмай, жа­стайынан еңбекке араласады. 1932 жылға дейiн Кендiрлi, Фетисов тұз өндiру кәсiпшiлiктерiнде, Түрiкмен КСР-i “Қарабұғазсульфат” тресi Сартас кәсiпшiлiгiнде қарапайым жұмысшы мiндетiн атқарды.1934 жылы Түрiкмен КСР-i Мәдениет комиссариатының ұйғарым-нұсқауымен Қарабұғаз халық театрына жұмысқа ауысады. Бес-алты жасынан өнерге елiктеп өскен Мұрат Өскiнбайдың күйшiлiк өнерiн жете меңгерiп, өзiнiң бар өмiр тiршiлiгiн бiржола өнерге бағыштауы осы 1934 жылдан басталған.1934 жылдан 1954 жылға дейiн Түрiкмен КСР-iнде артистiк қызмет атқарған Мұрат Өскiнбайұлы академик композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың арнайы шақыруымен Алматыдағы Жамбыл филормониясына жұмысқа ауысады, кейiннен 1960-шы жылда­ры ұйымдастырылған “Қазақконцертте” қызмет iстейдi. 1965 жылы құрметтi демалысқа – зейнеткерлiкке шығып, 1967 жылы туған өлкесi Маңғыстауға оралады.-Бұл өмiрiнiң соңғы жылдары болар?-Иә, Жаңаөзен қаласын мекен еткен Мұрат Өскiнбайұлы 1982 жылы ұзаққа созылған науқастан өмiрден өттi. Дүние салып, топырағы бұйырған жерi әкесi Өскiнбай жерленген “Қырғын қауымы” Қарақия жотасының “Доңаза” деп аталатын жерi. Халық өнерiнiң қайнар көздерiнiң бiрi болған талантты күйшi, халық композиторы Мұрат Өскiнбайұлы өзi өмiр сүрген ортасында өнер мұрасын қалдырды. Бiздiң за­ман тақырыптарына арналған тың стилдегi “Жан ата”, “Қоштасу”, немесе “Аттаныс”, “Сайлау”, “Жеңiс”, “1 Май”, “Отаным мәңгi жүректе”, “Қазақстан”, “Жетiбай”, “Жаңарған Маңғыстау”, “Халықтар достығы”, “Бiрiншi косманавт”немесе “Өрен”, “Олимпиада -80” секiлдi бiрнеше күйлерi күйшi-композитордың өнер тарихына қосқан өзiндiк үлесi болып табы­лады. Мұраттың композиторлық, орындаушылық шығармашылығындағы отызға тарта күйлерi ар­найы оқу орындарына арналған оқулық ретiнде Қазақстан Композиторлар одағының ұйғарым бекiтуiмен баспа бетiнде жарық көрдi.-Мұратекең күйшi, композитор ғана емес, жыршы, термешi, ақын ретiнде де көпке танылған. Оның белгiлi ақын Есенғали Бөкенбаевқа арнаған толғауын,  Есағаңның оған жырмен берген жауабын бiлемiз.-Оның рас, оның өзi шығарған жыр, терме өлеңдерi 1986 жылы “Аманат” деген атпенен кiтапша ретiнде баспа бетiнен жарық көрдi. Жиырмадан астам күйлерi күйтабақшаларға жазылып, халық арасына кеңiнен таралды. Орындаушылық шығармашылығындағы отызға жуық күйлерi республика радио-теледидар алтын қорында, жиырмадан астам күйлерi Құрманғазы атындағы өнер институтының фольклорлық бөлiмiнде, жүзден астам күйлерi республи­ка ғылым академиясының музыка секторы бөлiмiнде сақтаулы. Құрманғазы атындағы өнер институтының Буданов, Жаңбыршиев секiлдi түлектерi мезгiлiнде Мұрат шығармашылығынан дипломдық жұмыс қорғаса, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтан бастап, музыка өнерi қайраткерлерi мен зерттеушiлерi Қ.Тастанов, Б.Ғизатов, У.Бекенов, Т.Мерғалиев, жазушы­лар Ә.Кекiлбаев, Қ.Сыдиықов, тағы басқа бiрнеше журналист қаламгерлер өз еңбектерi мен мақалаларында талантты күйшi, компози­тор Мұрат Өскiнбайұлының шығармашылығы мен орындаушылығы төңiрегiнде жылы лебiздi ой, пiкiрлерiн жазды. Мұраттан маңғыстаулық терме, толғау өлеңдерi мен күйлерiн үйренбеген жас өнерпаздар кемде-кем. Олардың қатарында марқұм Әлқуат Қожабергеновтен бастап, М.Панаев, С.Шәкратов секiлдi республикамызға танымал домбырашылар бар. Халық өзi таңдаған, өз талғамынан шыққан өнерпаздарды кейiнгi ұрпаққа шашпай-төкпей жеткiзiп отыра­ды, дәрiптейдi. Мәселен, Мұрат Өскiнбайұлы өмiрден өткеннен кейiн 1984 жылы Жаңаөзен қаласының халқы оның 80 жасқа , 1989 жылы 85 жасқа толу құрметiне арналған өнер мерекелерiн ұйымдастырды. Соған орай, Жаңаөзен қаласына тақау Теңге елдi мекенiнде М.Өскiнбаев атындағы көше дүниеге келдi. Қаладағы балалар музыка мектебiне М. Өскiнбаев есiмi берiлдi. Қаланың екiншi шағын ауданындағы ол тұрған мекен-жайға ескерткiш тақта орнатылды. Бұның барлығы өнер адамына деген халықтық сый, құрметтiң шын көрiнiсi деп түсiнген жөн.Бұл өмiр бойы бұзылмаған және бұзылмайтын дәстүр болса керек.-Сәке, сiздiң Мұрекеңмен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды?-Мен Атырау (бұрынғы Гурьев) пединституты музыка факультетiнiң iргетасын қаласқанмын, сол оқу орнында сабақ бердiм. Тағдыр ай­дап, дәм тартып 1980 жылы Жаңаөзенге келiп, Төлесiн Әлиев атындағы мектепке қызметке тұрдым, өзiм жатақханада жататынмын. Бiр күнi үзiлiсте мектептiң сол кездегi мұғалiмдерi Са­налбай Тасболатов, Шәрiп Төлендиев үшеумiз әңгiмелесiп тұрғанбыз. Әңгiме күйге, күйшiлiкке ойысқан кезде олар Мұрат Өскiнбайұлының осы Жаңаөзенде тұратынын айтты. Бұған мен елең еттiм. Өйткенi бұрын Форт-Шевченкода қызмет iстеп Атырауға оралған математик ағамыз За­кария Қабдолұлы Жұмағазиевтен Мұрекең, оның күйшiлiгi жайында естiген болатынмын. Сондықтан әңгiменi төтесiнен тарттым:-Ол кiсiнi қайдан табуға болады, мекен-жайын бiлетiндер бар ма?-Осы мектепте, бесiншi сыныпта оның немересi оқиды ғой, содан бiлуге болады, - дедi Саналбай.-Жақсы ендеше, сол сыныпта бүгiн менiң сабағым бар едi, - дедiм мен.Сонымен 5-сыныпқа бардым. “Сыныпта Әзiрбай Өскiнбаев деген бала бар ма?”- деймiн. “Менмiн”,- деп кiшкентай, арық қара бала ор­нынан көтерiлдi. Мұрекең жайлы сұрастырып, мекен-жайын жазып алдым. Ол кезде олар ұмытпасам, қаланың екiншi шағын ауданын­да, екi бөлмелi пәтерде тұрады екен. Бiр күнi iздеп бардым. Есiк алдында Мұрекеңнiң зайы­бы Нұрбалқан шешемiз самауыр қойып жатыр да, үйде бiрi – iрi толық та, екiншiсi – арықша, қағiлез келген екi кiсi отыр екен. Арықшасы бұл үйдiң қонағы болып шықты. Аты Сейiлхан, руы – жаппас, көп жыл газет редакторы болған өнерлi жан болып шықты. Бiрер күй тартты. Кезек кел­ген соң мен “Жалдықараны” тарттым. “Мынау Қалидың тартысы ғой”,- дедi Мұрекең. Бұл - Қали Жантiлеуовты айтқаны. Әңгiме шешiлiп сала бердi. Сол танысуымыз жолдастыққа, жолдастығымыз сыйластыққа ұласты.-Сiздi жұртшылық Мұрат Өскiнбайұлының өнерiн, оның күйлерiн насихаттаушы, зерттеушi ретiнде бiледi. Мұны Мұрекеңнiң өзi құп көрiп, риза болды ма?-Бiр рет үйiне барып отырғанымда, ағамызға күйлерiн жазып алып, нотаға түсiрсем деген ойымды айттым. “Талай адам келдi, шығарамыз деп, жазып алады да, “шу қарақұйрық” дегендей хабарсыз кетедi”,- деп жатыр Нұрбалқан ше­шей. Содан оның үш-төрт күйiн жаздым. Олар “Өрлеу”, “Отаным мәңгi жүректе”, Мұраттың орындауындағы Өскiнбайдың “Бұлбұл ақжелеңi” бар. Екiншiден, бұл iстi қолға алуыма сол кез­де мәдениет саласының басшылығында жүрген Т.П.Догадованың күйшi-композитор күйлерiн нотаға түсiру жөнiндегi ұсынысы қамшы бол­ды. Әрине, менен басқа да кейбiр домбыра­шылар оның шығармаларын түсiрмек болған, бiрақ бұл оңай шаруа емес және олардың түсiрген кейбiр ноталарын тыңдап көрген Мұрекең жарыққа шығаруларына қарсы болған. Менiң жазғандарымды тыңдағаннан кейiн өзi “Серiк, сенiкi дұрыс, жалғастыра беруiңе бо­лады”,- деп, ыңғай танытты. Мұраттың “Ота­ным мәңгi жүректе”, “Олимпиада – 80” атты күйлерiн тұңғыш рет оркестрге шығарып, өзiне тыңдаттым.-Сонымен, Сәке, Мұрат Өскiнбайұлы күйлерiнiң нотасын және күйтабағын шығардыңыз, бұл ұстаз-аға, дара талант алдындағы iнiлiк парызды орындауыңыз, қазақтың күй өнерiне, оның ұрпаққа жетуiне, болашақта сақталып, жасай беруiне қосылған зор үлес деп бағаланса керек-тi.-Мұрат Өскiнбайұлы өзi өлсе де өнерi өлмейтiн, халқымызбен бiрге жасай беретiн сан қырлы, саңлақ тұлға. Сондықтан да оның күйлерiн насихаттау, тарату, ұрпаққа мұра ғып қалдыру iсi жалғаса беретiнiне сенемiн. Көп еңбектену, iздену нәтижесiнде 1996 жылы Қазақстан Композиторлар одағы жанындағы “Дайк-пресс” баспасынан “Мұрат Өскiнбаев күйлерiнiң жинағы” аталатын кiтапты жарыққа шығардым. Жинаққа рецензияны Қазақстан Композиторлар одағының сол кездегi бiрiншi хатшысы Базарбай Жұманиязов жазды. Алты мың данамен жарық көрген жинаққа күйшi-композитор Мұрат Өскiнбайұлының мен нотаға түсiрген он екi күйi, А.Тоқтағанов түсiрген бiр күйi ендi. Сонымен қатар Маңғыстау халық композиторлары шығармаларының Мұрекеңнiң орындау шеберлiгiндегi он жетi күй, барлығы 30 күйдiң нотасы жарыққа шықты.Сондай-ақ менiң орындауымда 1986 жылы күйтабақ шықты. Мұнда халық композиторла­ры Қоңыр Жүсiптiң “Қоңыр”, Абылдың “Нара­ту”, Өскiнбайдың “Бұлбұл ақжелеңi”, Есiрдiң “Күнтайы” және Мұраттың ”Құдағайы” бар.Асқар таулар алыстаған сайын биiктейдi ғой. Мұрекең де арамыздан кетiп, уақыт алшақтатқан сайын асқақтай түсуде. Оның 80, 85, 90 жылдық ерейтойлары мұнайшылар қаласы – Жаңаөзенде аталса, ендi мiне, ғасыр тойы об­лыс орталығы, ақ шаңқан қала – Ақтауда ата­луда. Жуырда облыстық филармонияға Мұрат Өскiнбайұлының аты берiлдi. Өнер адамының бақыты осы шығар деп ойлаймын. Ол өзiнiң күмбiр қаққан күйлерi сынды ұрпақтар жадында жаңғырып, сақтала бермек. Оның көзiн көрiп, өнерiн зерттеп, жалғастырып жүрген бiз үшiн мұнан артық қуаныш бар ма?! Темір МыңжасҚазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Мұрат