ВЕРНУТЬСЯ

           Ауылда жүргенде әке-шешесінің сүйіп қойған есімімен Ізхан
дейтін жұрт, қалаға барып, шопырлықтың курсын бітірем деп кетіп еді, сол жақтан
"Никулин" деген ат та жамап қайтты. Қас қылғандай "Кавказ
тұтқыны" деген фильмнің сол кезеңде көрсетілмесе бар ма, енді елдің
адамдары бәрі бірдей Никулин дейді. Болса болыпты, Никулин де құдайдың қоры
емес, Ізхан оған ренжіген жоқ, қайта өзінің бойына біткен жаңғалақ мінезі мен қуақы
сөзінен айнымады. Өйткені, оның жаратылысында біреумен жүз шайысып қатты-қатты
әңгімеге келу, немесе ат құйрығын кесісіп амандаспай қалу, дауласу жоқ. Көбіне,
өзіне ісі түскен адамның меселін қайтара алмайды, жұмсаған жағына қарай жүре
береді. Қолынан келгенінше айтқан тапсырманы орындайды, шамасы келмесе не
қайран? Сондықтан, Никулин деп шақырып жүргендердің оған деген пікірі түзу,
"өз-өзімен жүрген тыныш жігіт қой" деп бағалайды. Рабайда, бұның да
өзгелерге шаруасы түсіп қалатын болса, мінезінің осы қырын жақсы көретін
адамдар сөзін жерге тастаған емес.

Ауылда
аты бар жұмыс он қаралы да, 
қалғаны колхоздың қу дала тіршілігі. Ізхан шопырлық правосын алғасын да
рульге отыра кетудің иіні келмей, шөп ауылға барып шалғы қайрады, қозы
төлдеміне араласты, тіпті, қаражаяудан гөрі жұмыс аты бар ғой деп шопандардың
жаз бойы қонысына күнібұрын құдық қазды. Берілген жұмысты ың-шыңсыз
орындайтынын көрген колхоз басшылары сақа шопырлардан ауыс-түйіс болып қалған
бір ескі машинаны Ізханға бекітіп берді. Машинаның ескілігі сондай балондардың
табаны таздың басындай жылтыр, кабинасы мініп-түскенде сырқ-сырқ етіп, есігінің
өзі үш қайтара жаппасаң ілгешегі ұстамайды, онда да жүріп бара жатып ашылып
кететін әдеті тағы бар. От алдырар кезде күрк-күрк жөтеліп, қақырық тастаған
адамша түтігінен май атады ма, моторының ішінен пысылдап бу көтерілгесін
безгегі ұстаған жанша тұла бойы дірілдейді. Бұл "ал, енді құдай сәтін
салса жүріп көрейік" дегені. Рулі түспегірдің де буыны бекімеген баладай
былқылдап, Ізхан оңға қарай бұрса машина солға қашып, солға бұрса буы бұрқырап
оң жағына жұлқа тартып, ә дегеннен әуре-сарсаңға салды.

"Мұның
бір болт-гайкаларын қатайтып, майлап-сулап бабын жасайын" деген Ізхан
көлігіне "сенен өткен машина жоқ" деп ылдалдалап отырып үйінің
ауласына әрең кіргізді. Еңбеккеш жігіт қой ол жақ, бұл жағын ерінбей-жалықпай
кеп шұқылады. Білмегендерін білікті деген шопырларынан сұрап алды. Ел жағалап
жүріп ескі-құсқы тетіктерін тауып ауыстырды, кабинаны сыртынан құрсаулап,
есігін жабылатындай етті. Темірі жетпеген жерге ағаштан қиюластырып, отыратын
орындығына дейін жамап-жасқаған. Содан кейін екі күні өтті ме, өтпеді ме
колхозда мұнан басқа дені сау көлік қалмағандай ауылдық Советтің төрағасы келіп
тұр. Енді бір-екі жыл амалдасам, пенсияның да төбесі көрініп қалар" деп
жүрген ақсақал жасындағы боқтампаздау кісі еді.

-
Бала, жинал, - деп зығырды екті. - Қасымда ауданнан келген өкіл бар. Үшеуміз ел
аралап, етке мал жинаймыз. Айда, қотта мына көлігіңді, бұл шопыр деген
әтеңелеттің шаруасы таусылмайды.

Ізхан
қайтсін енді, тәртіп беріп тұрған тікелей бастықтың өзі, "Көксау машина
елсізге апарып ұзынынан сұлап жатса, өкілден ұят болмай ма?" деп сұрауға
оқталса да ауылсоветтің сөз тыңдайтын сыңайын көрмегесін, қолын сілтей салды...

-
Жарайды.

Бұлар
бос бөшкедей даңғырап қыр асқан сайын күркілдеп ентігін басатын машинаның
өзімен біраз жолдың шаңын шығарды. Шопандардың аулына барды, қымыз-шұбат ішті,
Ізхан барлық уақыт машинаның жанында, кілттен қолы кеткен жоқ. Өйткені, жолдың
ұзағы алда. Көне де болса көлік қой, егер машина болмаса ит арқасы қиянға қалай
жетер еді? Амандыққа жазса ертеңдері елге оралып, моторын ашып байқайын деген
Ізхан. Осыны ойлап отырған қалпы үш адам тар кабинаға тағы да тығылысып,
сапарға шықты.

Жердің апшысын қуыра жүріп, қатқылдың қамшы салдырмайтын
айдау жолына түсе берген, бағанадан бері айтқанының бәріне құлақ асып келе
жатқан мотор арылдап ала қашсын. Ізханның баспаған тепкіші қалмаған шығар,
бірақ оқалақ тиген сиырдай құйрығын шаншып алып, алды-артына қарамай зытқан
машина онысын шыбын шаққан құрлы көрместен кездескен шоқалақтардың үстімен
мөңкіп ала жөнелді. Әшиінде, өлімсіреп тұратын лақса темірдің бойында
осыншалықты күш-қуат барына айран-асыр қалған Ізхан қиралаңдап қалған рулінен
айрылды да бұлар жолдан тайып, жусан-баялышы жарыса өскен мидай жазықтыққа
шықты. Енді қалай қарай жүрсе де бәрібір, жуық маңда маңдай тіреп жығылатын
шағыл да жоқ, иесіз даланың төсінде даңғырасын қағып селкілге басты.

- Тоқ... Тат, әтеңенәлет Не-ку-лин, -дейді ауылсовет отырған
орнында қоқаң-қоқаң етіп. - Өлтірдің...

- Тоқта-майт,
- дейді аяғының астындағы сансыз темірлерді бей-берекет тепкілеп. - Газдың
түбіндегі серіппе темірі түсіп қалған, педаль қайтпай тұр...

-
Не дейді, секір дей ме? - екі көзі алақандай болып үрейі ұшқан өкіл
ауылсоветтің жеңінен қос қолдап ұстап алған. - Өлмеген неміз қалды. Қайтеміз?..

Бұлардың
осы күйде қанша жерге дейін кететіні белгісіз еді, ертелі жанталасып келе
жатқан Ізханның қолына маңдай тұсындағы кілттің қалай іліккені белгісіз, бұрап
қалып еді, бағанадан бері алас-ұрып келе жатқан мотор бұрынғысынша күрк етіп
үні өшті. Ертеден бері жандары жантаққа қамалып, бас сауғалаудың амалын таппай
абдыраған өкіл мен ауылсовет таласа-тармаса жерге түсті...

-
Ухі, тірі қалдық па, жоқ па өзі? - өкіл үстін сілкіне бергенде машинаның көк
түтін ататын қара  түтігі көздеп атқандай
қатарынан екі рет тарс-тарс еткізді. - Ойбай, бірдеңесі жарылып кетіп табанда
қалармыз, аулағырақ кетейік...

Кешеден
ауылсоветке қырын қабақ танытып отырған өкілдің тілдесуге мұрсаты келмей тұр,
былайырақ шыққасын әңгімені бастады дейсің.

-
Мынандай шопырды саған кім тауып берді өзі?.. Аты Никулин болғасын-ақ о бастан
іргеңді  бөлек салмадың ба?... Осыдан
барысымен бұның көзін құрт та, Малдыбайды алсаң да адам исі бар біреуді қабылдап
ал... Енді қайда барамыз? Жақын маңда ауыл қарасы бар ма еді?

-
Осыдан отыз-қырық шақырым жерде еді...

Бірден-ақ
машинаның маңдай түндігін ашып, мотордың арғы-бергі жағына көз жіберген Никулин
балонның астымен жер бауырлай өтіп, әлденелерді шықылдатып ұрып жатыр. Өкілден
кейістік естіп қанасына сыймаған ауылсовет бұған келгіштейді, өкілге де
қарағыштайды.

-
Осымен қара жаяу қалғанымыз ба, не жау тиіпті? - Алпамсадай машинаны айналып
жүріп сұрайды. - Жүре ме өзі енді қайтып?

-
Жүреді ғой... Газдың түбіндегі серіппе темірі ұшып кеткен.

-
Қарап отырмайсың ба, әтеңелет.

Мотордың
астында жаны қысылған жігіттің мұндай 
жыны тырыспас. Кабинаның ішіндегі адамның моторға қарап отыра
алмайтынына зердесі жетпеген ауылсоветіне шынымен-ақ ренжулі. Бірақ қалай
ренжігенде де мұның міндеті - басшыларды көліксіз қалдырмау. Сол себепті газды
серпіп тұратын темірді қайдан табамыз деп бас қатырмастан, оның орнына ышқыр
бауындағы резеңкені тесіктерден өткізіп әбден шырмап байлайды. Ішке барып,
газды басып байқаған, міні құрмаған секілді тепкіші өзіне қарай қайтып тұр. "Осымен-ақ
бір қараға соғармыз" деген Ізхан екі бастығын жанына отырғызып қой ауылды
алып қайтадан жолға түсті. Көңілдерін бірлеген бастықтар біраздан кейін
желпініп, шаруа жайын сөз ете бастады. Осындай ұзақ жолға шыққанда техниканы
көзі танитын сақа шопырдың болғанына не жетсін деп келеді. Уәкіл бағанағы
райынан біраз қайтқанға ұқсайды.

-
Мына жігіт жастығына қарамастан бірдеңені топшылай біледі екен. Қанша жыл жұмыс
істегенмен бұзылған жерін таба алмай әуре-сарсаңға түсетіндер де бар, оған
қарағанда ақұдай-шүкір ғой, - дей бергенде мотор тағы да бір селк етіп,
алды-артына қарамай бет алды құла дүзге ала қашты. Ізхан бұл жолы бағанағыдай
әбігерленген жоқ, кілтін тауып алды да шиқ еткізіп сөндіріп, машинаның шайтанын
қағып тастады. Жаңа ғана ышқырауының бір ұшын карбюратордың тесігінен шалып
алған еді, сол қатты қызған кезде резеңкені қиып жібергенін жігіт іштен түспей
тұрып-ақ сезді. Сезді де үмітті көзбен ауылсоветтің өзіне қарады. "Аға,
мында келіп кетіңізші" деп оңашаға шақырды да мотор ішінде қандай кесапат болып
жатқанын, егер резеңке табылмаса бүгін осы араға түнейтіндіктерін жасырмай
айтып берді. Әңгіме әрлі-берлі, ілгері-кейінді тайғанақтап, түйіні өз
ышқырбауына тірелгенін ауылсовет түсінді де, айтарға сөз таппай біраз тұрды.
Сосын аяғын қисалақтай басып таяқ тастам жердегі қалың түзгенді айналып
көрінбей кеткен, әудем уақыттан соң бұған қарай қамшыдай жалпақ резеңкені салаң
еткізіп лақтырып жіберді.

-
Ал, әй, атаңанәлет Некулин. - Өзі қынай тартып алған белбеуін қайта-қайта
қозғап, шалбарым сырылып төмен түсіп кете ме дегендей қолымен айналдыра
сипайды.

Бұлар
қиналған жерде тапқан амалдың арқасында да біраз жерге дейін сүргіте жүріп, ақ
шоқалақ орғыл құмдарға таянып қалды. Аракідік жер бетіне қойдың шары пайда
болды, енді бір сілкінсек қатарласа тігілген киіз үйлердің үстінен түсеміз бе
деген дәмемен биікке асыла берген. Мотор тағы да ескі әуеніне басты.
Тоқтағаннан соң да ішегін құрылдатып қойып, тышқан жорғаламайтын қазық дала
төсінде бір-біріне үнсіз қараған үш адам кабинаның ішінде біраз отырды. Өкіл қасындағыларға
назар салмастан әлденеге сызданып алған.

-
Мола баққан байғыздай не ғып отырсың, түссейші әрмен, - деді ауылсовет Ізханды
шынтағымен емеурін бере қағып.

Жерге
түсті, түссе де алысқа ұзамай бұлар не айтады екен дегендей ыбыр-сыбыр әңгімеге
құлағын салады.

-
Әлеке, - дейді ауылсовет шопыр естіп қалмасын дегендей булыға сөйлеп. - Жағдай
осындай... Өзіңіз де сезіп отырсыз ғой.

-
Что за безобразие. - «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қомпайтар» деген рас сөз, бастық та қанша қорланғанмен кеудесін
бермей, осы арада намыс үшін өлуге бар адамдай ыңғай бермеді.

-
Әлеке, көпті көрген адамсыз ғой... Жолда жүргенде не болмайды... - Ауылсовет
жалынып-жалбарынып, көпшікті де қойып жатыр. Өзі де атаңанәлет бала екен, жұрт
мұны неге Некулин дейді десем, осындай иттігі бар екен, жаңа білдім ғой...

-
Сонда маған не қыл дейсің?

-
Айтуға да ұят екен. - Ауылсовет қатты қиналды. Мүмкін болса, жаңағы құрып
қалғыр пружинаның орнына резеңкі керек еді...

-
Оны қайдан табамын шырақ-ай-ау. - Өкіл білсе де түкті сезбеген адам сияқты, екіұштылау
сөйлеп жан-жағына қарағыштап қойды...

Бағанадан
бері біздің ау-жайымызды бағып отыр деген өкілінің бәрінен бейхабар екеніне ауылсовет
аң-таң қалды. Басқадай түсіндірудің ретін таппай:

-
Мен жаңа пружинаның орнына түк табылмағасын ышқыр бауымды алып беріп едім,
машинасы түскір зырғып кетті ғой, - деді.

-
Ал, пәлі, ышқыр бауың кеткесін қалған жағы аяғыңның басынан шықпай ма? - дейді
өкіл бір жағынан жыны келіп, екінші жағынан ақыл сұрап.

-
Жо-оқ, түк те қылмайды. - Ауылсовет өкілдің келіскен сыңайын сезіп қуанып
кетті. - Міне, мынандай қылып белбеуіңізді қынай тартып алсаңыз, ішкі бетінде
не болып жатқаны білінбейді.

Мұнан
кейін екеуі іркес-тіркес кабинадан түсті де, машинаның сыртын айналып кетті.
Сәлден соң ауылсовет тура төс қалтасынан табылғандай қылып қағазға ораулы
қылдай резеңкіні бұған беріп жатыр.

-
Ал, енді, атаңанәлет, далада қалсаң бізді елдің қарасына арқаласаң да
жеткізесің, қазір қыр асуға жағдайымыз жоқ, - деп бұған қарай ысылдап сөйлейді.

Сол жолы далаға қонып, ақірет-азар көрген жоқ, баратын жерлеріне
емен-жарқын әңгімелесіп те жетпеді, әйтеуір ел қарасына іліккен. "Сені
жұмыстан баруына қуып шықпасам ауылсовет атым өшсін, - деп тісін қанша қайраса
да Ізханның түгі қисайған жоқ. Сол күні аудандық соғыс комиссариатынан әскерге
шақыру қағазы күтіп жатқан. Ізхан 
әскерге аттану кешіне жиналған жолдастарына жол үстінде болған оқиғаның
түйірін түсірмей баяндап берді де, ол ертеңіне-ақ ауылға жайылып кетті