ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылы екі француз әйелі Алматыға келді. Орыс тілінің маманы Дени Лили мен Анн Филипп. Кәдімгі франңуздың даңқты артисі Жерар Филипптің жұбайы.
  Қазақ жазушыларына қонаққа келген осы екі әйелді он шақты күн мен алып жүрдім. Су тасқыны бұзып кеткен Есіктің көліне апардық. Жайлауды көрсеттік.
  Қазақ халқының әдет-ғұрпымен, киіз үйімен таныстырдық. Бір кереметі, екеуі де сондай инабатты, тәртіпті, сыпайы жандар екен. Құтты ескі ауылдағы қазақ әйелдері секілді. Екеуі де машина артына отырады. Түскенде қараймын: аяқтарының астына салынған резина төсеніштер сырылмайды. Сол қалпында жатады. Екеуі де шылым тартады. Бірақ машина ішіне шашау түскен темекі күлін көре алмаймын. Үйренісе келе әзілдер де айтыстық. Сөйтсе де көмекейін ашып қарқылдап күлгенін байқағаным жоқ. Сыпайылықпен жымия күледі. Қолдан жасайтын қылықтар емес, табиғаты мен тәрбиесіндегі ибалылық.
  Екеуі де қазақ туралы көп сұрайды. Көп білгісі келеді.
Бір жолы қызық бір сауал қойды:
— Қазақ әйелдері неге арық келеді?
  Бұл тап мен ойлана қоймаған жәй екен.
— Неге олай дейсіздер? Қазақ әйелдерінің ішінде толықтары да, керек десеңіз жуандары да кездеседі. Біздің тілімізде бес биенің сабасындай, — деген теңеу бар. Әйелдерге ғана арнап айтылатын теңеу.
  Теңеуіме жымия күлгенімен, жауабыма қанағаттанбайды.
— Семіз әйелдер қайда болсын, әринз, бар ғой. Бірақ семіздік қазақ әйелдеріне жалпы алғанда тән емес.
— Оны неге сүйеніп айтып отырсыздар?
— Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына сүйендік.
— Ал неге арық болады екен?
— Арық болатыны — қазақ әйелдері нанды көп жемейді. Қымыз ішеді. Ет жейді. Нанға қомағайлық жоқ сіздерде. Біздің байқауымызша, қазақ әйелдері тамақты аз ішеді.
— Бұрынғы әйелдер. Қазіргі әйелдер өйтпейді.
— Қазіргілердің ішінде де арықтары көп.
— Келгендеріңізге біраз күн болды, байқаймын, тамақты мүлде аз ішесіздер. Қазақ әйелдеріне еліктейді екенсіздер ғой онда? — Машина айнасынан екеуінің де жымия күлгенін көремін.
— Франңуз әйелдері де тамаққа былапыт емес. Бұл жағынан қазақ әйелдеріне ұқсайды. Бір қызығы, француздар мен қазақтардың жан дүниелерінде, психологияларында ұқсастықтар көп.
  Менің ойыма француздың атақты жазушысы Ромен Роллан келіп түсті. Музыка өнеріне де аса жетік осы кісі «Қазақтың мың әні» деген кітапты оқып шығып, сол кітаптың құрастырушысы Александр Затаевичке хат жазған. Сонда: мен мына қазақ әндерінен керемет ләззат алдым. Өйткені бұл әндер француздың қазіргі композиторлар өзгертіп, бүлдірмеген халық әндерін есіме
салды, — деген ғой.
— Ромен Ролланның айтуына қарағанда, әндерімізде де ұқсастық бар екен. Француздардың ескі әндерінің бірін айтып көріңіздерші, — деп өтіндім.
Анн да, Лили де бәлсінген жоқ. Өзара французша сөйлесіп сәл отырды да, лепті де ойнақы бір әнді айта жөнелді.
— Ау, азаматшалар, бұл француз әні емес, қазақ әні ғой?
— Жоқ, бұл Беранженің әні.
— Жоқ, қазақ әні. Нанбасаңыздар, қараңыздар:
Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай,
Аяғымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай.
Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, сәулем-ай,
Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп, сәулем-ай.
Е-һей, сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң, сәулемсің,
Жаман болсаң, әуремсің.
  Осыдан кейін олар французша, мен қазақша қосылып айттық. Мүдіріп қаларлық бір өзгеріс жоқ. Кәдімгі «Сәулем, сәулем, сәулемсіңнің» өзі. Бар айырмашылық тексте ғана.
  Анн мен Денн қайран қалысты. Қай елден қай елге көшіп барған бұл ән? Осы сұраққа күні бүгінге дейін жауап таба алмаған мен де қайранмын.