ВЕРНУТЬСЯ

    Теңiздер де шөлдейдi,

Шаршатты оны күнгей леп.

Жартасқа да сенбейдi,

Арғы тегiң құм ғой деп.

Өкiнiшi тулайды,

толқын болып адасып.

Шағалалар шулайды,

Көк теңiзге таласып.

Жаға.Жартас.Түйiн ғып,

жұрты жатыр көп iздiң.

Қалған сулар иiрiлiп,

сынықтары теңiздiң.

Жүзiн желге жаниды,

Маза бермей мың арман.

Тағдырына налиды,

Су мен шудан құралған.

Меңiрейген дала, бел,

қысты бердi күзiңдi ап.

Сөз бiлмейтiн қара жел,

Миды ашытты ызыңдап.

Көк теңiзiм, налыма,

Сыздап көңiл жарасы,

Балықтардың бағына,

қорған болдың, қарашы.

Сен екеуiң - егiздер,

қорға оны жалықпай.

Балығы жоқ теңiздер -

Баласы жоқ халықтай.