ВЕРНУТЬСЯ

 ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАРИЯЛАНУЫ ЖАЙЛЫ1990 жылдың басында Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің редакциясына (газет редакторы осы жолдардың авторы, А.Ө.) аудан сахнасынан жиі көрінетін жыршы Сайлау Тұрышов келді. Сайлауды редакция жанындағы әдебиет үйірмесінің жұмысына пайдаланып, Қашағанның, Абылдың, Ақтанның, Аралбайдың  жырларын орындататынбыз. Бұл жолы қолында қалың дәптер. Қарасам Ыбырайым ахун Құлбайұлының өлеңмен жазылған қазақ рулары шежіресі екен. Бұрын еш жерде жарияланбаған. Сайлау өз репертуарына енгізуге Ыбырайым ақсақалдан ол Бейнеуде тұрған кезінде көшіріп алған екен. Бірақ оны орындаудың реті келмепті. Тілегі- енді газет беті арқылы қалың оқырманға жол тартса екен-дейді.- Тастап кет, қарап шығайын, егер мазмұны, көркемдігі газет талабын көтерсе оқырманға ұсынармыз-деп қалың дәптерді алып қалдым. Оқысам тым-тәуір жазылған дүние. Қолмен жазылғандықтан әріп қателері, кейбір оқуға түсініксіз жолдары баршылық. Сайлауды шақырып алып, мән-мағынасына қарап түсініксіз жолдарды түзедік. Ол кезе Ыбырайым ақсақал бұ дүниеде жоқ болатын, ал оның отбасы Мырзашөл жақта тұрады екен. 1969-1972 жылдары Бейнеу теміржол стансасына  қоныстанып, жерсінбей сол жаққа қайта көшіп кетіпті.Бұрын тақырыбы жоқ еді, «Шежіре» деген тақырып қойып  Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің он бір нөміріне қатар жарияладым. Ол кез қайта құрудың лебімен партияның күші әлсіреп, баспасөзде  мақалаларды еркін жариялау етек алып жатқан кезең болатын. Соны пайдаландым. Әйтпесе рулық жүйені мадақтайтын көлемді, әрі өлеңмен жазылған шығарманы билік жақтыра қоймайтын.Газетте жарияланып жатқан шежірені оқырмандар жақсы қабылдады. Іздеп жүріп оқыды. Түркменстаннан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан газет данасын сұратқандар көбейді. Өйткені сол кезде баспасөз беттерінде енді-енді жариялана бастаған қазақтың рулық шежіресіне ықылыс әлемет еді. Сонымен бірге Бейнеу мен ортаазиялықтар арасында тығыз байланыс болатын. Ыбырайым ахунның өмірбаяны және шығармалары туралы баспасөз бетінде екінші жарияланған мақала – Е. Әбдіжапарұлының  «Зерде» журналының 1991 жылғы №11 санында жарияланған мақаласы. Біздің көзімізге түскен баспасөз бетін көрген үшінші мақала деп Атырау облысы Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінде 1992 жылы 29 тамызда жарияланған «Ыбырайым ахун» мақаласын айта аламыз. Онда баласы Сметулланың айтуы бойынша әкесі Ыбекеңнің өмірбаяны және «Қараш тегі» атты көлемді шығармасы жарияланған.Бірде Бейнеуге, редакцияға Ыбырайымның баласы Сметулла Ибрагимов келді. Ол Өзбекстанның Жизақ облысы, Гагарин қаласында тұрады екен. Құлсары қаласынан келе жатқан беті болып шықты. Қолында «Рауан» газетінде бұрын жарияланған әкесінінің жырларының қиындысы, өзге де өлеңдері. Ол әкесінің шығармаларын жинақтап кітап етіп шығарғысы келетінін айтып, соған қол ұшын беруімді сұрады. Мен әуелі шығармаларды жинақтап машинкаға екі дана етіп бастыру керектігін, сосын демеуші табуды, онан кейін баспаға ұсынуға болатынын айттым. Сметулла редакцияға әкесінің «Қараш тегі», өзге де бір топ өлеңдерін тастап кетті, олар да «Рауан» газетінде жарияланды. «Шежіре» аудандық «Рауан» газетінде жарияланған нұсқа бойынша 1994 жылы «Алтынды орда қонған жер» деген  атпен Ақтөбе қаласында «Арыс»  баспасынан кітап болып шықты. Ыбырайым ахунның шығармалары өзге мерзімдік басылымдарда осы кітаптан алынды, ал кітап бастауын бұрын «Рауан» газетінде жарияланған «Шежіреден» алды.Ыбырайымның «Шежіреден» кейінгі шоқтығы биік шығармасының бірі «Әлім Медетбайдың Адайларға жолдаған жұмбағын шешуі». Мұнда бір сөзбен айтқанда терең білімпаздық, сол білімділікті өлең тілімен ұғындырған ақындық бар. Оның шығу тарихын 2012 жылғы жинақ былай түсіндіреді: 1938 жылы Түркіменнің Марысының әр жағындағы Тәжен жерінде қоныстанған қазақтар мен әлімдер арасындағы сөз қағыста жеменей Бөрібай деген елін уысында ұстап отырған ауызды кісі әлімдерге күш көрсетсе керек, сонда әлімдер өз ғұламасы Медет ахунға «Адайларды кідіртетін бірдеме тап деулі».  Медет ахун үш жылда жауабын шешіп беріңдер деп Адайларға жазбаша алты жұмбақ жолдапты. Бөрібай біраз жыл өзі алып жүріп шеше алмай, оны ескелді Сүгір жырауға береді, ол да өзімен жеті жыл алып жүріп шеше алмапты. 1952 жылы Ыбырайым ахунның қолына тиеді. Соған берілген жауап. Жұмбақ иесі Медет жауапқа риза болып, Ыбекеңді іздеп жүріп бір жиында кездеседі. Медет ахун бұл жұмбақтың түп тамыры сыр сүлейлерінің бірі  Қарасақал Есімбеттен шыққанын (кітапты осылай айтылған ол бізше Ерімбет болуы керек), ол кісі бұл жұмбақты сыр сүлейлеріне арнағанын, бірақ ешкімнің шеше алмағанын, сол жұмбақты есе қайтару үшін Адайларға жібергенін айтыпты. Осы тұста оқырмандарға бір айта кетер жай, Ыбырайым ахунның туған жерін  нақтылай түсудің керектігі. Біз жоғарыда айтып кеткен екі басылымда екі түрлі жазылған. 1992 жылы «Кең Жылойда» оның өмірбаяны толық беріледі: «Ыбырайым ахун 1886 жылдың 16 сәуірінде қазіргі Атырау облысы, Жылой ауданы территориясындағы Жыңғылтоғай өңірінде дүниеге келген...». Бұны баласы Сметулла газетке берген интервьюінде нақтылай түсіп былай дейді: «...Әкем айтып отырушы еді, Жемнің бойында Жыңғылтоғай деген жерде дүниеге келдім. Ол Асанқожа бейітіне 16 шақырым жерде. Есекжал, Сарқасқа, Ұзынкөл, Саршырпы да егін салып, қыстауға Төңірекшың, Ақкетік құлауынан асатынбыз. – деп. Міне сол әкемнің ізі қалған жерлерді аралап келіп отырмын...». Ал Ақтөбе қаласынан 1994 жылы шығарылған «Алтынды орда...» кітабында: «Ыбырайым ахун 1886 жылдың 16 сәуірінде, жұма күні қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген»-деп қысқа ғана қайырады. Байғанин ауданына қарасты ақын дүниеге келген жердің аты аталмайды. Осы кітаптың толықтырылған екінші басылымы («Жазушы», 2012) бірінші басылымдағы сөйлемді сол күйінде қайталайды.    Бізше баласы Сметулла Ибрагимовтың «Кең Жылой» газетіне берген интервьюі дұрыс. Ол әкесінің аузынан шыққан сөзді сол күйінде жеткізіп отыр. Жем өзенінің бойындағы Жыңғылтоғай ауылы Бекет Атаның Ақмешітінің қасындағы тоғайлық. Ақкиізтоғай ауылына жақын. Маңғыстау энциклопедиясы Бекет Атаны осы Ақкиізтоғайда туған деп жазады. Жем өзенінің жоғары жағы Байғанин ауданына қарайды. Аласапыран кезде Ыбекең көршілес Табын ауданына қоныс аударып, жұмыс істеп, одан 1937 жылы Әулиеата жеріне, 1938 жылы Түркменстанға көшеді. Алғаш «Алтынды орда...» кітабы Ақтөбеден шығарылды, 1995 жылы 13 мамырда кітаптың тұсау кесері өзі еңбек еткен Байғанин ауданының Жарлы ауылында өткізілді. Оны ұйымдастырушы байғаниндік ағайындар, артық әңгіме болмас үшін өз өңірінде туғызға салған болса керек. Кітаптың 1994 жылы шығарылған нұсқасындағы журналистер И.Асқаров пен Р.Сағызбайұлының алғысөзіне қарағанда Ыбекеңнің қолына шежіренің негізі хазірет Досжан Қошақұлының қолжазбасынан делініп, жеменей адай Жарас молда арқылы түскен тәрізді.