ВЕРНУТЬСЯ

Көп ақындар жатқанда “аштан өліп”,Мен сөзімді тыңдаттым ақша беріп.Асқар таудың басына гүл өсірдім,Егін салдым сор жерге тасқа келіп. Мәңгүрттер мұны көріп ойланбайды,Менің еккен гүлімді ойрандайды.Біреулер елу үште жігіт болып,Біреулер отыз бесте шойнаңдайды. Жердің ой, дөңесі жоқ алғыр атқа,Бұлбұл өзі келеді сәнді баққа.Біреулер отыз бесте аттан құлап,Мен міндім елу үште арғымаққа. Мен күшімнің барында қой бағамын,Мен басымның барында ойланамын.Сексенімде бітіріп “Шаһнаманы”,Мен бәлкім тоқсанымда тойланамын!  Тіріде тақ та, бақ та пұлданады,Біреулер кем болдым деп тұлданады.Тырмыштап орындығын, кабинетін,Көреміз жүз елуге кім барады?!.Біреулер масаттанар орден алып,Мансап қуып, орынды төрден алып.Жүз адамға жетпейді бір орындық,Мінем деумен қаласың белге барып... Таласыңдар, мәңгүрттер, таласыңдар,Бергенің бар халықта, аласың бар!Сол бойда бұзылмастан топтарыңыз,Бәріңіз де тарихта қаласыңдар! Күресіңдер, мәңгүрттер, күресіңдер,Барлығың да сол таққа мінесіңдер!Ұсталар тақтай жонып, жасап жатыр,Мәрмәрдан орын күтіп тұр есімдер! Аспан кең, жұлдыздар тұр жымыңдасып,Жатқанда сен сүйекке ырылдасып.Әкең айтпай бұл сөзді мен айтқанда,Түрің қашып, тұрады, түрің қашып!.. Бұл дүниенің сарайы іріп кеткен,Қисайып ұстындары шіріп кеткен!Жатқанда көзі барлар тақ таласып,Тарихқа соқыр Гомер кіріп кеткен!                                          1999 жыл