ВЕРНУТЬСЯ

…Жүре берсең көре бересің……Естімеген елде көп……Тал бесіктен жер бесікке жеткенше үйрен…Жаттауға жеңіл, айтуға оңай аталардың осы секілді асыл сөздерінің астарында кез-келген ойсыз қомағайға бірден жем бола қоймас қаншама терең мағына мен ақыл жетпес шексіздік жатыр десеңізші…Бір сәтті күні көптен бері алдында кішілік парызымды өтей алмай жүрген ел ақсақалы, әкемнің жеделдес інісі Төлесін молдаға сәлемдесуге бардым.Ой шіркін-ай! Төкеңдей боп біздің де жасымыз сексеннің жетеуіне жетер ме екен?.. Жетсе біз пақыр мына шам-шырақ қарттай боп жан-жағымызға кісілік пен имандылық сәулесін таратып отыра алар ма екенбіз?.. Алты жасынан бастап он бір жыл дін оқуын оқыған Төкеңді Кеңес үкіметі екі рет соттап, жалпы жобасы жирма шақты жыл түрмеде ұстаса да бұ кісінің жады – атақты архивте сақталған қымбат кітаптардай тап-таза, ойы – заңғар тау бұлағындай тұп-тұнық. Ол менің келуімді жақсы қабылдағанымен өзінің бір жаққа жүргелі отырғанын жасырмады.  – Ерінбесең бірге жүр, менің жүзден асқан келініме сен де сәлем беріп қайтарсың – дейді. Келісе кеттім. Бүкіл жолды – жүзден асқан кемпір сексеннен асқан адамға қандай жағдайда келін бола алады – деген жұмбақты шешуге арнағанмен, ұтымды ештеңе еске түспестен, іздеген ауылға жетіп қалыппыз. “Үлкен кісі ғой, аузынан жаңсақ шыққан болар” – деген пікір басқаларынан басым түсіп, бұл сұрақты сөйлем соңына нүкте қойғандай едік.– Әжем үйде – дейді, Төкеңнің сұрағына жауап қайтарған жас жігіт.Іздеген кісіміз кең бөлме төрінде жатыр екен. Қасында ойнап жүрген сәбилер… “Немересі емес екені анық, шөбересі ме екен, әлде… одан да алысы ма екен, оларды кім деуші еді?” – деген ой орала кетті……Жүре берсең көре бересің……Япырмай, сонда бұл кісі үш ғасырдың куәсі ғой!Басын сәл көтерген қарт ана, көзін сығырайта қолымен күн қағып, кірген кісілерді өзі түстегісі келіп әлекке түсіп жатқандай.– Тұрып қайнағаңа сәлем етпейсің бе? Бұ не жатыс? Бұ не еркелік!.. Төкеңнің даусынан астарлы аяныш сезімі мен мұңды сағыныш сазы сезіліп-ақ тұр еді… Кімді аяп тұр екен?…Нені қимай тұр екен?..Заманын қимай тұр деуге олардың заманынан алғаны шамалы. Қимайтындай замандастары қалмаған. Әлде “мың кұн жұмақтан бір күн тірлік” деп мақалдатқан пенделердің бұ жарық дүниеге деген құмарлығының құдіреті ме?.. Неде болса Жаратылыстың әлі біз мойындап болмаған бір жұмбағы болар…– Төлесінсің бе? Япырмай молдаеке-ай! Осыншалықты ұзақ өмірімде тап бүгінгі сені күткендей боп ешқашан ешкімді күтпеген болармын. Енді сен маған тәрбие беруге кешігіп қалдың-ау деп шамалап жатырмын. Сәлем етіп батаңды алар немере, шөбере келіндерің жетерлік еді ғой… Ой шіркін, бір күнгідей болмай өте шыққан өмір-ай!.. Жарықтық енем марқұм саған да сәлем еткізуші еді-ау!..Мен үнсіз ғана тыңдап қалыппын. Манағы нүкте қойғандай болған сөйлем соңына енді сансыз сұрақ белгілері іліне бастағандай. Дегенмен “әліптің артын бағып” тыныш отырмын. – Мосыңа шәйнегіңді ілгіз, шәй ішіп аттанамыз” – дейді Төкең.– Өз шаруасын балалар біледі ғой – дейді Төкеңнің жүзден асып кеткен келіні.Шыдамның да шегі бар демекші, мен жайлап қана Төкеңнен қарт ана жасын сұрадым. Ол үлкен кісінің бетіне біраз ойлана қарап отырып барып маған жүзін аударғаннан соң да “осыған айтсам ба, айтпасам ба” дегендей тұла бойымды зерттей шолып алғаннан кейін ғана “мың бір түн” ертегілеріндегідей бір таңғажайып әңгімені бастап кетті……Ойыннан басқа уайым жоқ бала кезіміз.…Қызығымыз да, ермегіміз де далада, табиғатта. Тақымы тоқымға тиген баланың бір-екі меншіктелген тайы болады.  Тайлы балалар үйір-үйір боп қыр асып қызық іздеп, ойға барып ойын іздеп шапқылайды. Жер от жылдары қызық та көбірек, ойын да молырақ. Ондай жылдары көші-қон арасы сиреп ауыл бір жұртында ұзағырақ отырып та қалады.…Адам аяғына, мал тұяғына тапталған шақта бүкіл даланы жұпарына малып жіберер балауса шөп исінен асар жанға дауа не бар дейсің, сірә? Көкірегіңді кере жұтқан сайын қомағайлана түсесің. Әр жұрттың есте қалар өз ерекшелігі, өз иісі бар. Көшіп келе жатып солары есіңе түскенде бар болмысың аңсарына жетуге асыға түскендей болады.Ойын балаларына өз үйінен өзгенің үйі қызықтау. Мен көбіне өзімнен бір жас кіші Дүйімбайдың үйіне барғыштайтынмын. Ол үйде бізге “ай дейтін ажа, қой дейтін қожа” болмайтын. Баласының жалғыздығынан ба, әлде баласының жетімдігін ойлайтындығынан ба, әйтеуір Дүйімбайдың шешесі бетімізге жел боп тимейтін. Балалардың ол үйге құмарлығының тағы бір себебі сол үйдегі жас әйел біздерге үлкен мейіріммен қарайтын. Ол әуелі өзінің шомбал денесімен көз тартса, содан кейін өрескел ұзын, шамадан тыс жуан бұрымымен ерекшеленетін. Біз оны не жеңеше, не апа демей тұп-тура Зәбіхан дейтін едік. Зәбіхан ойыннан қайтқан біздерді соншалықты ықыласты жуындырып, ерекше құрмет көрсете ас беретін. Кейінірек ауыл арасы алыстап кеткен себепті мен оларды ұмыта бастадым. Әкем алты жасымнан молдаға берді де, мені ілестірген  өмір арнасы бағытын күрт өзгеткендей еді. Балалық сезім алабұртып сені әр қияға шақырса дағы молданың сұсты жүзі мен оқу салмағы оны баса беретін.Бірде әкем ертеңгі күні Дүйімбайдың аулына садақаға жүретіндерін, соған мені еріте кететіндігін хабарлады. Аймаш шешеміз ел жиып ас бергелі, “нәпіл садақа” таратқалы жатыр екен. Бұлар – жесір әйел, жетім бала деп аталынатындардан. Бірақ садақаларына адам мол жиналыпты.Ас желінді. Қымыз ішілді. Қарттар мен аузы жеңілдер баталарын беріп жатыр. Бәрінің аузында Дүйімбай аты.  Бәрі де сөнбеген ошақ туралы, ақ сүт емген адам туралы сүйсіне айтады… Түсініксіз сөздер. Жұмбақ ойлар…Дегеніңе жеттің – дейді.Ұзағынан сүйіндірсін, жалғызыңның жапырағы жайылсын – дейді.Дүйімбайың азамат болды – дейді…Мен таң қалып отырмын. Өзімнен бір жас кіші бала менен ілгері кетіпті. Азамат болыпты. Мен туралы ешкім әлі ондай сөз айта қоймаған болатын.Аймаш ана жүзі – ерекше қуанышты. Садақа емес тойда отырғандай. Ара-арасында асып-тасып лепіре сөйлеп кетеді. Жүзінен де, сөзінен де ерекше шаттықта екені байқалып тұрғандай еді.…Жиын тарқаған. Бірнеше топқа бөлініп кеткен біздің ауыл кісілері ен даланы дүбірге толтырып, тынық ауаны дыбысқа толтырып аспанның да, жердің де иелері өздері екенін бар әлемге паш еткендей көңілді  қайтып келеді. Мен анам бастаған топқа қосылыппын. Баяғы жұмбақ әңгімелер қайта басталып кеткен…Аймашқа Құдай тағала қарасқан екен…Ақылды әйел ғой, әйтпесе бесіктегі балаға қатын алып береді деген кімнің басына келген…Аймаштың бағына ақ сүт емген адам тап болып…Он екі жыл күткен үміті ақталып……Мәссаған!.. Сол үйде жүретін баяғы арқан бұрым, шомбал келіншек Дүйімбайдың қатыны болып шықты……Естімеген елде көп……Дүйімбайдың ата-анасының тұңғышы  жайлауға  көшіп келген күні Ойыл маңында өмірге келген екен... Қатар қонған көрші ауылдың да бір шаңырағына дәл сол күні сәби келіп, келесі күні бұлар тойға шақырылады. Той үстінде жаңа туған нәрестелер атастырылып, әкелері құда болысады. Кеңес үкіметінің дүрбелеңінен балаларға шаңырақ көтеріп беру сәл кешігеді де жасы он алтыға толған жылы ғана той уақытын белгілеуге жағдай туады. Бірақ сол жылы күйеу жігіт аттан жығылып мерт болады. Бұл қайғыны  әке жүрегі көтере алмаса керек. Айы-күні жетіп отырған жесір қалған зарлы ана ұл табады. Тойдың уәделі уақыты жеткен шақта еш адамға ақыл салмастан аз ғана топпен Аймаш ана айттырулы келінінің аулына келіпті. Құдалар сасады. Қалың малы түгел алынған. Айтылған серт бар, ұсталған құран бар, берілген бата бар. Бәрі дұрыс, бәрі орынды. Тек қана әмеңгер тым жастау, әлі бесікте. Қыздарынан он жеті жас кіші. Ал құдағайы болса келінін ендігі жерде бұл ауылда бір күнге де қалдырмақ емес. – Қызын ұзатсын, әйтпесе ертең-ақ араға түсіп бата бұзарлар шұбыра бастайды – дейтін көрінеді.Бұлар құдағайымен ақылдасып та, тайталасып та көрді. Түсіндіріп те, көзін жеткізіп те бақты. Обалды  да, аянышты да еске алысты. Ара ағайын салып та, қоқан-лоққы жасап та байқады. Құдағайы көнбеді.Шақыр молдаңды! Әкел құранды! Жина жұртыңды! Ел алдында сертіңді бұзғаныңды құран ұстап тұрып хабарла. Сөтсең ғана бір Құдайға тапсырамын да тынамын. Әйтпесе екеу болып келдім, үшеу болып қайтамын. Менің шаңырағыма тағдырдың салған ауыртпалығының өтеуі осы деп білемін  – дегенінен танбапты құдағайы.Бұлар ақылдасқанмен ақыл таба алмайды. Айла жасағанмен жүзеге асыра алмайды. Бар тапқаны – соңғы амалы қызын құдағайға жұмсамақ болады.Ая – деп айт деп үйретті.Он жеті жас үлкенмін ғой – деп салмақ сал деп үгіттеді.Балаң бесіктен шыққан жоқ қой – деп бетіне салық қылып  қара деп қайрады.Аяқ астынан бәрі бос амал, бос сөз, бос қулық болып шыға келіпті. Қыз: “Менің құран ұстатып ант бұзғызып қарғысқа ұшырайтын жағдайым жоқ. Көнемін Тәңірімнің жазғанына”: – депті.…Сөз тоқтапты. Іс тыныпты. Шағын той тойланыпты. Міне енді Аймаш келінін алып еліне қайтқалы жатыр. Қомды түйеге оралған қоршау ішіне бекітілген бесік қасында енді Аймаш емес ұзатылған қалыңдық отыр.  Сыңсу ұрдісін істемеді. “Мен жыламай аттанамын” – депті……Әй бәсе! Біздің баяғы бес-алты жасымызда бас-аяғымызды  тап-таза етіп жуып, тырнағымызды мұнтаздай етіп алып, бетімізден шөп-шөп сүйетін еді. Енді түсінікті болды, сонысы бізді жақсы көргендіктен емес, күйеуіне көрсеткен құрметі екен ғой……Көбірек ойға батып кетсем керек, еркі өзіне тиген тор тайым мені берекесіз әңгімеге, орынсыз ыржаққа құмар қылжақбастар тобына араластырып жіберіпті……Неге соншама жырқылдайды?. Ауыздарынан сілекейі аққанша қарқылдайды келіп, сорлылар. Ат үстінен ауып түсе жаздап бұлғаңдайды келіп, байғұстар. Тыныстары тарылып, өңдері  күлгін тартып кеткенше күледі, пақырлар… Айтқандарына құлақ түріп келемін……Бір шамада әңгіме желісіне менде түсіне бастаған секілдімін……Дүімбайдың үйленгеніне он екі жыл болыпты……Үйлену тойына бесікке салып апарыпты……Он екі жыл шешесінің қойнында жатыпты……Жақын арада Дүйімбай түн ортасында шешесін оятып: “Апа, мен ендігі жерде Зәбіханның қойнында жатайын ба?” – деп, ұрқсат сұрапты…Дәл осы жерге келгенде бұ топтағылар біреуден бұйрық алғандай ду ете қалады. Біраздан соң мен де күле бастадым. Маған да қызық болып көрініп кетті. Шешесінен қалай ұялмады екен?..Мыналар маңы адамды күнәға батырмай қоймайды екен – деген күдікпен мен олардан бөліне бастадым. Тайымды тебініңкіреп ілгері келе жатқан топқа қосылсам ауыл ақсақалдары екен. Олардың әңгімесі де осы тақырып маңында болып шықты.…Тал бесіктен жер бесікке жеткенше үйрен… Міне  осы уақиға соның дәлелі. Бүкіл ел болып бере алмас үлгіні жай ғана екі әйел көрсетіп отыр. Ант пен сертке, әдет пен ғұрыпқа, құран мен Құдайға солардай адал бола алған ел өзін өзгеге сүйсіндірмей қоймас…Бұлардың бұндай әңгімесі де, қабақтарынан қар жауған түстері де мені онша қызықтыра қоймады. Жан-жағыма алақтай қарап тайға мінгендерді іздей бастадым……Төкең сол күні мүмкін тағы да біраз уақыт осы әңгіме желісін жалғастырған болар. Бірақ менің санам уақиғаны дәл осы жерге дейін ғана ұғыныпты……Бір кезде ғана қайнаға мен келіннің соңғы сөздері құлағыма шалынып мен селт етіп оянып кеткендей болдым…Кәзір баяғы қамқорлық қолыңнан келмей жүр-аушамасы, біздің інішек үйге тұрмайтын болыпты ғой – дейді, Төкең қайнаға.Ініңді жасы толғанға дейін жөргегін жуып, мұрнын сүртіп он екі жыл күткен едім. Алла тағала қанағатым мен шыдамыма берген болар, оған он үш перзент сүйгізіп, жалғыз басын жүзден аса жан еткен едім. Мен бұлданбағанда ол неменесіне бұлданбақ? – дейді келіні.Үлкендік жеңген қарт кісі ұзақ сөйлегеніне шаршаңқырап қалғандай. Біраз тыныстап алып – бұл әңгімені тоқтаталық – деді. – Келгенің жақсы болды.  “Жаман айтпай жақсы жоқ” –дейді екен үлкендер. Алты жасыңнан Алланың атымен айтып, құранның тілімен сөйлеп келе жатқан жансың ғой. Артықшылығы болмас, менің иманымды айтып кет.Төкең: ”Әрине артықшылығы жоқ” – деп алып, сай-сүйегіңді сырқырата кұңірене жөнелді…… Дәл сол күні Төкең үйіне жеткесін көп ұзамай артынан жасы жүз төрт жасқа жеткенде дүниеден озған Аймаш ананың хабары жетіпті… 26.01.2000 жыл. Ақтау.