ВЕРНУТЬСЯ

    Отырмыз біз ет пісірім қозғалмай...

Жұқа жүйке, жұқа жерлер тозғандай...

Бұлақ болып ағып жатыр шарабы,

Желдей ескен, онды-солды сөз қандай...

...Жас жұбайлар, ал сол үшін - ішелік!

Ата-анасы,ол үшін де - ішелік!

Былтыр өлген әкесіне - ішелік!

Бөбек болар ілгеріде - ішелік!

Бастық болсын болашақта - ішелік!

Ден саулығы, сол үшін де - ішелік!

Ақ жаулығы, сол үшін де - ішелік!

Он саулығы, оған да бір - ішелік!..

...Ерте кезек тигендері жайдары,

Кезек күткен ойға кетіп қайдағы.

Сөз бермесең - арын төктің, сорлының,

Адам қоры, қотыр түйе тайлағы...

...Мен санадым тоқсан тоғыз "ішелік"...

Ішкен сайын кейбіріне күш еніп...

Ал біреуі үш ұмтылып тұра алмай,

Тырбандайды, байғұс, шындап күшеніп.

Жүзінші боп мен де тұрдым орнымнан,

Ішкіштерге бір әдемі тор құрғам.

Ішпесең де ұстап тұр деп бергенін,

Алмай қойдым, әз тілекті қор қылман.

Ұмытпадым беріктігін елімнің,

Мақтан еттім көрік-нұрын келіннің.

Қонақ, сірә, ырысымен демей ме,

Құтты қонақ қабылдасын төрің мың...

...Тағы айтылды ойға сонда түскендер...

...Сөз қорлайсың, тындамайды ішкендер...

...Ең соңында: "Ей халайық! - дедім мен,

Осы тілек үшін бірақ ішпендер!"...

Ақтау. 27.10.1993 ж.