ВЕРНУТЬСЯ

   Мен ағасыз өстім. Ойын баласы үшін бұдан үлкен қасірет жоқ.
Әдетте ағасы бар балалар өктемдеу келеді. Әлі жетсін-жетпесін иек артып, арқа
сүйейтін адамы болған соң, ретті-ретсіз жерде басына беретін. Біздің көшеде
Исағали атамның Өмірбай, Тілеубай, Орынбай деген балалары бар еді. Орынбай
менен бір-екі жас үлкен. Тетелес болған соң ба, бізбен бірге ойнайтын. Бірақ
сондай сотқар-тұғын. Орынбай бар жерде ойынымыз төбелессіз тарқамайтын. Бірде
Тілеубай келіп бәрімізді күрестіре бастады. Жеңіліп қалған балалар шетке шығып,
соңында Орынбай екеуміз қалдық. Оның екі езуі екі құлағына жетіп, ыржиып тұр.

Жығылған баланың басынан аттап күш алатын әдеті бар.
Басыңнан жай ғана аттап кетсе бір жөн-ау, тілінің сұғын қадап, жаман сөзбен
қорлап кетеді.

- Болыңдар, - деді Тілеубай. Орынбай екеуміз ұстаса кеттік.
Мен солақай едім. Қара күшке мығым болғанмен, қимылы сылбыр досымды жамбасқа
алып, бір-ақ аттым. Әлгінде ғана жанарымен жер шұқып, көңілі жасып тұрған
балалар аяқ астынан серпіліп:

- Басынан атта, күш ал!- деп шу ете түсті.

Орынбайдан күш алмақ болып, оң аяғымды көтере беріп едім,
құлақ шекемнен Тілеубайдың жұдырығы сарт ете қалды. Ағайынды екеуі жабыла
кетіп, мені оңдырмады. Тұрмыс талқысынан ба, әлде түтіні ащы тағдырдан ба,
қанша жылағым келсе де көзімнен жас шықпайтын. Бұл жолы да солай болды. Ара
түсуге жарамаған жолдастарымның бетіне қарауға ұялып, сүйретіліп үйге қайттым.

Сол бір күннен бастап Тілеубай мен Орынбайдың
зорлық-зомбылығы үдей түсті. Өзен жағасында болған соңғы төбелесте Тілеубай
мені суға тұншықтырды. Ауа жетпей, көзім аларып, есімнен танғанша жіберген жоқ.
Содан кейін екі-үш күн үйден шықпай, аулада жалғыз ойнайтын болғанмын. Аяғы
шыққан балаға аула тарлық етпей ме? Ақыры шыдамай, өзенге шомылуға бардым.
Тілеубай, Орынбайлар сонда жүр екен. Аудан орталығындағы мектепте оқитын үлкен
ағалары Қалдыбай да келіпті. Мені көрісімен Орынбай судан шықты:

- Күресесің бе?- деді едіреңдеп.

- Күресемін,- дедім лажым құрып.

Шап берісіп, тағы да ұстастық. Сол жамбастан аузы күйген
Орынбай бұл жолы сақтық көрсетті. Екі қолын шабыма тіреп, еңкейіп жатып алды.
Теке тіреспен біраз жүрдік. Тілеубайда дегбір жоқ. «Бол, болдың» астына алып,
бізді айналсоқтап тызалақ қағады. Орынбайдың белі ауырды ма, бір сәт бойын
тіктемек болып, кеудесін көтере берген-ді... Лып беріп ішіне кіріп кеттім де,
жерге көтере соқтым.

- Мынау қайтеді-ей, - деп күйінген Тілеубай үстіме қонжия
түскен. Бірақ қол жұмсап үлгермеді. Қалдыбай кеп, желкесінен бүре ұстап,
лақтырып жіберді.

-  Күрескен Орынбай
ғой. Арасына килігетіндей саған не бар?!

Қалдыбай Тілеубайды туған інім демеді. Май құйрықтан
оңдырмай тепті.

- Енді сенің кішкентай балаларға әлімжеттік жасағаныңды
көрейін, тура оңдырмаймын!

Ересек балалардың ішінен менің алғаш рет «аға» деп сыйлаған
адамым Қалдыбай еді!