ВЕРНУТЬСЯ

(1850 - 1912) «МЕН АҚБАУЫР КЕР ЖОРҒА, ӘДЕМІ БАСҚАН АЯҒЫН» XIX ғасырдың II жартысындағы көрнекті акынның бірі – Ақтан Керейұлы.Қаумалап халқым келгесін,Селдетпей топан-жел сөзді,Көрінбейін бекер жек...Таңдайына татымас,Абыл менен НұрымнанДәніккен жұртым секер жеп.Осылайша ұстаз ақын, жырауларын ерекше бағалай толғайтын Ақтанның өз акындығы да олардан кем болмаған. Ол – өзінен бұрынғы жыраулар мұрасынан мол сусындап, жырларын тау бұлағындай тасқындатқан ақпа ақын.Ақтанның туған, өлген жылдары туралы деректер әртүрлі. Ақтанның ағайыны, 1890 жылы туған шежіре қария Боқанов Қайшыбай 1964 жылы бізбен кездескенде: "Ақтан менің әкемнен алты жас үлкен. Әкем қазір жүз үште. Сонда ол жүз тоғыз жас шамасында", – деп еді. Ал біз 1966 жылы кездескен Сағыз станциясының тұрғыны Нұрмаш қарт: "Ақтан алпыс үш жасында дүние салған. Қайтыс болғанына қазір қырық тоғыз жыл болды", – дейді. Ақтан туыстарының бірі, әңгімеші Әмірше Мұттахиевтың 1966 жылы бізге жаздырған деректеріне қарағанда, "Ақтан бұдан (1966 жылдан. - Қ. С) 54 жыл бұрын – тышқан жылы Шибұлақ деген жерде қайтыс болған. Бұдан 116 жыл бұрын – тауық жылы туған". Демек, Қайшыбай мәліметінде Ақтан 1855 жылы туған. Нұрмаш қарттың айтуынша ақын 1854 - 1917 жылдары өмір сүрген.Әмірше ақсақалдың "1966 жылы - бұдан 116 жыл бұрын туған" деп шегелеп айтуын негізге алсақ, Ақган 1850 – 1912 жылдарда өткен. Ал тауық жылы туса, 1849 жылы дүниеге келген болады. Қазақша жыл қайыруда да аз-кем ауытқулар болатынын ескерсек, ақынды Әміршенің 1850 – 1912 жылдары өмір сүрген деген дерегіне тоқтауға болады. Себебі Ақтанды әрі қоныстасы, әрі жақын туысы Әміршеден артық білетін адам жоқ.  Қашаған ақынның:Көзім көрген адамдаАбыл, Нұрым, Ақтаным,Осылар еді тақтағым.Осылай деп маған үйреткенТарихтың ескі ақпарын, –деп Ақтанды өз ұстаздарының бірі санағандығын еске алсақ, бұл деректердің қай-қайсысы да ақын дәуірін сәл берілеу көрсететіндей. Себебі, бұл пікірлерге карағанда, Ақтан Қашағаннан тоғыз жас кіші болып шығады. Әрине, өмірдс жасы қатар немесе кіші адамдарды да ұстаз тұту, өнерін қадірлеу жайлары кездесе береді.Жылойлық шежіреші Қайшыбай да, Сағыз станциясында тұрған ақынның ағайындары Әмірше Мұттахиев, Қаби Молдажановтардың қай-қайсысы да Ақтан ауылының негізгі қонысы Маңғыстау, Үстірт, Жем, Ойыл өңірі екендігін айтады. "Қоныстас болдық. Бір көшіп, бір жүрдік", – деген Қаби қарт. Демек, сол кездегі көшпелі Адай елінің қыстайтын өңірі – Маңғыстау, жазғы жайлауы – Үстірт үсті, Жем, Ойыл бойлары. Адайлардың, оның ішінде Жеменейлердің бағзы қонысы Маңғыстаудың Бозашы аймағы екені рас. Бірақ Ақтанның дәл қай жерде туғандығы туралы дерек жоқ. Біз "Ақын, жыраулар" атты кітабымызда Ақтан Сағыз өзені бойында туған деп жазыппыз. Ол ақынның көп жылдар орнықты өмір сүрген жері сол өңір деген ұғымнан туса керек. Ақтан шыққан Жеменей руының қысқы қонысы Маңғыстаудың ойы екенін ескерсек, ақынды Маңгыстауда туған деудің де оғаштығы жоқ.Ақтан Адайдың Келімберді, оның Бұзау, оның Айтумыс, оның Шылым, оның Өрдек деген ұрпағынан. Өрдектің Кенже деген ауылынан. Оның ішінде Қойсарысы. Оның Барғана – Әбділда – Керей деген балаларынан.Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы (390-бума) ел аузынан жиналған деректер ішінде Ақтанның аталары жөнінде де бірқатар мәндІ мәліметтер кездеседі....Ақтанның атасы Әбділда ел аузында әңгімелері қалған атақты сыншы болыпты. Керей, Шолақ есімді екі баласы бар екен. Шолақтың үйіндегі келініне айттырып әпергенмен сын айтыпты:– Келінім кілең жаман бала туады екен, Керейіме таңдап жүріп жақсы бала туатын қыз алып бермесем, болмас, -дейді екен.Жиынға кетіп бара жатып, Әбділда бір ауылға қонады. Қой сауылып жатқанда, козы ұстап тұрған шалыс аяқ жас қызға көзі түседі:– Иапыр-ай, мына қыз берусіз бе екен, тэуір бала туады екен, – депті.Құрман деген жолдасы қыздың еш жаққа берусіз екенін біліп келеді. Сонда Әбділда:– Бұл қыздан үштен артық бала тумайды. Бірінші баласы Адайдан асқан ақылды болады, екіншісі ақтан ішкен ақын болады, үшінші баласы құрбысынан тақыл болады, – дейді.Әлгі қызды баласы Керейге алып береді.Атасы Әбділда айтқандай, Ақтан үш ағайынды екен. Ағасы Жамансары ділмар – шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты. Ал атасы ақтан ішкен адал азамат, арқалы ақын шығар ма екен деп Ақтан атаған екінші немересі айтулы ақпа ақын болғандығы аян.Ақтанның ағасы Жамансары Иса, Досан сарбаздары өлтірген патша үкіметі сарбаздарына құн бермеу үшін ояз комиссиясымен айтысып, тіл тиіп, 29 жасында өліпті.Ақынның әкесі Керей өз еңбегімен күн көрген кедей шаруа ғана екен.Жас кезінде алған аз-кем сауатына қарамастан, Ақтан өзінен бұрынғы жыраулар дәстүрімен өленді ауызша айтуды машық еткен."Ақшұнақ қоян" аталған жұт жылы Ақтан үй-іші де азын-аулақ күнкөріс малынан айрылады. Ол Ойыл қаласына кәсіп іздеп барып, ноғай саудагеріне тері илеуге жалданады. Көрген біреу:– Адайдьң Ақтан деген ақыны осы ма, бұл да ештеңе емес екен ғой, тері илеп жүрген, – деп күлсе керек. Сонда Ақтан:Айдынға үйрек, қаз керек,Сұлуға құшақ, наз керек.Жырға әуез бен саз керек,Теріге пұшпақ баз керек.Тері жаймай Акаң не кылсын,Заманға қарай саз керек, –депті.Сіңірі шыққан кедейлігіне айналып мал бағып, шаруа күйттеп қалмай, ол өмірінің көп жылдарын өнер қуумен өткізеді.Сайқылықпен көп кездімӘлімұлы, Байұлы,Тама, Табын – ЖетіруКіші жүздің аймағын, –деп өзі айтқандай, Ақтан Орынбор, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Маңғыстау, Хиуа алқабындағы елдерді көп аралаған.Сол мекендердегі Жетіру, Әлім, Байұлы елдерінің ақын, жырауларымен кездесіп, жиын-тойларда той бастап, жыр толғасады.Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Құлманбет, Нұрпейіс сияқты акын, жыраулармен Ақтан талай рет кездесксн."Ақтан орта бойлы, селдір сақалды адам еді. Жыр, толғауды домбырасыз да, жай отырып айта беретін, – дейді Қаби Молдажанов. – Аз-кем сауаты бар еді. "Ірі кітапты оқыған кісілерді ауызша естімішіммен қия бастырмаймын. Бірақ, мына бір уақ-бақалшақ кітаптарды оқи алмай, сүріне беремін" – дейтін. Бұл Ақтанның егдеріп, кедейлік жеңіп, денсаулығы нашарлап, Құдай жолына бір жола берілген шағы болса керек.Әмірше айтуына қарағанда, Ақтан егдерген кезінде қазіргі Сағыз станциясынан 12 шақырым жердегі Адайдың Қосай әулетінен шықкан Абдулла хазіретке қол беріп, мешіт маңында болады. Әрлі де сырлы, ою-өрнекті осы діни орталықты халық Көкмешіт атаған. "Ақтан көп оқымаған. Бірақ ескіше сауатты адам болған, - дейді Әмірше, - "оку инемен құдық қазғандай екен. Баяғы жыршылық жөніме салып қойса, тіпті кідіретін, тоқтайтын түрім жоқ" дегенін өз құлағыммен естідім. 1911 жылы Ақтан біздің үйге келді. Ол аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жай ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ".Демек, Әміршенің ақынды соңғы көруі дүние салардан бір жыл бұрын ғана.Ақтан өлең, толғауларын баласы Бақтиярға жазып беріпті. Бірақ Бақтияр ол асыл мұраны елге таратып, жарыққа шығара алмайды. Себебі кеңес үкіметінің қаһарынан қорқып, 1937 жылдары жасырып көміп тастайды. Өзі 1938 жылы қайтыс болады.1964 жылы Жем өзені бойындағы Қазбек жайлауында кездескенімізде, Қайшыбай бізге Ақтан мұрасы хақында да толғана әңгімелеп еді."Адайдың жеті қайқысы" аталған әйгілі сал-серілерінің бірі Әділ Өтеғұлұлы Ақтандарға ағайын, туыс кісі еді. Бірде ақынға барады. Жыр, толғауларын жазып алғысы келеді. "Өлең, жыр қасиетті өнер еді, дұрыс айтып қадірлей алсаң жақсы, әйтпесе, киесі ұрады", – деп жаздырмапты. Бірақ Әділ аса зерек, жаттампаз адам екен. Ауызша айтқан ақын сөздерінің көбін жаттап алып, дастарқан сияқты үлкен қағазга толтырып жазып, бүктеп-бүктеп алып жүреді екен. 1932 – 1934 жылдар шамасында Әділ қайтыс болады. Әділ өлгесін, әйелі қайныларының бірі Әмірше Мұттахиев дегенге тиеді. Еріп барған Кемалы Әміршеге бала болады. Қайшыбайдың сөзіне қарағанда, Әділде сақталған Ақтан сөздері Әміршенің қолына тиген болуы керек. Кемал да білуі мүмкін.Осы жолдардың авторы Әміршемен 1966 жылы Сағыз станциясында өз үйінде кездескен еді. Әмірше ұстамды, көп сыр шашпайтын ауызы берік адам көрінді. Ол ақын туралы мэліметтер мен оның өлең, толғауларын ауызша айтты. Ондай жазба мұра туралы ештеңе демеді. Мүмкін, уақыт кәрінен қорқып, көміп тастады ма не өртеп жіберді ме? Әлде үйінің бІр жерінде жатыр ма? Ол жағы белгісіз. Ал Әмірше Ақтанның баласы Бақтиярдың жұбайы Ақбұлақ станциясынан отыз шақырым жердегі Мәртөк, Жайсаңда тұрады деп еді. Одан бері де отыз жыл өтті. Бақтиярдан үрім-бұтақ бар ма? Олар ата мұрасынан не біледі? Осы жайлардың бәрі – келешек жинаушылар мен зерттеушілер зер салар мәселелер. Ақтанның біраз шығармалары Қазақстан Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Әдебиет институтының қолжазба қорында сақтаулы. Біздің қолымызда ақынның ел аузынан жиналған бірқатар өлеңдері мен өмірі туралы материалдар бар. Ақын жырларының бір тобы "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (1967), "Ақберен" (1972), "Өсиет-нама" (1982), "Бес ғасыр жырлайды" (1984, 1989), "Жыр-дария" (1995) жинақтарында және жергілікті газеттерде ("Жем - Сағыз") жарық көрді.Ақтан жырлары, көбінесе, терме, толғаулар мен ерлік дастандар. Бір топ арнау өлеңдері де бар."Аққулар көркем көрінер", "Біразырақ сөйлейін", "Замана жайында", "Тындасаңыз сезімді", т.б. толғауларында Ақтан өмір туралы мәнді ойлар түйеді: өмір өтпелі, тірлікте ақниет, абзал болудан артық касиет жоқ дейді ол. Бұл дүниеден батыр да, бай да, тәкаббар да, зергер де, шешен де өткен. Өмір пендешілікті көтермейді. Олай болса, сол қайта айналып келмейтін қайран өмірдің мәні неде? Өмір сәні – адамдық касиет, адалдық, алуан өнер, сенім, инабат, иба, рақым! ("Адал жүріп, шын сөйле, асығың түсер алшыдан", "Көркі жоқ тіршіліктің өнерден соң", "Адамдықтың белгісі –біріңе бірің сенгенің"). Сондықтан бір ғана берілер өмірде:"Жан барында жайнайын,Тіл барында сайрайын", –дейді ақын. Бұл – Ақтанның өзіне де, өзгеге де айтары. Біз осы тұста ақынның адамдық пен өнерді құрметтеген биік парасатын танимыз.Ел арасына кең тараған Ақтан "Тойбастарының" да негізгі өзегінде адамгершілік, ізгілік идеясы жатады. Ақынның ерекше назар аудара жырлайтыны – қыз ата-тегінің байлығы мен мансабы емес, оның адамгершілік мінез-құлқы, көрік-сипаты.Айырған алтын реңдіКүміске меңзер өңдерің.Әдемі, артык баласыңМайда бір нәзік сөздерің.Жүз тоқтатып қарасам,Лағыл, жауһар көздерің.Текеліктің атындайКөрінеді сұлу белдерің.Мойның піскен алмадай,Бұрымың жібек талмадай,Тісің меруерт, маржандай,Қасың қиғаш қаламдай.Деміңді алсаң білінбес.Майда бір шуақ самалдай.Бұл жолдар Ақтанның көрікті теңеулерді орынды қолданып, шын сұлулықты құрметтей білетін талғам, талантын айқын аңғартады.Ақынның шынайы сезімді жырлаған шығармаларының тандаулысы – Қаражан қызға арнаған өлеңі. Бұл – кезінде өксікті шерге айналған махаббат мұңы, тыңдаушы көзін жасқа бұлап, елден елге, жылдан жылға көшіп, ұмытылмай біздің дәуірімізге жеткен өміршең дүние. Ол қазір де жүрек тебірентерлік қуатын жоймаған.Үдеріп елім көшті Барқын кұмға,Қаражан, қайда кеттің, халкың мұнда?Сен кеттің бір жат елге бауыр басып,Мен қалдым баулы кұстай талпындым да.Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын,Өксіген айрыларда кұлан қағын.Барасың қайда кетіп, кұрметтесім,Қош, аман – енді сау тұр, боз каңбағым. –деп аякталатын халық лирикасы үлгісіндегі бұл өлеңнен ғашық болып қосыла алмай өткен Ақтан көңілінің аяулы мұңын, әлеуметтік теңсіздік торындағы арманды жастардың лажсыз халін көреміз. Бұл Ақган дәуірінің ең көкейкесті мәселелерінің бірі еді. Мұнда жан сезімі шебер бейнеленген. Біздіңше, бұл – XIX ғасырдың ІІ жартысыңдағы ақпа ақын-жыраулар творчествосындағы лириканың озық үлгілерінің бірі.Ақтан – терме, толғаулардың шебері. "Аяғына қан түссе", "Кәріліқтің белгісі", "Мамығын төгіп қаз бен қу", "Не жаман" термелері мақал-мәтелдік, ақыл-нақылдық ғибрат сөздерге бай.Қаттылықтың белгісі –Халықтың көңілін көрмеген.Жамаңдықтың белгісі –Қаумаға басы енбеген....Сұлулықтың белгісі –Көргеңдер аңсап шөлдеген...Осылайша төкпектете келетін Ақтан термелерінде жақсылық, жамандык, батырлық, ерлік, адамдық, ақиқатгық, палуандық, сұлулық, шешендік, жүйріктік, жалғыздық, әкімдік, төрелік, сақилық ұғымдарына орай өмірден түйген құнарлы ойлары әдемі өрнек тапқан. Және ол ойларын ақпа ақынға тән, "шапқан аттай саулаймын, жанған оттай қаулаймын" деп өзі айтқандай, ерекше екпінмен ағындап, лаулап, нөсерлете береді. Өлең жолдары аяғында "белгісі", "реті", "көрінер", "не жаман", т.б. сөздерді қайталау арқылы айтатын пікірін дақпа-дақтап акындық сын ретінде толғайды. Дала жыршысы өз дәуіріндегі табиғи ортаның көз тоқтатып, көңіл тояттатар көркемдік көріністері мен сұлулық сипатгарын өте әсерлі суреттейді. Терме, толғауларының қай-қайсысында да өзіне дейінгі жыраулар дәстүрімен жақсы мен жаманды өмір құбылыстарын бағалаудың басты өлшемі ретінде алады.Ақтан бірқатартолғауларында тыңдаушы халық алдында үнемі есеп беріп, өмірдің сан қилы мәселелері жайынан ойлы пікірлер шертеді. Ол әрдайым тыңдаушы жұртшылықпен сырласып, пікірлесіп отырады. "Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауга кұмармын", "Айт десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын", "Тұсыңа келдім, жарандар, Тұрмайын кейін бойбалап" немесе "Дидар болып сөзіме, Әлеумет, тұрсың омбалап", "Мерекеңе кез келдік, Мен – байракты жүйрік саңлағың", "Мен – Адайдың Ақтаны, Сөйлесем, сөзім тақталы, Бөгесе, бөгет бермейтін Қаратаудың ақпары" сияқты жолдарында әлеуметтің көңіл күйін барлап, өзінің арқалы жыршы, айтулы жүйрік екенін әсерлі суреттеп, жұртшылық делебесін қоздыра түседі. Әрине, бұл ақынның халықка деген инабат-ілтипаты және тыңдаушы ықыласын өнерге аударып, құштарлығын арттырудағы ерекше қажетті көркемдік әдіс болып табылады."Қалағандарың сөз болса", "Айт десеңдер, жарандар", "Жайық деген жанды су" сияқты біраз толғаулары ақынның ұзақ, желілі дастандарды жырлар алдыңдағы кіріспе толғауы не жырлап болғаннан кейінгі топ тарқатар жыры іспетті. Әдетте, кең сілтеп, ұзак жырлайтын айдынды, арынды ақындар ұзақ жырлар алдында әуелі терме, толғаулар толғап өзін бабына келтіріп, шабытын тұтатып, тыңдаушысын баурап алатын болған. Содан кейін қырандай қанаттанып, селдете құяды екен. Ал топ тарқатар тұста тағы да терме, толғауларға көшкен.Ақтан пікірінше, ақын, жырау – халық қызметшісі ("...қаумалаған халықтың тарқатқан шерін өлеңмен"), ел татулығының ұйтқысы ("Екі атысқан жау болса, арасында панамын").Ол өнерін ат пен асқа сатқан тілемсек, дүмше акындарға әрдайым қарсы.Кейбір жаман жыршыларӘншейінде ақтарып,Сатып жүр жырын теңгеден.Менің сөзім аяусызАға менен жеңгеден.Немесе ақынның:Жігіттің қайтар базары,Өнерін білген бұлданып,Шығарып тұрса қымбатқа, ­–деген жолдарынан халыққа қызмет етпеген өнер өшеді, оның өмірі қысқа деген салиқалы ойын да тану қиын емес. Ақтан жырлары бейнелі сөзге бай.Мен – ақ бауыр кер жорғаӘдемі басқан аяғын.Қарасаң, көзің жеткісізЖылмиып жатқан даламын.Осы тектес ауыспалы мағынада құлпыра құбылған сөз шұрайын Ақтан жырларынан мол ұшыратамыз. Ол – өлең сөзді ой шеберлігіне қарай еркін ие білген ақын. Мұны құрдасы Көбенге және Қоспақ ақынға айтқан жұмбақтарынан айқын аңғарамыз. Ақынның Қоспақ ақынмен жұмбақтасуы шағын жұмбақ айтысы іспеттес. Ақтан жұмбағы шебер ойға құрылады.Алты арыстанды үш бөрі сорған:Жілігін теспей майын сорған,Терісін теспей қанын сорған.Шешуі: алты арыстан – алты ай жаз, үш бөрі - 3 ай токсан. Немесе:Он екі қысырағым бар:        Екеуі жуан буаз,Екеуі күмән буаз,Екеуі анық буаз,Екеуі танық буаз,Екеуі жіңішке қысыр,Екеуі аш қысыр.Шешуі:Он екі қысырақ – малдың он екі жілігі:Екі жуан буаз – екі ортан жілік,Екі күмән буаз – екі тоқпан жілік,Екеуі анық буаз - екі асық жілік,Екеуі танық буаз – екі қары жілік,Екеуі жіңішке қысыр – екі жамбас,Екеуі аш қысыр – екі жауырын.Ақтан Қоспақ ақынмен кезектесіп жұмбақ айтысады.Қоспақ:Шым-шытыр,Шидем қотыр.(Шешуі – жұлдыз).Ақтан:Шым-шытыр емес,Шидем қотыр емес.(Шешуі – күндіз).Қоспақ:Ана ауылдың бурасы,Мына ауылдың бурасы,Орала келген шудасы.(Шешуі – сабын).Ақтан:Керегенің басында кетпен құйрық,Соншама еш дәмі жок неткен құйрық?(Шешуі – кайрақ).Сондай-ақ құрдасы Көбенге айтады:"Кел-кел" десем, келмейді,"Келме" десем, келеді.Көбен шеше алмайды. Шешуін ақынның өзі айтады:Шешуі – адамның еріні.        Атасы Әбділдадай елге аты шыққан би болмағанмен, Ақтан биліктен кұр да болмаған....Бірде нағашысы Байбоз Ақтанмен күресіп, жығылып калады. Ақтан түрегелгесін, ол тағы жабысады. Сонда Ақтан:– Күшің бір жоқ болса, ақылың екі жоқ екен ғой, түрегеліп жүрген Ақтан жығыла ма? -депті.Осы әңгіменің екінші бір түрі де ел аузында айтылады:...Бір айт кезінде кұрдасы Көбен Ақтаннан жығылып қалады.Көбен жығылып жатып, үстіндегі Ақтанды аудармақ болып тырбынса керек. Сонда Ақтан:–Тек күшің жоқ екен десем, ақылың қоса жоқ екен ғой, белдесіп жүргенде жықпағанда, астымда жатып мені қалай жықпақсың? – депті.Және ел аузында: «Ит десем, арланасың, Қасқыр десем, мақтанасың,Екеуінің айырмашылығы қандай?» – деген сөзді де Ақтан құрдасы Көбенге айтыпты деседі.Ақтаннын ақындық даңқы ерлік толғауларымен де шықкан. Ол – Абыл, Махамбет, Қалнияз, Нұрымдар жырлаған ерлік дастандарды дамыта жырлаушы. "Қырық батыр" аталатын сала-сала ерлік дастандардың бірқатары халық арасына Ақтан арқылы тараған, одан үйреніп Қашаған, Нұрпейіс акындар дамыта жырлаған.Ақтан өз дәуіріндегі әлеуметтік оқиғаларға орай өзі де ерлік толғаулар шығарған. Солардың бірі – "Ерлік жыры".Бұл жырдың өзіндік тарихы бар. XIX ғасырдың орта шенінде Кіші жүзді жайлайтын Адай, Табын елдерінің арасында барымта-сырымта сияқты қырғи қабақтық белең алады. Бұл әуелі екі ру арасында басталған жанжал бола тұрса да, кейін әлеуметтік, таптық сипатқа көшеді. Табын «ханын» жақтаған жандайшаптардың оғынан Адай батыры Сүгір қаза табады. Сүгір балалары Бердәулет, Жоламандар жаста болса әке кегі үшін Хорезм ойында, Көне шаһарының базарында ебін тауып Әлке «ханды» өлтіреді.Ақтан "Ерлік жырын" осы Бердәулет, Жоламан батырлығына арнаған. Ақын жалпы ел тәуелсіздігі, халық қамы үшін күрескен ерлік салтты ардақтай жырлайды. Тебірене толғайтыны – бұқара қамын ойлаған ерлер: Беріштен шыққан Исатай мен Махамбет; Арыстан сұлтанды өлтірген Ерназар, Бекет; сондай-ақ Есентемір Ер Мыңбай, Сұлтанкелді, Көктаубайлар; Табын Асау, Шеркеш Тұрлан; патша өкіметінің отарлаушылық саясатына қарсы шыққан Иса, Досан сияқты батырлар....Бердәулет пен Жоламан,Оғы қардай бораған.Қапияда ханды өлтірген,Сөйтіп отын сөндірген.Толғау соңында ақын бұқара қамы үшін күрескен ерлерді жырлау – өнерлінің төл ісі деп түйеді. Ақтан дамытқан ерлікті жырлау салты кейінгі акын, жыршылар жалғастырған игі дәстүрге айналды.Нөсерлете, төкпектете келетін ағынды жолдары мен көтеріңкі пафосынан ғана емес, Ақтан жырларының мазмұн, идеясынан да атамекенінің тәуелсіздігін қорғап, ел мерейін көтерген ерлік өр рух, "Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы" дегендей, адамдық абзал қасиеттерді ардақтау лебі еседі. Оның жырлары әрдайым туған даласының аспанындай ашық та жарқын.Ауыз әдебиеті мен жыраулар мұрасындағы бұқара камы, ерлікті дәріптеу әуені Ақтаннан кейін Қубала, Аралбай, Өмір, Нұрпейіс, Ығылман, Сәттігұл, Түмен жырларында дами түсті.                                                                       Қабиболла СЫДИЫҚОВ,                                             Филология ғылымының кандидаты

Ақтан