ВЕРНУТЬСЯ

   Күн күркіреп, жаңбыр жауды. Найзағайдың жарқылынан сескеніп үйге
тығылғанбыз. Әжем қолына кепсер алып, сыртқа шығып бара жатқанда:

-  Әже, қайда
барасыз,- деп етегіне жармастық.

-  Жә, болды, қазір
келемін...

Есіктің жабығынан сығалап тұрған Әуен айқайлап жіберді.

- Әжемді қараңдар!

Нөсерге малшынған кимешекті анамыз қолындағы кепсермен дөдегені
сабалап, үйді айнала жүгіріп жүр.

- Ақ мол болсын! Ақ мол болсын!

Әжем су-су болып үйге кіргенде, жан-жағынан қаумалап, қоршап
алдық.

- Әже, кепсермен дөдегені неге сабаладыңыз?

-  Ақ мол болсын деген
не?

- Әй, ақылсыз балаларым-ай,- деді әжем әжімді жүзінде
жалтырай қалған жаңбыр тамшыларын беторамалымен сүртіп жатып. «Батамен ел көгерер,
жаңбырмен жер көгерер». Жаңбыр көп жауса, даланың көгі қалың боп өспей ме? Шөп
шүйгін болса, мал күйлі болады. Күйлі малдың өсімі көп. Өсім көп болса, сүт мол
болады, молаяды. Ал, аузың аққа тисе жаман бе?

- Жоқ!- дейміз шулап.- Бірақ басқа үйдегілер неге сіз сияқты
сыртқа шықпайды?

- Менің қатарым сиреп қалды. Кейінгі жастар не білген?!  Мен 
кеткен  соң,  сендер 
де  ұмытасыңдар  ғой бәрін.

Әжемнің   мұңайғанын   көріп,  
жүрегім   шаншып   кетті.