ВЕРНУТЬСЯ

    Елдің қамын бір кісідей жеуші едім,

Астанадан асса ауылым деуші едім.

Елестеткен ерке жұртты көзіме,

Арман шіркін, бар ма сенің, беу, шегің!?

"Әкең менмін!" - дейтін әкем құрдасы,

Кіндік шешем дейтін мені "төл басым".

Таласатын ата-анамның орнына,

Сағынамын сол алыптар тұлғасын.

Қайда енді ат мінгізер нағашым,

Жоқтайды іні арқалайтын ағасын.

Қайда ауыл арман-сағым бейнесі,

Бар ма өлшем салыстырар шамасын?

Дархандығын жоғалта ма бұл далам?..

Қонақ қайда қонақтығын бұлдаған?..

Су сұраса бал бергізген бабамды,

Кім дегізер бара-бара сұм заман?..

Қайда жігіт сұрап шығар "жекпе-жек",

Қан қайнатар, оятып ап, кеке кек.

Бұ күн үнсіз пышақ сұға салады,

Сәл нәрсеге бір-біріне өкпелеп.

Кестесінен сезілетін ішкі леп!,

Моншақ тізген ақ саусағын піскілеп -

Қайда жүрсің нәзік сұлу сағынтып,

Бұ күн қызда - асып-тасу, күш-білек.

Ана атын қылығымен аптаған,

Жүрегінде ата ғұрпын сақтаған.

Қайдасындар, айналайын, аналар,

Мыналар кім, кіл жалаңаш қаптаған?

Аға - қайрақ, іні жүзін жанатын,

Апа - тамыр, нәрлендірер санасын.

Әке - айбын, жиен, жезде қайда олар,

Сан ғасырлар тұрған тауып жарасым?..

Қалалықпын, сағынған ем ауылды,

Үлгі еткен арман-қиял қауымды.

Тексермекке жан-тәнімді келген ем,

Эталонға - рух, пейіл, сауымды.

Өнерімнің, жыр-әнімнің ұйқасы,

Ауыл - сен ең - нәрі, шелі, құйқасы!

Оңып сен де барасың ба, апырмай,

Дейді ме ертең ауылыңның сиқы осы?

...Өксіп тұрмын, көзге тамшы жас алмай,

Арып-аштым, жанға нәрлі ас алмай.

Қапалымын, алғаш рет ауылдан,

Қайтып барам сағынышты баса алмай.

Арашалар жанды жеген осы ойдан -

Тек баяғы төбелерім тас ойған.

Тек баяғы дамбалы жоқ бұтында,

Балақандар, бірдеңесі шошайған...