ВЕРНУТЬСЯ

   Жыр жаздым ба күшімді шамаламай,

Өз қазағым келген-ді бағаламай.

Күресуге дүмділер лақтырғанда,

Өткен-кеткен қалды мата баламай.

Жолбарыстай пір тұтқан нар қамысын,

Жырласам да елімнің
ар-намысын.

Ит мұжыған кәуектей талай мәрте

Күресінде басымның қалғаны шын.

-Тексіз! - деді
толғансам елдікті аңсап,

-Тентек! - деді керілсем кеңдікті аңсап.

Көбік шашқан теңіздей
буырқанып,

-Бұзық! - деді бұрқансам
ерлікті аңсап.

Бидайы өсіп,жерінде
тарысы өнген,

Жұртпыз,
бәлкім, құдайдың қарғысы
ерген.

Елдер ғана ерлікті
аңсамайды,

Үні шықпай тұншығып намысы өлген.

 Жұмыртқадай қайыра шайқатылған,

Ақын, мейлі, болсаңда қайта туған.

Көгермейді
көсегең біздің елде

Ердің бәрі мерт болған айға атылған.

Арақ ішіп,қызуы бойға тарап,

Малға айналған кіл мәңгүрт той жағалап.

Қой ішінде жайылған арыстанды,

Айбар тұтқан қай
кезде қой бағалап.

Асып бара жатқасын сайран жастан,

Не өтсе де, мейлі, деп, қайран бастан.

Шешендерді жырлағам ақырында,

Динозавр қоғаммен майдандасқан.

Сайрамасын көңілдің
құсы неге?

Елдік барда ақынның күші - кеме.

Көкке мені ту етіп тік көтерді,

Батыр ғана батырды түсіне ме?

Сыбағасын білем деп
төрден алған,

Шешендерге жұлдызы өрде жанған,

Нұры
жаусын Алланың,байрақ етіп,

Тік көтерген басымды жерде қалған.

Етек-жеңі,көңілі
жырымдалып,

Жүрмесе егер
бір-бірін қырына алып, -

Қазақ-қазақ бола
ма,өз асылын

Өзге жұрттан жүгірсе
бұрын танып.

Сүйремейтін жан бар ма басын төрге,

Шығам әлі,шығамын жасыл белге.

Асылдығы ақынның кімге дәрі,

Қажет егер болмаса асыл елге.

Бақытыма қуанбай жасыл дала,

Көк өзендей көңілім тасына ма?

Қай кезде де көтерген төбесіне,

Асылдарды
бағалап асыл ғана.

Сыбағасын білем деп төрде қалған,

Шешендерге жұлдызы
өрде жанған.

Нұры жаусын Алланың,байрақ етіп,

Тік көтерген басымды жерде қалған.