ВЕРНУТЬСЯ

     Кім асырсын жалғанда
елден күшін,

Өлім сепкен жан түгел өлген мүсін.

Самұрық
құс - вертолет бомбалаған

Бейбіт жатқан селоны ертеңгісін.

Туған ба ана оларды қанға малып?

Қан ішеді,

Жейді ылғи нанға жағып.

Бомбы түскен жерлерден нұрлы өмірдің

Сынықтары ұшады жаңқаланып.

Жерден,

Көктен,

Бар тұстан
оқ бораған,

Оқ бораған,

Селоны отқа ораған.

Бірге жанды жалынын аспанға атып,

Мал шыға алмай өртенген көп қорадан.

Үйлер жанған,

Мал жанған,

Қора жанған,

Құс та
жанған бұтаққа қона қалған.

Адам жанған,

Шырқырап сәби
жанған,

Айналаны түгел өрт орап алған.

Село жанған,

Тау жанған,

Дала жанған.

Алтын құрсақ алаулап ана жанған.

Өрттен қалай қашса да құтыла алмай,

Боз көйлекті боз өмір, бала жанған.

Зауал туып көрмеген ер түсінде,

Ерлік қанша өртенген өр пішінде ?

Айғыр ғұмыр арқырап
кісінеген

Жер мен көкті жалғаған өрт ішінде.

Жасқа толып жанары мөлдіреген,

Көрмеп еді мөңіреп өмірі ерен.

Көмек сұрап өртенген село ішінде

Азан - қазан сиырлар мөңіреген.

Тіршілікті құрсаулап бір-ақ буған,

Солдат қанша шуақты жырақ
қуған.

Ана аңырап,

Өгіздей әке еңіреп,

Мөңіреген дауыстан құлақ тұнған.

Соғыстармен күні өткен,

Өмірі өткен,

Ғұмыр қанша тағдыры темір еткен?

Жауыздығын ол елдің кім кешеді,

Бір өлкені сиырдай мөңіреткен?!