ВЕРНУТЬСЯ

Маңғыстаулық журналист-жазушы Әбілқайыр Спанның «Ай-Ана», «Заңғар» атты кітаптарын қолыма түскен бойда бас алмай оқып шыққанмын. Бірінде- Әбіш сынды заңғар жазушыны дүниеге әкелген абзал ана - Айсәуленің өмір жолы, жастай жесір қалып, жалғыз ұлын азаматтыққа тәрбиелеудегі басынан кешкен тауқыметтері байыпты зерттеу, нақты деректермен баяндалса; ал екіншісінде заңғар жазушының өресі биік, құлашы кең шығармалары, оған әсер еткен Маңғыстау табиғаты көркем тілмен талданады. Біздің қолымызға қалам алғандағы мақсатымыз бұл шығармаларға нақты баға беріп, оларды сыни тұрғыдан жіліктеп, қол аяғын жер көкке тигізбей мадақтау немесе түкке алғысыз етіп сынау емес, (ол туралы алдағы мезгілде бөлек әңгімелеу ниетіміз бар). Шығарма кейіпкері өмірден алынған, қарапайым ғана қазақтың шаруагер әйелінің қам-қарекетін сол кездегі ауыл тұрмысын көз алдыңа елестету арқылы беруге ұмтылғандықтан және Айсәуле апамыздың ата-енесін, қайнаға-қайындарын мүмкіндігінше оқырманға толық таныстырмақ ниетпен бар күшін салғандықтан көптеген адамдардың мәліметтері беріле тұра, оның нағашы жұрты жайлы бір ауыз да әңгіме айтылмай қалғанын еске сала кетіп, осы олқылықты (егер олқылық болып есептелсе және ол нағашы жұрттың да толымды әңгімелеуге тұрарлық, болашақ дарынды жазушымыздың бойына жұққан қасиеттері болғандықтан) қолымыздан келгенінше толықтыра кетсек, мүмкін Әбілқайыр алдағы кезде шығармасын қайта қарап, толықтырып жатса ескерер, деген ой ғана.Қазақта «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан» деген мақал бар.         Сонымен... Айсәуленің анасының аты Қалиса. Жеменейдің Бегімбеті «Адайдың үш қарасының» бірі атақты Қаракісінің інісі Жолболдыдан Шабай, Шабайдан Жарылғап, Жарылғаптан Қалиса мен Күңбала және Оңғар. Қалиса бәйімбет Жұмабайға, ал Күңбала түркпенадайдың тінейі Қармысқа ұзатылады. Қалисадан үш қыз- Айсәуле, Ақсәуле, Мамық. Айсәуле жаңай Кекілбайға, Ақсәуле бегімбет Егеубайға, Мамық шеркештің жігітіне ұзатылады. Осы қыздарды ұзатып, құтты орындарына қондырудың басы –қасында Қалиса апамыздың інісі Оңғар жүреді.Жездесі Жұмабай дүниеден ерте өтіп, жиен қарындастары тұрмысқа шығып, өз орындарын тапқан соң, үлкейген шағында Қалиса апасының жалғыз қалғанын естіген Оңғар апасы Қалисаны Маңғыстаудан Қосшағылға қолына көшіріп алады. Оңғар сол кездегі Жылой ауданының орталығы Қосшағылдағы аудандық мекемелердің бірінде есеп-қисап жағында істейтін, қазақтың сауатты жігіттерінің бірі болатын. Қалиса інісі Оңғардың қолында дүниеден озады. Қайда да «азуы алты қарыс» намысшыл тұқымның қыздары жалғыз қалған кездерінде барған жерінде көз түрткі болғысы келмей төркін жұртын сағалайтыны белгілі жай.Бұл күндері Боранқұл ауылында тұратын 1946 жылы туған Оңғардың баласы Жұмаберген былай дейді: «Әкем апасын көшіріп алғаннан кейін мені апасының бауырына салыпты. Мен ержеткенше сол Қалиса апамның баласы болып өстім. Қалиса апам кербез, өр мінезділеу, көрсетіп қояр тәкаппарлығы да бар, жанарынан нұр сәуле шашып тұратын, ширақ қимылды адам еді. Мен ол кісінің осы мінезіне сүйеніп, әке-шешемді тыңдамай, еркелеу, тентектеу болып өстім. Бар ниеті менің үстімде еді. Сіңлісі Күңбаланың немересі Тілекқабыл екеумізді күрестіріп, егер мен жығып кетсем мәз болып, ал жығылып қалсам «намысты қолдан бергенін» деп өкпелеп қалатын.  Қолы шебер, ісмер болатын, жаңылыспасам, өмірден 1958 жылы 81 жасында озды. Көз жанарының өткірлігі сондай, инені өзі сабақтап, қолынан ісін тастамай кетті. Біздің үймен көбіне оның Ақсәуле, Мамық деген қыздары араласыңқырап тұрды. Шешелеріне солар көбірек келетін. Айсәуле жиен апамыз Алматыға ерте көшіп кетті де, ара қатынас шалғай болған соң үзіліп , онша араласа қойғанымыз жоқ. Мен жиен Айсәуле апаны Алматыға оқуға барып жүргенде бір рет көрдім.  Ауылшаруашылығы институтына түсіп, кейін сырттайға ауысып кеткенмін. Әкем: «Алматыда Қалиса апамның қызы бар ғой, бір барғаныңда хабарласып, амандығын біліп, менің сәлемімді жеткізсең қайтеді » деген соң, іздеп бардым. Алғашында танымай «кімнің баласысың?» деп сұрады. Мен: «елден келдім, Оңғардың баласымын» дегенде қапелімде есіне түсіре алмай: «а-а, кім, дедің?» деп отырып қалды. Сол кезде менің қаныма біткен дөрекілігім ұстап кетіп: «Апа, не болған сізге, өз шешеңіз Қалисаның інісін танымағаныңыз» деппін. Сол кезде анасының атын естіген Айсәуле апам  орынынан ұшып тұрып: «Айналайын-ай, нағашыларымның көзі екенсің ғой, кешір кәртайып отырған жаман кемпірді» деп келіп, бетімнен сүйді. Сосын: «Отыр, құлдығым, қазір Әбішжан да жұмыстан келіп қалар» -деді.Қалиса апам кербез адам еді деп айттым ғой. Көз жанары нұрлы. От шашып тұратын. Сол нұрлы жанарды мен сол бойда Айсәуле жиен апамнан да көріп, келбетінің де ұқсастығына қайран қалдым. Тағы таң қалғаным, сол нұрлы жанардың ұшқынын жиеншар Әбіш ағадан да көргенім. Бірақ бәрібір өзім бауырында өскен дәл Қалиса апамның жанарындай емес еді. Мүмкін маған солай көрінген шығар...».Жұмаберген әңгімесін осылай қысқа ғана қайырған. Ағайынды екі азамат Қаракісінің де, Жолболдының да тұқымдары Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында аман-есен тұрып жатыр. Жалпы Қаракісінің ұрпағы шомбалдау, қайраттылау болып келеді де, Жолболдының ұрпақтары сал-серілеу, бойшаңдау, сымбаттылау болып келеді. (Мәселен, Қаракісінің тікелей ұрпағы, Бейнеу ауданының кеңшарларында ферма басқарушысы, бас зоотехник болған Сәлімжан Таңатаров күрестен Алматы қаласының чемпионы, ал ауылға келгенде шопандармен бірге жүріп, күштерін сынасқанда 200 кг май толы бөшкелерді машина қорабына жалғыз өзі лақтырып сала беретінін көргенбіз. Ал Жолболдының тікелей ұрпағы Жұмаберген Жарылғапов сері мінез, ойын-сауықты, той-думанды ұнатыңқырайды, немесе Әбішпен араласып тұратын белгілі мецанат, бойлы-сойлы,ашық-жарқын мінезді Төкен Жұмағұлов ағаны айтсақ та жеткілікті).Сонымен Қалиса апамыздың қызынан туған Әбіш жиеншар атағы әлемге кеткен жазушы, мемлекет қайраткері болса, оның сіңлісі Күңбала апамыздан туған Кенжебай Жанаев Жылойдан шыққан жоғары білімді алғашқы әдебиетші мұғалімдердің бірі еді, шешен сөйлейтін, бойынан ертедегі билердің кескін-кейпін көргендей болатынбыз, оның баласы Тілекқабыл Жанаев «Коммунизм таңы» кеңшарының директоры болып, ауылшаруашылығын өркендетуге мол үлес қосқан ғалым-зоотехник еді. Оның да сөз саптасы әкесіне тартқан, кесек-кесек сөйлейтін. Дүниеден ерте өтті.Қазақтың даналығы оның мақал-мәтелдерінде ғой. Мәселен: «Бақ деген көшпелі, қыз алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді». Әрі қысқа, әрі нұсқа. Біздің бұған аларымыз да, қосарымыз да жоқ.