ВЕРНУТЬСЯ

Қашан еді цемент қанғаны,
Столярдың дымқыл жаңқа жанғаны?
Қашан еді баян көшіп, ән кешіп,
Елсіз шағыл ортасына қонғаны?..
Қашан мұнда қарлы кұйын борады,   
Ертіндіні қыздар тонға орады?
Есімізде барлығы да кешегі.
Көрші бүгін,-
канал өтіп барады!                                  
Мейлі биыл каналға су бермесе,
Шығырлары бас шұлғиды бірлесе;
Коңырлықта қарағайлы жас қала -
Текше-текше аппақ үйлер бірнеше.
Қызыл жота забой басы - іс басы:
Төбе-төбе бөренесі, бос тасы,
Эм-Же-Эс-тің экскаваторлары,                                           
«МАЗ-дары» да, бульдозері, баскасы.
Күндіз-түні жоғарғы вольт бағаны
Қатар түзеп, күзетеді жағаны.
Мұнда ғажап алып машиналардың                             
Табанында жердің солқылдағаны!
Ожау асап он төрт текше метрді,
Мың заманғы мекенінен кетірді.
Менде болып көрсетуге право,
Әкелсемші кешегі елеген кемпірді!
Баяғыша сүйенер еді-ау маған!
Қасына кеп биік кызыл тау, баған.
Көрер еді-ау жамбастарын мамонттың
Орын таппай он бес жерде аунаған.
Көрер еді-ау ол түбінде жылғаның
Апандарды алып темір жұлғанын;
Ожау - экскаватор ковшы.
ұйқыдағы күшіктері түлкінің
ұясымен бейқам лақтырылғанын!
Айналдырса экскаваторлары                          
Үстіндегі үйді бері, үйді әрі,
Бір зерікпей биік қарап тұрды
Әйнегінде адамының дидары.
Ол сағатта адамының тал бойын
Өзің таны, іштей оның тап ойын:
Тілдеспейді.
Жәмиламыз - сонымыз.
Үнсіз бүгін әкетті алыс забойын.
Ініндегі, ұйқыдағы төл, аңы,
Алдағы жер адырлығы, жалаңы,
Жар жағалап еткен адам - бірінде
Оның әсте болған емес алаңы.
Қысқа тұлым тығылайын, сынайын
Демейді бір, мазалайды самайын -
ұзақты күн шашы ғана шашырап,
Бетке қолдың сүйкетеді сол майын.
«Самосвал» тез келісі, жөнесі -
Оның көзі баққанының дені осы
Төстек қара, жылтыр комбинезоны
Тырсылдаған оның етті денесі.
Төбесінен машинаның бортынын                     
Шүйілген-ді, алмай ұзақ бір тыным.
Қазір ғана сменасы ауысып,
Суынғаны жотасының, сыртының.
Айтты жаңа Айболатовтар жеткенше:
-Жолығайын, жер дамылда, жер тыншы...
Айболовтың бұл сапары осында
Алтыншы ма, әлде тіпті жетінші?..
Қазір еді: «Түтін тамақ қырғаны»,-
Қызық үшін бір темекі сорғаны;
Екі қолын айқастырып төсіне
Қойғаны да, Жәмиланың тұрғаны.
Жарығында жоғары вольт бағаны
Шолып болып жылғаны да жағаны,
Қазір еді бас инженер - Гүлжаны                            
Жәмилаға жеке сыбырлағаны;
Құпияны бұлар ғана білгені,
Күресердей құшақтасып күлгені;
Екеуінің жүрегіне ып-ыстық
Кім біледі кімнің тағы келгені.
-        Қазір қайда?
-        Қайда болсын, штабта;
Ұзақ тұрды оң қолымды ұстап та;
Өзгеріпті, екеу, үшеу әжім бар,
Тұрды, бірақ, жас кезіне ұқсап та.
-        Бұл күнде - ол алматылық - деседі,
-        Осы неткен бақытты бір кеш еді!
Казір ғана жұмыс жақта бүйткені,-
Жәмила үйге сәл бөгеліп келсе еді!..
Олай емес, аяғында «моделі»,
Мақпал төсін көтереді әр демі;
Асығады қарағайлы қалада,
Қай арада киінген бұл әдемі?!
Хош иісті бір шоқ гүлі - бір қолы,
(Жараспайды Жәмияаның құр қолы)
Бет алысы - газоны бар ақ пәтер;
(Екі ай өтті Гүлжан мүнда тұрғалы) .
Кешікпейді Гүлжанының кешінен,-
Асығады; өзге шықты есінен.
Нұрға шомып жібек толы бұл үйдің,
Толқындайды ашық терезесінен.
- Бүгін мұнда жиналатын біз-ақ па? -
Дейді ішінен,- жұрт құйылар бұ жаққа:
Гүлжан келді қорғап диссертация,                                                
Темір жолмен кеше барып ұзаққа.
Сыртта бір топ жігіт сөзі:
-Көнсек пе,
Тамашаны босағадан көрсек те?..
Терезеге таяу іште Айболов,
Мұнда сонау жиектегі Көшек те.
Жәмила кеп көрсе, ғажап сый сол-ақ,-
Гүлжанының достарына үй толы-ақ;                       
Жасқұсына қисайыңқы Тәйтігі,
Ақ кителі, жағасы сәл ұйпалақ.
Шапай, әне, май костюмін шешеді,
Біреулерді қызыл көзі түседі;
Тыржияды (құрылыста ерте-кеш
Айдайтыны тракторы деседі).
Уақасы жоқ! Бірақ, көңіл құштары:
Келсе қалмай бірде-бірі достары:
Өмір үшін нелер озық тілекті
Қоршап түгел кетерілсе тостары!
...Сүйсінесің, жүрегіңе төнесің,
Әзілге де айтып әділ төресін.
Баяғыша бүгін мұнда отырса
Долгин, сүртіп жалтыраған төбесін!
Галя болса «частушканы» шұбыртып,
Тыңдаушыны қояр еді жүгінтіп,
Тәмшәт әкә билер еді, мойынды
Ол иықтан бұл иыққа жүгіртіп!..
Кең кеудеден келерінде қулап үн,
Гитараның бұрап алып құлағын,
Орындықта жарасымды шалқайып,
«Ленин тауын» шырқар ед Кулагин?!
Шіркін, олар келе қалса ұшып та!
Болса мұнда бүгінгі бір хошықта!..
Республика далалары бірінде
Қызметінде, қанша олар қашықта?!
Мұнда, мұнда!.. Мұнда екен ғой,- таптық
та-ау!..
Оларда жоқ шақырылса кеп тоқтау -
Жас ғалымның алақаны үстінде
Қонақтаған қызыл қанат құттықтау!..
Досың дос па, бүгін үйге енбесе?..
Дос жетеді, дастарқаның ендесе!..
Міне, тағы біреу отыр құпия
Бағанағы - осы адамы, ендеше! -
Тоқта, тоқта!.. Таныс адам төр алған.
(Жылдар бойы ұмытылған, оралған) -
Айболовтың оң  жағында ақ жігіт,                
Ұзын, қара шашы кейін таралған.
Сүйкімді ғой жігіт осындай - ағы!..
Өңінің сәл жұқарыпты бояуы.
Бұл еді ғой бас инженер дейтұғын                                   
«Біздің ауыл қызындағы» баяғы?..
Ол кітапта айтылмаған аты не ед?..                                 
Гүлжан оны бүгін айтты- Ахмет!..
Жұрт алдында мейлі өлең жазбасын,                                           
Шыны, таза махаббаттың, ақыны ед!..                                         
Рас еді, жүрек оны сағынған!..
Қозғамалық еткен алыс шағынан.
Келді дейді командировкасына
Сонау ғылым орталығы жағынан.
Кісі алдында кісілігін сақтағыш,
Жұмсақ үні баяғыдан-ақ таныс.
 -Бәрекелде, өзіміздің апай! - деп,
Қол созғаны Жәмилаға мақтаныш.
Оған мақтан апайының мұншалық
Сыпайысы, сөйлегені жұмсарып;
(Кеше ғана бір сөзіңе екі айтқыш
Апай аузын жасыратын жүн шарф).
Жұрт аузында:
қыстан шыққан құмдағы
Жылқы малы, жұмыр баспақ, қой-дағы,                          
Жаңа шыққан телевизор - сөзі еді;                                           
Тына қалды.
Көшекте жұрт құлағы,
Көшек кәзі оралады шарапқа,
Төңкеріліп оңға, солға барад та;
Құбылады үстіндегі су жаңа
Бір заманғы жібек «косоворотка».
Халық тыныш көріп тыста, іште отыр;
Тығыны жоқ түрлі шарап ішсе тұр;
Көшек алып ораулысын қолына:
- Гүлжан,- деді,- әкел, шырақ, штопр
Құйып айтты: - Қызықпасым бір сол-ақ,
Ыдысыма мақсаты жоқ толса арақ.
Ауыл суы құм ішіне кіргенше,
Он жыл орап сақтағаным бұл шарап.
Қасымызда забойымыз кұмдағы -
Шаттығымыз бәріміздің мұндағы,
Бәріміздің шаттығымыз - алдымыз -
Партияның ол пленумындағы.
Алдымызда ол ұсынған көп табыс -
Алма бағы, күріш көлі, мақтамыз.
Ынтығамыз өсіруге өмірді
Келер жылы кіріскелі мартта біз!
Осы жолда
Әне би де, әне жыр,
Келешектің ғалымдары және жүр,                         
Өнер, ғылым заманы үшін көтеріп,
Сарқып ішіп... Қане, достар, қане бір!..
Жастар отыр бірін-бірі бөгесіп;
Екі арада еркін ашық көк есік;
Айболов та кәдімгіше көтеріп,
Кәдімгіше ішеді екен түгесіп!..
Қол соғып ол біреу жақсы билесе,
Тындады да домбырадан күй неше:                             
Шіркін, ұзақ ол отырса осылай,
Асықпаса - фуражкасын кимесе!
Киді оны, қол сағаты жылт етті...
Ол өтінді... (елдің көзі елтеді).
Шығарында күлімсіреп, асығыс
Оң қолының басын бізге сілтеді.
...Одан қалып кетерілді ұзақ түн
Гүлжан үшін, мен үшін де, сен үшін...
Қыз дөңгелеп, жігіт билеп ортада                             
Сабалайды етігінің қонышын.
Шапай ғана орындықта бір қырын,
Қоңқаяды үлкен қара-сұр мұрын,
Тыржияды ол, Ахметке қайталап
Гүлжан құйса «Барбарисі» құрғырын...
Шапай ойы өз жанының ерлігі:
Жоқ па,- дейді,- көздерінің ұрлығы?..
Әлдеқашан кетті Көшек, Айболов
Бұл жігіттің отырғаны қорлығы!                                          
«Ұмытқам жоқ, сүюші еді бұл-дағы,
Ей, жігітім, бүйткеңіңше біл-дағы!
Жүрегімде сені сезіп, оянды
Ескі жара сонау алыс жылдағы!
Бәлкім маған өзім жарам жұғады?...
Бір басымды біліп болғам жоқ әлі;
Түсінбеймін, не себепті, меніңше,
Сенің жаның әлдеқайда жоғары?
Төмен қалдым. Ойым жоқ-ты өйткелі,
Тоқта, бірақ, ой аумалы-төкпелі!
Бәлкім мені менен артық ұқты жар,
Бәлкім маған бар болғаны өкпелі?»
Ойлап мұны, Шапай теріс қарайды,
Темекісі түтіні тек борайды,                                           
Еңкейеді, тіреп қолы маңдайын,
Шашын еппен ширатады, бұрайды..
Гүлжан көріп, желпуішін жияды,
Биден кейін ентіккенін қояды;
Нәзік қолы Ахметке, бұған да
Ақырын тек қызыл шарап құяды.
Білер ме едің, ойы қандай алыстан
Келе қалып, жүрегімен алысқан?
Ахметі - бүгін ыстық, бір сонда
Махаббаттың құсы бардай әлі ұшқан.
Есінде ғой,
Тұңғыш өзін қызғанып,
Бірақ мұны ұнатқаны қыз анық.
Сонда түсіп көкірекке ұшқын от,
Лебі бетте қалып қойған қызарып.
Шөлдегені сықылды енді онысы,
Уылжиды, ұғады да оны іші;
Одан бірақ жүрегіне жақыны -
Енді әзінің босағасы, қонысы.
Мейлі, бүгін кешіккені төр алды,
Намыс одан бұрынырақ оралды. .
Адамы бар, қатесі де - сабағы,
Адамзаты қүрмет үшін жаралды.
Құрмет көзі күледі де, қатал да,
Қызулы да!
Тұтан одан от ал да
Үлесіңе үй де - қоғам орыны,
Ең бастауыш күрес орны Отанда.
Сүртіп яки сыпырмасаң отқа да,
Орын мұнда тозаңға да, тотқа да...
Бір үйлі жан бәріне ортақ емес пе
Кезек ұстар есіктегі тұтқа да!
Ендігісі «Ескі ұғымды қу алыс!»
Толық тосты толу үшін құп ал, іш! -
Өз басына бүгін түнде оралған
Оған мұнша ойы бары қуаныш.
Шапай әлі маңдай шашын бұрайды,
Темекісі түтіні тек борайды.
Гүлжан оған айтары жоқ, ақырын
Желкесінен қатал күліп қарайды.
Тәйтік әлі қоныштарын жүр сабап;
Жасқұсы да, Жәмила да қол соғад.
Тұнжыраған Шапай достың шарабы
Ахметтің уысында бұл сағат.
Құшағы от Шапай еді - біледі,
Ахметше - ең бақытты бұл еді.
Шамнан көзін көлеңкелеп Гүлжаны,
Шапайына неге суық күледі?
«Неменесі - қондырып ап тотыны,
Үйтқығаны ащы қою түтіні? -
Жақсы қыздың күйеуінің осы ма
Жүрегінің бақыттысы, бүтіні?»
Орындықта Шапай алабұртады;
Ахмет кеп, иыққа қол артады;
Көңілсіздің ұстатады шарабын
Халін сұрап, одан лебіз тартады.
Шапай үні шашыраңқы шығады -
Қарлыққаны құлағыңды шағады.
Айтуында:
«Бөлме бүгін қапырық,                                     
Бас сынады, жүрек қатты қағады».
Ахметше,
«Шындық емес-ау осы,-
Қалай оған никотині -
дауасы?..
Сәлден кейін бүл кетеді -
Бөлменің
Әлдеқайда жақсарады ауасы»..
Ахметше
«Ақымақ та бесіктен
Ана әлдиін ең бірінші есіткен...
Дос жігітпен дені таза бұл қалып,                                        
«Ескі науқас» шығар ма еді есіктен!
- Қымбат бізде азаматтық, әкелік!..
Қоршау керек би де келіп, ән келіп,-
Ахметті соңғы думан құптады;
Әйнек тұрды үйге шапақ әкеліп.                                       
Терезеде шалқисын да, ап ойға:
Суреттетіп алсам-ау деп Абайға!
Ақын жаны - кейінгі оның толқыны -                   
Адам - өзен құйылғаны забойға!
Қарашы әне!
(Түтін бағып әніміз,
Отырыппыз мінімізбен әлі біз...)
Өмірдегі бір минутты мың сүйген
Таңды қара - әрі жігіт, әрі қыз!
Шапағында осы бір таңсәрінің
Үлесі бар келер адам жарының;
Бұл сағатта мен бесікте ұйқыда
Махаббаты болар ма едім бәрінің!                     
эпилог
Қазір ғана оқылған жыр аяғы                            
Ортасында қалып еді-ау баяғы...
Екпе шөптің аңызында сүйреліп,
Мүжілмей ме менсіз қойшы таяғы?!
«Істеп болдық» - ұран емес жар салар.
Оқушы дос,
Жұмыс алда жасалар!
Нүктемізге біздер асықпасақ та,
Екеумізсіз өмір мәңгі жасарар.
Біздің ұрпақ қартаяр кез бір келер,
Кімге болса өз төсегін жер төлер;
Асықпасаң қалт-құлт етіп ақ таяқ
Менің қарындасымды да жетелер...
Оны қойшы, мезгілдің ол тарлығы,
Сол екен ғой «жаратылыс жарлығы».
Оған дейін: «Істің бәрін бері әкел!
Менікі де, сенікі де - барлығы!»
Ұғасың ғой
Сау болуын өз денің
Отаныңда тілейтінін өзгенің.
Бұл кітаптан таныстарың забойда,                                       
Бар да қосыл, осы - сенің өзенің!
...Жанна бала отырыпты-ау сөз ұғып,
(Кешір, достым, кеттік шыны қызығып)
Күледі ол, жағасында забойдың
Қызыл сазды ботақан қып, қозы қып.
Үндемейді, «ботақанын» құшады,
Күнге карап титтей көзін қысады.
Бала Гүлжан көп ұстаған көбелек
Бүгін мұны шыр айналып ұшады.
Бұл сағатта біздер қанша жыл ұштық!..
Оның сәби жүрегіне жұғыстық; -
Бұл сағатта иегінің астында
Ақынның да алақаны жүр ыстық.                 
Сұрағаны танығанда мені ілкі:
-        He бөрене?... Тас кімдікі?.. Ненікі?..
Сондағы бұл жалғыз жолым -Өлеңім:        
-Нағыз шыным, өзен осы -Сенікі!
                                                Март, 1952- март, 1954