ВЕРНУТЬСЯ

«Ас қадірін білмеген аштан өледі,

Ат қадірін білмеген жаяу қалады».

 

   Қазақ халқы үшін дастарқан үстіндегі дәмнен үлкен нәрсе жоқ.
Тіпті аңдаусызда үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын   көшпенділер үшін, тұз-дәмнің қасиеті ерекше.
«Бір күн дәмдес болған кісіңе қырық күн сәлем бер» деген сөз бекер айтылмаған.

«Кісі айдаса барма, дәм айдаса қалма» дейді атамыз қазақ.
Ертеректе Темірболат ақсақалдан естіген бір хикая есімнен кетпейді.

1920 жылдар Жақанбек атты ауқатты кісінің даңқы қымызбен
шығыпты. Жетісу өңіріндегі ел «шіркін, Жақан аулының қымызы-ай»,- деп тамсанып
жүреді екен. Бір күні Ысқақ деген ақсақал Жақанбектің үйіне барып түсіпті. Жөн
сұраса келе, үй иесі қонағының атақты мешкей Ысқақ екенін біліп, бәйбішесіне:

-   Сабадағы қымызды
сарқып ішетін дәудің өзі келіпті. Шөлін қандыру оңай болмас, тегі. Қымызыңа
іркіттің суын қосып бер,- деп құлаққағыс қылыпты. Бәйбіше отағасының сөзінен
аса алмай, айтқанын істейді.

Екі тостаған қымызды сіміріп салған Ысқақ, ыдысын жозының
үстіне қойып, сыртқа шығыпты. Қонағынан тезірек құтылғанына қуанған Жақанбек те
ере шығып:

- Апыр-ай, ақсақал, жүрісіңіз суыт қой. Неге асықтыңыз?-
десе керек. Сонда Ысқақ:

- Е, Жақанбек, аңсап келгенде, аруақ қонған дастарқанның ақ,
адал дәмін арамдап бердің. Асты қорлағанның арты оңбас деуші еді. Мен содан
шошынып барамын,- депті.

Ай өтті ме, өтпеді ме, осы оқиғадан кейін ел іші бір
дүрлікті. Жақанбек байдың жалғыз ұлы шілденің шіліңгірінде құм ішінде адасып
кетіп, жұрт болып жабыла іздеп, үш күннен соң әрең тапқан. Басынан күн өтіп,
таңдайы қаңсып кеуіп кеткен байғұс бала ауыл іргесіндегі Жаманқұмда жол таба
алмай, қаталап шөлдеп өлген екен.