ВЕРНУТЬСЯ

Ойламаған жерде өз басына түскен осыншама ауыр жүкті қабырғасы қайыспай көтеріп кетуге де, асып-саспай ақылмен шешуге де Еспембет әлі тым жас болатын. Ол өзінің албырт жанын күйдіріп, сай-сүйегін сырқыратып бара жатқан нәрсенің намыс аталатынын да толық түсіне қоярлық шамаға жетіп үлгермегенді. Палуан аталып, батыр аты шыға бастаған жас жігіттің алдынан күтері көп болатын. Жолы болғыштығын  аруақтардың қолдап жатқаны деп қабылдап, тіпті  өзінің табиғатының ерекше жаратылғанына сеніп те қалғандай-ды. Құдірет қамқорлығына өмірбақи бөлене беретіндей болып көрінетін өркөкірек жігіттің тұтқындық, мүсәпірлік хәлі оның өкініш сезімін лаулата жағатыны соншалық, ет-бауыры сол ыссы өкінішке өртене, ылжырай езіліп бара жатқандай күй кешетін. Тағдыр бұрын оны жалқыдай еркелетсе, енді тастандыдай жетімсіретуде. Әсіресе, Ембі тауының ең шығыс жақ ұшпа шыңының  маңына тігілген желкөз керегелі қара күркенің түрулі іргесінен көзіне боз далалы Бозашысы шалынып кетсе-ақ  болды, тартып жатқан жан азаының үстіне қабат-қабат жаңа қайғылар  жамалып, аласұра бұлқынатын. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, түркімендер жайлап отырған осы тау басынан өз ауылы тұп-тура алақанында тұрғандай еді. Тұтқын болып аяқ-қолына қазықтаулы кісен түскелі, үш күн өтті. Үш күн нәр татпады. Барымта-шабуыл кезінде Еспембетті тұтқынға түсірген түркімендер бұны әуелі өлтірмек болып еді, артынан малға ауыстырғанды жөн деп тапты. Өзін жығылған ат астынан суырып алып, түркімендер домалатып буып тастағалы жағын ашып бұл бір үн шығармапты. Қанша сұрағанмен атын да айтпады, аулын да атамады. Үн-түнсіз қатып қалған. Тек қана шамадан тыс алып денеден анда-санда теңіз күрсінісіндей дыбыс тарап  жатты. Ауық-ауық жаралы арыстандай ыңыранып, бұғаудағы барыстай бұлқынатын......Түркімен аулының бас көтергендері бүгін түгел бір жаққа кетіп, Еспембет есіз қалғандай еді. Ол аздап ақыл-есін жинағандай. Орынсыз бұқынуды тоқтатып, жан-жағына көз жүгірте бастағанды......Бес-алты үйден тұратын шағын ауыл екен. Таудың батысынан басқа жақтарының ұшпа шың екенін ол бұрыннан да білетін. Бірақ бұл таудың басына ел қонады деп ойламапты. Қол-аяғы байлаулы атқа өңгеріліп келе жатып жолда ауылдар кездескені есінде. Демек, көзге түспей қашып кету мүмкіндігі жоқ... Басына бостандық алудың жалғыз жолы – елге хабар беру, малға сатылу... Бұрын басына қиындық кездеспеген адуын жасқа осыдан артық қорлық жоқ секілді еді... Малға сатпақ......Тұрмысқа керек нәрседей боп малға ауыстырылып, өз аулына бармақ па?.. “Еспембет батыр”, “Еспембет палуан” қайда жоғалмақ?.. “Батыр Тоқтамыстың батыр немересі Еспембет” деген атақтан не қалмақ?.. Осындай ойлар басына келген сайын ол: “Одан да өлгенім артық!” – деп, қайталаудан жалықпады. Бірақ қол-аяғы кісендеулі кісінің өз еркімен өле  қалуы да оңай шаруа емес секілді... Жер қазық етіп көмген кісен қанша жұлқығанмен қозғалатындай белгі берер емес... Жерді қазып босатырлық қолға ілінер ешнәрсе көрінбейді... Керегенің бір сағанағын жұлып алуға да қол жетпей жатыр......Кенеттен... Иә, сәт!.. Жар басында ойнап жүрген бес-алты жасар екі бала бұның күркесіне жақын келіп қалыпты. Біреуінің қолында – кішкентай белшік!.. Ол ішінен тағы да бір рет “иә, сәт” деп өзін-өзі демеп қойды... Әуестік жеңген екі нәресте босағадан қос қолдай ұстап  бұған телміре қарап қалыпты.  Таңданғаннан ұясынан шығып бара жатқандай боп көрінген мойылдай қап-қара, ботақан көздерге қарап, өзінің пенделік жағдайын ұмытқан Еспембет күліп жібергенін өзі де байқамай қалды...– Атың кім!– Берді!– Белшігің әдемі екен, көрейінші! – деп, қолын созған Еспембетке бала жүгіріп кеп белшікті ұстата салды......Еспембет: “Уа, Тәңірім, рахмет!,  жібердің бе періштелеріңді!” – деді, аяқ астынан тілегін берген тағдырына ризашылығын білдіріп......Белшік қолға түскен бойда жанталаса қимылдап ол жер қазықтан темір кісенін босатып та алды... Осы уақытта қатқыл тау басын дыбысқа толтыра ауылға жақындап келіп қалған ат тұяқтарының дауысы да құлаққа жеткен еді......Жап-жаңа балаларға күле қарап отырған Еспембет мінезі шұғыл өзгеріп шыға келді. Бір қолымен кісен шынжырларын жинақтап ұстаған ол, екінші қолымен бір баланы бақырта қолтығына қысып алып, тұсауға үйренбеген тар тұсаулы аттай ебдейсіз қозғалып, анадай жердегі ұшпа жарға қарай жанұшыра қозғалып бара жатты. Балалардың бақырған даусы ауылдың бар адамын аяғынан тік тұрғызған еді......Жардың ұшар асына жеткен Еспембет сол маңайға жиналған жұрт билігін өз  қолына алып алған... Ауыл адамдарын өзіне он шақты қадамнан жақындатпай тоқтатып қойды... Қатты шөлдегенін енді сезінгендей... Балаға су алдыртып ішті... Біраз уақыт өткесін асықпай көпке қарап: “Бердінің әкесі кім?” – деп сұрады.– Мен! – деп, бір кісі ілгері қадам басты.– Тоқта! – деп, ақырып жіберді, Еспембет. – Мына Бердінің тірі қалу қалмауы ендігі жерде өз қолдарыңда. Бұл бала өмір сүрсін десеңдер, менің қолыма салған кісен кілтін әкеліңдер! Кісен кілтін ашқан бойда балаларыңды босатамын...Төрт-бес еркек азғантай кеңескеннен соң, бір бала қолына кісен кілтін ұстатып, Еспембетке жіберді....Аяқ-қолын бұғаудан босатып алған Еспембет қуанышты кейіпке енді... Түркімендер оны түсінбей дал болып тұр... Қалай құтылмақ ойы бар екен?.. Арғы жағы төрт-бес жүз метр құз... Мына жағы қарулы адамдар...– Әй түркімендер!.. Кәзір Бердіні босатамын. Содан соң мен сіздердің қолдарыңа түсе қоймаспын!.. Сіздерден бір сұрағым бар, орындайсыңдар ма?..– Орындаймыз! – деп шу ете қалды, ауыл адамдары.– Олай болса, сендім сіздерге!.. Тоқтамыс батырдың немересі Еспембет батыр деген мен боламын... Сіздерден сұрағым мынадай бір ауыз сөзімді еліме жеткізіңдер. “Еспембет өлер алдында қол-аяғын бұғаудан босатып алды. Ембі тауының ең биік шыңынан секірер шағында бас бостандығы өзінде еді!”...– Ал Берді бара ғой. Рахмет саған!.. Бала жүгіріп барып ата-анасына жабысты.– Мен азатпын!.....Еспембеттің “азатпын” деген қуанышқа суарылған шынайы  айқайы биік тау басынан Бозашы даласына қарай өрлікке толы ғажайып намыс рухын тарата, өзімен бірге ұшып бара жатты......Осы уақиғадан кейін Маңғыстаудағы Ембі тауының күн шығыс жағының етегінде “Еспембет қандығы” деген жаңа жер атауы пайда болып еді...                                                   Ақтау. 14.04.2001 ж.