ВЕРНУТЬСЯ

    Бала кез - жалақ ерін, жыртық иін -

Ойласам қызық екен тұрпым кейін.

Еске алдым бірер сөзді ғажап шақтан,

Қойсын деп өткен күнге ұлтым зейін...

...Боршаға тіс батпайды талмамасаң,

Тулаққа шашқан тары - талма, қасаң.

Аш адам шел пұшпақтан құйқа көмген,

Үзілер, өзің, құдай, жалғамасаң.

Қатықсыз төңкерменің түрі жаман,

Сораң жеп кезі шыққан - тірі надан.

Құрдасым бұл күндері ашпын дейсің,

Ұмыттың кешегінді "шірік" адам.

Құмаршық қуырылса балдай татыр,

Аллаға түзе дейді жағдайды ақыр.

Тамыр жеп, шөп қайнатып ұрпақтарын

Кемпір-шал алып шыққан қандай батыр.

Кеткендер қайтты кейін "жолаушылап",

Кенелдік - көбік жалап, бұзаушық ап.

Құрт қажап, қаспақ қырып, собалақ жеп,

Мастанған адам азар жүр-ау шыдап...

...Қалған мен қатал заман зәрі сынып,

Сол бір кез бола қоймай әлі ұмыт -

Жүрекке жара сала қажап жатыр,

Қалыпты түкпірінде бөрі тұнып...

 

Сағынышты, қимас шағың - балалық кездің қиындау бір сәттері
туралы жазылған бұл бес-алты ауыз сөздің кәзіргі жастарға түсініксіз сөзі де,
сөйлемдері де бар екен. Түсіндіре кетелік.

-        Борша - асуға
келмейтін арық малдың кепкен еті. Оны от қоламтасына көміп пісіреді.

-        Тулаққа шашқан
тары - қыс күні балалары тоңып қалмасын деп аналары тәңертең колхоз жұмысына кетерде
бір уыс тарыны әрі ас, әрі үйден шығармаудың амалы ретінде, тулаққа шашып
кететін болған.

-        Шелді пұшпақ -
мал сойылғанда терінің кей жерлеріне азғана май, ет кетіп қалса, оны шел дейді.
Терінің шелі бар жерін отқа көміп жейді.

-        Құйқа -
пісірілген шелді пұшпақ.

-        Төңкерме -
ұнды шәуім қазанға қызарғанша қуырады да, үстіне аздап су құяды. Соны кеңдеу
табаққа шәуіммен әкеліп төңкеріп сала салады. Содан төңкерме аталған. Аштықтың
қырсығынан болар төңкермеден ыстық нәрсе көрмедік.

-        Қатықсыз -
етсіз, майсыз пісірлген тамақ.

-        Сораң - дәні
бар шөп. Қыста дәнін қағып алып төңкерме жасап жейді. Улы сораңнан адам
уланады, көзі көрмей қалады.

-        Көбік жалап -
балалар шешелері сүт пісіргенде ағаш қасықпен сүттің көбігін жалап отырушы еді.

-        Бұзаушық -
балаларға аналары ірімшік суынан сарсу қайнатқанда шетінен бір үзіп беретін. Ұқыпты
балалар ортасын тесіп, (дөңгелек тоқаш секілді) жіпке тізіп қоятын.

-        Собалақ -
Аналары отқа нан көмгенде қамыр шетінен баласына үзіп берсе, ол оны қоламтаға
көміп жейтін.

-        Жалақ ерін -
Күнде көп жүргеннен, витамин жетіспегеннен еріннің жарылып кетуі.

-        Жыртық иін -
тозған киім, көйлектің иық жағы күнге желініп бұрын тозады.

-        Тұрпым -
кескінім.

-        Жолаушылап -
"халық жауы " атанып сотталып келгендер.

-        Қасаң - көбіне
дән тамақтарға арналып айтылады. Ескі, жобадан тыс ылғалды деген түсінік
береді.

-        Құмаршық -
дәні бар шөп. Дәні дәмді болады.

-        Кенелдік -
қарық болдық деген мағынада.

-        Үзілер - өлер.

-        Жалғамасаң -
көмектесіп жібермесең.

-        Талмау -
бірден жұтып қоймай, талмап дәмін алу.