ВЕРНУТЬСЯ

               Аспан
айналып жерге түсердей шілде айы. Тас-төбеден арқан бойы етекке сырғыған күміс
күн аш бүйірден қадалып тұр. Беті кебіртектенген сүреңсіз, сұрқай футбол
алаңынан қайта тепкен ақ жалын лапылдап жүзіңді шарпиды. Көк төсін
кіреукелейтін бұлттардың қауырсындай қалқыған жұқанасы қалсайшы, аспан сүртулі
терезедей мөп-мөлдір. Сырдың аптабы қоңыр кеш түспей ұйықтамайды. Қала халқының
алмағайып  табиғат мінезіне мойынұсынғаны
соншалық: бүкіл дүние кіндігінен кері айналып, қар қылауласа елең етпес, қазір
топ-тобымен стадионға ағылуда.

Көнерсе
де "бутси" аты бар ақ жеміктерін шаңдып байлап, алабажақ кедриларды
тізелікке қарай қайта-қайта созып, қайыра бүктеген "Аптаптың"
футболшылары шарық киген шаруаларша бүкшеңдей басып, ортаға беттеді. Допты
ерсілі-қарсылы шиыра соғып, бой қыздырар кезеңге иегі іліккен Қайыпберген сырт
көзден сырғақтаған күйі төреші-хабарламашының биік маңдайшалы тақтай кеппесінің
көлеңкесіне жайғасқан-ды. Қос қақпаның арасы алақанға салғандай анық, беріректе
қаздай тізілген қағаз қалпақты жанкүйерлер - балалар. Тығыламын деп тым биіктеп
кеткенін енді сезді.

Жүгіру
жолының жолақ сызығын бастыра қойған жалпақ скамейкада киім күзеткен Оразбек.
Қолындағы қара тысты блокнотқа қайта-қайта жазуы мен қара көзілдірігіне
қарағанда, аты шулы команданың бапкері дерсің: отырысы нық. Жаттықтырушының ту
сырты - жанарын қарып алғандай жалт бұрылған Қайыпберген таяқ тастам жерде доп
қақпақылдаған Пеле-Құдайбергенмен көздері түйісіп қалған-ды. Ұзақ ұстасуға жүзі
шыдас бермеді, қақпа ортасында қадаулы 
таяқтай қақшиған Серікбайға ауды назары. Оның да қарапайым
қимыл-әрекетінде селқостықтың сызы бар екен, оқта-текте сереңдеген сырықтай
денесі оңайлықпен илігер емес, тосыннан аңдасаң, тіпті қауқарсыз. Қаңғалақтаған
доптың біреуі Серікбайдың құлақ-шкесінен оңдырмай қағып өткенде, ғайыптан
көтерілген қуаныш лебі Қайыпбергеннің кеудесін желпіп қалды. "Көріңдер,
менсіз күндерің қалай боларын!"

Дәстүрлі
"Былғары доп" турнирінің аудан орталығындағы финалдық бәсекесіне
жанкүйерлер аз келмеген тәрізді. "Бір жерде ит күшіктепті" десе, қос
өкпесін қолына алып ұшатын қара сирақ, ши борбай балалар мен арғы атасы
спорттан тараса, бітті, ойын атаулыны қаза жібермейтін жанкүйерлер.

Кәдімгідей
желпініп-басылып, абыр-сабыр. Алматыда көрген "Қайраттың"
жанашырларынан бір мысқал да кем түспес. Қайыпберген сонда да кекірейген қалпы
мұрнын шиырумен отыр. Шеңбер сызыққа текірек желіспен тарта жөнелген
төрешілерге дейін қораш көрінеді, иненің көзінен өткендей ыздиып тұрған жоқ,
киімдері де олпы-солпы. Әп-сәтте қатқыл алаң үстімен сатыр-сұтыр жүгіріс
басталды да кетті. Оң қанаттан өзінің бұрынғы орнын іздеген: күн сайын класқа
келіп, зәңкиген бөлмені басына бір көтермесе, ішкен асы бойына тарамайтын
көкайыл Базаркүлдің жалпақ бас қарасы құдыққа құлаған құрбақадай тарбаң-тарбаң
етеді. Мұндай қаны қайнамас. Мына қорлығы үшін "Аптап" командасы 10:0
есебімен жеңілсе деген мысық тілек бүйрегінде бүлк-бүлк етеді.

-
Әй, мынау "Аптабың" жүні түспеген жалба тайлақтар ма, немене? -
Трибунадан егделеу кісінің қаңқылдай күлгені құлағында, шола қараған. Бұлардың
қасында қарсылас "Қыран" командасының футболшылары тотыдайын таранған
екен, бітімі бөлек. Сонадайдан ақ майкалары шағала қанатындай жалт-жұлт етеді.
Таласа кетуден тартынып, башпай ұшымен ғана дабырасыз ымдасқандай. Тек, қисыны
келгенде оң-сол деп іркілмейді, қай аяғымен қақса да дік еткізіп, допты
әріптесінің алдынан шығарады. Жүрістерінде сырбаздық бар. Бірден ұшқындай
шабуылдамады да толығынан туған айдай қызғыш доп басына тисе де кейін қағып,
өзара жауаптасып алады. Қиқу шалса, кеудесімен жер соға ұмтылатын
"Аптаптың" темірқанаттарын жүйеден жаңылдырмақ, сірә. Сөйткенше,
кенеуі кеткен майкасының жеңі далақтаған Пеле-Құдайберген суырыла шығынып,
адасқан допқа әуейілене берген...

-
Жанықпа, кейін қайт! - деген у-шудың арасынан шаңқ еткен қатқыл дауыс албырт
шабуылшыны қалт еткен жеріне қазықтай қақшитты.

Жаттықтырушының
осы бір әмірлі үні Қайыпбергеннің құлағына түрпідей тиетін. "Қай онған
жаттықтырушы, сиыршы жаман Сатайдың баласы". Сөй дейтін әкесі, рас шығар.
Мектеп бітіргеннің біразы оқуға, қалғаны қой бағуға кетсе, оның әлі де тындыратын
шаруасы бардай ауылда жүр. Сатайдың орталықта бес бөлмелі тамы бар. Әй дейтін
әже, қой дейтін қожа жоқ жалғыз өзі. Түн жарымы ауғанша терезелерін жарқыратып
қойып кітап оқиды. Сиыр сәскелікте шіреніп оянып, шарбағынан шықпай жүгіреді,
секіреді, әйтеуір, тіршілігі түсініксіз, көңілге қонбайды-ау. Бір ғажабы:
өзінен кішілерді құрдай жорғалатар мариям шөбі мықты. Ауыл балаларының
төңіректейтіні сол. Арасында Қайыпбергеннің өзі де бар. Бөлініп футбол ойнап,
команда жасақтайды. Жаттықтырушылық мойнына қиып салған қызметі тәрізді,
ескі-құсқы спорт майкаларын номерлеп, жамап-жасқап, үлестіретінін қайтерсің.
Биыл "Былғары допқа" қатысуына да, команда атын "Аптап"
қоюға да атсалысып жүрген Оразбек. Екі қолы алдына сыймай, әуреге түскен баланы
Қайыпбергеннің әкесі конторына шақырып, ақылын да айтқан:

-
Қарағым, оқу қонатын адамға он жыл да аз емес, оқыдың. Енді елтең-селтеңді
қойып, ел қатарына қосыл. Атаң: "Асық ойнаған азар, доп ойнаған
тозар" деп бекер айтпаған. Піркәзіңді қазір берейін, ертеңнен бастап,
әкеңе көмекшілікке бар. Емешең құрып бара жатса әлгі мәшігіңді құшақтап ала кет...

Бұл
ауылда Сердәлі десе, жасынан жасамысына дейін құрақ ұшатын, ал Оразбек
бедірейіп қатқан да қалған.

-
Піркәзіңе "спорт нұсқаушысы" деп жаз.

Қайыпбергеннің
әкесі үйде отырып жағасын ұстады.

-
Ойпырмай, таскене екен, қылғуырдай қадалды. Дүйсекеңнің тіленіп спорттан жеген
нанына дейін қайдан біледі? Спортты берем мен, бірақ оған емес. Сиыр бағудан
қалған күні сақалы саудыраған әкесі Сатайға берем! Не істейді ал!? Көше кезген
шпана пірім емес, маған елге еңбегі сіңген адам қадірлі. Қарашы мұның!..

Жан-жақтан
жамыраған дауысқа селт етіп, оңдалып отырған. "Қыран" командасының
белгілі шабуылшысы Тимур Исаев сахнадағы цирк артисінше зыр қағып қақпаға төніп
қалыпты. Күнде кездесетін кір-қожалақ қорғаушы Қоныс аңдысын аңдап,
тас-табандап тұр. Бұл - Оразбектің ақылы. "Әп дегеннен қарсыласыңның аяқ
астына өңмеңдеп жығылмай, шегіншектеп жолын тосыңдар", - дейтін.
Қайыпберген мұндай тәсілге қарсы. "Жасындай жалт етіп, жұлып
түспегесін!" Сөйткенше Тимур қақпаға тартып жіберді. Көз алды доп емес,
көкжиектегі қызыл шырайлы күн лапылдап жанып бара жатқандай. Қорғаныш болар
Серікбай ма, қос қолын ілгері созып басын сауғалады.

-
Гол!

-
Го-ол!

-
Ә-ә, жаны құрғыр, жанының тәттісін көрмейсің бе дере сирақтың!

У
да шу.

Қайыпбергенның
жүрек тұсы шымылдап, бағанағы мысық тілек іш құрылысын қан жоса қылып тырнап
өткендей ауырсынды. Қазір көз жасын жеңіне сүртіп, тулап, торда тыншыған
момақан допты бүкеңдеп барып әрең көтерген Серікбайға деген зілі жеңілдегендей
түсініксіз күй кешуде. Бір жағынан тілі пышақтай жанкүйерлер:

-
Әй, анау қақпашы емес, ұзақ қарға сияқты бірдеңе ғой!

-
Жүнін жұлған тауық де!

-
Ауылда қайбір төрелі спорт бар, қайта табалдырыққа табаны тиіп құлаған өздері
мықты екен.

-
Бұл мықтыларға жалба-майкі кигізбесе, жұрттың көзі өте ме? Әлде, директорлары
ақшасын аяйды ма?

Директор
- мұның әкесі. "Жаман Сатайдың" көк қырсық баласы бетінен шармай
алмаса, бұлар үшін киімнен тау тұрғызу қайлы ол. Әлі күнге балаларының бетіне
жел боп тимегенін бұл жақсы біледі. Дариядай мол ықыласының шет жағасынан
мейірім іздейтін Оразбек пе? Қырсығады. Тауды арқасымен тіреп тұрғандай
қырсығады келіп. Қайтсін? Әйтпесе. "Аптапта" доп қуалап, сілікпесі
шыққан кезде сүргіндеп үйге келе құлайтын Қайыпбергеннің берекетсіз кәсібінен
де хабардар. Бірақ тілге салып, тәйт деген емес әкесі. Мұның өзі де бой-сойы
келіскен команданың айтулы шабуылшысы. "Ақ маржанмен" арпалыста өткен
алпыс минуттың ішінде жарқ ете қалған жалғыз доптың авторы.
"Курортнаяның" қақпасына топырлатып үш гол салған кім? Сердалиев!
Енді не керек? Арқасынан қағып, ризашылығын бүкпесіз білдіретін жаттықтырушының
ақтық айқасқа тұяғы ілінер-ілінбесте: "Футбол - сенің мұратың емес"
дегені не жосық? Мұның бар жазығы - финалдық ойынға жаңа майка киіп шықпақ
ниетін айтқан. Кеудесіне қыз-жігіттің көк төсінен жұлдыз санап жатқан бақытты
сәтін бейнелейтін аты шулы "Адидас" фирмасының бұлды бұйымдарының
бірі. Оразбек: "Болмайды" деп қысқа қайырған. Қайыпберген
"неге" деп ежіктемесін бе? Сол үшін естімеген сөзі жоқ.

-
Намысты модамен емес, анау терің сіңген майкалармен қорғайсың, келіссең...
Ауылың үшін күресуді ар санасаң, басыңа сомбреро киіп, басқа командаға
қосыларсың... Бізге керегі ойының ғана емес, адамгершілігің... Білдің бе?

Оразбектің өз пікірі ме, кітаптан оқығаны ма, Қайыпберген
қайырып жауап айтарға уәж таппады. "Ауыл дей ме, намыс дей ме?" мұның
зердесіне жетпейтін бұлыңғыр бірдеңе. Көне киімдерін мұқият орап, сөмкесіне
бутсиына дейін пәттелеп салды. Сосын, "қызығыңдар, қызығыңдар!" дегендей
көгілдір "Адидасты" кергілеп-созғылап шыттай киінді. Аңтарыла қараған
балаларға түк сезбегендей сыпайы ғана: "Енді сендермен ойнамаспын"
деп, кері бұрылды да, ысқыра әндетіп жүре берген... Сол жолы үн-түнсіз ішінен
тынған Оразбектің бәлесі артында екен, ертеңіне Қайыпбергеннің әкесі отырған
бөлмеге баса-көктеп кіріп барыпты. Кіріп барыпты да, түйеден түскендей:

- Сердеке, финалға шықтық, - депті. "Не деген әдепсіз
десейші!"

Директордың
сүйегі темір емес қой, баласындай бір бозөкпе басынып тұрғасын, ал келіп
ашулансын.

-
Дұре-ес бопты. Финалға шықсаңдар, ұшпаққа шыққан екенсіңдер! Осылай
бет-беттеріңмен кете берсеңдер, әлі талай жерден шығасыңдар сендер!.. Қойымды
бағып, шөбімді шауып міндетсінгендей, айда, тартыңдар! Млица шақырам,
әйтпесе!..

Көк
желкесінен қырсығы тартқан Оразбектің бұл сөз қаперіне де келместен тас
табандамасын ба?

-
Бізді ауданға жеткізетін көлік беріңіз...

-
Көлік пе керегі?.. Анау кассирді таситын бадабоздың бөшкесіне мінбесеңдер, таландарыңа
бәрі бұзылып жатыр. Сауатың бар бала көрінесің, "қойды құртып, мына
потболистердің жағдайын жасаңдар" деген әлгі төбесіне шыққан пиналыңнан
бір жапырақ қағаз ала келмедіңдер ме? Бір-бір машинадан мініп гөләйттайсыңдар
сонда!..

...Кешкі
шайға әкесі бұлқан-талқан болып бүлініп келді, әйтеуір. Алдындағы үйме табаққа
шүйліге отырып:

-
Сатайдың ұлы мал болмас, - деді.

-
Е-е, не боп қалды? - Қолынан кесе-аяқ шылдырамайтын шешесі самаурынды сыбдырсыз
ғана күміс подносқа нықтап жатып, қасын көтере таңданған. Тураулы тамақтан
қарбытып қалған әкесі түйілгеніне қарамастан сөйлей жөнелді.

-
Опырмай, нағыс ғағынды гелгірдің өзі. Гүлге аунаған қара қайыс тайлақтай жиырма
баланы әкеп тұр маған. Мыналарға спартевни керек дейді.

-
Сол ма, құдай-ай! - Шешесі байсалды қалпымен суы сорғалаған самаурынның да,
әкесінің екпінін де бірдей басты. - Онымен сөйлесіп, нербіңді құртқанша?..
Қағындырып жібермедің бе? Барсын!.. Әрі кетсе сиынар пірі Сатай ғой!..

-
Жо-оқ, күйдіргенде, өз балаңды сықитып киіндіруді білесің деп Қайыпбергенді
алдыма ас қып тартуын жаманның.

Осы
ойына түскен Қайыпберген үстіндегі шетел фирмасының балапан түкті жұп-жұқа
тоқымасын алақанымен сипап, майда жолақты барқыт шалбарының балағынан үзіктей
ұмсынған аппақ жұмыртқадай крассовкасына тояттай көз тастады. Қолына ұстайтын
былғары тысты дипломат - міне, қасында! Ғажап, ә! Бәрі де музыка, музыка! Дәл
қазір сымбатты тұлғасымен алаң ортасында жарқылдап жүрсе ғой, кімнің көзі
сүрінбес! Бірақ шешесінің күпті көңілден айтқан қаупі есіне оралғанда лепірген
көңіл сап тыйылды.

-
Әй, ол, тегінде, түрткілеп бірдеңенің ұшығына тиер. Сол жүгіріп-секіретіндерге
сендерде тиын-тебен бар емес? Қай жылы Дүйсекең екеулерің бір-бір домашнидан
киіп едіңдер ғой!

-
Сол шалды қойшы. - "Оразбегің оңай болмады" дегендей, әкесі кесесін
ықылассыздау итере салған. - Үлкейген сайын миы сұйылып бара ма, қай күні мың
сом ақша босқа күйеді енді деп, ауданға алпамсадай машина мініп кеткен.
Әрқайсысы жарты тонналық екі штанга әкеліп тұр. Енді жылайды: "Мыналар мен
өлмей списаниеге кетпейді, тие көрмеңдер!" - деп. Қара темірге қақтығып
жұрт өле алмай жүр ме?

Тау
астындағы туннельден сарнап шыққан поездай жанкүйерлер даусы құлақ тұндырды.

Сүйтсе,
аптаптықтар ортаға қарай сыпырыла шығып, қақпаны торуылға алған да, қарсыласын
белдеу сызықтан бері бастырмай байлап тастапты. "Қыранның" жер-көкке
тигізбей қолпаштайтын желаяқ шабуылшысы Рашид Назаров қанша кимелесе де
жеке-дара қалып, бірнеше мәрте ойын тәртібін бұзды.

-
Ойбай, әне, қараңдар! Ескостбенни абсайт! - Жақын маңайдан жағы сембейтін
шақылдаған жанкүйер тәсіл-тактиканы жіліктеп шағып отыр. Шынында, бұл жүйені жаттықтырушы
күніне жүз қайталайтын. Ойын суреті өзгеріп, жұмбақ құбылысқа айла-шарғысы
таусылған "Қыран" дағдара бастаған-ды. Әлдеқалай, көрермендер
арасында көңілділік пайда болды.

-
Мына жалба-тайлақтар нағыз техничнидің өзі, ал!..

-
Ана, пент жасайтын тайпақ бас қараны көрдің бе, Пелеге тартып туғанын
қағыңғырдың!..

-
Е-е, бұлар жаңа киімді қайтсін?.. Подпольеде дайындалған ысқаяқтар ғой!

Үміт-тілектерін
"Қыранға" қосып, көбелекше ұшып-қонған қала оқушыларының бірен-саран
ғана мойын созып шар-шар еткені естілмесе, басқасы сілтідей тынған. Әлем
чемпионаты ма, ауылдағы қарапайым доп додасы ма, бәрібір, футболға шексіз
сүйіспеншілікпен ол арасын айырып білу қабілеті нашарлаған көне көз
көрермендердің көбісі енді сыпырылып "Аптаптың" сойылын соғуда.

Назаров
тағы да ойын тәртібін бұзған кезде стадион үмітті көзбен қалт етіп төрешіге
телмірген. Үскірікте үн жоқ. Қазылық жасаушы зіңкиген жігіт көрсе де көрмеген
кейіппен ыңғайсыздықтан мұрнын шұқылап, шабуылшының ізімен ілесе шапқылап
келеді. Даладай кең қақпада дегбірі қашқан Серікбай бұрынғыдан бойын біраз
жинап, ширақ тұр. Күтпеген жерден оқша атылды. Қауіптің жолын қақ бөлгенде,
жаны қыдырған доп қақпашының бауырына басын тығып, қимылсыз қалды.

-
Молодец, Серікбай! - Бұл сөздің аузынан қалай шыққанына Қайыпберген есеп беріп
те үлгерместен, қазы жігіт он бір метрлік айып алаңын нұсқап, ақсаған аттай
китіңдеп тұр. Үскірікте "шындық" деп шырылдаған үн емес,  қырылдаған үзік-үзік ыңыл дерліктей. Төреші
не деміккен, не дімкәстен көкірегі сау емес, үрлеген ауасынан үскірік те
шашалғандай әсер қалдырды. Мазасыз жанашырдың "Содия на мыло" деп
тамағын жырта айқайлағаны - әділетсіз шешім жанында масаның ызыңындай көмескі.

Шабуылшы
мен қақпашы. Тегеурінді де, айлалы аяқтан пәр алған былғары доп тұнық ауа
бауырымен сыза көтеріліп, ет қызуымен ілгерілеп кеткен Серікбайдың көк
желкесінен аса түскен. Қайрыла бере қызғылт бейненің қақпа сызығынан кесіп
өткенін көргесін, жерге жүгіне құлады... Құлап жатып, шаңы бұрқыраған сорды
жұдырықпен ұрып жатыр, ұрып жатыр. Әдемі соғылған, бірақ әділетсіз голдың
байыбына бармаған көрермендер әр жерден шашырай қол ұрғанда, араларында әкесі
де отырғандай елестеді. "Аптапты" әсіресе Серікбайды аяп, екінші
жағынан тұла бойын ыза кернеп қалшылдаған Қайыпберген атып тұрып, тас басқыштарды
тасырлата төменге қарай жүгірді. Ауылдастары алдында сертке бергісіз сөзін де,
әкесінің тапсырмасын да ұмытты. Күні кеше есікке беттеген мұны табалдырықтың
қыр көзінен тоқтатқан:

-
Сатайдың баласына пенде боп футбол ойнасаң, анау аттаған табалдырығыңнан бері
қайтып басушы болма. Ұқтың ба? - Үлкенге тіксініп тіл қатпайтын әдеп күрмеу боп
түсті де, не құптағаны, не қарсыласқаны белгісіз мұрын астынан міңгірлеген.

-
Сатайдың баласы үшін ойнамаймын ғой...

-
Енді не үшін?

-
Ауылдың намысы үшін. - Оразбектен естіген 
сөзін ауыз ұшымен айтқан.

-
Не дейді-әй, мынау! - Әкесінің бұғағы бүлкілдеп, сарғыш өңі үстімен бет-жүзіне
қызыл бояу қашты. - Доп тепкеннен бүкіл дүние тегістелсе, мен сені
"Қайрат" емес, тұп-тура, әлгі "Динамоға" алдыртуға
құдыретім жетеді. Қазір футбол емес, әкеңнің абыройымен ойнап жүрсің. Ұқтың ба?

Бұл
әңгімеден соң бар ниеті - "Аптап" ұтылса табаламақ еді. Енді
көрмейсің бе, қоламта астындағы көмулі шоқтай ар-намыстың қайта қоздауын.
Асығыс адымдаған күйі ардың да, намыстың да не екенін түсінген тәрізді, тіпті
олардың тұрағы да белгілі. Бәрі де ұя салып, көкірегіне қоныс тепкен екен, ішкі
әлемі алай-түлей! Кеудесінен кері итерген қарсы әсер мен кедергі күштерді қақ
жарып Оразбекке де таяды. Байқап келеді, қос таймның екі арасындағы үзіліске
шыққан балалардың жігері жасымаған, қайта қара қошқыл өңдерде - қызғыш нұр,
көзде - от, бәрі де бой-бой терлеген. Жаны неден ыршып түскені өзіне белгісіз,
жаттықтырушыға жетіп-ақ барған.

-
Алаңға мені жіберші, мені!..

Оразбектің
жүзінде таң қалудың табы да сезілмейді, жайбарақат. Сәл-пәл жанарынан ұшқын
атқан мейірім сәулесі  Қайыпбергенге жылы
леп ескендей. "Қыздырынуға кіріс" дегені ғана құлағында. Мұндай
құдіретті сөзді бұрын-соңды ешкімнің аузынан естімеген бе, теңіздей толқысын!
Қолы қалтыл қағып, Қоныстың тер жуған футбол-жейдесін апыл-ғұпыл тартқылап
шешіндіре бастады. Қолаңса иіс, баттасқан шаң, күн жеген көне деген жоқ,
батырлар арман еткен ақ сауыттай басын бір сұғуға асық. Жаттықтырушының жалпыға
айтқан кеңесі еріген қорғасындай ой жүйесін қуалайды.

-
...Қазір "Қыран" қорғанысқа көшеді. Топырламай кейін шегіншектеп
ілгерілеуге кеңістік беріңдер. Шабуылды міндетті түрде орталық алаңнан жартылай
қорғаушылар бастасын. Бұл Пеле мен Қайыпбергеннің допсыз еркін қимылдауына,
қақпаға жақындауына мүмкіндік береді. Кім шаршады? Ешкім де ме? Ендеше, күміс
кубокті қолға алуға жарты сағат уақыт қалды деп есептеңдер! Жарты сағат!
Барыңдар!..

Үш
минуттан соң "Қыран" командасының торлы қақпасында толық ай тулап
жатты. Алғашқы гол! Қорғаушылар шебіне зобалаң туғызған Пеле-Құдайберген сансыз
аяқтың арасынан саңылау тауып жерлете соғыпты. Қайыпбергеннің жүрегі жарылуға
шақ қалды. Шабуылшының көн терідей бетіне сүлікше қадалды. Жолдасының самайынан
сорғалаған тері ерніне тигенде ашырқанбады да, қайта құшырлана сүйді, көңілі
босағандай ма?..

Алғашқы
голмен аптаптықтардың аяғына жел біткендей ойын жылысып жүре берген. Балалардың
шабыт қанатына мінгені соншалық, былғары доптың жамбасы жерге тимей зыр қағуда.
Қайыпберген енді "Қыран" командасының айбат атағын да, делебе
қоздырар жанкүйерлер қиқуын да ұмытты, шүйлігіп - төмен, қайқия - жоғары ұшатын
қарлығаштар тобымен қосыла самғағандай сезімде. Айқара ашылған дарбазадай кең
қақпа алдында түлкінің қызыл міршайындай секектеген допқа аяғын тосып үлгерген.
Анау жалт беріп, құрулы торға сүңгіп кетті. "Гол!" Бірақ жылт еткен
қуаныш, лып етіп сөнді. "Тәртіп бұзылды!" деп қолын қайшылап,
табанының астын тарпыған төрешінің ысқырығы жер жарады-ау, жер жарады. Нақақтан
күйіп жатқандай. "Төрешімен тайталаспа!" Осы сөз ойына түскен
Қайыпберген ашуға булыққан күйі жалт бұрылды.

"Аптаптың"
футболшылары қарқынынан әлі де таймаған. Шаршады ма, әлде шама-шарқына сенімсіз
бе, қарсыластар топырлап айып алаңынан ұзар түрі жоқ. Құйындап бір-екі соқса,
қорғаныс көбесі сетінеп, шығыршығынан сөгілгелі тұр. Қайыпберген киіп-жарып
ұрымтал шепке шыққан, "Қыранның" қорғаушысы қос қолдап белінен
қаусыра құшақтады. Сәттік қана дөрекі қимылға үскірік үнсіз қалуға пейіл еді,
әлгі әл-дәрмені біткен ойыншы тісті бақадай жабысқан күйі төрт-бес қадам
сүйретілмесе. Құмығып барып үскірік те шырылдады-ау! Уақыт тығыз. Осы бір он
метрлік айып добын соғып үлгерсе, арғы жағы - қосымша тайм! Бор төккен
алақандай нүктеге қызыл допты бізше нықытқан Қайыпберген тоғыздықты нысаналап
тартып жіберген. Стадион іші - у да шу! Қарсы алдында арсалаңдаған
Пеле-Құдайбергенді аңдады. Ысқырық. Секемшіл жүрек селт еткен. Төреші голды
есепке алмапты. Мә-сағ-ған! Алдынан тістеп, артына жолағанды тебетін асау атша
осқырынып маңына адам жолатпаған төрешіге қалай жетіп барғанын өзі де білмейді.
Финалдық бәсекенің біткені жайлы соңғы рет ысқырмаққа оңтайланған қолдан
ұстаған. Төрешінің жанары төгілген сиядай шапыраш-шапыраш темірдей тегеурінді
жұдырығымен мұның кеудесінен өңмеңдете екі-үш рет нұқыды. Шалқалай құлар ма
еді, біреу қолтығынан демемесе. Теңселген қалпы бірдеңе демекке оқталған. Тілі
күрмеліп, ерні жуыспайды тіпті. Мұндай күймес Қайыпберген. Төрешінің әділетсіз
қиянатын бетіне басып ұялтпақ еді Қайыпберген! Жалғыз добы түссін, жылаған
шындық, аяққа тапталған намыстың мән-мағынасын түсіндірмек Қайыпберген. Сөйтіп,
әділет сұрамақшы Қайыпберген!

Көзі
алаң шетінде бүк түсіп, бүкірейген Оразбекке ауған. Бұлар жаққа назар да
салмастан саусақтарын аяусыз бұрап сындырып жатқандай ма?.. Түсінді. Әлдеқайдан
әкесі ойына оралған. "Жетермін, - деп тістенді. - Жетсем, төрешіден
таппаған әділеттің құнын сізден өндірем. Бәріне кінәлі сіз!"

***

Әкелі-балалы
екеудің бірінің көзіне екіншісі тура қарап, үй тірлігінен басқа тақырыпта тосын
адамша, бірақ мақсат-мұраты ажырамас қос халықтың елшісіндей сөйлескені сол
жолы шығар. Арада апта өтпей-ақ Сердекең үйге көңілді оралды. Қолында
телеграмма.

-
Ұста, асығыспын, - деп бұған ұсынып тұр. - Әй, күшіктер-ай, зорлық көрдік деп жылап-еңіремей
жүрсеңдер екен. Ойнайсыңдар күшікше, сосын таласасыңдар. Ал кеттім!..

Қайыпберген
телеграммаға шүйілді.

"Аудандық
спор комитеті мен "Жастар" ерікті спорт қоғамының төрешілер алқасы
"Аптап" командасының бапкері Сатаев пен совхоз директорының шағымын
орынды деп тапты. Финалдық бәсекеге қазылық жасаушы Тұмановтың совет спортына
жат әрекеті сыналды. Жаттықтырушылар советі "Былғары доптың" облыстық
турниріне "Аптап" командасын қатыстыруға шешім қабылдады". Онан
әрі оқуға көзі бұлдыраған Қайыпберген жүрегі алып-ұшып тысқа беттеді. Қиялында
- жүздері жайраң қаққан достары мен жымия күлген Оразбек!