ВЕРНУТЬСЯ

Ат  шалдыртып,  бел  босатып    алалық – деп, жортаққа бергісізаяңмен айғыр топ алдында келе жатқан, дене мүшелері жасына сәйкес сұлулана толысып, мол денесіне ерекше сән бере бастаған сақа жігіт астындағы меңсіз торы тізгінін тежей берді. Желсіз күнгі қайықтай сырғанай жылжып келе жатқан аққу мойын торы – басы сыңар езулей тартылғанда тұяғын жиі-жиі  түйрей басып, көп алдында көлденеңдей билеп – Мен әлі жүрістен жалыға қойған жоқ едім ғой – деген өкінішін байқатқандай. Табиғаттың ең сұлу жаратылысы   жылқы малының құдіреттілігін танытар, ақыл мен ашуды араластырып құйғандай  ғажайып көзі, осы жолы иесіне шатынай қарап, мені неге рахат жүрістен айырдың деген ренішін білдіргендей екен.  Мына көрініс көкірегі сезімді жанға – даланың сәні әдемі атқа мінген сұлу жігіт те, өмірдің мәні дәл осындай сәйкестігі табылған жарасым ба – дегізері  сөзсіз еді……Атын сәл тыныштандырып алып, енді үзеңгіге көтеріле берген, қабақ жүні қалыңдау, шаралы көзінің жанары шырайлана қарайтын, кез-келген қазаққа бұйыра бермейтін, самайы мен иегінің арасын  тұтастыра иесіне айбат пен көрікті қоса силап тұрған  қаба сақалды, қою мұртты жігіт ағасын, сәл артта келе жатқан қағлез атқосшы лып етіп түсе қала, бір қолымен торы тізгінін, екінші қолымен – осылай боларын білгендей атынан сәл сабырлылық, сәл еріншектік таныта түскен, Бақажан байдың қолтығынан демеп те үлгерді.Ат тұяғына басылар-басылмаста  иісі бұрқ  ете қалған дала жұпары – сіздерге   мекиен далаларыңды  сағынышты ететін тек мен ғана – деп, ен табиғат ішіндегі ерекше қасиетін еске салып жатырғандай. Ал сол жұпармен көкірегін тазалап, бар өмірін тек қана сол жұпарларды жұтуға бағыштағандай бұл адамдар  – бар тірлікті бір-біріне жақындастырып,  бар пендені бір-біріне құштар етіп қоя алатын ғажайып сағыныш атты сезімдерін ауық-ауық осы  қош  иіске малып-малып алып, туған жеріне деген сағынышы еш уақытта көмескі тартпас, тірлік тұтқасы қанағат пен шүкіршілік деп санайтындар санатынан еді……Бұл жылдың көктемі шаруаға барынша жайлы болып басталған-ды. Мына құмдақтау төбе де биылғы молшылықтан хабардар екенін байқатады. Шөп киелісі жусанмен араласа тізеден келер еркекке, толарсақтан асар мортыққа, белуарға жуық бұтаға бөгіп, қылтия бастаған әр бүрін жапыраққа айналдыра, сан бояулы гүлімен жер сәнін келтіре, бұ дүниеде тірлік етудің адам пендесі үшін соншалықты бақыт екенін көз алдына елестете, далада туып, даланы сүйетіндер сезімін  ұшпаққа шығарардай боп көріктенген кезі екен. Даланың осындай кезін сағына күтетін бұл тойшыл топқа  мына көрікті төбе керемет шат көңіл силай салды. Кенет бәрі де қауқылдаса жерді мақтап, биылғы көктем отына разылығын білдіре, “жер қожасы сенсің, жер отын шалатын да көбіне сенің малың” дегендей, Бақажан байға бағыттай сөйлеуге, естірте айтуға тырысып жатты. Туа сала біреуге табынып, біреуге пенде боп жүруге құмар, адамдар атты бұл тобыр да дәл кәзір пайда болған өздерінің рахат сезімді сәтін, қуанышты шағын  түгелімен Бақажан байға силай салғандай еді……Қағылез жігіттің ауыздығы алынып үлгермеген торысы басы бостығын пайдаланып бір-екі шалып үлгерген екен. Ат езуінен еркектің көк зеңбіл нәрі тамшылай ағып, шөптің нағыз дер шағы, нағыз балауса кезі екенінен хабар бергендей. Ауызындағы шөп дәміне риза болып кеткендей, басын шұлғып-шұлғып жіберген торыға қарап Бақажан: “Алла тағаланың байлығы шексіз ғой, берейін десе дәл осылай жарылғай салады. Мынау маңайға биыл екі-үш ауылды қатар қондырса да міні құрамас” – деді.   Қошаметшілер – қай кезде де өз міндеттерін мінсіз атқаратындар. Осы жолы да олар жалма жан жол тауып кетті. Шөп мол шыққан жылдары кейбір адай байларының айшылық Арқаға көшпек түгіл, осы тұрған Үстіртке шығып қонбай, Бозашыны жаз жайлап, қыс қыстап қалатын әдеттерін Бақажан сөзіне байланыстыра, олардың көшпеуі де Бақажанның ақылынан туғандай, шөптің қылтиып көгергені де Бақажанның іскерлігінен болғандай дәрежеге жеткізіп, Алла тағала адам пендесіне сиға тартқан “қызыл тіл” атты құралын аямай-ақ пайдаға асыра бастады.Бұл әңгіме, әрине, түбінде Бақажанның Алла тағаланың сүйікті құлы, Қыдыр атаның пейілі түскен  қасиетті жаны екеніне ойыса бастары сөзсіз  еді…              Ойламаған жерден бір жас жігіттің әңгімеге орынсыз кірісіп кеткені… Мен жақын арада Қыр жақтан келе жатып Қызықтың көп құдығының бірінен ат суардым. Сағындық байдың сансыз құлаларының тұяғы мен тісіне төтеп бере алмаған-ау деймін, шамасы. Яншейінде жайқалып тұратын  Қызық маңы биыл жұтаң секілді екен. Қырдағы ел де, ойдағы ел де кәзір Сағындықты қатты байып кетті деп жүр ғой. Үстүрттегі   өзінің көш жолынан ондаған жаңа шымырау қаздырып жатырған көрінеді – деді. Жігіт өз аузына кездейсоқ түсіп кеткен, ойланбай айтқан жалғыз ауыз сөзінің тек қана бұлардың әңгімесінің желісін емес, жалпы биылғы ел тіршілігінің қарекетіне де өзгеріс енгізіп жібертінін қайдан білсін.   Жігіт сөзін ешкім қостай қоймады.Бақажан түсінен бұл әңгімені көп жақтыра қоймаған кейіп байқаған Бәубек – биыл ол маңның жаңбырсыз болғанын, ал Алла тағала жаратқан ырзық пен байлықты мал мен жан пайдаланып  тауысады деу  ақылға қона қояр ма екен – деп, Сағындық бай атағына айтылған жігіт мадақтауын есепке алынбайтындай етті.Үлкен кісілердің ауыздарынан шыға бермегенмен көкіректерін  бықси тұтап ыстап жататын – байлық пен бақыт жолындағы, атақ пен даңқ жолындағы бәсеке атты жұмбақ жарыстарынан хабары жоқ, Бәубек сөзінің төркінін де толық түсінбей қалған жас жігіт енді Сағындық байдың “Ағой”, “Қызық” атты мол сулы  құдықтарын мақтап кетті…“Тәңірім Бозашыға өзен бермесе де жер асты суын жаратарда пейілді болған болса керек. Сағындық құдықтары ешқашан сарқылмайды дейді ғой” – деп, Бәубекке ұнамай басталған әңгімені ушықтыра түсіп, өзінің көп алдында  көсемси сөйлеп отырғанына мақтанғандай, жан-жағына тоқмейілси қарады… Не дейді мына патшағар!.. Мені келемеш қылғандай ұтылап соғып!.. Кезек-кезек пайдаланылатын көп құдық сарқылушы ма еді. Ол түгіл өзіміздің Қарақұдық күні бойы қауғалағанда бір елі ортаймайды емес пе! Соны көрмей біреудің құдығын, біреудің байлығын сөз ғып…    Ал біздің естуімізше Бақажан торылары сіздер мадақтап отырған Сағындық құлаларынан  екі еседей көп. Мақтауға тұрарлық өз жақсыларың тұрғанда өзгені ұлық тұтуға шеттеріңнен құмар-ақ екенсіңдер. Біздің Бақажанға тең келер бай кәзір Бозашы түгіл бүкіл Маңғыстауыңнан табыла қоймас. Мақтаншақ деп өсектейсіңдер мені, қалай мақтанбассың!.. Біздің ауылдың Қияқты жағынан суға шұбырған жылқылар ізінен пайда болған жолдың тереңдегені сонша, кәзір құлын-тай көрінбейтін болыпты. Жақында аттан түсіп бір шаруа бітіріп тастайын деп бел шешіп отыра қалсам, жол жақтағы бұталар арасынан бір нәрсе қылт-қылт етеді. Бү не ғажап деп таңданып, қозғалмай сығалап отырмын. Бақсам –  өз аулымыздың  жалын күзеуге ұстап қалған, енді өріске кетіп бара жатырған тайлары екен. Жол тереңдігінен бойлары көрінбейді. Бұта арасында жасырынбақ ойнаған балалар басындай боп, қылт-қылт, жылт-жылт етіп өтіп жатыр, өтіп жатыр… Соларды елемей Сағындық бай екен, “Ағой” сулы екен, “Қызық” от екен деп даурыққандарыңа таңым бар. Тек қана байлық емес жомарттығы пен мәрттігі жөнінде де өзіміздің Бақажан байға тең келер ешкім жоқ, кәзір!.. Бұлар адамның аузын орынсыз қыздырады осындайда……Бір қызса тоқтауы қиын Бәубекті осы шамадан кідіртпек болғандай, орталарындағы жасы үлкен қарттың қамшысына қолын созғанын байқаған Бақажан орнынан жеңіл тұрып, жүретіндей ыңғай танытқанда, басқалары да дүр көтеріліп аттарына бет алысты……Ауқамды топ түске жақын атақты бай ауылға жай аяңмен, жан-жағын зерттей барлап, сынай қарап жақындай түсті...…Айрықша  құрметке  ие  Бақажан бай, қасындағы төрт-бес  кісісімен,  өздеріне арнайы тігілген ерекше  сәнді  отау төрінде үйген шоқыдай тіп-тік боп, жинақы молдас құрып, босаға жақта қымыз сапырып  жатқан күтуші жігіттерге  қиялай көз жүгірте,  үнсіз отырып қалыпты.Әзірге саба ішіндегі жігіттер желін шығара, аяусыз піскілеп жатырған қымыздан тарқаған, сәлден кейін  ауызға тиісімен тұла бойыңның райысқа, жан-дүниеңнің ләззәтқа бөленетіндігінен хабар бергендей болған жұпар иіс, үй ішін керней, жұрт пейілін еріксіз өзіне аударып алған. Қымыз құмарлардың тағатын таусарлықтай ұзақ сапырылып, шабандау құйылып, әдейі асықпай ұсынылып отырғандай болып көрінген қымыз толы зереңдер де міне енді қонақтар қолына тие бастады. Бұл өңірдің отын оттаған малдың еті де, сүті де ерекше дәмді болатын. Сүр қазы салынып бапты дайындалған қымыз толтырыла құйылған сырлы зереңдер – қонақтар аузынан күтушілер қолына екі-үш рет тынымсыз ауысып барып саябыр тартқан шақта – жол соқты боп, сусап келген кісілер кәдімгідей тыңайып, қымыздан басқа да бұ тіршілікте ойлайтын ойы, істейтін ісі барлығын еске түсіргендей еді……Маңғыстау елін түгел шақырып өткізілетін ұлы тойлар қарсаңында бұл ауыл осы өңірді аса қорғап, бұл маңайға мал түгіл дала аңының тұяғын да тигізбейді екен деп аңыз етісетін.Қорылғаны байқалып-ақ тұр. Көптен бері құйқасына тұяқ тимеген шұрайлы жер жомарт жанның дастарханындай тым ырзықты, тым пейілді…Сәл суға тапшылығы болмаса бұл маңай Бозашының ең бір шұрайлы жері ғой. Биыл шөптің қалыңдығынан ат сүрінгендей екен – деді, төрдегі егде кісі, қасындағыларға басталар әңгіменің желісін тартып бергендей боп.Бірақ Бақажан байдың сол жағында отырған Бәубек:Бұл ауыл бізді қымыз іздеп келді деп ойлап қалғаннан сау ма?.. Келгелі сүт пісірім уақыт өтті, жол болсын айтар, мал-жан амандығын сұрар бір есті жан болмағаны ғой, сірә, бұл ауылда? – деп, қымыз сапырыып отырғандарды барлай қарап қойды.Бәке, аз сабыр етіңіз! Ондай өкпені үйге кірген бойда айтпадыңыз ба? Мына бал қымыз дәмі  ауылдың бір шалының сәлемінен кем түсіп тұр ма? Өкпеңіздің есіңізге қымыздан кейін түскені қалай?..    Бақажан ағасын сабырға шақыра, әңгімесін әзілге айналдырғандай боп, жымия күлді. Сол жылы шырайын өзгертпестен оң жағына қарап: “Бәкеңнің ешкім жоқта бойдағы желін аздап шығарып қойғаны да дұрыс. Яйтпесе, бұ кісі осындай жиында әуелі бір бұрқылдап, тасып алмаса  көңілі тыншымайды” – деп, тентек аға мінезіне көп мән бермейтіндігін байқатты.Төрдегі қарт, Бәубектің осындай жиында талай ұрындырып, қапы соқтырғанын Бақажанға да, басқаларға  да ескерте кетейін дегендей: “Ағайынға бұлданбаған дұрыс. Ағайын шаруасына атсалысу барлық кісі міндеті. Ал “Атсалысу” деген тек қана қолдап қызмет ету немесе санап мал бөліп беру емес, ол  – барға қанағат қылу, ықыласқа ыразы болу, кеткен азды-көпті кемшілікке кешірімшіл болу да. Айтпақшы, Бәубек, өзіңнің де бір тойыңның арты төбелеске айналып, масқара болмап па едік, бір кезде” – деп, оны тыныштыққа шақырғандай кейіп танытты. Бәубекке бұл сөз тура басына қамшымен тартып жібертендей әсер етті.Ау, ақсақал! Мен бұралқы тоқты емеспін! Мені өз қораңа қарай жетектеп әуре болма! .. Оындай жиында айғызың қанғанша бір салғыласпасаң, той тарарда құлашыңды кере бір қамшы сілтеспесең – онда ол той емес босына өткізген уақыт тағы. Оларсыз тойдың қызығы бола ма?.. Ал қызық дегеннің өзі  айта жүрерліктей, еске түсерліктей уақиғалар емес пе?.. Құдай сәтін салса бұл тойдың соңы да солай аяқталар…Шырағым, сенің дертіңе дауа жоқ екен. Ал төбелестің делік. Ал бас жарылып, қол сынды делік. Сонда оның арты жалғасқан дау, бітіспес араздық емес пе?.. Оны ойлап көрдің бе?..Ауылда күнде кездесетін дау мен төбелесің, алыста  анда-санда еске түсірер қаскөй жауың мен қасың болмаса жұртқа ер не үшін керек, елге би не үшін қажет?.. Қамшы сілтесінен ұлыңның қажарын, сөз саптасынан биіңнің шамасын байқайсың!.. Арты дауға айналады екен деп неге қорқасыңдар, даулассын анау билерің! Қиыннан қисынын тапсын. Жеңсін де ел мерейін тағы да бір көтеріп тастасын!.. Оны ойлағандарың бар ма?.. Бәубек шынымен қызына бастағандай… Қамшысын құшарлана қысып, күнәкәрінің бетін анықтап көріп алайын дегендей, Бақажанның арғы жағында отырған өз аулының қариясына шатынай қарағанда, көзі жолшыбай Бақажанға да түсіп кетіп есін жиғандай, қолындағы қамшысын ірге жаққа тастай салды…Бақажан сыр бермей, бұрынғысынша жымиған күйі: “Жарықтық  қасиетіңнен айналайын осы қымыздың біздің Баукеңмен қалай достасып жүргенін, екеуі бірігіп алса болды ешкімге жеңістік бермейді” – деп, болып өткен жаңағы қақтығыстың тігісін жатқызбақ, жуып-шайғмақ ойы бардай.Бақажанның Бәубекті қағыта сөйлегеніне арқа таңғандай болған ауыл ақсақалы енді Бәубектің жүзінен көзін тайдырмай ажырая қарап отырып: “Адайдың өзің сияқты бір шатақ шалы көршісінің бір лақтық дауын, дау иесінен бір лаққа сатып алып, ақыры сол дауды екі рулы елдің қырылысына жеткізгенін ұмыттың ба?.. Сол дау шешілгенше ондаған адам өлген болатын. Билер деген, шырағым, сондай дауды даулау үшін емес, елді сондай жағдайға жеткізбеу үшін қажет” – деп, торыға күрсінді де, тез қайта жалғап:Айтыңдаршы, содан артық қандай сабақ керек сендейлерге!..…Бәубек жүзінен қарт сөзін толық тыңдады-ау, тыңдаса түсінді-ау деп дәметерлік белгі сезіле қоймағандай екен……Үйдегілер, оның ілгері ұмсына түскенінен, түрулі есіктен өткізе дала кездіріп жіберген жанарының бір нәрсеге мықтап қадалып қалуынан, ауыл алдында осы үйдегі қысыр әңгімеден маңыздырақ бірдеңелер болып жатқанын байқалғандай болды…Мінгендерінің құласы көбірек екен, Сағындық ауылы болар – деп, өзімен-өзі сөйлескендей жай ғана күбірлеген Бәубек, кенет, жұлып алғандай ғып: “Біздерді тазыдай жылмаңдаған үш-төрт қызметшілері қарсылап еді, Сағындықтың алдынан бүкіл елі боп, тайлы-таяғы қалмай шұбырды ғой” – деп, сыздана шыққан даусымен, ішінде жатқан наразылығынан да  хабар беріп үлгерді.Сен, осы ауылдың ағайыны екеніңді ұмытып кеткеннен саумысың? Біздер сол қарсы алушылар ішінде жүрсек те ерсілігі болмас еді. Бұлданудың да, ілік іздеудің де жөні бар, ауа жайылмай, жөнге көшіңдер. Ағайындар ана қонақтарын да біздің үстімізге кіргізер. Жүріс бағыттары соны байқатады – деп, Бақажан аулының ақсақалы біртүрлі жинақталғандай, қарсы алуға дайындалғандай, тіпті қауіптенетіндей кейіп танытты……Бір топ адам бұлар отырған еңселі ақ отауға қауқылдаса амандық сұрасып, дабырласа сөйлесіп жақындай түсті. Бар назарлары соларға ауған үй ішіндегілер де тым-тырыс бола қалған. Есіктен сәлем бере кіріп жатқандарға іштегілер орындарынан тұрып ілтипат көрсетті. Енді араласып кеткен қонақтар   жастарына, дәрежелеріне сәйкес үй төрінен бастап екі жағына орналаса бастады……Мал-жан амандығы сұралды. Қоныс оты мақталды. Алла еске алынды... Бергенге шүкіршілік етілді. Барға қанағат қылынды. Тойға құтты болсын айтылды… Сөз сарқылғандай, сұрақ таусылғандай…Байлар мен билер, жақсылар мен жайсаңдар деп атақ алған мәртебелі жандар қатысып отырған бұл жиыннан  келелі кеңес, өнегелі әңгіме күткендей болған үй толы жан тыныштала қалыпты……Маңғыстаудың Бозашысын Адай тайпасының   Жары және Жеменей деп аталатын тақталары жайлайтын. Қоныстас рулар бір-бірімен атам-заманнан нағашылы-жиенді болып кеткен, әзіл-оспағы жарасқан, тату-тәтті ел болатын. Бақажан мен той иесі Қоштай  Жарының Тәстемір, Дәулеталы арыстарына жатса, Сағындық ауылы Жеменейдің Бәйбіше тақтасынан тарайтын. Тыныштықты алғаш бұзған Бәубек болды…Ау Бәйбішелер! Не үнсіз қалдыңдар?.. Тойға келген жоқсыңдар ма?.. Ялде сіздерге бұл той емес садақа деген хабар жетіп пе еді?.. Бәсе, жаңа топтарыңның ішінде бәйгі аттары көзге ілінбеп еді…Жаңа келген қонақтардың бірі мырс етіп күліп жіберді де: “Пай, менің Бәубек нағашым тебеген шағыр биеше құлағын жымитып отыр екен ғой!.. Сақ болалық.Сәл қалғып кетсең құлақшекеден темір тұяқ сарт еткелі тұр екен, ашуы бар сияқты ғой!” – деді.Менікі ашу емес ыза! “Қап бәлем!”– деп қанша тырыссаң да түк шықпайды. Кей-кейде зығырданың қайнайды. Мына Сағындық біреудің бір қотыр тайын алдап алғаннан бері бұ маңайдың асы ас болудан, тойы той болудан қалмады ма? Кәзір басқалардың бір-бірінен сұрайтыны – Сағындық ат қосады ма екен? – деген сөз. Асқа барсаң да, тойға барсаң да Сағындықтың аты. Маңғыстауда қалдырып қоссаң да, Арқаға жеткізіп қоссаң да осының аты!.. Құлағына сыбырлайды, ерініне жыбырлайды дей ме, тезегін искеп, терін татып қарайды дей ме, әйтеуір бұл ат қосса басқаға дәме жоқ.  Елді бұздың, жұрт сенің қырсығыңнан ат жаратудан жалыға бастады. Дем алсашы, басқалар да еңбегінің жемісін көрсін, ат оздырып елін қуантсын!.. – деді, тым орынсыз кінә таға, нағашылығын бұлдай сөйлеген  Бәубек. Сағындық оның бетіне таңдана қарағанмен еш жауап қатпады. Ыңғайсыздана бастаған Бақажан: Көңілдеріңе алмаңдар! Баяғы өздеріңнің тентек нағашыларың емес пе? Дегенмен бәйгі аттарың көзге шалынбады ғой – деді.Ошақ жарысқа, құнан жарысқа дайындаған бір-екі жас жылқылардың жағдаймен олар бұл маңға кешірек жетер.Ошақ жарысты жарыс деп ат жаратқан кімді көрдіңдер?.. Яркім астындағысымен қосыла салмаушы ма еді? – деп, Бәубек мырс ете қалды.Ошақ жарыста ат оздырмаған – аламан бәйгіден алапа аламын деп дәмеленбесе де болады – деген Сағындық сыншы сөзін той иесі де мақұлдай кетті.Жарыстың бәрі бәсеке. Бәсекенің үлкен-кішісі болмас болар. Ол  біреуді қапы қалдырып, ұрындырып кетсе, біреулерге атақ пен абыройды үйіп-төге салады. Ал ұтқан кісі тек өз басына емес, бүкіл еліне қуаныш шашпай ма? Сағындық  ақсақалдың бұл өнері тек Бәйбішелер мен  Жеменейлердің ғана емес бүкіл Адай мәртебесін сан рет үшпаққа шығарып еді-ау!.. Бірақ бұ күнде ел сол үшін оған рахмет айтудың орнына оны халық алдында сөге бастапты ғой – деп, дөңгелете қиған мөлдір қара сақалын салалы саусақтарымен бір сипап өтті… Қоштай  беделді де  атақты адам. Атақты болуына жомарттығы мен байлығына қоса оның кербездік, мәтөктік қасиеттерінің де әсері аз болмаған сияқты. Қоштай туралы адам нанғысыз қызық әңгімелер көп болатын……Қоштай нағашыларына көрісуге барыпты. Жиенінің керіктігін әрі силап, әрі әзілге қосқан нағашысы: ”Жиенжан сен келеді дегесін ескі жұрттың иісінен жиіркенер деп таза жерге ауып қондым, ескі құдық суынан жерір деп жаңа құдық қазғыздым. Құдық суы тереңнен, тас астынан шықты. Тазалығына, дәміне мін тақтыра қоймас. Бие етінен ұшынар деп қонақ асыңа құлын сойғызып жатырмын” – депті… Алдына келген шәйден бір ұрттап қоя салған жиен қылығынан секем алған нағашысы:Не жаздық, жиенжан! – десе,– Суларыңда өлексенің дәмі бар екен” – деп, жауап қатады жиені.Жаңа қазылған құдық суында қандай өзге дәм болушы еді  – дейді нағашысы.– Маңында өлген малдың қаңқасы жатқан болар – дейді жиені.– Ойбай-ай, өлексе түгіл қу сүйек те жоқ болатын!.. – деп, ақталмақ болады, “мәтөк жиен” нағашысы.– Байеке, төрт-бес жыл бұрын біз осы жерді қыстап, сол маңға біраз мал өлімтігін көміп едік – депті, сол кезде, ауылдың бір адамы……Қоштайдың жастау шағында, бір атақты адайға ас берілетін болып, оның сол асқа үй тіккені туралы да ел  аузында қызық  әңгіме бар.…Ас өтетін жерді өзі барып көрген Қоштай: “Мал тұяғы тиген бойда ала шаңға айналып кететін жер екен. Үйімізді өзіміздің Бозашы құмына тігелік” – деп, өз жерінен бір керуен құм алдыртыпты……Сол атақты Қоштай, той иесі Қоштай, назарын Сағындық бай аулының адамдарына көбірек салып, солар көңілін көбірек аулағысы келіп отырғандай. Соны байқаған ауыл ақсақалдарының бірі: “Сәке, сіздің бапкерлік өнеріңіз, сыншылық өнеріңіз елдің сүйіп айтатын әңгімесіне айналды. Сіз кездесіп қалған  қойшының бір арық тайын бес байтал беріп, бұйымшылап сұрап алып жүйрік ат етіпті деп естиміз. Мен Алла тағаланың осындай  ісіне қатты таң қаламын. Сіздің мыңыңыздан табылмаған өнер қойшының бірінен табылатыны қалай?” – деп, әрі сыншы өнеріне сүйсінгендей, әрі Тәңір құдіретіне табынғандай болды.– Қас жүйрікке тапшылық қашаннан өмір заңы. Бағы бардың бәрі көсем бола алмас, жағы бардың бәрі шешен бола алмас... Тұяғы бардың бәрі тұлпар ма, қанаты бардың бәрі сұңқар ма... Содан да болар аталарымыз – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар – деп мақалдапты. Алла тағала жаратқандарын қойшының бірі, байдың мыңы деп ауыл-ауылға бөліп отырады  деймісің. Қойшының жалғызы да тұлпар шығар мың санатында болатын болғаны ғой, шамасы – деп, біреуге жауап қатқаннан гөрі өзімен-өзі сөйлескендей болып, ой толғап кетті, Жары аулының биі.Өзіне ұнамды сөйлеген ауыл ақсақалына Сағындық кеішігіңкіреп жауап қаттты.Ел ішінде бір жақсы болатыны сияқты, мал іші де жүйріксіз болмайды, тек қана оны тани білу қажет. Қиындықта, ел басына күн туғанда жарқ ете түсер, әншейінде көптің бірі боп танылмай жүре беретін ер жігіттей, ел назарына ілінбей, өмір бойы бағы жанбай кететін мал асылдары да жетерлік. Жақсы – жас кезінде көзге түскіш. Тек денесімен емес қылығымен де, қозғалысымен да  ерекшеленіп тұрады. Жалпы малда да, адамда де қасиеттілер көп қой!.. Адам болар баланы кім іздеп, арғымақ болар тайды кім сұрыптап жатыр?..Сағындық байлығын ерекше дәріптеудің сәтті кезеңі туғанын дөп басқан ауыл қарты: “Байеке-ау! Ағой мен Қызық арасына симай жатқан сіздің құлаларды аралап сұрыптап шығуға кісіге бір жыл керек болар, ал сонша малды сыншының көзімен қарап  шығуға бір кісінің өмірі жетер ме? – деп, әрі мақтай, әрі қоштай әңгімеге араласты.…Бірде би, бірде бай, бірде той егесі сөйлеп, олар сөзін бұза-жара өңмендеуге һәм иба ғып, һәм сескеніп зорға шыдап отырған Бәубекке жай ғана ауыл адамының әлгі сөзі ыссы темірге су шашқандай әсер етті. Бәубек “шаж” ете қалды…Бұ не өзі?.. Мынау маң далада Сағындықтан басқаға мал бітпегендей!.. Мынау аспан астында Сағындықтан басқа жан жоқтай?..Келгенімізге ет пісірім уақыт болды. Бірі Сағындықтың өз басы дейді!.. Бірі Сағындықтың құласы дейді!.. Сонда немене?.. Бозашыда Сағындықтан басқа жан қалмағаны, құладан басқа мал қалмағаны ма?.. Сағындық тумай тұрғанда да Бозашы жер атанған, адайлар бай атанған!.. Біздің Бақажан байдың Сағындықтан жылқысының екі есе, түйесінің үш есе, уақ малының бес есе көп екеніне бәс тігемін… Тұрдым мен соған! Ал кәні бай болсаңдар, батыр болсаңдар тұрысатын жерлеріңді айтыңдар!.. Мен ендігі жерде ноқталап қойып басыңа ұрғандай еткен бұл әңгімелеріңе көне алмаймын!.. Сағындық құлалары Қызықтың ойын толтырса, Бақажанның торылары Қызаннан Қияқтыға дейінгі, Қаражамбастан Қаламқасқа дейнгі ен далада құмырсқадай қаптап жатыр. Бақажанға тең келер бай бұ кезде сендердің бір ауыл бәйбішең түгіл ен адайыңнан табылса жарар еді?.. Кәне қайсың бар бәсекеге түсетін?..…Сөйлеген сайын үдей түскен Бәубекке – үнсіз тыңдаған халықтың назары әсер етті ме, жонына қамшы боп тиер қарсылық сөз жетпеді ме, әлде айтарын айтып болды ма, әйтеуір, өзеурей бастаған сөзін кенет шорт үзді…Бәубек сөзге жармасқаннан-ақ, “бір жарға жығасың-ау” деп қауіптеніп отырған Жары биі үзілген сөзді тез жалғап әкетті.Елде бардың да, байдың да көп болғанына не жетсін. Жарлы-жақыбайға сауынға мал беретін, жаяуға көлік беретін солар емес пе?.. Жомарттық пен сақилық тек қана бардың қолынан келер. Сондықтан бармын,  баймын деп мақтанған да, жақсымын, жомартпын деп кеуде қаққан да теріс емес. Бәрі де елді жақсылыққа бастар әңгіме. Ен далада кездескен екі қазақ жөн сұрасқаннан соң “мақтанарлық” кімің бар дейді. Елдің сондайда бетке ұстарлары – батырлығы мен өнері үстем болған, байлығы мен билігі ел қадесіне жарағандары. Сондай кезде ел атына сөз ермесе, жігіт бетіне шіркеу түспесе деміз – Қоштай дейміз, Сағындық дейміз, Бақажан дейміз. Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы. Арқа жақта, байлық салыстырып айтысып отырған бір ақынымыз мына Қоштайдың белдігін мақтап “Адайдың бір жігітінің белінде алпыс нардың құны бар” – десе, жер шеті қиянда жатқан Ұлы Жүз Үйсін Сүйімбай ақын қырғыз Қатағанмен айтысқанда: “Адай деген бір елім, о да менің бек елім. Желісінде алпыс аруана боталаса, маңдайы тайпақ кедей деп, сықақ қағып күледі” – дейді. Сонда Сағындық пен Бақажан байлығы тек қана өздерінің емес исі қазақтың ортақ қазынасына айналып кетіп тұр ғой. Оған Жетісуда жатып Сүйімбай ақын мақтанып жатыр.  Міне елдің негізгі байлығы осы – Сағындықтың да, Бақажанның да байлығына мақтана білу!.. Ондай кісі бәрінен де бай, күншілдің көрген күні құрсын, ол бір “қоркөкірек” жан дағы… Міне солай, байлық тек қана айдаған малмен есептелмейді”… Жеменей биі Жары тентегінің бір теуіп қақ жара жаздаған ортақ астауын жамап-жасқап қайта пайдаға асатындай  еткен еді……Әншейінде әзіл ретінде айтылып, сол күйінде қабылданылатын жәй әңгіменің аяқ астынан дауға айналып кету қаупі туғандай. Ыңғайсыз әңгіменің өз тойында, өз үйінде басталғанына өзін кінәлі санады ма, әлде тыныштандырғысы келді ме, Қоштай бұрын көп елей бермейтін Бәубекке қарап сөйлеп, тіпті ақталғандай болып отыр.– Бәуке! Сіз мені кінәлап отырған секілдісіз. Менде жазық жоқ еді. Екеуі де қонағым. Бірін бір ата жақын деп ішке тартып, бірін бір табан алыс деп сыртқа теуіп отырған мен жоқ. Сіздің жаңағы сөзіңізге осы отырған екі бай онша назар аудармаса да, қасындағылар айрықша мән беріп, енді үлкен әңгімеге айналдырады. Мен тойыма шақырып  алып ондай жүк арқалатып жібере алмаймын. Жәй әңгімені дау дәрежесіне жеткізіп отырған сіз. Екі байдың кісілігін қандай шеккіге саласыз?.. Байлығын қалай өлшестіріп шығасыз?.. Қайсысының салмақтырақ екеніне, қайсысының құндырақ шыққанына қалай баға бересіз?.. Бастаған өзіңіз, өзіңіз аяқтап тастаңыз..…Бәубек шаңқылдап шатақ сөйлеп қана үйренген жан болатын. Өзіне арналып сабырлы айтылған әлгідей ұзақ көсем сөзге бірден жауап таппағандай біраз кідіріп барып тамағын кенеді… Қасында отырған Бақажан оның тізесіне қолын салып тоқтатты да:– Тойда қымызға тойған адамда көтеріңкі көкірек болатыны әуелден де белгілі нәрсе ғой. Бәубектің әлгі сөзінен бәріміздің де сескеніп қалған сыңайымыз бар. Ел жағдайын ойлаған адам солай етер. Ал мына Баукең өз басына біткен “қоркөкірек” атана ма, ел басына біткен “соркөкірек” атанда ма, елден сыбағасын ақыры бір күн алып тынар. Ал мен,  Сағындық ағаны өзім ес жиғалы қадір тұтып келемін. Онымен бәсекем де, күншідігім де жоқ. Бірақ ендігі жерде “Бақажан ағасын айдап салып, Сағындыққа ауыр-ауыр сөздер айтқызыпты” деген әңгімеден қорқамын. Жаңа би ағамыз байлықтың тек қана айдаған жылқымен өлшенбейтінін айтты ғой. Халық Бәубек айтыпты демейді Тәстемір Жарылар солай дейді екен дейді. Күнде қыз алысып, қыз берісіп отырған көрші, ағайын ауыл арасында бетке шіркеу түсірерлік кіреуке қалмасын. Қоштай, сен, өзің екі ауылдың да арына тимейтіндей етіп, осы басталмаған дауды, ара ағайын ретінде тындыр!.. Ел арасында кейін әңімеге айналып, қасиетті аталар аты  орынсыз датталмасын. Өлшемін тауып өлшестір!..…Аяқ астынан барлық салмақ Қоштайға түскендей болып қалып еді……Нар тұлғалы, көрікті кісі жайлап төңірегіне ойлана көз тастап, өзіне қадала қалған көп жанардан жылы сезімге бөленгендей келбетті жүзі бірте-бірте жадырай түсті. Езуден басталған жымысқы күлкі ұлғая келе қас пен қабаққа жеткенде жарқ ете қалған көзі бір қызық шешім тапқанын байқатқандай…– Жарайды, ағайындар!.. Екі жақ та билікті маған бере ме?.. Олай болса біздің ауылда  осы жұртта жақын арада тағы бір той болады. Мен сіздерге ол тойға енді хабаршы жібермеймін, дәл кәзір өзім шақырамын. Бірақ сол той қонақтарынан бір сұрағым бар. Екі ауылға да бірдей талап. Бақажан малының дені торылар. Сол тойға Бақажан қасына ергендер – ені де бірдей, меңі де бірдей кілең торы дөнен мініп келсін. Ал Сағындық бай малының дені құла деп жатыр ғой. Олар да атаққа шыққан көп құлаларынан ені де меңі де бірдей құла дөнендерін дайындасын. Кімнің тобы көп – сол бай, сол атақты!.. Ал Сәке,  ал  Бақажан сіздерге осы шарт әділ болып көріне ме?.. Келісесіздер ме?.. Келіссеңіздер, менің ойымша, бұл нағыз жарыс, нағыз бәсеке… Бұл жарыстың ел айта жүрерліктей бас жүлдесі болуы шарт. Оны осы кезден хабарлап қойған дұрыс болар. Сәке, жолыңыз үлкен, силы ағасыз, жолды сізге берелік…Сағындық жай ғана: “Шырағым, бармын деп те, баймын деп те мен ешқашан мақтанбаған кісімін, әрі оларды біреумен салыстыру деген ойыма да кірмепті. Жарлы десеңдер де көне беремін. Өздерің бастап, өздерің қоштап жатыр екенсіңдер. Бақажан не айтса сол болсын” – деді.Бәубек шатақтың орынсыз кінәлауынан ағайын көңілінде кір кетпесін деп қоштай салған бір ауыз сөзі, енді өз басына зіл салмақ боп қайта оралып, өзінің кісілігі мен тұлғасын таразыға тартар сынға айналып кеткендей болды. Бақажан ойланып отырып қалды.…Қоштайдың – өз жүзінің нұрлылығын мақтан тұтқандықтан пайда болғандай кербездік, өзінің күш-қуатына сенгендіктен пайда болғандай батылдық, ұтымды сөйлей алатындығынан туындар өзіне деген сенім қасиеттері – оның қимылынан, іс-әрекетінен, аузынан шыққан  әрбір сөзінен сезіліп отыратын. Сазды қоңыр даусымен, қалай орнағаны белгілі тыныштықты бұза “е..е” – деп жан-жағына қарап алды да, кенет Бақажанға қадала қарап: “Ал, Бақажан! Яңгімені бастаған өздерің, тоқтамы да өздеріңнен болсын. Сенің байлығың да, тапқырлығың да, қала берді кісілігің де тап осы арады сыналады, айт! – деді, қайрағандай боп.Бақажан да ойын жинақтап үлгерген екен: “Қалыңсыз қыз беріселік!” – деді.…Ойда жоқта басталған әңгіменің арты қайда соқтырар екен дегендей, демдерін байқатпай жұтып, үнемдей шығарып отырған үй толы адамдардан Бақажан шешімін естіген шақта, бәрі бірден күрсініп қалғандай, ерекше дыбыс шықты……Қалыңсыз қыз!..…Атақты байлар ажарлы қыздарына тоқсан жеті сұрайтын!.....Тоқсан жеті байтал……Келеңсіз Бәубектің қымызға қызып тудырған дауы екі байдың біріне бес үйір жылқы болып шыққалы тұр… Бәрі де дыбыссыз. Бәрі де кезек-кезек көршілеріне қарасып, бұл шешімнің парқын көрші көзінен іздейтін секілді… Бір шама уақыт өткеннен соң барып, өздерінің жеңетініне көзі жеткендей болған Бәубек: «Енді бұл сөзді аяғына дейін жеткізіп тасталық. Берілер қыз байлардың өз сүйегінен бе, әлде ағайын да жарай бере ме?.. Күйеу кім болмақ?» – деп, уақиға тұтқасын қайтадан қолына алғандай боп.Сәл әзілге сиярлық бұл әңгіменің осынша биіктеп кеткеніне таңданған Сағындық бай Қоштайға қадала қарап қалған екен. Қоштай жүзі нұрлана түскендей… Болашақ қызықты кәзір көріп отырғандай…– Ақсақал, Бәубектің мына сөзіне не айтасыз – деп еді. Ол ойланбастан: “Құдайға шүкір, немерелер жетісті ғой” – деді де үнсіз қалды. Бақажан да сол ойды қостайтынын білдіре: “Біздің ауыл да бой жеткен қыздан, ер жеткен ұлдан құр емес. Құдалық өз басымызда болсын” – деді. Жұрт назары қайтадан Қоштайға ауысыпты.…Бә..ә..рекелді!..  Қоштай бұл сөзді соншалықты рахаттана айтқандай болды. Бәйбішелер тобындағы сәлделі кісіге: “Ал молда-еке! Екі бай келісімін батаңызбен бекітіп, құран сөзімен қасиеттеп  тастамайсыз ба?” – деді. Молда ұлқсат сұрағандай, Сағындық бай мен оның қасындағы биге кезек-кезек көз тастап, екеуінен де құптарлық ишарат байқағандай боп “бисмиллаһи р-рахмани р-рахим…” деп, құран сүресін бастап кетті. Құран оқылып, бата беріліп, “Аллаһу акпар, Әмин!” деп, беттерін сипасуы-ақ мұң екен, бұл тосын уақиға туралы хабар – “құйынның құйысқанына қыстырыла”, “желдің жалына жабыса”, “аттың тұяғымен”, “адамның аузымен” – әрбір дөңнен дәм татып, әрбір ауылдан ас ішіп, әр қораға қонақ боп – Байтақ Маңғыстаудың Ойы мен Қырын аралап кете барды……Сағындық байды енді қайда барса да жұрттың мүсіркей қараған жанары қарсы алатын. Кездескендердің көзінде қалатын – “неге келістің?” деген сұралмаған сұрағы мен “енді қайтесің?” деген көмейіндегі көмескі үні бұған маза беруді қойды. Ал кейбір ақкөңіл аңқылдақтардың : “Апырмай, Жарылар бірі бастап, бірі қостап, біздің аңқау шалды оңдырмай түсіріп кеткен екен. Кейін айнып кетпесін деп батасын да әдейі бәйбіше молдасына оқытыпты ғой. Қалыңсыз қыз беріп сүйегімізге таңба болатын болды! – десіп жатқанын құлағы шалып та қалып жүр… …Біраз күн лаулай түсіп барып екпіні сәл саябыр тартқан шақта маңайдағы бар ағайынға Сағындық шапқыншылары байдың қонаққа шақырып жатқандығын жеткізген еді. Ағайын түгел жиналыпты. Қонақ асы да берілді. Аяқ астынан неге шақырылғандарын түсіне алмай, байдан басталар әңгімені күтіп отырыңқырап қалған ағайынға Сағындық: “Ағайын мен сіздерге бір салмақ салғалы отырмын. Қоштай тойындағы уақиға туралы естіп жатырсыңдар. Бақажанның торылары қанша көп болса, Жарылардың өскен-өнген ауыл екенін өздерің жақсы білесіңдер. Оларға сан жағынан жету қиын болар, бірақ ұтылғанда да ұяттан ұтылмау жағын қамдағанымыз дұрыс. Менің бұйымым – бәрімізде сол тойға қатысалық және мініс ат менен болмақ. Бүгіннен бастап жылқы аралаңдар, таңдаңдар, жуасытыңдар. Ел алдында  құйрық-жалымыз  шолтиып,  күлкі болып қамау жағын ойлаңдар” – деп, тағы да нақты-нақты тапсырмалар берді. Содан бастап бәйбіше ауылы түгел атқа қонды……Рулары “Бәйбіше” аталғанымен бұлардың сол аттас аталары жоқ бұл адай тайпасы өздерінің рулық шежіресін былайша тарататын-ды: Адайдан Бұзау, одан Айтумыс, Айтумыс бәйбішесінен Шылым, Шылым бәйбішесінен Жан, Жан бәйбішесінен Меңдіқұл, Меңдіқұл бәйбішесінен Жанқұл мен Жанақ. Жанқұл бәйбішесінен Теке, Жанақ бәйбішесінен Түгел. Теке мен Түгел ұрпақтары өздерінің кілең бәйбішелерден өрбігенін мақтаныш тұтып: “Біз бәйбішеден туғанбыз!” – деп, басқа ағайындарына қыр көрсететін болса керек. Сол мақтаныш арты аталары Теке мен Түгелге жұғымды болмай, аттары ұмытылып, бұлар “бәйбіше” атанып кетіпті. Текеден Ұлжан, одан  Өтеген, Өтегеннен Сағындық. Сағындықтың Тәңіріне етер шүкіршілігі мол болатын. Ел аузына  ілінерліктей мал бітіп қана қойған жоқ, халық қастерлерліктей қасиет, құрмет тұтарлықтай өнер де беріпті. Сағындық үшін жылқы малының бойында жұмбақ ештеңе жоқ. Бұл қасиет Тәңірісінің бергені ме, бала күнінен жылқы малын жанындай жақсы көріп, қасы мен қабағына қарап өскендіктен бе, ерекше зердесінің арқасында көргенінен де, естігенінен де еш нәрсе ұмыт болмайтындықтан ба, әйтеуір ол жылқы малы туралы қате айтпайтын. Бас пен жанға да жарлы емес, бес саусағындай бес ұлы бар: Аймағамбет, Тасқара, Тайман, Төлеген, Тәңірберген. Өзінің бойындағы сыншылық қасиеті Тасқарасына да дарыған  секілді. Бала күнінен желі басынан шықпайтын. Бір құдасы қалап алып кеткен “Жүйрікқұла” атты алғаш таныған Тасқара болатын… Ой шіркін өмір-ай! Кеше ғана құла тайын күшікше жетектеп жүретін Тасқараның Исасы да жігіт болып қалыпты… Құдай сәтін салып… әй қайдам?.. Аяқ астынан қалмаққа қарсы мың кісі қол жинап беретін Жарылар аз ауылға есесін жіберер деймісің… Дегенмен билік Алланың қолында ғой… Көптігіне сенген көбіне қапы қалатын, ал мен аздығымды ойлап қамданыңқырасам… Кім біледі… Алла тағала өзің жар бола гөр!.. Не болса да бергеніңе шұкір, барға қанағат……Соңғы кезде Сағындық ойы  осылайша Тәңірісіне жалбарынумен аяқталатын болып кеткен еді……Бақажан сәл нәрсені сылтауратып тойдан аз ғана топпен бөлек кетті, оңаша қайтты. Кешірімді, жайдары қалпынан өзгермеген бай жанындағы жас серігімен әңгімелесіп келе жатқан-ды……Қоштай “қызылшыл” кісі ғой. Тойдың ойын-сауығы да ерекше ұйымдастырылған екен! Бәрін өзі басқарып, бәріне өзі нұсқау беріп жүргенін байқадым. Қонақтарға да жеткілікті көңіл бөліп, үй бас сайынкіріп-шығып жүр. Осыны жұрт “кербез”, “мәтөк”  деп күледі. Мен одан ел күлкі қыларлық жасанды қылықтарды байқай алмаған сияқтымын. Арты дау-жанжалсыз, ойын-сауығы мол – бұл той айта жүрерліктей  жақсы той болды…Бәке, бәйбіше аулының жігіттері қатты назаланып кетіпті, дейді ғой жұрт. Жарылар бірі бастап, бірі қостап, ал енді біреуі әдейі араға түскен болып, өздері бәсеке бәйгесін белгілеп – аңқау, жуас Сағындықты отырғызып кетті дейді екен. Бақажанның жаны да көп, малы да көп, әдейі ұйымдастырды деп сенбестік білдіріп аттаныпты деседі……Жап-жаңа ғана адам өмірінің барлық сәті кісі жанына қуаныш силайтындай әсердегі, мейірімді жүрегі мен  жайлы мінезінің арқасында, байлығы мен барлығының арқасында көптеген тірлік қитұрқыларынан аулақ жүретін, бүгін де болған уақиғалардың жақсы жақтары ғана еске түсіп, жып-жылы боп келе жатқан Бақажанның нәзік сезімі – әлгі сөз қырсығынан  қоламтаға “қор-р” еткізіп су құйып жібергендей – мұздап сала берді. Кілт тоқтап жолдасына ажырая қарап қапты. Енді бір сәтте есін жиғандай боп: “Ойнаған от басар деген осы дағы” – деді де, атын тұрған жерінен текіректете қозғап, “қозы көш” жердей жолды торының ең бір жайлы жүрісі – шоқырақпен қысқартып барып, көздеп келе жатқаны сол болды ма, әлде қазақ біткеннің төбе құмарлығынан ба, жолдан сәл қиыс қалуға тиіс, аласа төбешік басына көтеріле Бақажан атынан түсті……”Ойнай білмес енесін  к…тке теуіп ойнайды” – деген осындайда айтылған болар. Жасына жетпей алжыған Бәубек сөзінің қырсығы елге тиюге айналыпты. Енді бұл іске ойланып кіріспесе болмас. Жаңағы айтқаныңды ауылға таратпаңдар. Бір ретін табармыз”… Бұл сөздерді Бақажан сонау заңғар көктегі жырым-жырым азғантай ала бұлтқа арнағандай, содан көзін айырмай, қадалып қарап тұрып айтты. Қасындағы жігіттің естіген, естімегенін де аңғармастан атына қонды. Ол қалған жолды үнсіз өткізді.Сол күннен бастап Бақажан өзімен-өзі болып, мал аралап, жер барлап, қоныс қарап дегендей, жекелеу болуға тырысты. Сондай сапардан оралған бір кеште бәйбішесі: “Отағасы, бәсекеге қай қызыңды байлап келдің?” – деп, тосын сұрап қалғанда біреу қызған іскекті тәнінен өткізе жүрегіне жеткізе сұғып алғандай, ышқына тіксініп, қатты шошып қалған. Бұл сұрақтың жанын аямай жаралы еткенін байқасын дегендей Бақажан әйелінің бетіне кінәлай, назырқай қарап: “Бәйбіше бәрі де тағдыр ісі. Жаңағы сөзді аузыңа періште салса да, шайтан салса да мені аямайтындығы байқалды. Артын күтелік. Шеккі басы бізге ауып жатса, Құдайға шүкір, ауылда бес-алты қойшы бар ғой, біреуін ноқталармыз. Ал олар    пайдасына шешіліп жатса онда біздің баста ерік болмайды. Сағындық құрығын қалағанына салады...…Әңгіме арты аяқталмай жатып үй ішін батар күннің қызғылт сәулесіне толтыра, ай жүзі де сол сәулемен ерекше нұрлана, әкесін көргенде жарқ ете ете қалған ботагөз жанарындағы қуанышымен, әлгі әңгіме көлеңкесін түсіргендей күңгірт тартып тұрған үй ішін жап-жарық қылып жібергендей боп есікті айқара ашып кіріп келген өзінің сүйікті перзенті, атаққа іліне бастаған сұлу қызы – “Көке!” – деп айқайлап жіберді. Бұрын қызының сол сөзін естіген сәтте қатты-қатты соғып кетер жүрегі бүгін шаттана қуанбай, елжірей мейірленбей, тіпті тіксініп қалғандай. Осы әңгіме үстіне кіріп келгені орынсыз, мойнына орала құшақтап сүйе бергені ерсі қылықтай әсер алған әке, қызын  бір қолымен ысыра, шеттете берді……Бақажан осы сәтте тек қана сүйікті қызы Әлимашты емес, бар тірлікті ысырып тастағандай еді… Ой мұхитына тереңдей батып, жан-жағындағыларды мүлде ұмытқан кейіпке еніп алған-ды……Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды… Бұл бәсеке ағайын арасына сына қақпай тынбас… Қалай-қалай түрлендірген?.. Бірі бастап бірі қоштап арандатыпты дейтін көрінеді… Бірі ара түскен болып алдаса, бірі бітістіргендей болып  қамқорситын көрінеді дейді екен… Бұл жала ғой!… Жоқ, неге жала, біз осы шаруаны өз  бастарымызға өзіміз тілеп алған жоқ па едік?.. Олардың осылай айтуға қақысы да бар болар… Бір амалын табу қажет екен… Бірақ қолдан не келеді?.. Мен олай ойлаған жоқ едім деп  айқайлаймын ба?..  Оны кім естиді?.. Не болмаса ерегестік делік, ерегес қай төрден шығармақ?.. Қалыңсыз қыз алдық делік, сонда не тынбақ екен?.. Бір жұтта тоқсан жетісі емес, мың тоқсан жетісінің терісі тулақтыққа жарамай, далада қалатын “сырты түк, іші боқ” жылқы дейтін мал емес пе еді, бұл?.. Ялде көктем сайын  қасқырдың  сыбағасына айналатын азғантай тайға бола ағайынмен  жағаласпай-ақ қойсам ба екен?. Әлде…  Жаратылысынан жаны жұмсақ, өзгеге зарар салмай өмір сүріп келе жатқан әрі мырза, әрі қайырымды атағы шыққан Бақажан басына орала кеткен осы ақылға ұйып қалғандай… Бақажан кенеттен көңілденіп сала берді. Жаны жай тауып, үлкен іс тындырғандай-ақ, сол күннен бастап өзінің жайдары күйіне қайта түсті. Ендігі жерде бәсеке жайын ойласа да қиналмайтын халге жетті. Ара-арасында болашақ құдаларын да еске түсіріп қояды. Сағындықтай тәуір ауылдан қыз алу да, қыз беру де кісі өкінерлік іс пе екен?.. Біз осы қуанудың орнына неге қапылып жүрміз?.. Олардың ойында не бар екен?.. Оларда да ұтсақ деген дәме бар ғой… Сырғаларын кімге дайындап жатыр екен?.. Әлимаш мінсіз сұлу, бұның өз ұрпағы… Кез-келген кісінің қолы жете бермес бала… Сағындық немерелері де біраз бар болар… Әлде сол ауылға келіндердің бірін төркіндетіп алған дұрыс болар ма?.. Ол ауылда болып жатқан әңгімеден хабарлы болып отырғанның зияны жоқ … …Бақажан керекті торыларды  даладан ұстатып та, желі басына айдап келіп те баптай бастады. Жүні түсіп қылшықтары күреңіте жылтыраған дөнендерді шыңғырта бұғалықтап, езуін жырта жүгендеп, борбайынан ақ көбігін ағыза шауып, күштеп жуасытып, ен салып белгілеп, құйрық жалын тарап сәндеп жатты… Балалардың да құдайы берген. Бір мінілген асауларға, есін жиғызбай қайта мініп, жосылта шауып, ауыздарынан қанды көбігін ағыза, желі басына құр сүлделерін жеткізіп, құмарларынан шығып жүр……Той күні де жақындап қалды. Бақажан жуасытылған дөнендердің ішінен тоқсан жетісін өзі таңдап алды да, қалғандарын үйірлеріне қайтарттырды. Мін іздеп қанша сұқтанса да  олардың тұла бойынан енінен басқа мең де мін де таба алмады. Шеттерінен торыдан қараға жуық, жұмыр жон… Шеттерінен құйрық-жалы тазартылып таралған,  тұяқтарына дейін артығы алынып дөңгелетілген, бір қарасаң көзіңді аударттырмас мінсіз дене… Шеттерінен бас асаулығы басыла қоймаған, көздерінен “біз байдың малымыз” дегендей тәкаппарлық пен өрлік сезіліп тұрған, ара-арасында бір-бірінің көркін күндегендей тістесіп қалып, тебісіп қалып тұрған  асаулары да, үйірлерін сағынып күлдір-күлдір кісінеп тұрғандары да,  үйірсектігін таныта иіскесіп тұрғандары да бар… Бақажан бөліп шығарған өз малына сұқтана қарап қапты… Жарықтықтардың қара моншақтай мөлдіреулерін-ай!.. Бұ тіршілікте жылқы сұлулығына тең келер бірдеңе бар ма екен, сірә?.. Қазақтың бақыты да, байлығы да осы қылқұйрық  жылқысында ғой… Тойға аттанар күн де жетті. Бақажан тойшылардың мініс аттарын бөлек айдатып ала жүргізетінін хабарлады…– Тоқсан жетіден артығын неге босаттырдың?– Мініс аттарды неге қоса айдаймыз? – Бәйбішелер бүкіл жеменейге сауын айтып жатыр дейді, сенікі қай жайбарақаттық? – Әлде Сағынбайға жаның ашып жүр ме? Аталарымыз әлің жетсе жық, аясаң тұрғызып жібер демеуші ме еді…       – Бұл бәсеке тек сенімен Сағындық бәсекесі емес Жары мен Жеменей бәсекесі екенінен хабарың бар ма?.. – Бақажан өзіне қойыла бастаған осындай сұрақтарға ертең айтамын, барғасын түсінесің, сонда белгілі болады, ертең… ертең… деумен, жылы күлкісімен, жымия жауап қатуынан жазбады…Той болып жатқан ауылға бұлар Сағындықтардан бұрынырақ келіпті. Ауыл сәл жылжып қонған екен. Ырзықты, берекелі жыл. Шөптің сыры кетпеген, бояуы өшпеген көктемнің соңы, жаздың басы дейтіндей, мал көкке тойған, адам аққа молайған шағы еді.Жанға жайлы көктем күні. Көңілді той. Қайта қауышқан ағайындар. Бәрі мәре-сәре.Бақажан аулының торы мінбей өз көліктерімен келгендері бірден қонақ үйлерге беттеді. Торы дөнен мінген тойшылар алдында Бақажан ұрыс қарсаңындағы қолбасшыдай шіреніп өзінің аққу мойын торысының үстінде, бұларды қарсы алуға шыққан Қоштай бай тобын күтіп тұр.Амандық сұрасылып, тойға құтты болсын айтылып, торы мінген тойшылар саналып, шаруа тынып та қалғандай еді… Бойында ыңғайсызданғандық сезімі бардай, сәл именіңкірегендей, сәл абыржыңқырағандай болған Бақажан  замандасына мұңын шағып тұр…– Бәубек кесірдің қырсығынан басымызға бәле тілеп алыппыз. Содан бері тыныштық жоқ. Ағайын арасына ши жүгіртушулер де табылып жатыр дейді. Бір ұшы Сізге де соғады білем, Қош-еке… Кейбір пысықтар Жарылар аңқау шалды алдап түсіріп, қалыңсыз қыз алмақ… Бәрін ұйымдастырып отырған Бақажан дейтін көрінеді… Арыма өмір бойы жуса кетпес таңба бастырып аламын ба деп уайымдап жүрмін… Тілеуімізді тілеп отырған еліміз бар. Осылар не тындырар екен деп, әр қадамыңды бақылап отырған сыншыларың бар… Біз қате қадам басыппыз……Бұлардың көзі енді түсті. Ауылдың шығыс жағындағы жатаған белестің жоны аттылы адамдарға  тола бастапты. Мінгендері кілең құла, қарасы мол топ. Ақылдасып тұр ма, арттағыларын күтіп тұр ма, әйтеуір, өздерінің ішкі ниеттерін байқатқандай, осы тойға не үшін келгендіктерін ұмытпауға белдерін бекем буғандай, шашырамай, тас-түйін жинақталып алған тәрізді……Қоштай құлалы топты сәл ұзақтау қарап қалғанына кешірім сұрағандай боп, жалыныштылау дауыспен:– Бақажан! Сағындық бай алдынан бірге шықсақ қайтеді? – деді.    Ол келісе кетті.…Аман-саулық сұрасылып, ат-көлік амандығы білісіліп, тойға құтты болсын айтылысып, айтып жіберген аманат сәлемдерден құтылысылып болған сәттегі сәл үзілісті падаланған Жеменейлер биі сөз бастап кетіп еді……Бұл би атағы шыққан нағыз жорға болатын...…Би – еріні ашылар-ашылмаста; тілі таңдайына жұғар-жұқпаста; іштен шыққан демі ауаға араласар-араласпаста; айтылған әр сөзі тұнық суға лақтырылған домалақ сай тасынан тараған мінсіз толқындардай дөңгеленіп; көктемде соншама көрікті көрінетін Бозашы құм шағыл төбелеріндей бұйраланып; аз ғана желге бола шабыттанып кететін ақ селеулі даладай шалқып; құлаққа шаңқылдап естілмегенмен шыңылтырлау, күмбірлеп кетпегенмен саздылау, әр сөздің әр әрпін танып алуға боларлықтай анық дауыспен төгілте жөнелді…– Аман-сау барсыңдар ма, Жарылар! Менің түгел жеті атамның нағашылары, Жарылар! Сол жеті бабамның қайын жұрттары, Жарылар! Біздің ауылдың бар әйелдерінің төркіндері, Жарылар! Мына менің бойымдағы барлық сәнім де сендерсіңдер, мінім де сендерсіңдер, Жарылар!.. Өзінің ізінен өзі жиіркенетін Қоштай мәтөк пен сәлемін сатып ала алмайтын сырбаз Бақажан – сендерге не болып қалды бүгін?.. Қозы көш жерден қарсы алғандарың – нағашыларыңа көрсеткен құрметтерің бе?.. Жиен назарынан сақтанған қауіп пе?.. Жоқ әлде бәсекеден озатындарыңа сенгеннен туған, болашақ қыз берер құдаларыңа көрсеткен кішілік пе?.. Біз мына Сағындық екеуміз басымызды бәсекеге тікпейміз, кәзір бөлініп шығамыз. Бұл Жарылар тойға келген қонағын санап алады екен деген хабыр шығып жатыр ғой, санап алыңдар!.. Жүзден біреуі-ақ кем!.. Жүзге толтыруға бір құла дөнен, не бір бұзау ата баласын таппғанымыз жоқ. Сүйікті Алла тағаланың аты тоқсан тоғыз дейтін еді, біз соған тоқтадық!.. Біз бүгін байлықты да, көптікті де салыстырғалы келген жоқпыз. Керек болса біздің бір ауылдан жүз жігіт атқа қона алатынын білдіргелі келдік! Соған ағайыннан сүйінші сұрағалы келдік! Біз ұшін ағайын мерейі өссін деп келдік! Бұрын да талай құда болысып едік, талай құтты болсын айтысып едік. Ал бұл жолғы құдалық – өзгеше құдалық! Қыдыр көрген ауылдың баласысың, сен, Бақажан! Аузыңа періште салған болар – кім қыз ұзатса да, кім келін түсірсе де құтты болсын айтқалы келдік! Бұл ерекше құдалық барысында қысыр әңгіме айтылмасын ағайын, өкпе-назға жол берілмесін ағайын, біз соны сұрағалы келдік, Жарылар!..  Атларымыз елді береке-бірлікке бастарлық талай іс тындырған болатын. Соның арқасында ел бірлігі беки түскен, ел ырысы арта түскен. Бақажан мен Сағындықтың бұл құдалығы ағайын арасына береке-бірлік әкелсін деп тілелік, ағайын!.. Ей Жаратқан! Ей Аллатағала!  Екі ауылдың құдалығын құтты ете гөр! Береке-бірлікке бастар сәтті қадам болғай!..…Мәреден шабысын үдете түсіп өтетін қас жүйріктей, бір рет те тыныс алмастан, бір рет те ой желісін үзбестен сөзін екпіндете аяқтап, қолын көтере бетін сипаған биді “әмин”, “әмин” деген тілектер мен, “рахмет”, рахмет” деген алғыс ұндер ат үстінен көтеріп түсіргендей еді…Барлығы да сол сәтте аттарынан сыпырыла төгіліп кеткендей болды… Маңайға жанға жайлы  тыныштық орнап қалған екен...…Би сөзінің құдіреті ме, көз алдына қайта-қайта елестей берген сүйікті қызы Әлимаш бейнесінің әсері ме, күдікті көңілдің жай тапқанынан ба, әлде әзірге өзі ғана білетін ұтылыс өкініші ме, әйтеуір Бақажан айдалада жалғыз қалған жандай көңілі құлазып, денесі сүлесоқ тарта би қасына жақындай берді...– Би аға! Лебізіңіз қандай жанға жағымды еді! Бір тентектің қолшоқпарына қалай айналып кеткенімді ойлап қатты өкініште жүр едім. Сіздің ауыл жігіттері өкпелі аттаныпты деген хабарды да құлағымыз шалып жатыр. Аңқау Сағындықты арам Бақажан алдап қолға түсіріпті – деген нақақ жала да ел аузында бар дейді. Содан сақтанып бәсеке менің пайдама шешіліп жатса, қалыңмалын бірден  өтеп кетейін деп менің аулым тоқсан жеті торы мініп келді, бұл тойға. Мен мына халық алдында бәсекеден ұтылғанымды мойындаймын. Қайтқан малда қайыр бар деген, айдап қайтармыз. Ең бастысы ұтылысқа өкініш жоқ. Сағындықтай жақсымен құда болу қуанышына ие болып тұрмыз… Қоштай тойы өткеннен кейін өзіңіз бастап құда түсіп кетіңіз..…Бақажанның бұл сөзі ширыға қатуланып, ықтыра  сөйлеп тұрған биді есебінен жаңылыстырып жібергендей. Ол мен енді не істеймін дегендей, екі алақанын жайып жан-жағына көз тастады… Сан саққа жүгіртіле, Жарылардың арамдығын оттық,  Жеменейлердің аздығын тамызық етіп тұтатқан бәсеке мен өсек  қазанында қайнап әбден піскен, жүйкелері бұрала-бұрала қыл арқандай ширыққан бәйбіше аулының басқа тойшылары да Бақажан сөзін естігеннен кейін  ішегін босатқан домбырадай босаңсып, күбір-күбір әңгімеге көшті……Би қолын көтере маңын тыныштандырып алып,   Сағындыққа қарап қайтадан сөз бастап кетті…– Сағындық! Ініңнің сөзінен сізге деген үлкен ықылас таныдым ғой. Ат жарысында озатыныңа сенімді болатын кездерің болған болар, ал осы жарысты ұтамын деп сене қоймаған боларсың. Бірақ кісіге өмір сүргізер “дәме” деген бір ғажайып бар ғой. Сол дәме сізге оңашада не деуші еді?.. Үкіні кімге тақ дейтін?..…Соншама тырыса дайындалған, шаруасының  оп-оңай өз пайдасына шешіле салғанына өкініші бардай, өңінен жеңіс қуанышы байқала қоймаған Сағындық самарқау сөйлеп: “Шырағым, Бақажан! Мен бұл бәсекеден бәйгі дәметіп келген жоқ едім. Сіз бұл істі өзіңізше шешіп келіпсіз, ақыл жастан деген осы да. Дәмелі болғанымызды да, арланғанымызды да жасырмаймын. Құдай қолдап, періште әмин десе өзіңнің Әлимаш деген балаңа үкіміз даяр. Өзіңнің тұстасың Тасқарадан Иса атты немерем бар. “Осы ма” деп ешкім қомсына қоймас деп ойлаймын… Ендігі ерік бізде болса, менің шешімім осы……Екі құда бір-біріне құшақтарын ашысып қарсы жүрді. Дәл осы сәтте “маза бермедіңдер ғой” деп, ықылым заманнан бері тыныш жатқан алып дөң жонын сәл қозғап жібергендей-ақ, биік басы бірден қозғалысқа түсіп, бал ара ұясының маңындай “ғыж-ғыж”, “ыз-ыз”, “гу-гу” дыбыс базарына айналып сала берді……Асқан сұлулығымен ел аузына ерте ілінген, ерекше жақсы көріп, “жат жұртқа” қия алмай жүрген Әлияшын Бақажан бай осылай ұзатқан еді……Келін күтіп отырған бай ауылдың қыз-келіншегі мен бала шағасы, көкірегіндегі желдері әлі  басыла қоймаған сауықшыл үлкендері түгел ауыл алдындағы дөңесте. Сағындық бай немересі Иса келін алып келе жатыр. Бұл ауыл адамдарын – келін келе жатыр, бай ауылмен құда болдық, атақты сұлуды келін етіп түсірдік – деген мақтаныш сезімдері билеп алғандай…Ел қуанышының төркінінде:– Келін бір шаңыраққа түспейді, бүкіл бір тайпа елге түседі… Жақсы әйел тек бір ошақ ұйытқысы емес, тұтас бір рулы ел берекесі – деген мағна жатқандай...…Барлық уақиғаның ортасында болған қарт би Сағындық байдың қақ төрінде қасындағы аз адаммен мәзи әңгімеге алданып, құда күтіп отырғанды… Ойда жоқта басталып, ойдағыдай тынып, соңы мерекеге айналған бұл тойға ауыл дайындығы тым ерекше болатын……Анау байтақ даланы, мынау тойға дайындықтан басқа уайымы жоқ ауылды, осы келін күтіп отырған әрбір пендені – “Келін келе жатыр!” – деген хабар шексіз қуанышқа кенелте салатындай-ақ еді……Бірақ “жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде” дегендей кенеттен үй сыртынан бір әйелдің: “Құдайым-ау! Бұ не деген дарақылық!.. Мына шаруаға көмектесер де жан қалмапты ғой… Не дерсің бұларға!.. Қалыңсыз өзі келе жатқан келінге соншама шабылып!.. Оның теңі бір шаршы шүбірек пен бір тоқты емес пе еді!” – деген, қызғаныш сілтісіне малынғандай ызғарлы дауысы, бидің пәлен күн “жақсылыққа болғай, елге игі әсер еткей” деп, іштей тілеп келген  тұнығын астан-кестен ылайлап жібергендей болды……Ойпырым-ай!  “қалыңсыз түскен” деп те кемітуге болады екен-ау!.. Бұл халыққа қалай жағуға болар?…                          …Бидің түксиген жалбыр қабағы кәзір бұларды көрмей-ақ қой дегендей жабыла берді де, ойы – мен сені бұлардан құтқарайын дегендей құлақ естіп, көз көрмеген шырқауға алды да кетті……Әлимаш сұлудың өмірге әкелген ұрпақтары да көрікті болды деседі… Қыздары – Үбина, Бапина, Мадина, Зарина, Болар – Маңғыстау өлкесін талай сұлулармен көріктендіріп, талай ошақты келінді қылса керек……Автор бұл еңбегін “қалыңсыз келген келін” Әлияштың тұңғышы Үбина сұлудың төрт ұлдан кейін зарыға күтіп көргендіктен “ханым да сен, төрем де сен” деп Қантөре атаған қызына  арнағанда оның тек қана автор зайыбы болғандығы үшін емес, Қантөре Таужанқызының осы әңгіме кейіпкерлері Сағындықтың жиені Бақажанның жиеншары екендігін ескергендігінде де еді…