ВЕРНУТЬСЯ

Ніл өзеніне көпір болған ортан жілікО, керемет!Бала кезімде естіп, кейін есейгенде санамды сандалтқан сұрақтың жауабын «Жұлдыз» журналының 2011 жылғы №7 санындағы жазушы – ғалым Мұхтар Мағауиннің «Құждың қу жілігі» (134-137 беттер) атты мақаласынан оқығанымда, «жерден жеті қоян тапқандай» қуанғанымды қайтерсіз.Қандай сұрақ еді, ол?...Мен ол кезде Жем өзенінің бойындағы Молқат ауылында әкемнің апасы Ілгектің үйінде жатып, 5 класта оқитынмын. Жездем Қайшыбай темір ұстасы болатын. Ертелі – кеш шап-шағын көрік үйінде темірден бұйымдар соғып отырғаны. Қолымыз бос кезде көрік басамыз. Керек жарақтарына сұраныспен келген ауыл ақсақалдары әңгіме дүкенін қыздырып отырып қалады. Қайшекең араб тіліндегі діни де, әдеби де кітаптарды мүдірмей, дауыстап оқитын да, мағынасын қазақшалап, жанындағыларға түсіндіріп, айтып беретін. Сондай кезде құлағымда қалған аңыздың бірі: «Ертеде Мысыр жерінде ерекше алып адам өмір сүріпті. Талтайып тұрса Мысыр шәрі оның екі бұтының арасында қалады екен. Ашуланса қала үстіне талтайып тұрып сигенде, тұрғындар жаңбыр жауып тұр деп ойлайды екен. Ажалы жетіп өлген кезде әлгі алып адамның бір жілігі Ніл өзенінің үстіне көпір болыпты...».Жездем алып адамның есімін де айтып отыратын, бірақ ойын баласының есінде қала ма. Есейіп қолға қалам ұстаған шақта әлгі алып жөнінде деректер табылар ма екен деп қолыма түскен ежелгі әдебиеттерді қараған болам, бірақ ешнәрсе іліктіре алмай жүргенмін.Міне, енді сол адамның аты-жөнін, Мұхтар Мағауин айтып отыр. Жазба әдебиеттерден деректер де келтіреді. Есімі Құж деген кісі екен. Мағауин былай дейді; « - Ніл – дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па?-деп сұрайды Алтын Орда ханы Берке, Мысыр сұлтаны Бейбарыстың елшісінен. Бұл – 1264 жыл... – Сол Құждың ортан жілігі әлі күнге дейін Ніл-дарияның үстінде көпір болып тұр екен, -деп жауап береді менің үлкен әкем, қазақтың ұлағатты ақсақалы Мағауия. Бұл -1949 жыл». Ал мен Айтуар Өтегенов бұл әңгімені шежіре Қайшыбай Боқанұлынан 1959 жылдың шамасында естігем. Мағауин Қазақстанның бір түкпірінде, ал мен екінші түкпірінде туғанбыз. Бірақ аңыз бірдей, еш өзгеріссіз жетіп отыр.Қазақтың қарапайым қара шалдарының ғұламалығына таңданбай көріңіз?!Мәңгілік өмір суын іздеген адам Қайшыбай жездем айтқан тағы бір әңгіме...Әрі бай, әрі әкім бір мырза ғұламалардан: «дүниеде бір көл бар, оның суынан ішкен адам  ажал құшпай, мәңгі өмір сүреді, бірақ оны табу қиын, еш жанға көрінбейді, бір Аллаға берілген, ақ, адал, шын ықыласымен іздегенге ғана кезігетін көрінеді. Сапарыңда астамшылықтан ада болып, көкірегін көтермей, жанындағы құлдарын өзінің дәрежесімен бірдей ұстап табуға талпынса, кім-кімге де  кезігіп қалуы мүмкін, бәрі бір Алланың қолында» дегенге иланып, әлгі мырза адал көңілімен жолға шығады. Тапқан таянғанын шашып, жаяу –жалпылап, қасындағы көмекші – құлына мейіріммен, құрметпен қарап, қиындықты тең бөліседі, тамақты өзі әзірлейді, төсекті өзі салады, отынды өзі шабады дегендей ғой. «Аса таяғы тебендей, темір етігі тебінгідей болады». Шаршап, іздеген нәрсесінен үмітін үзе бастайды. Шаршағандықтан аяғы жүруге келмей: «Бәленше, сен, ана қырдың астын қарап келші, ендігі қалғаны сол жер ғой, бірақ онда да бар дейсің бе, Аллаға неден жаздық, сапарымыз сәтсіз болды-ау, ол жерде жоқ болса елге қайтамыз» -дейді де өзі жантайып отырып қалғып кетеді.Құл төбенің басына шығады да, шаттықтан айқайлап қожайынына жүгіреді: «Мырза,  суды таптым, тез жетіңіз, мөп-мөлдір  көл көлкіп жатыр, көл айналасының әдемі көркіне қарасаңыз көз тоймайды»-деп аптығады. Мырза орнынан атып тұрып, жүгереді. Ұйқысыз, күлкісіз жапан кезіп талай жыл ғұмырын сарп еткен асыл арманының ойламаған жерден алдынан шыққанына қалай қуанбасын.Екеуі өкпелерін қолына алып аптығып келсе, әлгі жерде еш нәрсе жоқ, аптаптың ақ сағымы ғана арбайды. 

  • Әлгі көрген көлің қайда?- дейді мырза кейіп.
  • Дәл осы жерде толқынданып көлкіп жатырған –дейді құл.

Мырза құлдың сөзіне риясыз сенеді де, сол жерден шықпай Аллағажалбарынып, тағы бір жыл іздейді. Бірақ көл енді қайтып көрінбейді. Мырза ұзақ жыл іздеген арманының дәл жанына келіп тұрып, өзінің бір сәттік қана қателігі – шаршаса да өзі барып, төбенің астын қарамағаны, құлына астамшылықпен бұйыра сөйлегені екенін түсініп еліне қайтқан екен –дейтін Қайшекең шежіре. Сол мырзаның да есімін, «аты бәлен, Арабияның түген жерінің тумасы еді» -деп отыратын. Жоғарыда аты аталған Құж тәрізді Әділхаят суын іздеген мырзаның да есімі бір жерден шығатын болар.                              Ақырзаманның ғалымыҚайшыбай жездемнен естіп, құлағымда қалған тағы бір әңгіме сарыны мынау еді...Бір адам ғұлама-балгерге көрген түсін айтып жорып беруін өтінеді.Иран бақтың ішінде келе жатыр екенмін дейді түс иесі, алма ағаштың бұтағында сазды әуенмен сызылта сайрап отырған бұлбұлға кезіктім. Аң біткен таң-тамаша ұйып тыңдап қалған. Күн  батар кезде ұясына ұшып барды да, бидай, тары не жеміс- жидек теріп жеудің орнына боқ шұқыды, айтыңызшы әулием, асылдарды ғана тамақ ететін бұлбұлдың бұл не қылғаны? Сонда болашақты болжаушы көріпкел ойланып отырып: «бұлбұлыңыз –болашақ заманның ғалымы болатын, дүние сырын біліп, тамаша сайрайды, бірақ сөзі мен ісі сәйкес келмейді» -депті.«Ақырзаман қай кезде болады?»Құлағымда қалған тағы біреуі... Жерге қар қалың түсіп, қыс бекіген кезде соғым сойылып, жездем ауыл ақсақалдарын соғымнан ауыз тиюге шақырды. Әңгіме гу-гу қызған. Тақырып – дін мәселесі, пайғамбар қадистерінің мән-мағынасы, оны түсіндіріп отырған насихатшы Қайшыбай жездем. (Кейін өзіміз партиялық оқу бітірсек те лениндік идеяны қалың бұқараға дәл жездем уағыздағандай жеткізе алмағанымызды еске алатынмын,  адам зейініне тап солай, мидың қақпағын ашқандай құя алмайтынбыз).     Үлкен де, кіші де өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып жатыр. Бір замандасының «Ақырзаман бола ма, болса қай кезде болады?» деп сұрақты төтесінен қойғаны, құдды жездем дүние тылсымын бес саусағындай түгендеп отыратын адамдай. Әрине сұрақ иесі шын ниетімен осы сұрақтың жауабын білгісі келеді және оған дәл жауап ала алатынына да шүбәсіз сенетіндей.  Сонда жездем: «Дүниенің ақыры жайлы әңгіме бар. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Ерте дүние ғұламаларының қалдырған жазбаларында: «Некесіз туған ұл мен некесіз туған қыз ержетіп, бір-біріне үйленіп, одан туған бала әлемге үстемдігін жүргізетін патша болған кезде ақырзаман орнайды» деген сөз бар деп естігенмін. Демек адамнан иман кетіп, зинақорлық, сұрқиялық, жауыздық қайтадан етек алған кезде болар, мен қайдан білейін шырағым, мүмкін олай емес шығар, сұраған соң осындай да уәж бар еді, деп жатқаным ғой» деген.Егер терең зерделесек ауылдың қарапайым шалы айтқан осы сөзде көп мағына жатыр-ау!