ВЕРНУТЬСЯ

   Ойландырған, өкіндірген, күлдірген, 

Барлық күнім аумайды екен бір күннен.

Ақтық демде ақ бас атам іздеген

Ақбоз атты ұзақ таппай жүрдім мен.

Көкіректе көз ашпаған арман көп,

Он бір бала өсіп жеттік орман боп.

Ақбоз атқа сұрау салдық...

білерім:

біздің үйде ондай тұлпар болған жоқ!

- Бар ма? - дейтін...

Бас шайқаймыз томсарып,

Ақбоз аттың құдіреті қаншалық?!

Өзі балуан, өзі момын жарықтық,

Нені іздеді,

Неге іздеді соншалық?

Мен білмеймін, қандай тағдыр жолықты:

Жақсылықтың жұртына көп қоныпты.

Жәлмәмбеттің ұрпағының ішінде,

Аңқылдаған ақ көйлегі болыпты.

Ағайынға артық-ауыс сөзі жоқ,

Жүруші еді өзіменен-өзі боп.

Жолдас болған жолаушыға қол беріп,

Аттан түсіп, жаяу қалған кезі көп.

Содан,
содан... көз жұмарда шекті азап, 

Түсінбеді атқа құмар көп қазақ.

Оқта-текте көңілімді оятып,

Әлдеқайдан кісінейді Ақбоз ат.

Көкейімде жүрді бір ой мазалап,

Атқа бола қинала ма, азамат?

Кейін білдім ол іздеген Ақбоз ат -

ағып өткен ғұмыр екен, о, ғажап!

Менмені жоқ, мақтаны жоқ кісіден,

қалған жұмбақ сені осылай түсінем.

Келер күнге бара жатыр бір Ақбоз,

Озып шығып өткен мезгіл ішінен.

Жақсыға да, жаманға да «Қош!» - дедік,

Жаңғырды өмір; кәрі кетіп, жас келіп.

Ақбоз атпен алға шауып барады,

Әкем жайлы ел айтатын естелік.

Білмеуші едім: я, жуасын, тарпаңын,

Үзе ала ма жаттың керген арқанын.

...Енді бүгін өз ғұмырым тағдырға,

Көнбіс болып кетпесе деп қорқамын...