ВЕРНУТЬСЯ

Менiң әкем бiраз жылдар бойы Жаңаөзен қаласынан бар болғаны қозы көш жерде ата-бабасының ғасырлар бойғы кәсiбiмен айналысып, азғантай шаруасын күйттеп, айлыққа қарап қалған, оқыған балаларына шамасы келгенiнше көмек көрсетiп отырып едi.Бiр күнi, таза ауамен сергiп қайтпақ боп әке үйiне жаяу тарттым. Жаз бен көктемнiң астасқан шағы болатын. Жер ылғалы кеуiп аяқ астынан шаң көтерiлiп жатқанымен шөп әлi балғын түрiн жоғалта қоймаған екен. Көк майса жусандар менi қалайша бiр искемейсiң дегендей ажарлана қарайды. Маңғыстауды өгейiндей ұстайтын табиғаттың биыл бiр мейiрлi жылы болса керек. Аса от жылдары болмаса бұл маңда көп көрiне бермейтiн мортық, ебелек, еркек сияқты асыл шөптер де аз емес. Мен бiр тал жусанды жұлып алып бiраз уақыт искеп барып аузыма салып дәмiн алдым. Баяғы дәмi. Кенет тандайыма жусанның емес көк жусанды өрiстен қайтқан түйенiң шикi сүтiнiң дәмi тати кеткенi. Мәтөк кемпiрлердiң – бүгiн малды жусанды жаққа шығармаңдаршы – деп жататын кездерi де өмiрдегi ең бiр қимас шақтай-ақ, көкiректi жаралай, сағындыра еске оралды. Осылай ойланып келе жатып ауа-райының өзгере бастағанын да байқамай қалыппын. Күн астынан жөңки шыққан бiр шөкiм бұлт – жақындаған сайын жарты аспанды толтыра, бiр зiлi бар екенiн сездiре, қатулана түстi. Кенет бағыты белгiсiз жел пайда болды да, машинаның iзi бетiн “шұбыртпадай шимайдап” тастаған даланы көзапара көзден ғайып қылды. Бiр қадам жердiң аржағы ақтозаңды белгiсiздiкке айналған. Iле-шала жер жарылып, аспан айырылып кеткендей қорқынышты зор үннен зәресi кеткен жел менi пана тұтқандай шыр айнала үйрiлiп, аяқ астын да көзден таса еттi. Мен амалсыз көзiмдi тарс жұмып, екi құлағымды алақаныммен баса, бүктетiле отыра кеттiм. Сәл тыныстағандай бiр сәтте бағзы заманнан бергi таныс иiс, оттың иiсi ме, тастың иiсi ме, әлде екеуiнiң иiсi ме, жетiп қалған екен. Бала кезiмiзде от сұрай барғанымызда шалдар мақтасын тұтата алмай шақпақ тасын қайта-қайта соққанда дәл осы иiс мұрынды қытықтаушы едi. Жаңбырдың жақын қалғаны белгiлi болды. Жаңбыр болғанда да шелектеп төгiп өтетiн нөсер болар. Ойымды аяқтап-та үлгермедiм-ау деймiн, мың-сан аттың дыбысындай дүсiрлеп келiп қалған ол, келесi сәтте жердi бұрқ-бұрқ еткiзiп барып, селдетiп жүре бердi. Мен жүгiруге ыңғайлы болсын деп шалбарымды, аяқ киiмiмдi шешiп алдым да, соншалықта жанға жайлы Тәңiр нұрына, аспан нұрына шомыла жүгiре женелдiм. Арасында бала кез еске түсiп:–  Жау жаңбыр!–  Жау жаңбыр! – деп бар даусыммен шаттана айқайлап та қоямын. Табиғат еркелеткiсi келсе жасы қырыққа келгендi де бала қылып жiбередi екен ғой. Бұндай нөсер ұзақ жауса не болмақшы. Бұрқ-сарқ етiп зәренi ала, құтыңды қашыра келгенмен дүниенi рақат сезiмге қарық қыла, ашуы тарқаған әкеңдей… артынан көктемгi күн де мандайыңнан өбетiн.Ойыма сәттi түскен сөз болды-ау бұл өзi.Шыны да сол. Табиғаттың мына тiрлiгi – дәл менiң әкемнiң мiнезi. Ол кiсi де сәл нәрсеге бола кемерiнен асқан қазандай сарқылдай қайнап барып басылады. Содан өз мiнезiне ыңғайсызданғандай жуып-шайып, әзiлдей сөйлеп, тiптi кейде бауырына қыса басыңнан искей болған уақиғаны ұмыттыра, жайма-шуақ күлiп отыратын кездерi болатын...О, Тәңiрi, мына жадырай шығып келе жатқан күн дәл өз әкемдей болып көрiнiп кеттi. Мен кiлт тоқтап, күнге аңтарыла қарап қаппын.О, Тәңiрi!.. Дәл әке ашуындай!.. Дәл әке мейiрiндей!..