ВЕРНУТЬСЯ

          Білмеймін қандай
туыстығым бар құспенен,

Бұл дүниеде ешкім жоқ маған ұш деген.

Бірақ та дәйім түсімде ұшып жүрем мен,

Бір қанат қақсам -

қалықтап жерге түспегем.

«Құс мінез» дейді,

мінездің шығар лезі,

Қай шайырдың да қызбалау шығар мінезі.

«Құс ұйқы» дейді,

бұл дағы маған ұнайды,

Қай жақтан келген ұқсастық сонда бұл өзі ?

Қанатымен ұшып,

құйрығыменен қонатын,

Құс көрсем болды, көңілім көкті шолатын.

Қонаққа барсам «құс сүтін» қояр алдыма,

Кіндік әкемнің ныспысы Құсбек болатын.

Қарап қаламын қара түндерде мақпалдай,

Құс жолы менің кеудемнен тарап жатқандай.

Қайран да менің көңілім сонда көкбараз,

Құс қанаты
боп к,ылаулап тұрған ақ қардай.

Өзімде кейде қомдана қалған құстаймын,

Шабытқа мінсем бақыттың құсын ұстаймын,

Туыс боп құспен жаратылған соң тумыстан,

ұшармын мен де!

Апыр-ау, неге ұшпаймын?..