ВЕРНУТЬСЯ

    Жаз базары толық өлі тарқамай

Күз де жетті өз міндетін арқалай.

Құстар, құстар... сызылтып ән салады,

Біздің жерде қалғаны да бар, талай.

Аққулар жүр айналаға жарасып,

Жұп-жұп болып ауыздарын жаласып.

Жесір қалған ақ әжедей біреуі

Жеке жүзер, әуреленбей таласып.

Қарға біткен бүгін сонша қарқылдап,

Бір таныстай ішіп алса барқылдақ.

Мәнсіз үшып, сәнсіз қонып, аландап,

Ұрылардай, арам ойлы, қалтылдақ.

Тырна біткен сезімімен қауышып,

Біздің жердің бар қызығын тауысып

Жөнеп кетті басшыларын сайлап ап,

Тұра ма екен "жебе басы" ауысып?..

Өнерлі жан, тәуір жігіт, дүлдүл бар,

Қыз ішінде жеміс берер гүлгүл бар.

Өз бағында, өз тілінде сайрайды

Өнер ортақ десе дағы бұлбұлдар.

Адамда да құста да бар ірілер,

Қағып тастар бірі сұңқар, бірі ер.

Бірін-бірі жұтса тірі адамдар,

Тамағы да шағаланың тірілер...

...Ойлай берсең әр нәрсені сорлайды ар,

Байғызға ұқсап жұмбас көзін ондайлар.

Аландамай өмір сүрер біреулер,

Ештеңемен істері жоқ "торғайлар"...