ВЕРНУТЬСЯ

      Бұйырып адамзатқа түрлі мекен,

Қалайша өлмей өмір сүрдік екен?

Махаббат - әз жүректің сезімі ғой,

Сезімім өлсе қайтіп тірлік етем?!

Махаббат мәңгі майдан!

Тірі күнде,

Болмайды бұл майданда сүрінуге!

Мәпелеп өсіріп ем талай гүлді,

Жоқ бүгін хат-хабары бірінің де!

Білмеймін, мен де соның бірімін бе,

Білмеймін, өлімін бе, тірімін бе?

Қайда сол қаулаған гүл желге ұшты ма,

Жат болып бара жатыр түрі мүлде!..

Құздардай қонақтаған төсіне бұлт,

Олар да уақыттың көшіне еріп, -

Асығып арман қуып,

Сайран құрып...

Ертерек солды ма екен өсіп-өніп?!

Әрқайсы тауып әлде жорықтасын,

Бақыт пен байлыққа бір жолыққасын,

Қиқулап күзде оралған қаздарға ұсап,

Шалғайға кетті ме екен, қол ұстасып?!

Таяқ жеп тентек әже...

Кеміс ұлдан,

Аққайың құсап, қурап белі сынған,

Жат жерде қалды ма екен...

Қорлық көріп,

Сарғайған жапырақтай жел ұшырған?!

Алсаң да мың алғыс пен сауап елден,

Кімдер бар дүниеден дауа көрген?!

Басыңа бақ пен дәулет қонса-дағы,

Баянсыз көшіп-қонып, ауа берген!

Мұның да махаббатқа болды әсері,

Жолыққан сұлуларға жолда сері, -

Ұрынбай тұра ала ма?

Сүйген қызын

Сүйрелеп әкетпесе - оңбас еді?!

Сал-сері жағар еді жұртқа немен,

Сүйгенін әкетпесе сыртқа желең?

Ер Тарғын Ақжүністі алып қашса,

Қобыланды қосақ болды Құртқаменен.

Тартысып тағдыр итпен қатал деген,

Ауыздан шықпай жатып шаталды өлең.

Біржан сал сонда айтысты Сараменен,

Ақтоқты - дауға түсті Ақанменен...

Махаббат мін іздесін қай жеріңнен,

Бітеді соңы кейде қайғы - өліммен!

Сол тағдыр бұйырды да Төлегенге...

Ал Абай бақыт тапты - Әйгерімнен!

Қыз аз ба түйген намыс,

Арын бетке, -

Айтпаған қорланса да зарын көпке.

Талантты жігіттер бар!

Зор болса да,

Өздерін санамаған дарын деп те!

Жігіттің жары - бақыт!

Жолдасы - өнер!

Жорықта жалғыз шаппай, қолға сенер.

Төлеген Жібекпен бас қосар
еді-ау,

Бақталас Бекежаны болмаса егер?!

Досына қимаса да тағын биік,

Қанымен жар отына жалын құйып,

Ғашығын ақ жүрекпен сүйгені үшін,

Кететін жігіттер бар жанын қиып!

Көркімен озбаса да алға шығып,

Ертеде қорлаған соң шал басынып,

Арланған ару қыздар намыспенен, -

Өлген ғой суға кетіп...

Дарға асылып...

Осылай тұрмыс заңы болған ойран,

Жасаған ғашықтарды қолдан айуан.

Сыңарын сатып кетсе сүйген жары,

Махаббат әлемінде ол да - майдан!

Өмірден өтсе жігіт бұрын өліп,

Қайғыда қалады қыз күңіреніп...

Киеді ол жесірліктің жез қамытын,

Болса егер адалдыққа діні берік!

Ел азса, қатын ердің бағын байлап,

Тұрмыстың шырқын бұзып, бағынбайды-ақ.

Тірлікпен қоштасуға қамдана бер,

Өлгенше жүйкеңді жеп, қаның
қайнап.

Өр мінез еркек аз ба - маздап жүріп,

Жинайтын өз үйірін азбан құрып?! -

Жасында бәрі жақсы-ау бозбаланың

Шығады қайдан сонда азған жігіт?!

Ән салып, өлең жазсақ біз бүгін де,

Балаймыз аруларға түз гүлін де!

Ендеше жаман қатын қайдан шыққан,

Жақсы ғой қыздың бәрі - қыз күнінде!

Кей еркек балық құсап тұзға піскен,

Жүреді сұп-сұр болып мұздап іштен.

Жазықсыз жарын сабап жәбірлейді...

Опасыз сараңдық һәм қызғанышпен!

Бола ма ондай жанда намыс тегі,

Бұл да бір тірліктегі әдіс пе еді?

Не үшін мұсылманды сақтандырды, -

Мұхаммед Пайғамбардың хадистері?!

Даналық шыққан ұлы Ар-ақылдан,

Болсаң да бұл пәниде дара туған,

Құлысың махаббаттың!

Себебі сол -

Махаббат - өлмеу үшін жаратылған!

Махаббат жоқ болса егер -

Көңіл қараң,

Ол жоқта тумайды әсем төгілген ән!

Махаббат - өмір көркі,

Көңіл - гүлі!

Келмейді онсыз жерде өмірге адам!

Махаббат - қорықпайды өлімнен де,

Махаббат -тұрғызады көріңнен де!

Махаббат - сезім!

Сенім!

Тұрақтылық!

Кез сүзу емес бірақ керінгенге?!

Шын сүйсен махаббаттың құлы да боп,

Жүресің!

Оның сыр мен сыны да көп!

Әлемде дара туған ұлылар бар...

Асатын махаббаттан ұлы да жоқ!

Махаббат - жігітті де,

Қызды арбайды,

Түседі әр жүрекке
ызғар-қайғы!

Шын ғашық жас-кәрі деп талғамайды,

Шын ғашық бірін-бірі қызғанбайды!

Мақсаты махаббаттың - тұрақтылық,

Мен мұны тағдырымнан сұрап-біліп,

Өзімнің сүйгеніме - сенім артам,

Сүйемін және соны - құлап тұрып!

Шарладың дүниенің кең көлемін, -

Аңдап бас аяғыңды енді, өлеңім!

Жүректе сезім бар да серілік құрам,

Сезімім өлген күні мен де өлемін.