ВЕРНУТЬСЯ

         Медеуге
күніге баршы,

Айдынға үңіле қалшы:

Жұрт түгел сырғанайды онда,

Сағаттың тіліне қарсы.

Байқашы жан сырын ұғып,

Көзінде таң шығы күліп,

Осы жұрт
жынданған жоқ па

Уақытқа қарсы жүгіріп?

Жұмбақ-ау,

Тегі, бұл жалған,

Бәрінің өңі нұрланған.

Тапты екен қандай қанағат,

Уақытты кері бұрғаннан?

Ағарған самайымды

Елге

Көрсетпей жабайын дёмде...

Сағаттың тіліне қарсы

Жүгіріп
бағайын мен де!..

Бүгін менің
сарайым босап қалды,

Омбылап ем Медеуде қасат қарды

Соқты менде тап-таза жүрек қана,

Сол жүрекке тағдырым қосақталды.

Өмір тағы өзіңе
ғашық етті,

Күн нұрынан
көзімнің жасы кепті,

Филиппиндік емшідей Алатауым

Сылып алды сарғайған қасіретті.

Айналғандай болдым ғой жас балаға,

Қайран ғұмыр қайтадан бастала ма?

Енді менің қырсықтан арқам босап,

Ашар ма екем сырымды досқа ғана?

Қасат қарды омбылап жүгіргенде,

Арылдым ба мінімнен, кірімнен де?

Табиғаттай тап-таза тамшы көрдім

Жүрегіме өзімнің үңілгенде.

Періште ойлар қақсыншы ақ қанатын,

Тазардым деп ал енді мақтан, ақын.

Қайғы да жоқ,

Өкініш, ыза да жоқ,

Нең қалды екен жұртыңа ақтаратын?

Қабағынан заманның көңіл суып,

Қол жетпеске қажып ем көп ұмсынып,

Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін,

Уақыт үшін тойдым мен өмір сүріп.

Бүгінгі
күнім мәңгі өлді!

Беу, бұған кімің мән берді?

Қағазға төнген
шағымда

Қаламұшына
қан келді.

Өң бе, әлде, түс пе бұл ғұмыр?

Қансырап жатып күлді жыр.

«Ақылдылардың ішінде

Ақын дейтұғын
жынды жүр... »

Қаламнан аққан тамшы қан

Жанымды талай жаншыған.

Қағазға төгіп тынбасам

Қайғымнан қалай аршылам?

Тірлігі құрсын
тірінің -

Үземін деп-ақ кұрыдым

Құдайдай
көрген өздерін

Құдайсыздардың құрығын.

Өртеніп кейде орасан

Өткен өмірді ойлайсың.

Өз кеудеңе қарасаң -

Төбелес шы ққан тойдайсың

Өзегіңді күйдіріп

Өте шығар от құйын.

Алуан арман, қилы үміт

Кұны бүтін - көк тиын

Қан жылаған жүректің

Қамыққаны кем бе еді?

Жігеріңді құм еттің -

Сепкен дәнің өнбеді.

Сатып алған дау қымбат,

Қай күйігін тартарсың?

Дос - табансыз, жау - жұмбақ,

Кімге үміт артарсың?

Қайғысыз
болсаң - тұншығып

Қара су іш те қана бер.

Қанатсыз көкке ұшырып,

Қайтарып алар қара жер.

Сыңсып бір қалған еліңді,

Сыңсып бір тұрған орман де.

Тереңнен қазып көріңді,

Тепкілеп көмсе - арман не?

Көрешек болса - көрерміз,

Тілекті тәңір бермес пе?

Бәлкім біз қайтып келерміз,

Кетсек те Барсакелмеске?!