ВЕРНУТЬСЯ

Стефан ЦвейгОл біреуге ұнай да алмайды,  өйткені онда тұтастық жоқ еді. Анри Бейльдің шығармашылықтық жағынан екі түрлі болып келуі - оның ата-аналарынан тұқым қуалап келе жатқан жағдай еді, ата-аналары мінездері жағынан бір-біріне мүлдем үйлеспейтін адамдар еді. Шерюбен Бейль - бірақ бұл есіммен қоса Моцартта еске алудың қажеті жоқ! - әкесі немесе албасты (оны жек көретін, ол дегенде әбден қатігезденіп алған ұлы әрі жауы Анри осылай атайды) провинциалдық буржуаның нағыз өзі болып табылады, ол - әдебиеттің мазақ бағанына Флобер мен Бальзактың ызалы қолдары шегелеп кеткен қармап қалғыш, тұрмыста өте ақылды, ақшаның есебіне тастай, барып тұрған сараңның өзі. Анри Бейль әкесінен тек семіздік пен іркілдеген ірілікті ғана мұраға алып қалған жоқ, сонымен қатар менмендік пен өзін өзі ұстай білетін ұстамдылықты да меншіктеді. Оның анасы Анриетта Ганьон өзінің шыққан тегі бойынша ды, психологиялық ұстанымы жағынан да оңтүстік романдық түрге жатады. Оның оңтүстіктіктерге тән сезімтал, сентименталды, нәзік болмысын Ламартин әнге қосып, Жан-Жак Руссо кескіндеп салғандай еді. Өмірден тым ерте кеткен оған Анри Бейль өзінің махаббатқа құштарлығы үшін, ерекше сезімталдығы үшін, жүйкесі де әйел затының жүйкесіндей кез келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын нәзіктігі үшін қарыздар. Өзінің қанындағы бірін бірі теуіп тұрған, екі түрлі сымдай тартылған желінің ортасындағы Анри - осы екі түрлі мінездің бірлігінен өнген таңғажайып өнім, ол өмір бойы аналық және әкелік осындай мұраның - романтика мен реализмнің - екі ортасында ары-бері сенделумен болды; сондықтан да болашақ жазушы осы қос түрлікті өмір бойы сақтауға мәжбүр болды, оның бір мезгілде екі әлемде өмір сүруіне тура келді.Анридің кез-келген нәрсеге әсерленгіштігі кішкентай кезінің өзінде-ақ айқын белгілі болды: ол шешесін жақсы көрді (оның өзі айтқандай, өзінің тым ерте есейген сезімімен, бір түрлі сезікті құштарлықпен жақсы көрді), ал әкесін жек көрді, оған бір түрлі қызғанышпен, испандық мінезбен суық қарады, кектеніп, қолынан келсе жазалағысы келіп тұратын. Психоаналитиктер «Эдиптің кемістіктерінің» ішінен «Анри Брюлар» деген атпен шыққан Стендаль өмірбаянының алғашқы беттерінен асып түсетін әдеби бейнелеуді таба алар ма екен. Бірақ бұл  ширыққан сезім кенеттен шарт үзілді: Анри жетіден енді аса бергенде анасы қайтыс болды, ал ол он алты жасқа толып, Гренобльден пошта күймесімен аттанып кеткен сәттен бастап-ақ ол әкесін өзі үшін өлдіге санады, оған деген жеккөрушілік сезімі оның көңілінде өз әкесін мәңгілікке өлтіріп, тіпті жерлеп қойды. Бірақ жек көрушіліктің құм-тасымен қанша тұмашалап көміп тастаса да, Анридің есеппен өмір сүретін, жаны сірі, іскер буржуа папасы Бейль бұдан кейін де елу жыл өмір сүрді, екі тұқымның - Бейльдер мен Ганьондар тұқымының арғы аталарынан бері келе жатқан бір-біріне мүлдем қарама-қарсы қасиеті, яғни, әкесінің қанындағы іскерлік рухы мен шешесінің қанындағы романтикалық рух Анридің қан тамырларында бірін-бірі жеңе алмай елу жыл әлекке түсті. Міне, енді Стендаль - анасының сүйікті ұлы, біресе ұялшақ, біресе әзілқой, біресе қиялшыл-романтикалық қалыпқа түсіп, кейде музыкаға әуес меланхолик, біресе ойлы да сергек күй кешетіндігі жағынан ол көп реттерде әкесінің ұлы сияқты болып кететін. Оның қанында ыстық пен суық найзағайдай шапшаңдықпен жарыса құйылып, жағаға ұрып, кері қайтуда бір-бірімен қақтығыса, дауылдата, бір-бірінің жолын бөгеп аласапыран болып жатады. Сезім ақыл-ойды көміп тастап, сәлден кейін ол сезім тасқынын интеллектісінің күші тоқтатып, қалыпқа түсіріп өзінше өмір кешеді. Оның өн бойындағы осындай қарама-қайшылықтарды қандай да бір аяға сыйғызу мүмкін емес; ақыл-ой мен сезімнің  мәңгілік соғысында біз Стендаль деп атаған психологиялық күрестен асып түскен айқас тым сирек кездеседі.Бірден айтайық, мұндай айқастар шешуші де емес, өлімге бас тіккізетін айқас та емес. Стендальды өз бойындағы қарама-қайшылықтары ақыры жеңе алмады, басып-жаншып кете алмады; оны кез келген трагедиядан оның   бойындағы эпикурлік болмысы өзіндік моральдық салқынқандылықпен, сырттай бақылаушының суық сақтығымен қорғап тұр. Бұл сақ та сергек рух өзін талқандап жіберер демондық күштің талайынан аман қалды, өйткені оның данышпандығының ең басты ережесі - өзін өзі аман сақтау; сондықтан да ол нағыз соғыстарда, Наполеонның соғыстарында да қалай да тылда қалып, атыс-шабыстан алыста болуға амал тапты, сол сияқты Стендаль жандүниенің өмір үшін емес, өлімге бас тігуге мәжбүрлейтін шайқастарында да, тіршілік қоқыстарының жауынгері болудан шегініп, сырттай бақылаушының рөлін әдемі ойнай білді. Әрбір ұрыс-жанжалға өмірдің маңызды проблемасы тұрғысынан қарайтын Паскаль, Ницше, Клейст сияқты  болған жоқ, оның моральдық мәселелердің ұңғыл-шұңғылына бойлап жатқысы келмеді: ол, Стендаль, өзінің өткір сезімдерінің қақ жарылуына өзіндік бір эстетикалық шоу-көрініс  ретінде қарап, оны ұстамды мінезінің қауіпсіз позициясынан тұрып тамашалайтын. Сондықтан да ол өз бойындағы мұндай қарама-қарсылықтардан зардап шеккен жоқ, өзінің екі түрлі мінез-болмысын жек көрмеді де, керісінше бұл оған ұнады.Ол өзінің алмастай мықтылығын, ап-анық ақыл-ойын аса құнда нәрселердей бағалады, өйткені бұлар оған ғаламды ұғынуға мүмкіндік берді, ал кейде сезімі аласұрып кеткен кезде оған нақты шек қоя білді. Бірақ, екінші жағынан, Стендаль өз сезімінің шексіздігін, өзінің тым әсерленгіштігін де ұнатты, өйткені бұл қасиеті оны топас әрі сұрқай күндерден аластайтын, өйткені әсердің осы қуаты, музыка тәрізді, жандүниені тап-тар да қап-қараңғы денеңнің ішінен кеңге алып шығып, шексіздіктерге қарай жетелей жөнелетін.  Дәл сол сияқты ол өзінің осындай екі түрлі болмысының қауіптілігін де сезінетін: интеллектісі ең бір асқақ сәттерде салқынқанды әрі тым ұстамды ете білетін, ал сезім бұлыңғыр да дерексіз әлемге алып кетіп, айқындықты жоқ ететін, ал мұндай айқындықсыз Стендаль өмір сүре алмас еді.  Ол өз жандүниесінің осы екі қырына басқа бір сипат беруге құштар еді; Стендаль өз сезіміне интеллектуалдық айқындық бергісі келетін, ал өз интллектісінің құштарлық сезімі болса дейтін, ол өмірінің соңына дейін романтикалық интеллектінің тез әсерленгіш сыртқы қабығы мен интеллектуалды романтиканы бір бағытқа бұрамын деп әлекке түсті.Осылайша, Стендальдың әрбір формуласы екі өзгермеліліктің ортасында болды, ол екеуі ешқашан да бір-бірімен түйісе алмады, өмірінің соңына дейін ол өзін дүниені қабылдауының осы қос қабаттылығының ортасынан ғана таба алды. Егер де оның интеллектісін жеке алып қарайтын болсақ, ол аса жоғары емес, сол сияқты оның сезімдерінің лирикалық ширығуы да соншалықты биік емес, ал шабытының аса күшті сәттері үшін ол өзінің табиғи қайшылықтарының арасындағы өзара әрекетке қарыздар дер едік.  Ол өзі туралы «Ештеңе сезіне алмай, ақыры ақылынан адасты» дейтін,  яғни, ол сезімі аса толқып тұрмаса, ойлана да алмайтын болған; бірақ, өз жүрегінің бұрынғыдан жиірек соға бастағанына баса назар аударып көрмесе, сезімге де бөлене алмайтын  Ол өмірді сезінуінің маңызды бір қыры ретінде  өзінің арманшылдығын аса жоғары бағалайтын  («мен армандағанды ерекше жақсы көретінмін» дейтін ол), сонымен қатар, оның қарама-қарсы жағы - рухтың сергек-салқынқандылығынсыз да ол өмір сүре алмаған болар еді. Осылайша оған екі болмысы да: өткір интеллектуалистігі де, экзальтирлік романтиктігі де қажет болды және, бәрінен де бұрын, оған өзінің қарама-қайшылығының жанды қыдықтар тәттілігі де қажет еді. Гете бірде қарапайым тілде ләззат алу деп аталатын ұғым «оның өзі үшін сезімталдық пен ақылды ұстамдылықтың орта тұсында орналасқан» деп мойындағанындай, Стендаль да  рухы мен денесінің отша шарпысып тұруының арқасында әлемнің ақылға сыйымды, ойға қонымды көркемдігін қабылдай алатын.Ол өз болмысының қарама-қайшылықтағы элементтерінің бір-бірімен шарпысуының арқасында ғана жандүниесінде тоқ пайда болып, нервтерінің жүлге-жүлгелерінде ұшқын пайда болғанын сезінетін, сымдай тартылған, шаншудай қадалатын өн бойының қуатын біз Стендальдың әрбір кітабының әрбір бетін ашқан сайын сезінеміз; оның өмірлік қуатының арқасында болмысының оң, теріс полюстерінің арасында жылылық пайда болады, оны денесінен бөліп алу мүмкін емес, ол жасампаздық және сәуле шашып тұрған жап-жарық әлем,оның ешқашан да бәсең тартпаған сублимациясының инстинктісі оның құштарлығының әрбір жарқылын мүлт жібермей пайдаланды, ал ол оның өзіне қажетті аса жоғары кернеулі қуат еді. Оның өзінен өзі байқаған көптеген психологиялық жағдайларының бірі мынау еді: әлсіреп, болбырап қалмас үшін біздің бұлшық еттерімізге үнемі жаттығу жұмысын жасау қандай қажет болса, психикалық күшімізді де үнемі жаттықтырып, дамытып, жетілдіріп отыру керек екен. Өзін өзі жетілдірудің бұл түрін Стендаль ерекше табандылықпен, бірте-бірте жүзеге асырды. Ол өзінің екі түрлі болмысын, мысалы, музыкалық аспабын музыкант қалай аялайтын болса, қолындағы қаруын солдат қалай аялайтын болса, дәл солай аялай білді, өйткені бұл қос түрлілік танымдылықты арттыра түсуі үшін аса қажет еді, ол өз «менін» жаттықтырудан жалықпаған адам. Сезімді шырқау шегіне жеткізіп ұстап тұру үшін ол күн сайын кешкісін опера музыкасын тыңдап, сезіміне от тастап, жасы егде тартқан шағында да ғашықтық сезімін қалғытпауға тырысты. Есте сақтау қабілетінің төмендеп бара жатқанын сезіп,  оны қалпына келтіру үшін арнайы жаттығулар жасай бастайды. Алмасты жанығандай, күнде таңертең ол өзінің сана-сезімінің қабылдау қабілетін қайрап, бақылап көретін.  Кітаптар мен әңгіме-пікір алысулар өзіне күн сайынғы «кем дегенде екі жаңа идея әкелуін» қадағалады. Ол  жандүниесінің қуатын аттыра түсу үшін өзін өзі қолға алып, өзін өзі қамшылап, белін бекем буып, өзін өзі байыта түседі, ақыл-ойын өткірлеуден шаршамай, сезіміне ұшқырлық берудің амалдарынан қол үзбейді.Өзін өзі жетілдірудің осындай епті де мағыналы технологиялары арқылы Стендаль сезімнің интеллектуальдық та, эмоциональдық та ғажап ұшқырлығына қол жеткізеді. Асқан нәзік сезімтал және өткір ойлы дәл осындай жазушыны табу үшін әлем әдебиетінің өткен шағының бірнеше ондаған жылының ішіне түсіп, шарлап кету керек, сәл нәрсеге жүйкесі жараланып қалатын тап-таза әрі сап-салқын, тап-таза да мөп-мөлдір интеллектінің мұндай нәзіктігін ешкімнен таппайсыз. Рас, жүйке-жүйенің жұп-жұқа терінің астындағы дәл мұндай нәзіктігі, дәл мұндай құштарлық-сезімталдығы адамды бәрібір аман-сау қоймайды; нәзік жүрек тез жараланады, сәл нәрсеге қирап қалады, өнер үшін байлық көзі болып саналатын суреткердің нәзік жаны оның өзі үшін қайғы-қасірет.Стендаль - осы бір аса сезімтал жан өзін өзі қоршаған ортаға, көз жасы мөлтілдеген өз дәуіріне соншалықты жат еді. Мұндай деңгейдегі интеллектуалдық сезім ырғағы өзінің рухани жағынан шектеу көрген әр сәті үшін азапқа түседі, мұндай романтикалық жандүниені өз ортасының терісі қалың бетсіздігі мен моральдық топастығы жаншып жіберері сөзсіз. Ертегіде айтылатын принцессаның жүздеген мамық көрпенің астына тасталған бір түйір бұршақ денесіне батып жата алмайтыны сияқты, Стендаль да әрбір жалған сөзді естігенде, әрбір өтірік қылықты көрген кезде жаны ауыратын. Романтикалық сияқты болып көрінетін, көз алдау үшін үлкейтілген ерсіліктің бәрі, қорқақтық-жалтақтық атаулы түгелімен оның аса нәзік интеллектісін жаншып, сырқырап ауырып тұрған тіске мұздай су құйып жібергендей әсер ететін. Өйткені оның барлық шынайылық және барлық табиғилық атаулыға деген гиперқұштарлығы, оның интеллектуалдық өмір тәжірибесі басқа адамның сезімінің өтірік зорайғанын көргенде де, тым солғындығын көргенде де, болып-толған тоғышарлығын көргенде де азап шегетін. «Мені күллі жексұрындық пен оңбағандық жасытып бітті» дейді ол. Тым тәтті айтылған немесе патетиканың ашытқысымен көпіршіте айтылған жаңғыз ауыз сөз оның сол кітапты оқуға деген құштарлығын сол бойда жоқ қылып, бір ғана ерсі қимыл оның қандай да бір лапылдап тұрған махаббат сезімін су сепкендей басар еді.Бірде ол Наполеон шайқасының бір сәтін алыстан бақылап тұрған еді: айнала аласапыран, батып бара жатқан күннің сәулесімен қанды қызғылт реңге боялған аспандағы бұлтты отты жарқылымен шарпыған  зеңбіректердің дауысы жер жарып тұрды, осы көрініс мұның артистік жандүниесін бір түрлі түсініксіз күйге түсірді. Ол айналасында мына сұмдықты көріп тұрғандардың бәрімен бірге шошына да таңдана, үнсіз қарап тұрған еді. Кенет мұның қасында тұрған генералдардың бірі осы аласапыран көріністі бір маңызды сөзбен бейнелеп айтқысы келіп кетті. Сөйтті де «Алыптар арпалысы» деп салды да, тауып айттым-ау дегендей көңілмен бұған қарады, міне, осы орынсыз ерсі-патетикалық сөзден кейін жаңағы көріністердің Стендаль үшін түк әсері болмай қалды. Көңілі пәс болып, күллі сезімін біреу тонап кеткендей күйде көрсоқыр да ішмерез әлгі генералға деген жек көрініш сезімін тежей алмай тез басып кетіп қалды. Осылайша оның аса сезімтал таңдайы қызыл сөзділік пен көлгірсушіліктің сәл-пәл болса да емеурінін біліп қалса, бітті, оның сезім әлемі ашуланып шыға келеді.  Ойлау жүйесінің бұлыңғырлығы, көпірме көп сөзділік, өзін өзі жарнамалаған жабысқақтық, өз сезімін көрсеткісі келіп ентелеген ерсілік Стендаль ғұламаның жүрегін айнытатын, сондықтан да ол өз замандастарының тәтті-романтикаға толы (Шатобриан) немесе бүркеншік-батырлық сипатындағы (Виктор Гюго) өнерін ұнатқан емес, көп адамдарды ол дәл осындай себептермен жек көретін. Бірақ оның осындай тым сезімталдығының әсерінен бұған деген басқалардың да қарсылығы дәл сондай деңгейде болды. Өзі өз сезімінің нағыз шындығынан сәл ауытқып кеткендігін, ретсіз жалпақшешейленгендігін, дауысының тым елпілдеген екпінін немесе үркектеп, өтірік көлгірсігендігін  өзі байқап қалса, болды, қатал мұғалім сынды өз саусағын өзі қағып жіберуден тайынбайтын. Оның ешқашан қалғымайтын және шаршамайтын ақыл-ойы өзінің көңіл түкпірінің ең бір алыс қиырларында жатқан арман-қиялдарын өкшелеп жүріп тауып алып, оның бетін бүркеп тұрған ұялшақтықтың жамылғысын аяусыз сыпырып алатын. Сирек кездесетін бұл суреткер өзін адалдыққа осылайша тәрбиеледі, өз жандүниесін көз алмай бақылап отыратын бақылаушы ретінде де сирек кездесетін Стендаль көңілінің түкпіріндегі құпия қатпарлары мен құпия бұрыш-бұрыштарын жіті көзімен бақылаудан айныған емес.Өзін өзі жақсы білетін Стендаль жүйкені шаршатар әрі интеллектуальды бұл сезімталдығы бір жағынан данышпандығы, бір жағынан өзіне төніп тұрған қауіп екендігін де сезінетін. Басқаларға жәй ғана әсер ететін нәрселер, оны қан қақсатып кетеді. Сондықтан да Стендаль жас кезінен бастап-ақ сол «басқаларды» өз «менінің» қарама-қарсы жағы ретінде қабылдады, оларды жандүниесі жағынан басқа текке жататындар деп білді, олармен ешқашан тіл табыса алмайтын, тіпті ешқашан қандай жағдайда да өзінің түйісіп қалуы мүмкін емес жандар деп қарады. Осындай «әртүрлілікті» кішкене ғана, қорбаңдаған, ұялшақ бала Гренобльде жүрген кезінде-ақ мектептес жолдастарының у-шу болып көңілдене кетіп бара жатқандарына қарап тұрып сезінген еді. Бұл жағдайды Италияға жаңадан келген унтер-офицер кезінде бұрынғыдан да ауыр сезінді, басқа офицерлерге қызыға қарап, оларға ұқсайын десе, ұқсай алмай бейнет шекті. Олардың миландық қыз-келіншектерді шыр көбелек айналдыра алатын, өздерінің мәртебесін жоғары ұстап, қылыштарын жарқылдатып жүретін икемділіктеріне таң қалатын. Бірақ бұл ол кезде өзінің тұйықтығына, қызарақтап қалатын әдетіне, тым сезімталдығына ұялатын, бұл мінезін ол өзінің кемшілігі деп, ер адамға жараспайтын майысқақтық деп білетін.Оның жылдар бойы өз болмысын өзі күштеп өзгертпекке тырмысып, у-шу әрі мақтаншақ шіріктікке үйретпек болғаны, пысық жігіттерге ұқсау үшін және солардың деңгейіне жету үшін талай рет барып тұрған ақымақтыққа ұрынғаны күлкілі болғаны өз алдына, соның бәрінен ақыры ештеңе де шыққан жоқ. Тек кейінерек, азаптана жүріп өзінің ем қонбайтын бөтендігінен меланхолиялық ғажап сезімді тауып алады. Өзінің қолапайсыздығынан әйелдерден жолы болмаған әрі ақыл-ойының ондай жерлерге сыйымсыздығын сезінген ол өзінің ынталылығы мен тереңді көргіштігінің арқасында неліктен жолы болмағандығының себептерін түсіне бастайды, сөйтіп енді оның бойында психолог қалыптасып келе жатты. Өзіне өзі қызыға қарап жүріп, енді ол өзін өзі тани бастайды. Стендаль ең алдымен өзінің басқалар сияқты емес екендігін байқайды, бұл - оларға қарағанда нәзік, сезімтал және аңғарымпаз. Өз айналасындағылардың ешқайсысы да дәл бұл сияқты сезімтал емес, ешкім де дәл бұл сияқты ап-анық ойлай да алмайды, ешкімнің бойында мұның бойындағыдай қарама-қайшылықтар да жоқ, яғни, барлық нәрсені әрбір иіріміне дейін сезіне алатын қабілет және соған қоса, осындай қабілеті бола тұра, қандай да бір іс тындыруға ешбір икемділігі жоқ. Әрине, бойына мұндай әртүрлілікті сыйдырған басқа адамдар да болуы мүмкін ғой, мысалы, ерекше жаратылғандар бар ғой, әйтпесе, бұл өткір де терең ойлы, барлық ерсіліктерге жат көрінетін Монтенді қалай түсінер еді, егер бұл дәл сол тектес болмаса, қалай түсінер еді оны; егер жандүниесінің сондайлық жеп-жеңілдігі болмаса, бұл Моцартты сезіне алар еді?  Міне, жасы отызға келгенде Стендальға тұңғыш рет өзінің өмірде жолы болмайтын адам еместігі туралы ой келді, бәлкім, керісінше, бұл барлық елдерде және барлық рулар мен халықтарда кездесетін ерекше жаратылған және текті тұқымға жататын адам шығар. Ол енді өзін солардың отандастары ретінде сезіне бастайды (өзінің француз тұқымдас екендігі туралы ойын,  керексіз көйлекті шешіп тастағандай, сыпырып тастайды), өзін көзге көрінбейтін отанның ұлындай және жандүниесі аса нәзік жаратылған, ақылды адамдардың бауырындай сезінеді, мұндай адамдар ешқашан да топ-топ тобыр болып немесе жұмысбасты шайка болып та бір жерге жиналмайды, олар тек анда-санда ғана шексіздікке хабар жіберіп, шексіздікпен тілдесіп қана жүреді. Енді ол осындай аса бақытты азшылыққа, яғни, аса білгір, өткір көре алатын көреген, естілмейтінді ести алатын, оқылмайтынды оқи алатын, ең бір жалт етіп жоқ болатын көзқарастар мен жәй көзге ұстатпайтын қимылдарды жүрегінің ерекше қабілетімен сезіп-көріп қоятын адамдарға арнап қана жаза бастады, енді ол тек соларға ғана арнап, өз тұстастарының басынан асыра жазып, тек соларға ғана өз сезімінің аса құпия жазуларын арнады.Осы кездерден бастап, енді ол плакаттардың айбақ-сайбақ боялған әріптеріндей, майлы мен ащы дәмді ғана ұнататын у-шу болған, дауысы жер жаратын шірік ортадан аулақтай бастады. Оның Жюльені «менің оларда шаруам қанша?» дейді ол асқақ үнмен, ал бұл  шын мәнісінде Стендальдың өз жүрегінің жандауысы еді. Жоқ, ол мынау сатқын да жексұрын әлемде, «Ұнау үшін тек қана осындай болу керек, міне, нағыз ереже осы» дейтін қара зілдей ойларына малтыққан, икемге келмейтіндердің ортасында жолы болмағанына еш өкінбейді, ал мұндай тобырмен тіл табысу үшін , бәрін де тек бір өлшеммен өлшеу керек болады, бірақ, құдайға шүкір, сен ерекше жаратылған жаратылыссың, сен ерекше индивидсің, ерекше тұлғасың, әйтеуір, отардағы көп қойдың бірі емессің.Сыртқы төмендеткіш жағдайлардың бәрін - қызметінің баяу өсуін, әйелдер мәселесінде жолының болмауын, әдебиетте сәтсіздікке ұшырауын - Стендаль енді өзінің басқалардан ерекше жаратылған адам болғандығынан деп ұғынып, мұның бәріне бір түрлі қуаныш сезімімен қарады. Бұрын өзінің кемістігі ретінде қарайтын жағдайларына енді ол нәзік те ұстамды, стендальдық ұлы да алаңсыз тәкәппарлықпен қарайтын болды.  Ол енді адамдармен тығыз қарым-қатынаста болудан қашқақтап, тек бір ғана оймен, яғни, өзінің мінезін айқындау, өзінің ішкі ерекше кескін-келбетін жасаумен болады. Мына американизацияланған, тейлор жүйемсіне құрылған әлемде тек өзіндік ерекшелігің ғана құнды болмақ: мұндай жағдайда адамдарды аздаған қиялилық қызықтырады, олай болса, әркім өзіне тән сипатқа ие болуы керек, ендеше әркім өз бойында сол қиялилықты орнықтырсын! Бір де бір Голландиялықтар райхан гүлдерінің будандастырылған тұқымын ерекше аялайды, бірақ солардың бір де бірі Стендальдың өзінің өз ерекшелігін, өзінің екітүрлілігін аялағанындай аялай алған жоқ шығар: Стендаль оларды өз жандүниесінің эссенциясынан екшеп алады, оны «бейлизм» деп атайды; әрине, бұл философиялардың барлығы да Анри Бейльдегі Анри Бейльге қол тигізбеу өнерін сақтаудың бір түрі еді. Ол өзін қиялилық пен мистификацияның тікенек сымдарымен қоршап, өз «менінің» қазынасын есі кете қорғаштайды және оған тек ең жақын достарының кейбіреулерінің ғана  ішкі тыныштығының тор көзді тар терезесінен көз жүгіртіп өтуге рұқсат етеді. Ол басқалардан оңашалану үшін ғана өз дәуірімен саналы түрде оппозицияда болады және өзінің Жюльені сияқты «барлық тіршілік атаулымен жауласып» өтеді.Жазушы бола тұрып, ол әдеби форманы жек көрді және азаматтық заңдандыруды «поэтикалық өнер» түрінде  жүргізетіндігін жариялайды; солдат бола жүріп, соғысты жек көрді, саясаткер бола жүріп, тарихқа ирониямен қарады, француз бола жүріп, француздарды мазақ қылатын, ол қай жерде жүрсе де, басқаларды өзіне тым жақындатпас үшін  адамдар мен өзінің ортасына окоптар қазып, тікенек сымдар керіп тастады. Ал мұндай жағдайда қандайда бір карьерадан, әскери, дипломатиялық, әдеби  жеңістерден бас тартуы керектігі өзінен өзі түсінікті болды, бірақ бұл жағдай оның тәкәппарлығын одан сайын арттыра түсті; «мен отар ішіндегі қой емеспін, тіпті, мен ештеңе де емеспін ғой деймін», иә, тек бұл плейбейлік жандар үшін ешкім де болмауың керек, бұл құрт сияқты бәлелердің алдында құрт сияқты болып қала беру керек. Ол бақытты еді, сондықтан да оны бұлардың қандай да бір класына, нәсілшілдікке, сословияға, қандай да бір отанға жатқызу қиын, ол екі аяқты қарама-қайшылықтары бары өз жолымен өзінің екі аяғымен ілгері қадам  баса береді, сәттіліктің кең жолымен қара жұмысқа жегілген малдың ортасында жүргеннен де оған өз жолы артық.Мейлі артта қалып қойсын, мейлі, тіпті жалғыз өзі шеттеп тұрып қалсын, тек әйтеуір, өз еркі өзінде болса болды. Және Стендаль еркін болудың өзінде де ғұламалық танытты, қандай да бір ықпалға да, қандай да бір мәжбүрлілікке де көнген жоқ. Егер де қажеттілікке қарай қандай да бір лауазымды қызметті атқаруына тура келіп, форма киюге мәжбүр болса, оның өзін болмашы ғана түрде, тек қоғамдық астаудың жиегіне ілініп жүру үшін ғана жасады және одан артыққа баспады. Қандай да бір қызметте қандай да бір жұмыспен айналысса да, ол керемет ептілікпен өзін сол қызметке байланбай еркін әрі ешкім тәуелді болмай жүруге мүмкіндік таба білді. Өзінің туысқаны Дарю бұған гусардың күртешесін кигізгенімен, ол өзін солдат ретінде сезінген де жоқ; ол роман жазады, бірақ бұл Стендальдың өзін өзі кәсіби жазушылар қатарына апарып қосып қойды деген сөз емес; егер оның дипломаттың кестелі мундирін киюіне тура келсе, ол өзінің қызметтік міндеттерін атқаруға тиісті сағаттарында жазу үстеліне Стендальға қаңқасы мен терісі және домалақ қарыны ғана ортақ Бейль деген мырзаны отырғызып қояды. Бірақ ол өнерге де, ғылымға да, лауазымдық қызметіне де өзінің негізгі мәнінің бір мысқалын да бермейді, шынында да, оның жора-жолдастарының бір де біреуі  сапқа тұрып жаттығу жасап жатқан кездерінде де, акт жазып жатқан кездерінде де Францияның ұлы жазушысымен қатар отырғандарын ешқашан байқаған да емес. Тіпті оның әдеибеттегі атақты қаламдастары да (Бальзактан басқа) оны тек жақсы әңгімеші адам ретінде ғана, оларға жексенбілік саяхат жасап қайтуға келіп жүретін отставкадағы офицер ретінде ғана білетін. Оның замандастарының ішінде тек Шопенгауэр ғана дәл осылайша рухани оңашалықта өмір сүріп, оңашалықта жазу жазды, ол да өзінің ұлы замандасы, психолог Стендаль сияқты адамдардан алшақтау болды, оның да сыртқы тұлғасында адам қызығарлықтай сипат жоқ еді және ол да өзінің осындай ерекшеліктерін мақтан етіп, өзін тәкәппар ұстайтын.Осылайша, стендальдық мәннің ең соңғы бір бөлшегі ылғи да шет қақпай болып қала беретін және Стендальдың бар назары тек осы ғажайып заттың құрамын химиялық тұрғыдан зерттеп, оның ықпалды белсенділігінің арта түсуіне мүмкіндік жасау еді. Ол өзінің бойындағы тәкәппарлығын, өмірлік интровертивтік құрылымының автоэротикалылығын ешқашан жасырған да емес; керісінше, ол өзінің өзгешелігін мақтан етіп, оны «эготизм» деген жаңа сөзбен бадырайтып тұрып атайтын.Эготизм дегені - қате жазылып кеткен сөз емес,  оны тіпті заңсыз туған бауырымен де шатастыруға болмайды, көтеріле берген жұдырықтың плебейі ретіндегі эгоизммен де шатастыруға болмас еді.Эгоизм басқаның затының бәрін де өзіне тарып алғысы келеді; оның қолы алаған және бет әлпеті қызғаныштан жиырылып, тыжырынып тұрады. Оған дархандық деген мүлдем жат, ол тойымсыз, тіпті оған тән болып келетін руханилықтың бөлшегі де сезімінің дөрекілігін жасыра алмас еді.Ал стендальдық эготизмге ешкімнің ештеңесінің қажеті жоқ, ол ақсүйектікке тән мінезбен ақшаны жемқорларға, билікті даңққұмарларға, ордендер мен ленталарды карьеристерге, атақ-даңқтарының көбік операларын әдебиетшілерге қалдырып, рахатқа бата берсін деген ниет танытады. Ол жоғарыдан төменге қарап тұрып, олардың алтынға мойындарын соншама созып, арқалары бүкірейіп, титульдарды сән етіп тағынып, естері кеткенше топ-топқа жіктеліп, одан кішкентай ғана шоғырға бірігіп, әйтеуір, әлемді билеудің соңында тыраштанып жатқандарына күлкісі келеді. Стендаль оларға қызғанбай-ақ, қызықпай-ақ мысқылмен күле қарап тұрып, «Ала берсін! Ала берсін!» дейді Қалталары мен қарындарын толтырып алсын!Стендальдың эготизмі - бұл өзін өзі қалай да қорғаудың амалы ғана: ол өзгелердің меншігіндегі нәрсеге кірмейді де, өз табаладырығынан да ешкімді аттатпайды. Ол өзін басқалардың ықпалынан қытай қорғанындай қорғанмен қоршап алған, бөтен идеялардың, бөтен ойлардың, бөтен ұғым-пайымдардың өз жандүниесіне еніп кетпеуін қатты қадағалайды; өзінің ғаламмен пікір таласын оңашада отырып, өзімен оңаша жекпе-жекке шығып шешеді, бұл жекпе-жекке жыбырлаған құрт та еніп кете алмайды. Оның эготизмінде бір-ақ мақсат бар, ол - өзінің жандүниесінде жан-жақпен еш байланысы жоқ теплицада өсетін және сирек кездесетін тропикалық гүлдей болып шешек ататын Анри Бейль деген адамды жасақтау. Өйткені Стендаль өзінің көзқарастарын, өзінің бейімділігін, өзінің таңқалыстарын, өзінің тәкәппарлығын және өзінің сезімдерін тек өз жандүниесінен өсіріп және тек өзі үшін ғана өсіріп шығарғысы келеді; қандай да бір кітаптың қаншалықты маңыздылығының және қандай да бір оқиғаның басқалар үшін қаншалықты мәнді екендігінің Стендальға қажеті шамалы, ол өзіне тән менмендікпен мұндай оқиғалардың өз заманына тигізер, тіпті әлемдік тарихқа, тіпті мәңгіліке тигізер ықпалына да көңіл аудара қоймайды; ол тек өзіне ұнайтын және өзіне дұрыс болып көрінетін нәрселерге ғана, дәл осы сәтке лайықты келетін, дәл осы сәттің көркі бола алатын жағдайларды ғана жақсы деп есептейді, ал өзі жек көретін нәрселердің бәрін ашық түрде жек көреді, өз пікірінде қалса, жалғыз қалатындығы да оны алаңдатпайды, керісінше, жалғыздық оның өз өзіне деген сенімін арттырады. Осы бір нағыз және өте білімді эготист үшін эстетика саласындағы Жюльеннің ұраны өз күшінде қалады.«Бәлкім, «өзінен өзі түсінікті болып тұрған эготизм деген сөзге мұндай жылтырауық анықтауыш сөздің керегі не?» деген асығыстау пікір де айтылып қалатын шығар. Десе де, көркем көрінген нәрсені көркем деп атап көрсету және өз өмір жолыңды өз қалауыңша таңдау дегеніміз нағыз табиғи нәрсе ғой!» Әрине, дәл осылай ойлағың келеді, бірақ, анықтап қарасаңыз, сезіміңді ешкімге тәуелді қылмай, оған еркіндік беріп, ешкімге жалтақтамай еркін ой ойлау кімнің қолынан келіпті?Қандай да бір кітап туралы, сурет туралы, қандай да бір оқиғалар туралы өз пікірін айтатындардың ішінде өзінің сол пікірін болашақта да күллі дәуірдің, күллі әлемнің алдында тайсалмастан қайталап тұратын қайсысы бар? Біздің бәріміз де өз еркімізден тыс қандай да бір ықпалдың жетегінде болатындығымызды біле бермейміз, білсек те, ол ықпалдың соншалықты зор екендігін пайымдай алмаймыз: дәуірдің желі біздің өкпемізге өтіп, тіпті жүрегімізге жетіп, әрқайсысымыздың түсініктеріміз бен көзқарастарымыз және біздің замандастарымыздың шексіз  түсініктері мен көзқарастары бір-бірімен үйкелісіп, үйкелген сайын қайралып, ұштары алмастай өткірленіп, көзге көрінбейтін атмосферадағы көзге көрінбейтін радиотолқындардай таралып, бұқаралық идеяны қалыптастырады; осылайша, адамның табиғи рефлексі оның өзін өзі танытуы емес, керісінше, өзінің ойлау образын дәуірдің ойлау образына икемдеу, яғни, көпшіліктің сезімінің алдында жеке адамның сезімінің жеңіліске ұшырауы болып шығады.Адамзаттың тең жартысынан көбі майысқыш балауыз сияқты осындай көнбісті әрі тез бейімделгіш болмағанда, егер де миллиондаған адамдар  өз инстинктісінің күшімен өз пікірлерінен, жеке көзқарастарынан бас тартпайтын, айтқанынан қайтпайтын қасиетке ие болмағанада, онда тіршіліктің алып машинасы баяғыда тоқтап қалған болар еді. Сондықтан әр қашан да ерекше қуат, ерекше батылдық керек, өкінішке қарай, осындай рухани азғындыққа өзінің елден ерек еркіндігін қарсы қоятын мұндай адамдар қандай аз десеңізші! Өзінің ерекше болмысын сақтап қалу үшін осындай сыннан өткен ғаламат күш бір индивидуумның басына жинақталуы тиіс, ол мынадай күш: әлемді нақ па нақ білуі, шапшаң да ұшқыр ой, кез келген тобырды, мал сияқты кез келген шұбырындыны патша-көңілмен жек көру, қоғамдық моральды көзге ілмеу және, ең бастысы, мызғымайтын, өзінің жеке-дара түсінігінде қалуға қысылып-қымтырылмайтын  батылдық, батылдық және тағы да батылдық.Стендальда осындай батылдық бар еді, ол эготистерден де өтіп кеткен эготист еді, сансыз көп турнирлерден өткен, бойын үрейге билетпей, ішкі наразылыққа алдырмай өз «менін» рыцарлық қаруымен оңай  әрі ерекше ептілікпен қорғап шыққан еді. Міне, енді оның өз дәуіріне еркін қадам басып бара жатқанын көрудің өзі қуаныш, найзағайда жарқылдап, оратылып-соғып, ерекше екпінмен, өзінің тәкәппарлығынан басқа қаруы да жоқ ол жұрттың бәріне қарсы әлі жарты ғасыр айқасатын болады, талай рет жеңіліп, сонда да көзге көрінбейтін жараларынан қан саулап жүріп, соңғы сәттерге дейін берілмей, өзінің ерекше болмысынан және өзінің еркіндігінен бір қадам да кері аттап кетпей шайқасатын болады. Оппозиция - оның стихиясы, өзін өзі танытуы - оның құштарлығы. Осы бір тайсалмайтын даукес жанның қатып қалған қоғамдық пікірлерге қарсы жүріп, олармен қалайша айқасқа түскендігін оның басынан өткен жүздеген жағдайлардың ізіне түсіп жүріп айқын көруге болады.Жұрттың бәрі айқасқа түсіп кеткен дәуірде, Францияда, оның сөзімен айтқанда, «батырлық дегеніміз тамбурмажор туралы ұғыммен амалсыз байланысып жатқан кезде», ол Ватерллоны хаотикалық күштердің адам түсіндіріп болмайтын шым-шытырығы ретінде суреттейді; орыс жорығы кезінде сұмдық іші пысқанын ешбір қысылмастан баяндайды (ал оны әскери жазушылар әлемдік-тарихи эпопея деп суреттеген еді). Өзінің сүйіктісімен жолығу үшін Италияға барған сапарының өз отанының тағдыры жолындағы күрестен гөрі маңыздырақ болғандығын, кез келген саяси дағдарыстан гөрі Моцарттың ариясының әлдеқайда қызықтырақ екендігін айтудан еш тайсалған жоқ. Францияны басқа елдің әскері келіп басып алғанына ол түкірген де жоқ, өйткені  Еуропаның және әлемнің азаматы болып саналатын ол әскери бақыттың жындандырып жіберердей бұрылыстары туралы да, ел мойындаған пікірлер туралы да, патриотизм (күлкілілігі жағынан ең алдыңғысы) туралы да, ұлтшылдық туралы да бір сәтке болса да ойланып көрген емес; ол тек өзінің табиғи болмысын тауып, оның өмірде жүзеге асыруды ғана ойлайды. Ол өзінің осы жеке мәселесін әлемдік төңкерістердің құлақ тұндырар сұмдық асыр-тасырының ортасынан бөліп алып, айқындап көрсетіп, оны соншалықты нәзіктіпен, өзіне өзі ғашықтық сезіммен баяндайды, оның күнделіктерін оқып отырып, оның өз заманында болған осындай оқиғалардың куәсі болғандығы рас па екен деген де ойға қаласың.Бір жағынан қарағанда, Стендальдың сол оқиғалар өткен дәуірде болмағаны да рас, тіпті әскери іс-қимылдар театрының ортасынан салт атпен өте шыққанда да, немесе өзінің қызметтік креслосында  отырғанда да сол дәуірде ол болмағандай әсер береді: ол тек өзімен өзі ғана болды және өзінің жандүниесіне қозғау сала алмайтын оқиғаларға сырттай болса да қатысуының өзі оның бұл оқиғаларға ішкі жандүниесімен де қатысуы керектігіне ешқашан мән берген емес; Тарихта жазылып қалған күндері өзі шыққан қытай жазушылары туралы деректемелер жазаған Гете сияқты, өзіне өзі адал Стендаль да тарихи сілкіністер өтіп жатқан кезеңде өз күнделігіне өз өмірінің жеке өзі үшін ғана мәні бар бірдеңелерді жазып қалдырғаны таңқалдырады; оның заманының тарихы мен оның өзінің жеке басының тарихы - екеуі екі түрлі алфавитті және екі түрлі сөздікті қолданатындай әсер береді. Сондықтан да Стендаль өз дәуіріндегі сыртқы әлемнің куәгері ретінде қаншалықты сенімсіз болса, өзінің ішкі әлемі туралы деректерде ол соншалықты сенімді; ең танымал, ең жетілген, жан-жақты әрі алдына жан салмайтын бұл эготист үшін кез келген оқиғаның мән-мағынасы Стендаль-Бейль деп аталатын жаңғыз әрі қайталанбайтын индивидке қалай әсер еткендігіне байланысты бағаланады; өнерде ешбір адам ешқашан да тек өз «мені» үшін ғана осындай фанаттық табандылықпен өмір сүріп көрмеген болар және өзін өзі соншалықты жақсы көрген осы эготист сияқты өз «менін» нағыз еркіндікте ұстай білу өнерін ешкім дәл осылай дамыта да алмаған шығар-ау.Бірақ, өзін өзі дәл осындай қызғаншақтықпен қорғай білген, осындай тиянақты да герметикалық жағынан әбден қашалған стендальдық эссенция бізге өзінің тап-таза күйінде, өз қамалын да, өзінің хош иісін де жоғалтпастан жетті. Әрине, басқалардан бөлек тұрғаннан кейін ол янтарьдың ішінде мәңгіге қалып қойған жәндіктей, тас бетінде қалған тарихқа дейінгі папоротниктегі іздей сақталады; Стендальдың мән-мағынасы оны басқалардан бөліп тұратын эготизмінің арқасында дәуірдің талқандап өте шығар, өзіндік кескінінен айырып кетер ықпалынан аман шықты, сөйтіп ол өзінің түпнұсқасында қалды.Өз заманының сәнді бояуларына боялмаған, сирек кездесетін және аса нәзік адам кейпіндегі оның тұлғасынан біз ерекше индивидуумды көреміз, қоршаған ортасынан психологиялық жағынан бөлек тұрған адамды көреміз. Шынында да, ешбір Францияның сол ғасырдағы кезінен бір де бір шығарма, бір де бір мінез-құлық, дәл осындай бұзылмаған, жап-жаңа қалпында сақталмапты; ол уақытты да мойындамады сондықтан да оның шығармалары уақыттан тыс жатыр; ол тек өзінің ішкі өмірімен өмір сүрді, бізге деген оның ықпалының күштілігі де осында.Өзін өзі ақырғы сәтке дейін табиғи қалпында сақтай алған адамды өзін өзі адамзат үшін сақтаған адамдай еңбек сіңірді десе болады; өз «менін» қорғай отырып ол қара жердің шындығының енді ешқашан қайталанбайтын бір үзігін жолындағының бәрін де талқандап өте шығатын өзгермеліліктен сақтап қала алды. Адам өз заманының барлық талабын орындап өмір сүрсе, ол сол заманмен бірге өледі. Өз болмысын неғұрлым көбірек сақтап өмір сүрсе, ол адамнан мәңгілік сақталатындай көп нәрсе қалады.