ВЕРНУТЬСЯ

            Бір
аптаның көлемінде училищенің көмекке келген курсант қыздарына кәдімгідей-ақ
үйренісіп кеттік. Жеті күннің ішінде бір-ақ рет төбесін көрсеткен Мұратқан
бәрімізді  дұрыстап тұрып таныстырды.
Етжеңділеу келген, дауыстап сөйлейтін қара торы қыздың аты Сапаркүл де,
жанындағы әдеміше ақшыл сары қыздың есімі Альбина екен. Мұндай атты бірінші рет
есітіп тұрсам да құлағыма жағымды естілді. Тек, бұл сөзге судан жеріген аттай
бірінші пысқырған Мұратқанның өзі болды.

-
Түһ, қандай жақсы қызға... - Арғы жағын айта алмағандай аузын қолымен басты. -
Ай, қазақтар-ай, - дейді өзі көктен түскендей болып. - Не болса, соған
сақсыңдар-ау... Хи... хи... ха... ха... Мұратқан сірә, өз баласының азан шақырып
қойған аты Терлікбай екендігін ұмытқан болса керек, тамағы қырылдап қоятын емес.
Көзі дөңгеленіп бара жатқан Альбина жалт бұрылып, теріс айналып кетті.

Осыдан
қайтып Мұратқанды мен де, қыздар да көрген емеспіз, баяғы бәз қалпымызда жүріп
жатырмыз. Тракторшысының бар болғаны жетінші класта оқитын менмін. Арақтан аузы
босамай жүрген Мұратқанға қой деп айтатын Есенқұл ма, есесі кеткендей қосыла
ішеді. Абырой болғанда механизмнің бәрі жаңа болар ма, тоқтаусыз жүріп
жатырмыз. Бүгін де күн астында қақталып ұнжырғам түсіп келе жатқанда қия белден
асып түсісімен жауқазын гүлдердің арасынан бір-ақ шықтық.
Қызғалдақ-сарғалдақтары қатар өскен жазира төсі жайнап-ақ тұр екен. Ертелі
қалғып-мүлгіп косилкаға мініп келе жатқан Боранбайға да жан кіріпті, маған
"тоқтайық" деп қолымен ишарат береді. Тракторды тұрғыза салып, гүлді
өңірге қарай тартып бара жатырмыз. Даланың алқызыл гүлдері екеумізден
артылмайтындай Боранбай екеуміз басымыз түйісе, таласа теріп жатырмыз.
Құшағымды толтырысымен Альбинаға гүл сыйламақ ойым да бар, мұнымнан ептеп өзім
де қысыламын. "Жап-жас болып қызға гүл беріп жүр" деген әңгіме шықса
масқара ғой. Бірақ, мен ұялғанмен Боранбай ұялмайды, онан да өзімнің бергенім
жақсы.

Қасымызға
келген екі қыз біздің емпеңдей жүгірген түрлерімізге таңырқай қарап тұрып
қалыпты. Сәлден соң Альбина аяғының астынан екі сабақ гүлді үзіп алды. Көзіне
тақай қызыға қарап, еппен иіскеп қояды. Біздің қолымыздағы көп гүлге қарағанда
ең жарасымдысы екі түп сарғалдақ сияқты болып көрінді маған.

-
Болар енді, - деді енді бізге қарай  тұрып, - осыншама гүлдерді қайтесіңдер, обалы
бар.

-
Бәрібір шашпаймыз ба, - дейді мұрнының астынан міңгірлеп, Боранбайдыкі де рас,
күні ертең бұл арада ештеңе де қалмайды. Шабындық ортасындағы шөптің бәрін
қыршып алысымен көбенге бастырады. Дегенмен сезімтал қыз жүрегі гүлдердің бір
күндік ғұмыры үшін де арашашы болғысы келеді.

Мұнан
әрі ештеңеге зауқым соқпай Боранбайдың алдын орап қолымдағы гүл шоғын Альбинаға
әкеліп бердім. "Рахмет" деді көзінде елжірей қараушылықтың белгісі
бар қыз, онысы маған ба, әлде менің қолымдағы гүлге бағышталды ма, беймағұлым.
Балағына сүрініп жаңа жеткен Боранбайдың қолындағы гүл шоғын Сапаркүл құрмет
күтпестен жұлып алды. Менің бала да болсам басқа қызға ізет көрсетуім шамына
тиген болса керек. Алғыс айтпағанына ренжіп жатқан Боранбай да жоқ, құм болған
қолын шапаттап қағып-қағып жіберіп, шалбарына сүртті де косилкаға қарай жүре
берді.

Күн
өткен сайын қыздармен таныстығымыз арта түскенмен Боранбай мен Алмат сияқты
оларға етене жақындаса алмадым. Менің кішкене көкірегімнен тепсініп шыққан
беймағұлым сезім алдымда тұрған үлкен тосқауыл сияқты болып көрінді. Кешке
жұмыстан да бірге қайтамыз. Аядай трактордың ішінде әрқайсысымыздың қалыптасып
қалған орындарымыз бар. Менің сол жағымда Альбина, онан әрі Сапаркүл, сосын
тығылысып барып Алмат отырады. Тағы да орын жетпей кабинаға әрең сыйып, бізге
қарсы қарап тізесіне сүйеніп тұратын сол Боранбай.

Жаздың
ұзақ күнінде қою қараңғылықты жамылып барып, ауылға ымырт түсе жетеміз. Сонда
да шаршаған емеспіз. Май бөшкенің белдемше темірін дөңгелетіп ойнаймыз, онан
қала берді, не көп, осы ауылда бойдақ жігіт көп, солармен бірге кешкілік қамыс
қосқа барамыз. Олардың жалғыз ғана мақсаты қыздармен көңіл көтеру. Ең бірінші,
қасына Серікті ерітіп Әкбар барады. Әкбар сөзге ұста, қылтыңдап күліп, домбыра
тартуға шебер-ақ. Оның үстіне әскерден жаңа ғана оралған жігіт біздің ауылдың
дәстүрінде жоқ кейбір мәдениеттің түрлерін біледі.

Жиынның
қызған сәтінде біз де барамыз. Біз дейтінім өзім сияқты жас балалар. Бұл жолы
Боранбай үлкендердің тобына ілесіп, кәдімгі "Қас пен дос" деген
ойынға қатысады, бірақ ешкімнің Боранбайды қалап алып жатқанын көзім көрген
емес. Сөйтсе де ол байғұс қыздардың қарасына мәз. Анда-санда білте шамның
жарығына тісі жылтырап күліп отырғанын көреміз.

Қостың
бұрышына таман Альбина отырды. Менің келісімді бірден байқап қалып, босаға
жаққа жымия көз тастайды. Іші-бауырым жылып қоя береді. "Осыншама адамның
арасынан мені аңғарып қалуы тегін емес қой. - Әйтпесе Сапаркүлдің көзін не шел
басып отыр көретін болса". Байқауымша бәрінің де назары  Альбинаға көбірек ауа беретін сияқты. Бір
ауыз сөз айтуға шамасы келмейтін Серікке дейін бозара көз салып, ернін жалап
қояды. Ең қызығы осы ауылдың ежелден келе жатқан сүр бойдағы Қолқанат.

Осындай
бір қызықты кештің үстінде Альбина жанындағы бостау орынды көрсетіп
"отыр" дегендей ым жасады. Ертелі өз-өзімнен іштей қысылып тұрған мен
мұнан әрі шыдап тұра алмадым. Жұлдызы жауған жаздың тынық түнді даласына
жүгіріп шығып, көкірегімді кере дем алдым. Жаңа ғана жанына отырудан тайсақтап
қашып шыққан Альбинаның нұрлы бейнесі көз алдымнан бір кететін емес. Көгілдір
көздерінде мейірімділіктің ерекше шуағы бар. Бір ауыз сөзіне бола жүрегім
алқынып, өз-өзімнен бүлініп жүрмін... Бұл тегін айтылған сөз емес.
"Айналайын" деген сөздің де кейде астарында жатқан салқындығын сезіп
қаламыз. Альбина мені жанындай жақсы көруі мүмкін... Әбден мүмкін... Денем
тоңазып дір ете қалды. Сәл-пілден соң артымнан ентігіп Нұрбек те келді.
Кешкілік ойнаған дөңгелегін отырыспаға ала барған екен, сәнденген адамдай
білегіне шылдыратып іліп алыпты.

-
Жаңағы қыз сені неге шақырды, - дейді менің арғы жағымда қобалжып.

-
Білмеймін, - деймін ішімдегі сырды өзімше бүгіп, - жай отырсын дегені шығар.

Бір
айтқанға алданып қалар Нұрбек пе, бетіңнен көзін айырмай, локатордай болған қос
құлағын төсеп, тағы бірдеңені сұрайды.

-
Осы қыз сенің косилкаңда емес пе...

Ойпырмай
жеті түнде қай құдай қыштап тұр екен, қиыла сұрауын көрмейсің бе. Онан да
тып-тыныш үйіне барып жатпай ма екен.

-
Иә, - дедім бұл жолы жалтара алмай. Бұл жолы оның өзі де тереңнен күрсініп
ойланып кетті. Тұңғыш рет қасымда жүрген "Қалқан құлақтың" не
ойлағанын тап басып, таба алмай тұрмын, оның да өзгеге жұмбақ құпиясының пайда
бола бастағаны ғой. Мүмкін Альбинаны ол да сүйетін шығар. Қатарласа қонған қос
үйге таянып келгенде ғана жаймен:

-
Әдемі қыз, ә... - деді.

Пішеншілер
шөптің артын шөмелеп болмастан біздің ауыл ескі жұртын тастап, "Қыздың
белгісіне" қарай көше бастады. Косилкаларын қаңтарып алған трактор
агрегаттары көлден қайтқан қаздар сияқты мамырлай басып, жаңа қонысқа қарай бет
түзейді. Жүрдек тракторлармен көшетін ағаш үйдің сүйектері сәл кешеуілдеп
көтеріледі.

Бүгін
де сол баяғы "ДТ"-ның ішінде мойным қылқиып мен отырмын. Мұратқан
ауылдың малын айдап артымыздан келмекші. Қасыма көмекші есебінде Сапаркүл мен
Альбинаны қосқан еді, кейінгі кездері қабағымыз жараспай жүрген Сапаркүл кабина
ішінде тоңған торғайдай болып отырған кейпіме ернін шиыра қарап: "Мен
көшпен барамын" деп жүре берді. Боранбай болса осы ауыл сол үшін көшетін
сияқты жұрттың жүгін тиеп жүр.

Таңертеңгі
салқыннан бүрісе шыққан Альбина үстіндегі фуфайкасын қаусыра жамылып, жаныма
келіп отырды. Бізден бұрынғы трактористер таң қылаң бергеннен аттанып кеткен.
"Әйтеуір жетерміз" деймін іштей. Қарғаның қара тұяғындай болып май
сіңген қолдарым мен шидей білектерім азанғы қоңыр салқыннан құс еттеніп
кетіпті. Сырттай қарап отырған Альбинаның мейірімі түсіп аяуы да мүмкін, бірақ,
менің осы сәттегі қиялымның қай жерде жүргенін біле ме екен.

Ауылдан
бірқауым жер ұзап шығысымен бұрыннан трактор айдауға құмартып жүрген Альбина
қиыла қарап: - Шамалы жерге дейін мен жүргізейін, - деді. Бұрын бір Боранбайға
рульдің еркін беремін деп аузымның күйгені бар еді. Қалың құмшыққа қиялай салып
көзімізді бір бақырайтқан. Абырой болғанда мотор сөніп қалып аман қалғанбыз.
Енді міне қыз көңілін қалдырудың ретін таппай отырмын. Күні ертең тракторшының
куәлігін алғалы тұрған Альбинаға сенбегенде кімге сенемін. Кім айдамай жатқан
трактор...

Орнымды
ауыстырып бере қойдым. Жылдамдыққа салып берсе бәрі бір емес пе, көнбісті көк
өгіздей қыңқ етпестен тартып бара жатыр. Қыз жүрегінің қуанышын алабұртқан
өңінен-ақ біліп отырмын. Осындай аяулы жандарға өзімнің адамгершілігіммен бақыт
сыйлаған менің енді  ғана масайрай берген
шағым еді, трактордың төменгі жағы күрт ете түсті.

-
Ойбай, тоқтат, - дегенімше де біршама жерге жылжып кеттік. Абдырап қалған
Альбина тежегішті емес, басқа бір тегершіктерді басып тұр. Бар болғаны ұмтылып
барып сөндіруге ғана шамам келді. Сөйткенше торактор да қисайып барып тұра
қалды. Жерге секіріп түскен менің иманым тас-төбемнен шықты. Көбесінен сөгілген
шынжыр табан шұбатылып артында жатыр.

-
Енді оңдала ма? - деді менің арғы жағымда қатты қорыққан Альбина қасыма таяп
келіп. Бет-жүзі әп сәтте әлем тапырық болып кетіпті, көзіне үрей, жаңа ғана
жып-жинақы тұрған сарғыш шаштары қобырап тұр.

-
Оңдалады, - дедім мен шегелей сөйлеп, ішімдегі сенімсіздікті білдіргім келмей,
- тек шамалы көмектер керек. Көтеретін құрал да жоқ. Болмаса өзіміз де әурелер
едік.

-
Енді не істейміз, - Альбинаның жүрегі басылған сияқты. Добалдай темірлерді қолымен
ұстап көріп жүр.

-
Енді күтеміз. Қазір көш келуі мүмкін. Оңдаймыз деп босқа арамтер болғанша
трактордың көлеңкесінде дамылдай тұрайық.

Альбина
бұған келіскендіктің белгісі есебінде қадам жерге фуфайкасын жайып жайғасты.
Қарап отырғанша деп трактордың бөлшектерінің атын сұрай бастаймын. "Анау
не, мынау не" деген құйтырқы сұрақтарымның біріне жауап беріп, екіншісіне
мүдіріп қалады. Мұндайда өзім айтып жіберем де "көрдің бе, мен оқымай-ақ
білемін" дегендей мәз боламын. Осылай отырып көкейімде көптен жүрген
ойымды айтып салдым.

-
Альбина трактордың оқуына неге түстің?

-
Түссе несі бар? - дейді әзіл-шыны аралас.

-
Май-май боп жүрген саған жараспайды, - деп өзімнің май сіңген шидей білектеріме
қараймын.

-
Енді кімге жарасады, - Көзінде қызығушылықтың белгісі бар, маған қарап емініп
тұр.

-
Сапаркүлге...

-
Ха-ха-ха...

Өзім
көргелі Альбинаның бұл бір рахаттанып тұрып күлуі шығар, тоқтайтын емес. Не
дегенмен бұрын әдетінде жоқ бұл күлкі өзіме қатты ұнап қалды. Ақ көңілінен
шыққан таза дауыс саф алтынның сыңғыры сияқты. Бірқауым уақыттан кейін барып
әрең тиылған Альбина жасты жанарын маған аударып байсалдана түсті.

-
Неге олай дейсің Құрмаш, ең бастысы еңбек етуді сүю керек, сосын өзің ұнатқан
мамандықтың бәрі жақсы. Мысалы, өзің кім болғың келеді.

-
Журналист боламын, - деп тақ еткіздім.

-
Солай, журналисім, "Кімде-кім мамандықьы кемсінсе ол өзінің кемдігі"
деген ұлағатты сөзді оқығаным бар еді.

Артымыздан
әзір келер көштің сыңайы байқалмайды. Бір-екі қыр басына шыққаныммен көзіме
шалынған ештеңе бола қоймады. Күн көтерілген сайын қуырыла түсіп, Альбина
екеуміз бір-бірімізге жақындасып отырдық. Альбинадан атың қалай қойылған деп
сұраймын, жауабына иығын көтереді, орысшаны қалай үйрендің деймін. Альбинаның
туған жері Астрахань қаласы болып шықты. Біздің аудан орталығындағы апасының
қолына келіп, училищеде оқып жатыр екен. Осы мамандықты шынымен ұнататын
сияқты. Оқу бітірісімен темір тұлпардың тізгінін ұстағысы келеді. "Осының
қай жағына қызығады" деп ойладым, алдымда сұлап жатқан алпамсадай
тракторға мұңая қарап.

Талма
түске таянған кезде Альбина шөлдедім деді. Бағана  алаңғасарланып жүріп шалап ала шығуды ұмытып
кеткен екенмін, өзімнің де су ішкім келіп қаталап отырмын. Осы сәтте таяқ
тастам жердегі табандыққа көзім түсіп қуанып кеттім.

-
Дабай, құдық қазамыз...

-
Қалай, қайдан, - деді таң қалған Альбина.

-
Түк емес, шалғының тістері де жетіп жатыр. Анау метектің арасынан қол басындай
жерден су шыға келеді.

Қолымызға
бір-бірден шалғы тістерін ұстаған Альбина екеуміз шөкімдей жерді айналдыра
шұқып жатырмыз. Екеуміз қатар еңкейген кезде жып-жылы иықтары мен жұпар
иісті  шаштарына жанаса, тиіп өтемін.

Табандықтың
суы әдетте тайыз жерден шығады емес пе, иыққа жетер-жетпестен асты қорпылдай
бастады. Саусағым ұшы суға тиісімен айқайлап жібердім.

-
Ура, ур-ра, су, су шықты. Міне, қарашы. Бұған Альбина менен бетер қуанды.
Мұндай оңай жерден кішкене құдық қазып ала қоямын деп өз ойыма сенбеп едім,
мінеки, қара көлеңкеде мөлтілдеп маржан сулар өніп жатыр.

-
Ура! - деді мені құшақтай алған Альбина айнала билеп, алғашында ілесе кетсем де
қыздың құшағында жүргенім есіме түсіп қалт тұра қалдым. Бетімнің оты шыққан
болуы керек, қысылғанымды біле қойған Альбина басымды сипай тұрып кеудесіне
басты. Көкірегімді кернеген бақыттылық сезімі мен ұяттан не істерімді білмей
абдырап тұрмын. Құлақ тұсымдағы жып-жылы ұлпадай омырауының арғы жағында
лүпілдеп жүрегі соғып тұр. Енді мен мұндай тәтті де қымбатты сәттің ұзаққа
созылуынан қорықтым. Тездетіп Альбинаның маңынан кеткім келді, бір тапқан айлам
"ыдыс ала келейін" дедім.

-
Бара ғой, - деді мені аяғандай болған Альбина құлаққа жағымды майда үнімен. -
Машина гүрілі естіле ме? Шынында да дыбыс бар екен. Мен тракторға барамын
дегенше қыр басынан Мираштың алқа-салқасы шыққан "Урал ЗИС-і" де
көрінді. Қорапшасында текшелеп тиеген жүгі бар. Жүк үстінде басына қызыл орамал
байлаған бір келіншек отыр. Бұл кім екен деп қолымды көлегейлеп қарап жүрсем,
ешкім де емес... Сапаркүл болып шықты.

Жаңа
қонысқа барғансын не бәрі үш-ақ күндей ғана жұмысқа бірге шықтық. Көмекке
келген училище курсанттарының уақыты бітті. Басқалар сияқты мен де машина
үстіндегі Альбинамен қолдасып қоштастым. Өмірі ауылдан бұзылып шықпайтын
Мираштың ескі машинасы жолдың ақ шаңын бұрқ еткізіп, әп-сәтте көзден ғайып
болды. "Мүмкін қалаға барғанда кездесермін" деп ойладым іштей.
Ертеңіне шабындық басына бәрінен бұрын бардым. Сірәсі, сырт көзден тасаланып
тұрып, Альбина ұстаған заттарға қарап, құлазыған көңіліме сүйеніш іздеген
болуым керек. Ойлағанымдай қыз қимылының бәрі жүрегімде жатталып қалыпты.

Арада
қаншама жылдар өтті... Жүрегіме жазылған осы бір есім ақ жаңбырлар шайып, апша
қарлар көміп тастағандай көмескіленген. Бірде апамның ескі әбдіресін ақтарып
отырып, көзіме оттай басылған көк мұқабалы дәптерімді тауып алдым. Бірінші
бетке әлі күнге дейін түзелмеген қисық әріптермен "Менің сүйікті
Альбинам" деп хатты бастаппын да, тастаппын. Келесі күні "жұмысқа
шық" деп Есенқұл кіріп келгенмен "ауырып жатырмын" деп өтірік
айттым. Ауырған адамға не істеуші еді, сипалақтап әкеме қарап тұрып, үндей
қоймағансын шығып кетті. Денім сау болғанмен, күндегі жұмыстың ауырлығы мен
Альбина тастап кеткен беймағұлым сезім салмағына менің бала жүрегім шыдам бере
алмады.

Жұрт
жұмысқа кеткесін сәскеде төсегімнен тұрып кереге көзіндегі осы дәптерді алып
хат жаза бастадым. Үш ауыз сөзден әрі қарай не жазарымды білмей жұрт көзінен
тасалап қоржынға тыға салдым.

Қолыма
жоғалмай жеткен бұл дәптердің ішіндегі әріптер көмескі тартқанмен, көңілімде
бәрі сайрап тұр екен. Бірақ, Альбинаның қазіргі бейнесін көз алдыма елестетуге қаншама
тырысқанмен ештеңе шықпады, өйткені мен оны сол кеткеннен қайтып көрмеп едім.