ВЕРНУТЬСЯ

(әңгіме) ...Бұл бір ерекше әңгіме......Көркем шығарма деуге де ауыз бармай отыр......Бар уақиға көзге көрінген, құлаққа естілген, түс болып елестеген күйінде баяндалмақ...Бірақ үлкендікті толық мойындай қоймаған қартпын. Әлі де болса әлемде болып жатқан уақиғаларға елең ете қалатын, әсем көріністерге сезім шығындай алатын кісімін. Осыларға қосымша мен табиғатты қызықтаудан, ұлы жаратылыс құдіретіне табынудан жалықпайтын қасиетім де сарқыла қойған жоқ. Содан болар, күн жаңа шығып келе жатқан кезде теңіз жағасында қыдыруды әдетке айналдырып алған әдетім бар......«Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегендей, сол мезгіл аспанның да, жер бетінің де нағыз нұрлы, нағыз әсем шағы. Сезімді адамға сол сәтте табиғаттың сыйға тартар әсері мол. Аспан алашұбар бұлтты болса тіпті жолым болғаны.Па, шіркін, талай әдемі суреттер көз алдымнан өтті ғой! Жаңа рауандап келе жатқан күн сәулесі әуелі бұлтқа түсер еді. Сол кезде бұлттардың әр қабаты сан түрлі түске боялады да, көре алатын көзі барларды, ояна алатын сезімі барларды бір ерекше рахат сезімге  бөлей бастар еді. Бұлттар бірде айдаһардай иреңдеп асығып бара жатса, ендігі сәтте арыстандай азуын көрсетіп бір орында тұрып қалады. Енді бірде шудасы желкілдеген қара бураға айналса, келесі сәтте арындаған арғымақ боп бауырын жаза, ұшып бара жатады...Тек қана сол суреттердің тез алмасатыны қандай өкініш десеңізші. Бірақ сол аз уақыт ішінде біраз басыңды шайқатып, біраз таңдайыңды қақтырып та үлгереді......Бұлтттарды не түрлі құбыжықтарға айналдырар сәулесімен біршама еліктетіп алғаннан соң, жылтырап Күн жарықтықтың өзі де көріне бастайды. Құдды, көкжиектен тура саған қарай ағып келе жатқан сұйық алтын қарғыны ма дерсің. Бірақ құдіреттің аты – құдірет. Ұзақ қаратпайды.Сен сол сәттен бастап теңізге назар аудар. Енді күн сәулесімен құбылуға теңіз толқындарының кезегі келеді. Толқындар бұлттардан да тез құбылғыш. Сан түске боялып, әр толқын күн сәулесін өзінше түсінетіндей, өзінше қабылдайтындай бір-біріне ұқсамайтын түр тауып алып, адам жанын шаттыққа бөлейді, сезімін ләззәт сәулесіне шомылдырады... Теңіздің беті баланың алғашқы салған суретіндей түсініксіз өрнектер мен түстер. Жыбыр-жыбыр... Сан құбылған түстер мен өрнектер картасы... Балалардың күнге қаратқанда сан түске бөленетін ойыншығындай......Мен бүгін де өз әдетімнен айныған жоқ едім. Бірақ сәл ертелеу ме, әлде тұман әсері ме, аяқ жолыңды анық аңғара алмайтын шамада шығыппын. Тұманның арғы жағында қалың бұлт та бар болар,  әйтеуір әлі қараңғылау екен.  Теңіз дыбысы естіліп жатыр. Ұсақ толқынның құмды жағадағы шылпылы,  ірі толқынның жартасқа соққан күрсілі өзгермейтін құбылыс.Бүгін жел жоқ, теңізде тыныштық. Бірақ толқын атты ғажап құбылыс желдің бар жоғына қарамай, өз тіршілігін жалғастырып жатады.Ұсақ толқындардың «мен теңіздің ерке ұлымын», «мен міне аман-есен жағама жеттім» деп сүйінші сұрап жататын қуанышты шылпылын естіген кезде жаның жай табады.Әрегіректе, бір шақырымдай жердегі жартасқа соғылып, торыға күрсінер толқындар да теңіз тіршілігінен хабар беруде. О дыбыс ойын баласының шуылы емес, ол ұлы тіршілік дыбысы.Ол – теңіздің жүрек соғысы, алған демі... Қасіреті мен қуанышы... Ойы мен өкініші......Мені осы ойлардан оятып жібергісі келді ме, әлде қапыңды таптым деп қуана ма, бір ерке толқын аяғыма аялай сүйкене,  шаттана шылп ете қалғаны. Таңғы салқында аяқты сулап алғанмен үйге барып киім ауыстыруға еріндім. Кептірініп алмақ болып теңіздің күрсіне ыңқылдап жатқан жақтағы үйреншікті тас орындығыма беттедім. Ол тас үстінде өзім әкеліп төсеген ешкі терісі жататын. «Е, әнеки!» деп көңілдене жақындап келемін.Кенет тоқтай қалыппын. Тағы да, аяғымды суға малып алғандай шошына тоқтадым. Менің меншік тасымның үстінде жарбиып біреу отыр. Мені көрмеген секілді, қасына келгенше қозғалмады. Ал мен болсам шошып қалғандықтан болар, сәлем жоқ, сауқат жоқ:

  • Ау, кімсің? – деппін. Ол маған сәл бұрылып қарады да:
  • Мәңгүртпін! – деді.
  • Мәңгүрті несі?
  • Мәңгүрт! Немене естімеген сөзің бе? Кәдімгі мәңгүрт тағы!
  • Әкеңнің қойған аты ма?
  • Жоқ! Мен балықшы едім. Қылжақпас балықшыларға теңіз үстінде ермек керек, мен дегенде бір жыны бар. Солардың таңып жүргені ғой.
  • Содан басқа сөз таппағаны ма?
  • Жоқ, олар тапқыш. Олар мені бұрын олай атамайтын. Маған бұл атақ мен «Мүңгүрт» деген балық етін жей бастағаннан бері таңылды.  Балықшылар солай атай бастап еді, Құдайдың құдіреті, сол атақ маған желімдей жабысты да қалды. Осы күні кейбір келіндерім сыртымнан «Мәңгүрт қайнаға» дейтін көрінеді. Қанша тырыссам да құтыла алмадым. Енді өзім де үйреніп кетіппін, тіпті байқамай «Мәңгүртпін» дейтінді шығарыппын.
  • Қызық екен.
  • Солай. Бұл қызық уақиға. Ал енді өзің кім боласың?

– Мен ау салған атақты балықшы болмағанмен, қармақ салып балық ұстауға құмарлардың бірі едім. Содан зайыбым мені «Балықшы» деп атап кетті. Сен де солай атай беруіңе болады......Сәл үнсіздік орнап қалды......«Мүңгүрт» балық етін жей бастағаннан бері......Қызық уақиға дейді. Бір нәрсе есіне түсіп отыр. Шынымен қызық уақиға ма екен?.....Осы сәтте мүңгірт балыққа  қатысты бір уақиға маған да елес беріп өтті......Бала кезіміз. Күні бойы теңізден балық аулаймыз. Ұстаған балықтарымызды шелектегі суға тастай береміз. Бір жолы әкем кілең уақ балықтар арасында жүзіп жүрген екі-үш мүңгірт балықты теңізге лақтырып жіберіп, бұл балықты өлтіруге де болмайды, жеуге де болмайды, бұл балық қасиетті балық деген болатын. Кейін үйіміз теңіз жағасынан алыстап кетті де мүңгірт балық естен шығып та үлгеріпті...

  • Мүңгүрт балықты жеуге болмайды деп естіп едім,  оны неге жемейді?
  • Балықшылар мүңгүрт балықты «арам балық» деп те атай береді.
  • Арамы несі? Мына шексіз көк теңізде, мына шалқыған шалқарда жүріп те арам болатын нәрсе бола ма?
  • Болатын болғаны ғой. Олар бір түрі келіссіздеу, өңсіз балықтар. Құдды, орыс қатындар жетектеп жүретін, бет-ауызы ыржиып кеткен ит секілді. Ұлы Жаратушы солай жаратқан. Теңіздегі барлық лас нәрсені сол балықтар ас етеді екен. Тіпті балықтардың нәжісін де сол балықтар қорек ететін көрінеді. Былайша айтқанда теңізді тазартып тұру үшін Ұлы Құдіреттің жаратқан тіршілік иесі.
  • Соны біле тұра сіз неге жейсіз?
  • Бұрын мен де жемейтінмін. Менің мүңгүрт балықты жеп кетуіме Хрущевтің кесірі тиді.
  • Кәдімгі Никита Сергеевичтің бе? Қалайша!? Сонда Сіз, Сіз Хрущевпен таныс болдыңыз ба?

Бірнеше сұрақты бірден қойып, жауап алғанша асығып отырмын. – Дәлірек айтқанда ол емес оның күйеу баласы болатын... Атын ұмытып атасының атын айтып отырғаным ғой.

  •  Аджубей ме?
  • Сол болса керек.
  • Сіз онымен де таныссыз ба?
  • Таныспын деуге де тұрмайды. Бір күнге жуық бірге болып едім.
  • Қызық екен! Москвада кездестіңіз бе, әлде Киевте жолықтыңыз ба?
  • Жоқ. Сол жігіт бір жылы, атасы СССР-ды басқарып тұрған кезде,  біздің Ақтауға келіп кеткен болатын. Мен сол уақытта бір банкте шофыр, қазір  жүргізуші деп атайтын болып жүр ғой, жүргізуші  болып істеп жүр едім.
  • Ал... Сосын...

...Ол ойланып кеткендей еді. Есіне түсіріп отыр ма, әлде қай тұсынан бастағаным дұрыс деп ойлана ма, әйтеуір біраз отырыңқырап қалды да, әңгімесін қайта жалғастырып әкетті.Бұрын да көп айтқан, өзіне ұнайтын уақиға болса керек,  менімен ісі болмай, ойлана отырып, өзімен-өзі қалғандай кейіпте сөйлеп кетті... ...Бір кезде өзіне қалай «Мәңгүрт» атағы тағылғаны туралы естелік әңгімесін баяндап отыр......Москвадан атақты қонақ келеді деп, теңіз жағасына үш киіз үй тіктірді.  Нағыз қазақ ауылы болды да қалды. Қазіргі он бесінші шағын аудан жобасы. Сол қонақты қарсы алып, құрмет көрсету біздің банкке, мен жүргізуші болып істейтін, банкке тапсырылыпты. Мен сол жаңа тігілген ауылдың қарауылы да, қызметшісі секілді болып үш күн жаттым. Үш күн бойы теңіз жағасында өзім қосшы, өзім қожа дегендей. «Бұндайлар балық аулауға құмар келеді. Балық аулаймын десе қасында боларсың» дегесін үйімдегі барлық балық аулайтын құралдарымды әкеліп қойдым. Бастықтар қапылып жүр. Әуелі әдемі киіз үй іздеді. Үлкен басшылар үш үй тігіңдер депті. Тәуір үй тігетіндерге бұйым салдық. Үйлер де табылды. Ол уақытта үйді жалға тікпейтін. «Бәленшенің үйі түгенше келгенде тігіліп еді» деген атаққа риза болатын.Үйлерді жабылып жүріп тігіп те алдық. Банкімізде қыз-келіншектің шеті жоқ. Бірақ үй тіге білетіндері аз екен.  Үй тігіліп болғасын, құрметті қонаққа қазақы ақ қой іздеп, оны азар таптық.Маңғыстаудың атақты құнан қойлары құрып кетуге айналғанын сол жолы, сол орыстың арқасында түсіндім.  Қайда барсаңда құйрығы салпылдаған кілең қаракөл. Көз үйреніп кеткенсін оны да мал деп бақтық қой, әйтпесе түрі де, мінезі де өзгеше жануар болатын. Тапқан қойымыз құйрығы дирмендей әдемі мал екен. Жарықтықты өлімге қимай біраз отырдым. Ақыры білетінімді айтып, құбылаға қаратып бауыздап, ішек-қарнын әйелдерге тапсырып, бір шыбықпен ішін бүріп алып, асықпай үйітуге кірістім. Тап-таза боп әдемі үйітіліп еді. Бас терісі тұтас аппақ екен, бір қылтан қалдырмадым, бір жерін күйдірмедім. Қандай мәртебелі қонақ болса да ұялмай ұсынатындай бас болып шығып еді.«Қонағымыз келе жатыр, қазанға ас сала берсін» деген хабар жеткеннен соң тайқазанға қой етін түгел салып асып қойдық.Бір кезде шаңын шұбалта шұбырған машиналар легі көрінді. Рет-ретімен тоқтап жатыр. Олардан түскен айғыр топ адамдар ілгері қозғалды. Біздер ортадағы киіз үй маңында бір топ адам болып күтіп тұрмыз. Үй иелерінің ішінде қазақша киінгендері де бар болатын. Үшінші күнге созылған қарбалас қимылдар мен нұсқаулар біздерді біршама тәртіпке келтіріп те тастаған болатын. Бірақ бәрі бос еңбек болыпты. Біздің қапылысымыз кәдімгі «дәм болсын» болып шықты. «Қай жағынан шығып қаламыз» деп уайымдай күткен қонағымыздың киіз үйлерде де, бізде де шаруасы болмады, бірден теңіз жағасына тартты. Біздің ортамыздағы жасамыс әйел, бір киіз үйдің егесі: «Аталарымыздың орыспысың дейтіні осы екен-ау, арнайы өзіне тігілген үйге әуелі бас сұқпас болар ма?» – деп, ренішін білдірді. Оның өкініш сөзі біздерге де ауыса бастағандай. Бәрімізді көңілсіздік сезімі билеп алғандай болып еді. Бірақ әлгі орыс теңізді көріп кәдімгідей көңілденіп қалды. Мен де маңайында жүрмін. Бастықтар маған «дұрыс киініп келерсің» деп тапсырған. «Жұрт мені қонақ орыстың қасында жүрген ауыл атқамінерлерінің біреуі деп ойлайтын болар» деп өзімді-өзім масаттандырып қоямын. Жағада олар біраз жүрді. Не айтқандары есімде де қалмапты. Тек қана әлгі қонақтың «Қандай таза теңіз! Теңіз қандай таза еді!» деп қайта-қайта мақтағаны, таңданғаны есімде қалыпты.Мен болсам әлгі орыстың аңқаулығына таң қалған едім......Теңіз таза болмағанда қайтеді......Алла тағала таза болсын деп шетсіз, шексіз етіп жаратып, шалқарын шалқытып қойса?......«Қасиеті атады, теңізге түкірме» деп ақсақалдар ақыл айтып жатса......Ұлы Жаратушы нәжістен тазартып тұр деп мүңгүрт балығын жаратса... Теңіз таза болмағанда қайтеді......Қонақ басқаны жүре тыңдап, көбіне өзі сөйлейтін кісі екен. Көп сөйледі......Бір уақытта мына ұлы теңіздің жағасында өтіп жатқан, Москва мен Маңғыстау жайсаңдарының кездесуіне менің де қажетім болып қалыпты. Кейін ойланып қарасам сол күні құрметті қонағымызға менен басқа ешкімнің де, ешнәрсенің де қажеті болмаған секілді......Қонақ сөйлей-сөйлей жалыққан кезде «бұ теңізде балық бар ма?» деп сұрапты. Сұрауы мұң екен біздің бастық мені шақырып алды. Орысша мектеп бітірген едім. Саулап тұрмын. Орысшаны әлгі орыстың өзінен артық сөйлейтін секілдімін. Теңіздің, теңіздегі балықтардың жағдайын баяндап бердім. Қажет болып қалса деп балық аулау құралдарын дайындап қойғанымызды да естіртіп жатырмын.Ара-арасында көз қиығымды бастығыма салып қойып, Каспий теңізінің қызыл балықтары туралы, патша заманында оларды Мәсеу мен Петербургке қалай жеткізіп тұрғаны туралы әңгімелеп тұрмын. Басын изеп, бастық маған риза екенін байқатып қояды. Мен бастығымның пайдасына асқаныма едәуір арқаланып, көңілдене сөйлеп тұрмын......Бір кезде әңгіме де аяқталды. Әлгі орысты біз қабылдап жатырған секілді емеспіз, ол бізді, тіпті Маңғыстау өлкесін өзі қабылдап тұрғандай еді.Ақыры қабылдау уақыты аяқталғандай болды. Ол біздің атқамінерлеріміздің бәрін таратып жіберіп, қасында мені ғана қалдырды. Менің балық ұстайтын құралдарымды бір қарап шығып іске кірісті.Балық аулаудың жөнін білетін болып шықты. Ет піскенше біраз мүңгірт балық ұстап та үлгерді. Қуанышында шек жоқ. Әр Мүңгүртті теңізден суырып алған сайын масаттана риза болып, шаттана қуанады.Мен ішімнен: «Біздің балықшылардың бір қайық толтырып бекіре шығарып жатқан сәтін көрсе, мынаның жаны шығып кетуі мүмкін-ау» деп ойлап қоямын. Түс мезгілінде ағаш үйдің маңында топталып жүрген бастықтар бізді етке шақырды. Қонақ ұстап отырған қармағын қимады ма, қайта-қайта қармаққа ілініп жатқан балық қызығынан айыға алмады ма, шақырғанға бармай отыра берді. Жалғыз ауыз тіл қатты.– Өздерің тамақтана беріңіздер......Ол ауық-ауық шелегіне қарап қояды. Санап отырған секілді боп көрінеді маған. Санын онға жеткізгісі келе ме? Мен де санамақ боламын. Бірақ олар араласып кетіп санатпайды. Он шақты Мүңгірт шелектегі су ішінде жүзіп жүр.Түскі тамақтың мезгілін әуелі қарынның сездіретін әдеті бар емес пе. Балық аулау қанша қызықты болғанмен, «жұтқын тамақ» бұйрығы одан өктемірек қой, қашанда. Бір кезде ол балық қуыратын таба сұрады.Қонақ қабылдауға дайындық кезінде бәрін ойлапты, бәрін ұйымдастырыпты. Бірақ Мүңгүрт қуыратын табаны ойламапты. Таба қыздыратын газ мәселесін шешпепті. Таба жоқ екенін естіген ол қонақ үйге барып өзі ұстаған балығын қуырып жемек болды.  Біздің бастықтардың өтінішіне қолды бір сілтеді. Мені ала кетті.Балық қуырудың мәнісін біледі екен. «Ұн бар ма, тұз бар ма» деп қажет заттарын түгендеп алған болатын. Қатырып қуырды. Күйген майдың, қуырылған балық етінің иісі, қарынның сұрағына өз үлесін қосып жатыр.Солардың әсері де болған болар, әрі жемеуге орыстан да қаймығып мен де «Мүңгүрт» етіне тойып алдым.  Әуелі аздап сескеніп, «арам балықты қалай жеймін» деп тітіркенген де болатынмын, бірақ қырлы стаканды толтыра бір-екі тартып жіберген соң, «Мүңгірт» еті, «арам балық еті» ата тамағындай үйреншікті болып кетті. Өңештен ойланбастан өте бастады. Содан бастап оны жей беретін болдым......Осы жерден мен әңгімеге араластым.

  • Ол саған же деп те айтпапты, өзің жепсің. Сонда сенің алдыңда оның қандай жазығы бар деп ойлайсың?
  • Жазығы да жоқ болар, мен тек қана үйітілген ақ қойдың етінен

ауыз тимей, оны құмар қылған Мүңгірттің дәмі қандай екен деп, әуелі дәм татып қарадым. Жұп-жұмсақ, тәп-тәтті балық екен.

  • Саған да обал болған екен. Өзің үйіткен ақ қойыңның адал етінен ауыз тие алмай, арам балықтың етіне тап болып...
  • Шошқа етін жегендей нәрсе ғой. Арамнан бір ауыз тисең, арғы жағы жалғасып кетеді екен. Арақ та сол, шошқа еті де солай.
  • Шыныменен солай ма екен? Сонда адам біраздан соң арамның арам екенін де ұмытатын болғаны ма?
  • Қайдан білейін? Бірақ осы кезде мен мүңгірт етін жемейтін болдым.
  • Арамсынасың ба?
  • Жоқ! Мүңгүрттерді шетінен май басып, еті дәмсізденіп кетті.
  • Семірсе дәмдірек болмай ма?
  • Жоқ, оның етінен мұнай исі шығатын болып жүр...
  • Ол қалай?
  • Бұ күнде олар, Мүңгірттер, теңізді ластап жатырған қоқыстар ішінде ең қауіптісі мұнай екенін сезетін секілді. Содан барып әуелі соларды құртпақ болып жанталасады-ау деп ойлаймын.
  • Сезеді деймісің? Ғажап-ай!
  • Құдай біледі, сезеді. Алла тағала оларды теңізді тазарту үшін жаратқан ғой. Содан барып олардың өз міндетін атқартатын түйсігі әуелі теңізге тамған мұнай қалдықтарын залалсыздандыруға жұмсайтын болар.
  • Ғажап екен...
  • Солай шырағым...
  • Бірақ мен ол балықты «Мүңгірт», Сізді «Мәңгүрт» атау орынсыз ба деген ойға қалып отырмын.
  • Оны өзің білесің. Маған тіпті осы атым ұнайды. Соңғы кезде мүңгүрт балықтарды өте жақсы көріп кеттім де, өз атымның соларға ұқсайтынын мақтаныш тұта бастадым.
  • Мүңгірттерді жақсы көріп кеттім дейсіз бе? Демек теңіз тағдыры сізді ойландыратын болғаны ғой?
  • Солай болар.
  • Түн ортасында бұ жерде неғып отырсыз?
  • Теңіздің күрсінгенін тыңдаймын... Маған теңіз түнімен жылап шығатындай боп көрінеді... Көмектескім келеді. Жұбатқым келеді... Бірақ алып теңізге асықтай балықшының не пайдасы тимек?..

...Маған бұрын да теңіз тереңінен күрсіне шығар дыбысы ғажап әсер ететін. Ол бір ұлы ойдан туар,  шешуін ақыры адам пенделері ойлап табар, содан барып бір  ғажап жаңалық ашар құбылыс секілді көрінетін.Мәңгүрт ақсақалдың Мүңгүрт балық туралы әңгімесін естігеннен кейін мен бұл құбылысқа басқаша мән бере бастағандаймын. Теңіз дыбысы бұрындар мен ойлағандай ойлы жанның ойдан туған күрсінісі емес, ол енді жетім баланың жылау алдындағы тұншығысы секілді әсер ететін болып алды......Осы ой басымнан кетер емес. Қартайған шағымда аса ауыр жүк болып алды......Сол дыбыс ішінен Мәңгүрт ағайдың даусын да ажыратып алатын болдым......Сол дыбыс ішінде Мүңгүрт балықтың да жан айқайын сезіп отырғандай боламын... Мәңгүрт ағай секілді мен де шарасыздық күй кеше бастадым......Енді күнде ерте тұрып өзімнің тас орындығымнан Мәңгүрт ағаны іздейтін болып алыппын.Кездестіре алмай жүрмін. Кездесе қалсам оған осы орындықта отырып қалғып кеткен сәтте көрген бір түсімді айтып бергім келеді. Аурып қалмады ма екен?.....Қайда жүрсе де аман болғай да, ағайын......Сол түсімді енді сіздерге әңгімелеп бермекке бекіндім......Ешкі терісін төсеген өзімнің тас орындығымның үстінде отырып қалғып кеткен екенмін деймін......Ойыма Мәңгүрт ағаймен арада болған әңгіме түсіпті......Мәңгүрт ағай теңізді мұнай майынан тазартамын деп Мүңгірт балықтар тез семіріп барады деп еді-ау! Сорлы балықтардың ден саулықтарына мұнай қалдықтарының зияны тимесе жарар еді......Осы ойдың басқа келуі мұң екен, теңізді шолп еткізе шоршып шықты да, құйрық қанаттарын аяқ етіп, қақшаң-қақшаң, қаздаң-қаздаң ете бой жазып, бір Мүңгірт балықтың алдыма келіп тұра қалғаны. Адамша сөйлейді... Тапсынып сөйлейді...

  • Әй, Мәңгүрт! Амансың ба? –  дегені.
  • Менің атым Мәңгүрт емес, Балықшы. Мен Мәңгүрт емеспін.
  • Жоқ Мәңгүртсің! Біз үшін барлық адам Мәңгүрт! Сіздер де біздің әр қайсымызға ат тағып жатпайсыңдар ғой. Сіздер үшін біздердің бәріміз де Мүңгүртпіз. Сол секілді Сіздер де біздер үшін шеттеріңнен Мәңгүртсіңдер.
  • Қой олай деме! Мәңгүрт деген жаман сөз. Мәңгүрт деп ошақ қамын  ойламайтын, туған жеріне деген сағынышы жоқ, анасын ардақтамайтын, ұрпағын қамқорламайтын  адамдарды айтады.
  • Міне дұрыс, онда адам біткеннің бәрі Мәңгүрт екені рас болып шықты. Біздер адамдардың әлгі өзің айтқандай қасиеттерін байқаған емеспіз.  Жер Ана, Теңіз Ана деп атайсыңдар. Басқаны былай қойғанда сол Жер Аналарыңа, Теңіз Аналарыңа не құрмет көрсетіп жатырсыңдар?..

...Мүңгірт қызынып алған......Ыржиған аузы да жып-жинақы болып кеткен. Жып-жып етеді.Кәдімгі трибунаға шығып сөйлеп үйренген шешен шенуіктен бір айырмасы жоқ......Бұлтты атқыласа......Теңізді жаңбырдай айырса......Бұлақты құрғатса......Жер ылғалын төменге түсіріп жіберсе......Өзен арнасын бұрса......Көлді кептірсе.....Әлемді қоқыспен толтырса......Маймен былғаса......Балықтың тірілей жатырын жарса......Ұрпағын қырса......Бомба жарып есалаң қылса......Уылдырық шашуға өзенге жібермесе...         ...Мен естімеген сұмдықтарды Мүңгүрт білетін болып шықты. Апандай аузы жып-жып етіп сөйлеп тұр. Қанатынан қол жасап алыпты, шошаң-шошаң етеді. Саусақтарын басып санап жатыр, санап жатыр...         ...Құдайға шүкір санап шығуға қауырсын қанатының саусақтары жеткілікті екен, әйтпесе адам пендесінің саусақтары жетпей қапаланар еді...         ...Ойланып кетіп тағы не санағанын естімей қалыппын, бір кезде:         – Каспий ластанбағанда қайтушы еді, а?  – шаңқ ете қалғаны......Мен де адам баласымын. Адам ісі үшін арланамын. Мүңгірттің адамдарға таққан кінәларына шамдана бастаған секілдімін. Оған есе жібергім келмейтіндей. Олардан мен де жалма-жан кемшілік іздей бастаппын.

  • Сіздердің де өз міндеттеріңді ойдағыдай атқарып жүргендерің шамалы.
  • Жала жаппа. Оны қайдан байқадың?
  •  Сендер, Мүңгүрттер, соңғы кезде теңізді тазартуды қойдыңдар...

...Мен де мүңгірт балыққа шындап ұрса бастаппын. Өзінің маған істегенін өз алдына келтірмекпін......Теңіз түсі өзгеріп барады......Күннен-күнге көкшіл теңіз сарғыш теңізге айналып барады......Лайлана бастады... ...Жағадағы құмға дейін шіріп, көгеріп бастады......Жағада өздеріңнен басқа балық қалмады, таза су іздеп тереңге кетіп жатыр......Сенің қырсығыңнан басқа балықтар қырылып жатыр......Сен болсаң жатып ішер болып алғансың.....Бір тұтам кішкентай балық едің, енді бір қарыстан асып барасың. Осылай  жалғаса берсе бара-бара бір құлаш балыққа да айналарсың......Жұмыс жасамайсың......Әбден семіріп алғансың......Жатып ішерсің......Теңізді тазартпайсың......Бір мезгілде әлгі балықтың әжептарқы қатты дыбыс шығарғаны. Дыбыс болғанда мен ешқашан естімеген дыбыс.Соншалық қорқынышты дыбыстан шошып, аң-таң болып қарап қалыппын. Сөзден де, ойдан да айрылып қалыппын......Ол билікті өз қолына алып алды. Енді ол маған қайтадан жекіп бастады......Ей кілең Мәңгүрт! Мені кінәлауға қалай дәттерің барады!.....Теңізді ластап жатырған мен емес, сендер емессіңдер ме?.....Сіздердің теңізге тастаған қоқыстарыңды жеймін деп, теңізге ағызған мұнайларыңды ішемін деп, мен Жаратқан бұйырған өз міндетімді атқаруға қолым тимейтін болды!.....Тұла бойым толы тұз бен мұнай!.....Міне қараңдаршы! Мен енді кімге ұқсаймын!.....Осыған Мәңгүрт сен жауаптысың!......Мойында Мәңгүрт екеніңді!.....Ол мені жауапқа тартып тұрған тергеушіге айналған секілді......Ал мен болсам оның алдында күнәлі жандай мүсәпір халге түсіппін......Шындық мойындатпай қоя ма, мен Мүңгірттің айтқанына түсіне бастағандаймын, мойындай бастағандаймын... «Кілең Мәңгүрт» деген сөзіне шамданбайтын да болып қалыппын......Мүңгірт тақылдап сөйлеп тұр. Мен тілден айрылғандай, үнсізбін......Мүңгүрт мені масқаралауын тоқтатар емес. Бірте-бірте үдетіп барады. Ал мен болсам ақталар ештеңе таба алмай, адамдық болмыстан айрылып, өзімді-өзім қорғарлық халім қалғанмаған секілді. Ұят пен өкініштен өртеніп барамын. Тынысым тарыла бастады......Енді сәл уақыт өтсе шыдай алмай «Жетер! Мен Мәңгүртпін! Мен Мәңгүрт екенімді мойындадым!» деп айқайлап жіберуге шақ қалып тұрмын......Осы масқара сәтте мені қасымнан ұшып өткен шағаланың шаңқ ете қалған ащы даусы оятып жібермегенде менің одан арғы тағдырым не болары белгісіз еді...                                                         Ақтау. Ақпан 2010.