ВЕРНУТЬСЯ

      Назияда мөлдір
көк,

Назияда күн
ашық.

Жайысып құшақ елжіреп,

Жатырмыз саулық
сұрасып.

Жармасып толқын
жалына,

Жүзеді бұлттар желкендей.

Жолымды тосқан
сағына

Назия назды
еркемдей.

Жағаңа салмай
қаз ұя,

Көзіңнен жас боп
мұң ыршып,

Жатушы ең,
қайран Назия,

Жаралы жандай
ыңырсып.

Жаттың сен айлар
күн көрмей,

Жарық қып оттың
жарқылын.

Жаттың сен айлар
түн көрмей,

Күндіздей от боп
әр түнің.

Тапқандай пана
асқарды,

Тіредім саған
арқамды.

Толқыныңа жас
тамды,

Толықыныңа қан
тамды.

Жаздым жыр
көздің жасымен,

Жаздым жыр жүрек
қанымен.

Сүйеген сонда
досым ең,

Жақын кеп жұрттың бәрінен.

Бірінші рет
Торғайда

Тамса қаным
туғанда,

Екінші рет
майданда

Қаным бір ақты
жылғаңда.

Қаным ұйып тұнған жер,

Іздеп келдім
шалғайдан.

Сен де маған
туған жер,

Айырмаң жоқ
Торғайдан.