ВЕРНУТЬСЯ

     Ол кездерде ойын
қуған баламын,

Ұғынбаппын
дариялы дала әнін.

Туған жердің
жырлапты онда шөптері,

Қырқада күн
қалдырыпты жолағын.

Қараша үйде
аспан аунап жатыпты,

Жерошақта жұлдыз-шоқтар батыпты.

Жатыппын мен ай сәулесін жамылып,

Болғаннан соң
ерке бала бақытты.

Таң алдында
шаштан сипап ақырын,

Торғай желі
оятыпты ақынын.

Кетіппін мен,
кетіппін мен, кетіппін,

Есімде жоқ -
жүрдім қанша шақырым.

Көп жүргеннен қалсам керек ер жетіп,

Кидім бір күн
солдат болып керзі етік.

Сатыр-сұтыр бұлтты аспан жарылды,

От бұршақтап, жерді үйіріп желдетіп.

Төбемізде тұнжырады қыс күңгірт,

Ауыр бомба
окоптарға түсті үңгіп.

Кете бардық
майдан жүгін арқалап,

Запасымыз қапшықтағы
үш күндік.

Болды автомат
бізге бейне құс
жастық,

Талай-талай жас өмірмен қоштастық.

Қара орманда
майдан жырын жырладық,

Голодныйдың
өлеңімен достастық.

Солдат жаны
берік екен жел, күннен,

Сан тіріліп,
талай рет өлдім мен.

Жараланып орта
жолда мен қалдым,

Менің досым
шықты бірақ Берлиннен.

Бұжыр-бұжыр шұқырындай даланың,

Өн бойымда
қалыпты ізі жараның.

Енді бүгін
соқпағымен сол күннің

Оң қолымда
ойнақтайды қаламым.