ВЕРНУТЬСЯ

(Анамның аузынан естіген халық аңызы) Сар шағыл құмы көзді қарықтырған,Аптабы алау отын жағып тұрған;Лебі құс қанатын қиып түсерСахара жұтым суға зарықтырған. Бойдағы күшіңді алып екінді-аптап,Қуырар жан біткеннің етін қақтап.Суырған құм дауылы тыныс бітеп,Тартады аяғыңнан бассаң аттап. Иітпей тас емшегін безерген шөл,Дейтіндей: «Еріндерің кезергенше өл».Сусиды жал-жал құмдар судай арбап,Бұл ара – баршаға аян, ежелден шөл. Нышаны тіршіліктің – құлан ғана,Ол да тек көз ұшында қылаңдаған.Құлазып, құр қаңсыған құла далаҚұпия жымиыспен сыр аңдаған.Қалың мал қаптай қаңғып оң-солында,Барады ендеп кіріп құм-шағылға.Қолында жиде таяқ, сақалы аппақ,Келеді кәрі шопан қой соңында. Қайыртпай, бет-бетіне быт-шыт болып,Елсізде қызық емес, қырсық соғып;Ақ шағыл, апат шөлде адасқан малКеледі бір үмітке күшікше еріп. Қолдағы қуат-күші, нәрін беріп,Ақсақал келе жатыр барын қорып.Келеді құр сүлдесін сүйреп әзер,Келеді жанарларын жалын көміп. Қайраты қайтқанымен қарсы сыннан,Қашанда садаға ғой халқы үшін жан.Бір тұрып-бір жығылып келеді әзер,Тарығып таңдай жібір тамшы судан. Қарайтын мейіріммен елге күле,Салыпты із сан тауқымет келбетіне.Кербала кеп орнаған секілді ме,Кеткендей Күнге айналып жер беті де. Жан да жоқ ең болмаса жайыңды ұғар,Құм болды-ау қайран жігер қайың жығар.От бүркіп, шоқ төгеді безбет аспан,«Тозақ» деп осыны айтты-ау байырғылар. Қайыру беремін деп қалың селге,Сайғағы – сексеуіл боп, қабыр – шөңге;Көзіне құм құйылып, құлан сиіп,Көмусіз қалғаны ма шағыл шөлде?! Көре алмай бұл өмірдің мол қызығын,Естімей ешкім соңғы әлсіз үнін;Атаусыз айдалада қалмақшы ма,Таусылған жері осы ма дәм-тұзының?! Келеді: «Сақта өзің, бір Құдай!» деп,Елестеп сағым су боп, жұтынды-ай кеп!Қаһарын бар дүние төкті бұған,Аптап шөл алау – тозақ отындай боп. Ақыры бір төбеге кеп құлады,Шыңылдап шеке тамыр соққылады......О, ғажап!Жиде таяқ құбыр болып,Зәмзәм су ақ бұрқақтай атқылады. Осы ғой,Осы су ғой нәр әкелмек,Қарт маңдай бір бусанды қара тер боп.Еңкілдеп байғұс шопан жылай берді,«Дүние-ай, көрешегім бар екен!» деп...                                      1986 жыл, 10 қазан. Сыңғырлау.