ВЕРНУТЬСЯ

    Әр халықтың дүние танымы әрқилы. Сол себепті олардың өмір
құбылыстары жөніндегі көзқарастары да, адамның іс-әрекет, қимылдары жайындағы
ұғымы да, қабыса бермейді. Айталық, Сібірге жер аударылған
декабрьшілердің соңынан еріп барған әйелдеріне қаншама кітап
арналды?! Қанша мадақ сөздер айтылды?! Ол әйелдердің Сібірге баруын бүкіл халық
болып ерлік деп қабылдады ғой.
        Ал қазақ үшін
осы әйелдердің бұл ісінде ешқандай ерлік жоқ. Қүнделікті тірлікте күйеуі
айдалған кез келген әйел жасайтын әрекет. Қазақша ұғым бойынша - күйеуі жер
аударылса, әйелі аяғын көсей салып, шәлжиіп үйінде отыруы керек пе? Жоқ, құдай
қоскан қосағының қасында болсын. Ол көрген қиындық-мехнатты бірге көрсін,
белісетін болсын.
       Бұл жәй уағыз
емес. Қазақтың қай әйелінің болса да қолынан келетін, сол себепті мадақтауды
қажет етпейтін шаруа. Осындай ұғым алшақтығы өнерде де, өмірдің басқа
құбылыстарында да кездесе береді. Мәселен, мал баққан қазақ халқында өркениет
елдер түсініп, қабылдай бермейтін бір өнер бар. Ол өнер ет жегіштер жарысы.
Ерегіске сойған тайын жеп кетіпті. Бәс тігісіп бір қойдың етін жалғыз өзі
тауысып қойыпты дейтін аңыз-әңгімелердің ет жегіштікті өнер санаудан туғаны бесенеден
белгілі.
        Әрине, қазіргі
қазақтар ондай жарыс өткізбейді. Бірақ бұл өнердің Солтүстік Қазақстанда
елуінші жылдарға дейін санаттан шықпағанын өз басым дәлелдеп бере аламын.
       Бір мың тоғыз
жүз елуінші жылдың январь айында туған ауылым «Лияға» барып бір ай жаттым.
«Лия» - өңірлес Преснов пен Октябрь аудандарының шекаралығында орналасқан
колхоз. Пресновкаға да, Марьевкаға да бірдей қашықтықта.
       Бір күні
үйімізге қонақ келіп түсті. - Тайжанов Садық. - Октябрь аудандық партия комитетінің
ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. Көрші аудандар социалистік жарысқа түскен
екен. Соның нәтижесін тексеріп келе жатқан беті. Қасында Қуантаев дейтін колхоз
председателі және атшысы бар. Менің елге келіп жатқанымды естіп сәлемдесе
кетейік деп бұрылған.
         Өгей шешем
Бейіс жаңа сойылған соғымның жылы-жұмсағын қазанға салды. Бұл өңірде Садық ат
жалын тартып мінген жақсы азаматтардың қатарынан саналады. Әрі менен мүшел жас
үлкен. Соған қарамастан сәлемдесем деп келген ағаның осы бір білгірлігіне риза болған
әкем де аса көңілді. - Садық ел кісісі. Барыңды аяма, - деп шешеме қадағалап
айтып жатты. Үйеме табақ дәм келді. Садық та, оның қасындағы Қуантаев та ет
жегіштер санатына қосылмайды екен. Шамалап алып отырды да, шегініп кетті. Ал
ана атшы болса, қайтар емес. Бір ет, бір майды қос қолдап асайды да, жағы
сартылдап шайнайды-ай келіп. Жұрт енді соның ет жесін қызықтады. Немере ағам
Нұрқан мен колхоз председателі Дүйсенбінің Әбдіраші етті екеулеп турады.
      Дөңгелек жозыдан
басы ғана көрініп отырған қағалтай денелі, аласа бойлы, қалқан құлақ атшы жағы
сартылдап шайнап отыр. Шайнап отыр... Бір кезде ағаш табақ толы ет таусылды.
Атшы сонда ғана бетін сипады. Әкем
қысылыңқырап қалған секілді. - Мана дәміңді мол жаса, -
демеп пе едім деп Бейіске кейістік білдірді. Араға Әбдіраш түсіп жұбата
сөйледі.
        Ертең мен шақырайын
бұларды. Атшының әуселесін сонда көреміз.
Бірақ атшы ол үйден жағын сартылдатып отырып табағын тоңқарып
қайтарды. Әуселе баспақ болған Әбдіраш та қайран. Бар болғаны басын шайқай береді:
мен мұндай жалмауызды тумысымда көрген емен.
        Осыдан кейін
келген қонақтармен арамызда ет жеу спортының егесі басталсын да кетсін. Әңгіме
былай болды: Садық аттанарда Марьевкаға шақырды. Жәй сыпайылық жасап тұр дедім
бе, әйтеуір бара алмайтынымды айттым.
-        Ендеше мына
«Балуанға» жүресің. Ауыл арасы жақын, ертең қайтып оралатын боласың.
        «Балуан»
колхозы, «Лиядан» сегіз-ақ шақырым жерде. Ағайын, туыстық жағынан бізге жақын.
Бірақ Садық қызмет істейтін Октябрь ауданына қарайды.
-        Онда кімге
бармақпын? - деймін ғой Садыққа.
-        Ат басын қай
үйге тірейтініңді бізге тапсыр. Күтеміз... Егер етжегіштерің болса, ала кел.
Бірін.... керек десеңіз... онын... Қиналып қалар деп қорықпа!.. - Сөз осы.
       Садықтың бүйтіп
қыр көрсетіп, ірі сөйлеп тұрғанын кейін білдім: Пресновкаға қарай жүрерде
қасындағы Қуантаев бар, өзі «Балуандағы» тағы бірер азамат қосылып бір жылқыны
сойған екен де, - қайтарда Садық секілді ағаларымның барына мақтанып қоюыма
болады: арнап келіп біздің үйге ат басын тірегені - сәлемдесіп қана кету емес,
өз ауданының мен үшін ең бір ұрымтал жеріне апарып қонақасы беру. - Қанша
жалмауызыңды алып келесің, ол өз шаруаң... бәрі бір, ақ майды ауыздарыңнан
ағызып жібереміз...
Жөн-жобаны жақсы білетін көшпелі ағаның бұл пиғылын кейін
білдім, - дедім ғой, сөйтсе де ана жерде атшысының тақымы батып кеткендіктен
бе, еруліге қарулы деп қасыма кілең етжегіштерді ертпек болдым.
        Нұрқан ағам -
көптің керегі жоқ. Кәкке хабар салсақ жетеді, - деді. Ел арасында Кәк атанып
кеткен Кәкімжан көршілес «Талпын» атты колхоздың председателі.
        Ағайын ішінде
айтқаныңды екі етпейтін сыйлас, азамат-туыс. Ал сонда Нұрқан құрығы неліктен
көрші ауылдағы Кәкке түсті? - Кәкке түсетін себебі: сырт естуімше, Кәк осы
орамдағы етжегіштердің сойқаны. Неліктен
сырт естуімше? - Бұрын кездеспеді, табақтас болмады, - деп
ойлайсыз ба? Жоқ, әсте олай емес. Кездескен де, табақтас болған да қандай!..
Бірақ ет жеу өнері де спорттың күрес секілді аруақ көтеретін түрі. Кез келген жерде
кез келген табақты қотарып кету - ана Садықтың атшысы сияқты жалмауыздардың
ғана үрдесі. Кәк ондай топқа жатпайды. Не ішіп, не жесе де жұрт қатарлы. Сырт
естуімше - деп отырғаным - Кәктің егеске түскен көзін көрмегендігім ғана.
         Сөйтіп біз
Кәкті ертіп төрт-бес кісі болып «Балуанға» барып колхоз председателі
Балахметтің үйіне түстік. Кәк пен Балахмет әзілі жарасқан замандас адамдар. -
Бірін бірі қағыта кездесті:
-        «Лия», «Талпын»
екі ел болып бетке ұстап шыққандарың - өмір бойы шыр бітпеген мына арықтарың ба?
- Қараса көз тойдырар жөні бүтін біреулеріңнің табылмағаны ғой тегі, - деді
Балахмет Нұрқан мен Әбдірашқа көз қысып.
-        Шыр-пырыңды
қайтесің!.. Ой мен бойды айт. Қай көрмеге салсаң да жұрт көзіне сенен бұрынырақ
түсетінімді өзің де мойындайсың.
-        Даналардың
бәрі аласалардан шыққан. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалғаны тегін бе еді?!. -
деп Балахмет болмайды.
-        Тап сендей
аласадан түк те шықпайтынын сен дүниеге келгеннен бергі қырык бес жыл артығымен
дәлелдеп берді. Бос сөзді қайтесің, дәміңді қымзаула. Асығыс шаруам бар,
түнделетіп болса да жұрп кетпекпін. Атымды ағыттырма, - деді Кәк.
-        Қонбайсың ба?
-        Қонсам, не
түйе сойып бермексің бе?
-        Сойыстық мал
табылады.
-        Алда разы болсын.
Қона жатуды жағдай көтермейді.
        Келісім біреу:
дәм ішкеннен кейін Кәк түнделетіп қайтып кетеді. Аты ағытылмайды. Күндізгі
біздің ауылда басталған егестің нәтижесі - қос қолдап екі жігіт екі басынан
көтеріп әкеп алдымызға қойған астаудан көрінді. Бұл төңіректе халық көп
жиналған ірі жиын-тойларда етті тайқазанға салып
пісіретін де, осындай ағаш астауға салып епті жігіт көтеріп
әкеліп алдына тартатын. Біз құдды сондай бір үлкен асырға жиналған секілдіміз.
Арқасы барлардың арқасы күреске қозатын, құсы барлардың құсы қызылға түсетін
шақ дәп осындай...
        Еске түскен
соң айта кету жөн: соғыста жоқ болған боздақтардың бірі менің Шақан деген
немере ағам. Ауыл-үй арасында күресе қалса, екінің бірі домалатып кете берер
аға. Ал ірі жиындарда әлгі домалатқыштардың бірі де Шақанға қарсы келе алмайды.
Шақан жауырыны жерге тимеген атақты балуан.
       Күреске дайындық
кезінде өзіне сенген балуанның жалаңаш етіне шекпен жамылып межелі жөрде
қарсыласын күтіп отырар бір сәт бар. Сондай сәтте Шақан ағамды талай
байқағанмын: ең алдымен жайшылықта
біреудің бетіне қарап - сен - деп ажьирая қарамайтын  оның түсі өзгеріп, сұстанып кетеді. Шекпеннен
шығарып отыратын оң қолының бұлшық еттері айрықша көтеріле қимылдап бұлтиып
ойнап тұратын. Осындайда бұған
қарай қарсыласы келе жатады. Орта бойлыдан сәл жоғары,
талдырмаш денелі менің ағам шекпенді сілкіп тастайды да, әлде бір сәтті бағып,
сүзіле айналып сәл жүреді. Шуылдаған жұрт іштен тынады. Ендігі бір қас қағымда
Шақанның оң қолы қарсыласының жауырынына қалай барып қалғанын байқай алмай
қаласың.
       Сол шақта сол
қол мата белбеудің кіндік тұсына қадала кетеді. Кеудесін бері, бөксесін әрі
салып сақ жүрген қарсылас Шақанның қойнына кіріп бара жатады. Кілең тарамыстан
сомдалған секілді болып көрінетін оң аяқ ұзарып барып ана балуанның сол аяғына
бұрандаша іліге кетеді. - Ия, аруақ!.. - деп қалады Шақан сол сәтте. Көзіңді жұмып
қайта ашсаң, шалқалап түскен
қарсыласының басынан аттап бара жатқан Шақанды көретінсің...
      Дәп қазір қос
жігіт ағаш астауды қос қолдап алдымызға тартқанда осындай егесте ғана құсы
түсетін Кәктің де өңі өзгеріп сала берді. Шақан қолының бұлшық еттері қалай
қимылдаса, мұның да асқазан бұлшық еттері солай ойнап кеткен болса керек. Шарта
жүгініп қомдана бастады. Балахмет үй иесі болса да басқарып жүрген Садықтың
өзі. Ет турамақ болып бәкісін қамдап кіре берген атшысын - бар сен ана бөлмеде
отырасың, - деп ауыз үйге қуды. Сол жақтағы ет те жетеді саған.
       Сөйтіп төргі
үйде төрт-бес қонақ пен Садықтың өзі ғана қалды. Төңкеріліп, туралып түсіп
жатқан қазы-қарта, жал-жая - бой-бой мүшелер. Туырылып жатыр.
        Біз қанша
жейміз. Шамамызша алдық та отырып қалдық. Бар сенгеніміз Кәк болса,
қомданғанымен самарқау. Өзіміз секілді әлім-берім ғана. Жұрт ет жеп болды-ау
деген кезде ауыз үйдің есігі ашылып, Балахметтің басы көрінді. Астау толы дәмді
көріп қуанып кетті білем.
- Ау, алсаңдаршы. Жеңдер. Ау, Кәк саған не болған? Әдейі асқан
дәмді жемейсіңдер ме?! Ау, Нұрқан?.. Әу, Әбдіраш?.. Бұларың қалай? Алыңдар
кәне...
       Біз дәмнен тағы
да алған болдық. Әлденіп бара жаткан Балахмет келуді көбейтті.
-        Ау, алып жіберіңдер...
       Кәк бір
қозғалып алып сөйледі:
-        Әй, Балахмет,
сауысқанға ұқсап шықылықтап барасың ғой тіпті. Ту биені сойғаның рас екен,
бірақ түгел асып беріп отырсың ба шықылықтай беретіндей.
-        Әй, Кәк ең
алдымен алдыңдағы дәмді тауысып алсаңшы. Айтарың болса, содан кейін айт. Мысық
секілді көзіңді жұма беретінің қалай?!
-        Ал ендеше бері
кел де ұсақтап тура мына етті, мақтаншағым!
Балахмет еркін басып дастарқанға келді де, ірі туралған етті
ұсақтай бастады. Астау толы ақ майды Кәктің тауыса алмайтынына көзі әбден
жеткен адам
секілді.
          Кәк ыстық
сорпа сұратып алдырды.
-        Ау, жүрегіңді
алады ғой, - деп қалды манадан бергі егесті үнсіз бағып отырған Әбдіраш.
-        Балахмет үшін
жүректі алғаны дұрыс емес пе. Қалған етті ертең қуырып жейтін болады.
-        Ертеңге де
бірдеме табылар. Ең алдымен осыны тауысып алшы.
-        Тауыссақ,
тауысамыз, - деп Кәк арақ қосылған сорпаны тартып салды. Содан кейін ақ майды
уыстап қылғыта бастады. Жалмауыз атшы жағын сартылдатып айызыңды қандыра шайнап
қылғытса, Кәк шайнамай қылғытады. Соны байқаған Балахмет - ал, же, - деген тықпалау
тілден айрыла бастады. Осы егеске дәнекер болған Садық жымия күліп отыр. Ақыры
астау түбінде бір асайтындай ғана ет қалды. Сол кезде Кәк Балахметке бұрылды.
-        Ана жақта
сарқыт дәмететін келін-кепшік жоқ па еді?
-        Жо... жоқ...
ала бер.
-        Ай, сен құрдастың
түрің жаман. Сарқыт қайтарсам - ақ майды аузынан ағыздым. Мелдек атқыздым. - деп
өсек жаярсың. Одан да аш құлақтан тыныш құлақ демекші, алып қояйын,- деп қалған
етті де асап, астаудың екінші басын маған көтергізіп тұздығын да ұрттап қойды.
Осыдан кейін шай келді.Ұзын дастарқанның әр жерінен шұңғыл тарелкаға салынып
май қойылған.
        Қант, бауырсақ
төгілген. Көңілі төмендеп қалған Балахмет кегі кеткен Кәкке қайта тиісті:
-        Мүмкін, мына
сары майды да жеп қоярсың?..
-        Жесек, несі
бар?.. - деп Кәк сығымдап-сығымдап шайға ерітіп отырып сары майды да жұтып
қойғаны.- Ал ендеше...
         Балахмет
әйелі Биғайшаға бұрылды.
-        Қарындағыңды
әпкел бермен!
Кәк дауласа кетті:     
-        Ау, мырза
болсаң, әлгіңде кайда қалдың? Мол етіп салмайтын ба едің?.. Бір тойда екі жар
болмайды. Мүмкін, сен ауыл-үйдің майын жинаттырып әкелерсің. Оның бәрін қалай
тауыспақпын?'.
         Балахметтің
үні өшті. Кәк жүрмек болып далаға шықты да, үйге ренжіңкіреп қайта кірді.
Ренжитіні - атын ағытып, қамыт-сайманын тығып тастаған.
-        Мана келіскен
секілді едік қой, Балахмет? Мұның қалай?
-        Ертең шай
ішкен соң аттанарсың. Көрші үй шақырып қойды.
       Кәк ештеңе
демеді. Боранды күндері салқындап кететін ағаш үйде менің сол жағымда ішігін
айқара жамылып, оң жамбасынан жатқан қалпы ертесіне бір-ақ тұрды.
          Осыдан отыз
бес жыл бұрын қыс айында осындай оқиғаға куә болғаным бар менің. Кәк кейін
жетпіске қарай барып дүние салды.