ВЕРНУТЬСЯ

   Толқын қуып әкелер бұл кеудеге, 

Сондай ұзақ болады күндер неге?

Өзеннің қос жағасы сияқтанып,

Отырамыз екеуіміз бір бөлмеде.

Көктемді алып, қысты алып, жазды алып,

Арамызда жатады мезгіл ағып...

Есік жауып мен шықсам басқа жаққа,

Ойға тұтқын боласың жалғыз қалып.

Сол күннен-ақ... сені шын сүйе білген,

Қызғанышпен көршіміз... білемін мен,

Көңілсіз боп келсем де, жымиясың,

Жұмбақ сәуле тауып ап жүрегімнен.

Қымбат, қалқам, адамға бала шағы,

Бұл есікті құрбылар көп ашады.

Мен олармен сөйлессем томсарасың,

Өкпелеу тек әйелге жарасады.

Бір кеудеден нұр құяр бір кеудеге,

Сондай қысқа болады күндер неге?

Адамдардың көрінбей көздеріне,

Өзен шулап жатады бұл бөлмеде!

Мен отырмын көзімді сенен алмай,

Сен отырсың көзіңді менен алмай.

Арамызды толқындар жалғастырып,

Күрсінеміз екі алыс жағалаудай...