ВЕРНУТЬСЯ

    Десант мінген
танк келіп,
Бау түбіне
тоқтай қалды.
Кідірді ме
танкист, мүмкін,
Машинаға су
алғалы.
Күн тымырсық
ыстық еді,
Біз бау ішін
кеттік кезіп.
Біраз ғана дем
алғалы,
Терек түбін
көлеңке ғып.
Көзге түсті шие
ағашы
Биік баудың
арасында.
Мөлдіреген
шиелері
Бейне ұқсаған қан
тамшыға.
Бау ішінде отырды
ана,
Ақ жібектей жайып
шашын.
Зар еңіреп,
құшаққа алып,
Әлдекімнің құлпытасын.
Мен ананың жанына
кеп,
Басымды иіп,
сәлем бердім:
Кімдікі еді бұл
құлпы тас?
Анажан-ау, айтшы!
- дедім.
Ана маған тіл қатпастан,
Шие ағашқа
көзін салды.
Тұрғандай-ақ
тамшы қандай,
Шиелерді
санағалы.
Мен ананың көзін қуып,
Қарап едім шие
ағашын:
Бұтағынан көрдім
оның,
Әлдекімнің бұрым
шашын...
Сұрақтан кеп туды
сұрақ,
Мұнша ұзын неткен
өрім?..
Тұла бойым
шіміркеніп,
Тарылғандай
көкірегім.
Ана орнынан тұрды-дағы,
Бір сүйді де қара
өрімді.
Құлпытасқа көзін
тігіп,
Бастай берді
әңгімені.
«Солдатсың ғой,
білем, ұлым,
Жолың алыс,
уақытың тар.
Саған талай ай
бойына,
Жазып алар әңгіме
бар.
Әзір, бірақ, қысқаша айтам,
Бөгемеске сені
жолдан,
Уа, жасаған,
ұландардың
Туғыза гөр айын
оңнан!
Көрмеген ем өкшем қанап,
Көпке дейін мен
бишара.
Орта жасқа
келгенімде,
Берді тәңірім бір
қыз бала.
Ұзақ түнге ұйқы
көрмей,
Жас сәбиді бәу-бәуледім.
Шыр етсе де мазам кетіп,
«Не боп қалды, сәулем» - дедім.
Тарас сүйген ару ғой деп,
Қыздың
атын Катя қойдық.
Қарт екеуміз
кезек сүйіп,
Жанымыздай
мәпеледік...
Қидырмадық қарын шашын,
Бейне
судың құндызындай.
Катерина болды менің,
Өмірімнің
жұлдызындай...
Сұңғақ бойлы.,
Сындарлы
боп,
Катям менің өсе берді.
Жүзі жарқын
күндей күліп,
Қарақат көз
мөлдіреді.
Бейне қырдың қызғалдағы,
Он жетіге
жетті жасы.
Тізесіне түсті
толқып,
Қос бұрымды қолаң
шашы.
Ана, ана -
бәйтерек қой,
Бұтағына алма
тағар.
Піскен қызыл
алмамды кеп,
Кімнің қолы үзіп
алар?!
Қызғандым мен жалғызымды,
Жат қолына
жіберуге.
Тәңірі тілек
берді ме әлде,
Бір жас жігіт
кірді үйіме.
Қыз мінезді бала екен,
Жүрегіме
жылы тиіп.
Өз үйімнің
адамындай,
Жігіт бізге кетті
сыйып...
Тұз-дәмдері жарасты да,
Бір күн
олар басын қосты.
Жайып жібек
дастарқандар,
Көтердік біз
тойға тосты...
Ренжісіп көрмеді еш.
Тату болды туған жандай.
Мінездері сай
келіпті,
Жүрек бірге
жаралғандай.
Кешке істен қайтқаннан соң,
Күнде
үйіміз болды базар.
Ойналар ед жан азығы,
Талай
тәтті музыкалар.
Микола жан гармонь тартса,
Кетер еді
Катя билеп.
Көлден ұшқан
аққудайын,
Үйіріліп,
дөңгелеп кеп.
Жүрегіңді тербеп
сенің,
Шырқар еді кейде
әнге.
Қызыққандай
тоқтай қалып,
Тыңдар еді ай
төбеде.
Ұзақ болғай,
өмір-жасы,
Қарақтардың дер
едік біз.
Мұндай тәтті
махабатты,
Тым-ақ сирек
табарсыз сіз...
Кенет елге туды да лаң,
Миколамыз жүріп кетті.
Жан жүрегі
Украина үшін,
Алмақшы боп
жаудан кекті.
Катя артта қала берді,
Жанарында жас мөлдіреп.
«Жиі-жиі хат
жазып тұр,
Қош, көргенше, Миколам!»
Катерина кетпекші еді,
Миколаға бірге еріп.
Сорға бола сорлы
бала,
Қалған екен жүкті
болып.
Мен өзім де тоқтау бердім,
Қимадым да жалғызымды...
Өз қолымнан
өшірдім-ау,
Маңдайдағы
жұлдызымды.
Сорлы қызым, қарға мені,
Қарға мені, жасың төгіп.
Солдырдым мен
өміріңді,
Өсірсем де өзім
егіп.
Мезгіл сырғып өте берді,
Ай дөңгелеп айды
қуып.
Ақ теректің
жапырағы,
Сарғайды да,
түсті солып...
Селебесін қанға малып,
Бір күні елге
жаулар жетті.
Қариям да кек іздеген,
Қара орманға еніп кетті.
Катя екеуміз үйде қалдық,
Әйелміз ғой жолы қысқа.
Арты бұлай болар
деген,
Ой келсейші мен
байғұсқа.
Ай-күніне аман болды,
Катерина мезгіл
толып,
Күттік келер
нәрестені,
Өткен сайын сағат
соғып.
Бір күндері шыр етті де,
Дүниеге келді ұлан.
Бейне аузынан
түскен дерлік,
Айнысашы
Миколадан.
Микола деп атын қойдық,
Жаңа туған нәрестенің.
Шомылдырдым өз
қолымнан,
Сақтап ескі ата
жолын...
Күн-күн сайын уілдеді,
Балғын бөбек
қолға тұрмай,
Құлыным-ай, неге
тудың,
Өлім үшін
жаралғандай!..
Бүлдіршіндей қарашығым,
Бала өсіп жасқа толды...
Бір күндері
біздің үйге,
Шабдар шаштар
кіріп келді.
Қорламақшы болды олар,
Келекелеп ұл
анасын.
Катя жауға бермек пе еді,
Миколаның махаббатын!
Үй ішінде басталды алыс,
Астан-кестен болды дүние.
Жау тұмсығын
таспен соғып,
Талқан етті
Катерина.
Азғын сұмдар жабылып кеп,
Катюшамның байлап қолын.
Желкесінен қырқып
алды,
Сала құлаш қос
өрімін.
Одан әрі не болғанын,
Жеткізуге бармас тілім...
Уа, айуандар, сыйласашы,
Тым болмаса, ана жүзін!
Миколашым шырқырап кеп,
Ұйқысынан
тұрды шошып.
«Әже, әжелеп»
жылай берді,
Моншақ жасы
мөлт-мөлт етіп...
Жалғызымның арын
жоқтап,
Ұмтылдым мен
пышақ алып...
Шала-жансар талдырды да,
Бағанаға кетті таңып...
Катюшамды арбаға сап,
Әлдеқайда тарта берді.
Миколаш пен қос
өрімнің,
Ұғылмады қайда
екені...
Түн ішінде партизандар,
Мен бейбақты босатты кеп...
Қоштасты да аттанды олар,
Менің ана-кегімді
іздеп.
«Қош, ұландар!»
Кезіп жүріп,
Таптым осы шие
ағашын,
Шыққыр көзім не
көріп тұр,
Немене бұл сорлы
басым!?
Ана өрімін тұзақ етіп,
Фашист сұмдар қорлап мені.
Шие ағашқа кеткен
асып,
Күнәсіз жас
нәрестені.
Тіл қанталап қошқыл тартқан,
Аузы толы - қан көбігі.
Кездей болып
кеткен өсіп,
Кеткен өсіп
кеңірдегі.
Ана жүрек тілімденіп,
Егілдім де еңіреп кеп.
Құлынымды босатып
ап,
Осы араға қойдым
жерлеп...
Мен бейбақ боп жалғыз қалдым,
Айрылдым да ұл мен қыздан.
Міне, екі жыл
хат-хабар жоқ,
Катюша мен Миколадан.
Бар ермегім - Шие ағашы,
Шие ағашы мына тұрған.
Шешкенім жоқ
Катюшамның,
Қос өрімін
бұтағынан.
Гүл егіп жас қабіріне,
Миколамды жүрмін бағып.
Шие ағашы
көлеңкелеп,
Тұр сәбидің бетін
жауып...
Кекті жердің шиесі ғой,
Ұландарым,
Татыңдар
дәм.
Кектеріңе рух
болсын,
Қан кешкенде
қанжығадан».
Деді-дағы жұлып берді,
Бізге шие кәрі ана.
Күреңіте
мөлдіреген,
Бейне ұқсап қан
тамшыға.
Біз шиеден ауыз тиіп,
Анамызға бердік те қол,
«Қайда ұрыс
майданы?!» деп
Кеттік тартып
батысқа жол!
Артымызда қала берді,
Зәулім биік шие ағашы.
Кек туындай
желбіреді,
Катюшаның толқын
шашы...
Кр. Лиман, 1943.