ВЕРНУТЬСЯ

    «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» депті
бұрынғылар. Балажанды қазақтың аталы сөзі қандай! «Өзгенің қуанышына ортақтасу
- кісілік қой»,- деп отыратын әкем. «1945 жылдың күзінде Нұрғаш деген қарт
шопан Шилінің бойында қой бағып жүрсе, көз ұшынан бір қарайған көрінеді. Маңдайына
күн салып қараса, әскери адамға ұқсайды. Нұрекеңнің жалғыз ұлы Ұлы Отан соғысында
хабарсыз кетсе керек, «апыр-ай, қарағымның өзі болмаса игі еді»,- деп мұңлық әке
атын борбайлап тұра шабады.

Жапандағы жалғыз жаяу балдақты солдат екен. Бұрын-соңды көрмеген
бейтаныс біреу.

- Ассалаумағалейкүм.

- Уағалейкүмассалам.

- Нұрғали әкем сіз боласыз ба?

- Иә, мен,- дейді сасқалақтаған Нұрекең.

- Сүйінші, әке, Жұмағалиыңыз тірі. Кишинев қаласындағы әскери
тұтқындардың лагерінде жүр. Амандық болса, көп кешікпей қауышарсыздар.

- Аузыңа май, қарағым,- деп Нұрекең аңырап аттан түседі.- Сүйіншіңе
қалағаныңды ал.

«Кісілікті сол бейтаныс солдаттан көрдім,- деп отыратын әкем.-
Азаматым Ақтөбенің Шалқарынан екен. Қанды көйлек досының әкесін қуанту үшін
ауыр жарақатына қарамай алты жүз шақырым жол жүріп келген ерлігін айтсаңшы сол
ердің!»