ВЕРНУТЬСЯ

    «Ата - балаға сыншы» дейді халқымыз. Қазақ аңыздарында жер
сыншысы - Асанқайғы, құс сыншысы - Шора, ат сыншысы - Күреңкей, ел сыншысы -
Толыбайлардың есімі жиі айтылады. «Болар бала қонаққа үйір» дегендей,
үлкендердің сөзіне құлақ қойып өскен сәбидің ой-санасы өз тұстастарынан оқшау
тұрады. Баланы дастарқан басына жолатпайтын бүгінгі кейбір ата-аналардың іс-әрекеті
бұрынғы ата-бабаларымыздың үрдесіне жат қылық. Небір шешен, ертекші, жырауларды
тыңдаған көпшіліктің мәслихатына үлкендер керісінше, балаларын, немерелерін
алып келген.

«Ел аралаған сыншы болады, ағаш аралаған үйші боладының»
өмір шындығы екендігіне күмәніміз жоқ. Қаракерей Соқыр Абыз. «Ердің ерін үш
жағдайда сына» деген екен:

Хан алдына барғанда,

Көлгірсіп жалған айтпасын.

Халық алдына барғанда,

Сөзіне халқы тоқталсын.

Жарақты жауға салғанда,

Жүрегі шошып қайтпайтын.

Ерді көп боп тілесе,

Қатын бар ма таппайтын?! -

депті.

Баланың келешегін айтып болмайтын, көрегендік, әрине, сәби
бойында қалыптаса бастаған адамдық негіздің нышандарына қарап айтылған. Табиғи
дарынның ашылуы ең алдымен өскен ортаға байланысты. Яғни, «ұяда не көрсең,
ұшқанда соны ілерсің!»